12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖОЛДА ҮЗІЛГЕН ҒҰМЫРЛАРДЫҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?

Жуырда Ақтөбе облысында болған жол апаты бес жеткіншектің өмірін қиды. Балалар Маңғыстау облысында болатын футбол турниріне қатысу үшін жолға шыққан екен. Олар мінген «Toyota Estima» көлігі Әйтеке би ауданының Қарашатау ауылынан ұзап, Хромтау қаласына жақындаған кезде жүк көлігіне соғылыпты. Ажал құшқандар қатарында тағы көлік жүргізуші мен қаза тапқан екі баланың әкесі бар. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, балалардың бұл жарысқа баратыны жайлы құзырлы мекемелерге алдын ала хабарланбаған. 2013 жылы туған балалар арасында өтуі тиіс турнирді Маңғыстау облысының Ақұшқыр ауылында «Арман ауыл» жеке қоры ұйымдастырған екен.

Бұл осымен бір жылға жетер-жетпес уақыт ішіндегі Ақтөбе облысында болып отырған екінші оқиға. Былтыр желтоқсан айында Ақтөбеде өтетін пәндік олимпиадаға қатысу үшін Ырғыз ауданынан келе жатқан екі оқушы мен мұғалім апатқа ұшырап, ажал құшқан болатын. Ал екі жыл бұрын Темір ауданынан Ақтөбедегі волейбол жарысына бара жатқан 8 оқушы мен жаттықтырушы көлік апатына ұшырап, оқиға орнында бір оқушы қаза тапқан еді. Тізе берсек мұндай қайғылы оқиғалар көп. Тіпті, жылдан-жылға осы азалы көрсеткіш артып бара жатқандай. Тек қана жыл басынан бері елімізде 10 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 981 адам қайтыс болыпты. Сонымен қатар 12 мыңнан астам адам жарақат алған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астамы жарақат алады. 2024 жылдың алты айында мыңға жуық адам қайтыс болды. Ашық аспан, бейбіт заманда неге мұндай жағдайға жеттік? Адамды балшықтан жасап көбейте алмай жүргенде неге олар жол көлік оқиғасының құрбанына айналуда? Арман жолына қанат қаққан балалар неге жолда ажал құшуда? Құзырлы орындар әртүрлі уәж айтады. М

әселен, Ішкі істер министрлігі жолдағы тәртіптің төмендігін алға тартады. Ондағылардың айтуынша, жүргізушілер тиісті ережелерді сақтау былай тұрсын, оларды жүйелі түрде өрескел бұзады. Мәселен, биылғы жарты жылдың өзінде жол ережесін сақтамаудың 6 миллионға жуық дерегі тіркелген. Оның ішінде 200 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салыныпты. 12 мыңнан астам азамат рөлде мас күйінде ұсталса, қарсы жолаққа шыққандардың саны 5 мыңға жеткен. Соттың шешімімен 14 мыңға жуық жүргізуші автокөлік басқару құқығынан айырылды. Ал 12 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әрине, жол үстінде кездейсоқ, жазатайым оқиғалардың болмай тұрмайтынын жоққа шығара алмаймыз. Десе де осынша деңгейде жол-көлік оқиғаларының көбейіп кетуін жазмышқа жатқызу орынсыз. Бұл әрине, жүргізушілердің сауатсыздығы, жол ережесін білмеуі, жауапсыздығының көрінісі. Ішкі істер министрлігінің келтіріп отырған уәжі орынды. Алайда, осындай жол ережесіне салғырт, көлікті мас күйінде басқаратын, жауапсыз жүргізушілер қалай жазасыз жүр? Оларға автомектептерде не үйретілді? Қалай куәлік алды деген де сұрақтар туады. Жол-көлік оқиғаларының жоғары болуы жүргізушілерді нашар дайындағаны үшін жауапкершілік арқаламайтын автомектептермен неге жұмыс жасамайды? Осы сұрақтардың жауабын іздегенбіз. Ештеңе жасалмады деп ауызды қу шөппен сүртпей-ақ қоялық. Жұмыс бар екен, бірақ енді қолға алынып жатқан көрінеді. 2024 жылдың 23 сәуірінде автокөліктерді тіркеу, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін берудің жаңа ережелері күшіне еніпті. Өткен айдың соңында өткен Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елімізде автомектептерді тіркеу ісі және олардың түлектерінің кесірінен болған жазатайым оқиғалардың саны қадағаланатынын айтты. Оның сөзінше, халықаралық тәжірибені сараптай отырып, жүргізушілерді даярлауға қойылатын талаптар қайта қаралады. «Тәуелсіз оқу тоқтатылды, біз мектеп бітірушілер жасаған жазатайым оқиғаларды есепке ала отырып, олардың рейтингін енгізіп жатырмыз. Жүргізушілерді дайындаудың сапасына қатысты мәселелердің барлығында бұл салада мемлекеттік бақылаудың жоқтығы себеп болып отыр. Автомектептерді ашуды лицензиялау тәртібіне ауыстыру керек» депті Сәденов мырза. Осы орайда ештен кеш жақсы деп өзіңді жұбатайын десең де қыршынға айналған жас өндірлерді ойлап өзегің өртеніп кетеді. Осындай қадамдар жасау үшін сонша адам өлуі қажет болды ма? Неге бізде жағдайды саралап, оқиғалардың алдын алу жоқ? Жол-көлік оқиғалары себептерінің бірі ретінде жол инфрақұрылымын айтпасқа амал жоқ. Мұны Ішкі істер министрлігінің мәліметтері де растайды. Ондағылардың айтуынша, адамдар негізінен қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандырудың және жаяу жүргіншілер жолының болмауынан жол-көлік оқиғасына тап болады.

Сонымен қатар, шалғай елді мекендерді жалғастырып жатқан жолдардың сапасы да мәз емес. Жалпы, автомобиль жолдарының сапасы бойынша әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 3.60 ұпаймен 86-91 орын аралығында тұр. Бұл көрсеткіш бойынша Еуропа елдерін былай қойғанда Уганда, Гвинея, Кения, Танзания секілді Африка елдерінен қалып қойған. Бұған сенбеске шара жоқ. Өйткені, Абай облысы секілді еліміздің бірқатар облыстарының кейбір аудандары асфальт жолдың өзіне зәру. «Омбы-Майқапшағай» жолының бітпей жатқанына 7 жыл. Мұнайлы өлке Атыраудың өзінде сапалы жол тапшы. Мұның барлығы бұл саланы жайлаған жемқорлықтан екені айдан анық. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің жүргізген мониторингінде жол салу ісіндегі осындай бірнеше фактііркеліпті. Ондағылардың айтуынша, қайталанатын қажетсіз жұмыстарға сметалық көрсеткіштерді ұлғайту көп кездеседі. Мәселен, 15 өңірде 7 млрд теңге көлемінде болжамды және болжанбаған шығыстар анықталған. Барбастау – Ақжайық – Индер тас жолын салу кезінде жіберілген заң бұзушылық көп. Жолды қайта жөндеу кезінде көптеген кемшіліктер жіберілуде. Мәселен, шалғай елді мекендерде ірі түйіршікті асфальт-бетон жабынының жарықшақтар желісі, қабыршақтанып шөгуі және бұзылуы, жол жабынының тұтастығының бұзылуы тіркеліпті. Бұл кемшіліктер жолдың тез бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай олқылықтар Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстарында тағы да басқа республиканың қалалары мен облыстарында орын алып отыр. Шымкент қаласы бойынша автомобиль жолдарының жұмыс істеуіне бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған. Бұл заңбұзушылық бойынша қылмыстық іс қозғалып, онда жалған есеп құжаттары негізінде еншілес серіктестіктерге заңсыз ақша аударымдары жасалғаны анықталыпты. Сонымен қатар, 2023 жылдың ақпан айынан желтоқсан айына дейін нақты жұмыс істемеген тұлғаларға жүйелі түрде еңбекақы есептелгені де дәлелденген. Іс сотқа жетіп, айыптылар жазасын алды. Бұл әрине, бұл саладағы анықталған көптеген заңбұзушылықтардың бірі ғана. Қаншамасы бармақ басты, көз қыстымен назардан тыс қалып жатыр. Өкінішке орай, осындай жемқорлықтың сыртында жол құрылысына қатысты өзге де мәселе аз емес. Жол сарапшы ларының айтуынша, бүгінде мұндағы жол құрылысына қатысты 1217 нормативтік құжаттың дені ескі. Оның көбі Кеңес Одағынан мұраға қалыпты. Бұл бөлінген ақша діттеген жеріне жеткен күннің өзінде жүйелі жұмыс жүргізуге үлкен кедергі екен. Сонымен қатар мамандар тапшы. Қазіргі таңда жолинфрақұрылымына кемінде 2000-нан астам білікті кадр керек. Мемлекеттің үлкен қаржысы салынып жатқан жұмысты 4-5 адам кабинетте жоспарлайды. Яғни, бізде жолды жобалайтын басқа компания, ал оны салатын басқа ұйым. Жобада қате кетсе мердігердің оны түзетуі қиын. Бұл жерде тиімдісі құрылысты салушының өзі жобалап, өзі салуы. Өйткені, ол міндетті түрде жолды сапалы салып, келесі 10 жылда оған қаражат жұмсамауға мүдделі болады екен. Еліміздегі жолдардың сапасыз салынып, жылда жөнделіп жататынының бір себебі, осы әркімнің өз міндетін атқаруға мүмкіндік берілмей отырғанында сияқты. Біздіңше бұл да қаржы жымқырудың схемасы. Сонымен қатар, жол салуға қажетті материалдар өзге елден қымбат бағаға сатып алынады. Мәселен, битумға қажетті материал Ресейден алынып отыр. Салынған жолдың күтіп ұсталынуы да өз алдына бір мәселе. Тас жолда жүретін ең ауыр салмақты жүк көлігі 10-13 тоннадан аспауы керек болса, біздің жолдарда 60 тонналық көліктер емін-еркін жүре береді. Айта берсек, жолдың жыры көп. Ең өкініштісі, салада орын алған осындай жүйесіздік, жауапсыздықтың зардабын апатқа ұшырап жатқан қарапайым халық көріп жатыр.

А.Тұрмағанбетова, «Заң газеті»

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.