12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жол үстінде

Мамыр айының түске тырмысқан мезгілі. Сайрам ауданынан өтетін Шымкент–Алматы бағытындағы үлкен жолдың үстінде «Нексиа» көлігі заулап келе жатты. Иесі қырыққа толмаған жігіт, бір қолы рульде, бір қолымен шекілдеуік шағып отыр. Жанында отырған – шашына қырау қона бастаған елулердегі ер адам, қалың ойға шомған. Салонның артқы орындығындағы етжеңділеу әйелдің көзін телефонға  жапсырғанына жарты сағат болған шығар, телефонға есі кеткені сондай, ауаның қапырық екеніне,  үстіне киген кең көйлегінің қолтығы мен омырау тұсы шылқып терлегеніне де мән бермейтіндей. Қасындағысы күйеуі болу керек, басын әйелдің иығына қойып, қалғып кеткен. Ал күннің ыстығында шашын бос жайып жібере салған жас қыз құлағын сымсыз құлаққаппен бітеп, терезеге мағынасыз меңірейеді.

Шопыр жігіт алыстан көріп келеді, алда тоқтап тұрған сұр түсті «Аудиден» бір ер адам шығып, көліктер әрі-бері өтіп жатқан үлкен жолдан жүгіріп өтті де… жол шетіне жетер-жетпесте құлап түсті. Іле-шала «Аудиден» бір жігіт пен бір қыз түсіп, оның соңынан жетті. Осы кезде ағындап келе жатқан «Нексиа» да олардың қасына тоқтай қалды. Ішінен иесі және онымен бірге елудегі ер адам да ілесе түсіп, дереу құлап жатқан адамға көмекке жүгірді. Ер адам бір қолымен бүйірін ұстап, көзін жұмған күйі ауыр тыныстайды. Қолына қан жұққан.

– Бауырым, не болды? Көмек керек пе?– деді «Нексианың» иесі абдырап. Ер адам бірнәрсе дегендей болды, бірақ сөздері түсініксіз еді.

– Ауруханаға апарайық па? Не жағдай болды? «Нексианың» иесі қансыраған адамды демеп тұрғызбақ болды.

Сол кезде жас жігіт жерде жатқан ер адамның екінші жағынан келіп жармасты. Шамасы, көтеріп алмақшы.

– Жоқ, ауруханаға өзіміз апарамыз. Өзіміз…

– Сіз танисыз ба, бұл кісіге не болған, не жағдай?

– Аға, біз кінәліміз, – деген жас жігіт «Нексиа» иесіне басын қайта-қайта изеп тез сөйледі. – Қатты жүріп келе жатқан едім, мына кісі қайдан шыққаны белгісіз, жолдан жүгіріп өтті де, мен байқамай қағып кеттім. Телефонмен сөйлесіп отыр едім… байқамай қалдым.

– Байқап жүрмейсіңдер ме? Рольде отырғанда бір көздерің телефонда…  Мына кісіге жедел жәрдем керек қой… Қан ғой, денесі…

– Өзіміз ауруханаға апарамыз. Оған уайымдамаңыз. Жолыңыздан қалмаңыз. Тек салонға салуға көмектесіп жіберсеңіздер екен.

– Тездетіңдер енді, өліп қалмасын… деген «Нексианың» иесі мен қасындағы жолаушы бар, үшеуі жерде жатқан ер адамды көтеріп апарып, «Аудидің» артқы орындығына жатқызды. Жігіт пен қыз «Нексианың» иелеріне рақмет айтып, сәт сапар тілеп, көлікті оталдырды. Жол шетінде қан дақтары қалды.

«Жаңағы құлап жатқан ер адамды қансырап қалмай тұрғанда, тезірек жеткізсе жарар еді, – деп ойлаумен болды жол бойы. Қатты жүріп келе жатып қағып кеттік дей ме… иә, жігіт жас. Көп болса жиырмада шығар. Қатты соғатындай қандай жылдамдықпен жүрді екен? Ұшырып жіберген бе? Жас жігіттер көздеріне қарамай айдайды. Ал ана кісі… Бірақ, ол бұған… жолдан өтіп бара жатқандай емес, сол «Аудидің» ішінен түскен сияқты көрініп еді ғой… Өз көзімен көрді ғой. Алыстан солай көрінген. Бірақ, жас жігіт оны жол үстінен кездесті деді. Сонда ол ер адам  қайдан шығуы мүмкін? Жақын маңда ауыл жоқ. Әлде мас па? Бірақ, сұлқ жатқан адамнан спирт иісі шықпайтын сияқты. Бір бүйірін ұстайды, қолында қан… Әлде жігіт бірдеңе жасыра ма? Не болса да жаңағы адам аман болса екен».

– Жолда адамды басып кеткен деп хабарлау керек, – деді ол дауыстап, кімге айтқаны белгісіз. Арт жақтағылар естіп отырса да үндемеді. Құлаққап киген қыз өз әлемінде. Әйелдің иығына басын қойған ер адам әлі ұйықтап жатыр.

***

Сол күні бейтаныс әйел полицияға телефон шалып, жолда адамды қағып кеткенін хабарлаған еді. (Бұл «Нексиадағы» жолаушы болатын).

– Иә, ер адам… жағдайы ауыр сияқты. Нешінші шақырымда дейсіз бе? Қазір… шамамен айтайын… «Ауди» … номері…  сол жерде бір жігіт пен қыз болды. 

Оқиға орнына келген полиция жол шетіндегі қан ізін көрді. Бұл сотқа де­йінгі тергеудің бірыңғай реестріне «Қарақшылық» ретінде тіркелді. Бірақ, арада неше сағат өтсе де не Шымкенттегі, не Сайрамдағы ауруханаға көлік басып кеткен адам түспеді. Полиция тез арада «Ауди» көлігінің иесі жеке тасымалдаумен айналысатын 1984 жылғы азамат екенін, Түлкібас ауданында тұратынын анықтады. Полиция ер адамның қаскүнемдердің құрбанына айналуы мүмкін деген қорытындыға келіп, дереу жедел-тергеу тобы құрылып, «Тосқауыл» жарияланды.

***

Мамырдың ортасында оңтүстікте ауа температурасы 25 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Мамыражай шақ көңілдеріне шуақты аямай құйғаннан ерекше қуаттанғандай көшедегі елдің бәрі бүгінгі ойға алған жоспарына үлгеріп қалмаққа, әлдебір шаруасына асығып бара жатты.  Сарыағаш ауданындағы үлкен жолдан әріректегі жазықта, бетеге мен жусан аралас өскен жолсызда бір жеңіл көлік тұр еді. Айдалада жалғыз көлік неғып тұр? деп ешкім секем алмаса да бұл полицияның назарын аударды.

***

Тергеуші жұмыстан жаңа келіп, жатып ұйықтап алмақшы еді, жиырма минут өтпей телефоны шырылдап қоя берді. Кешеден бері іздестіріліп жатқан көлік табылыпты. Ол тез жуынып-шайынып,  бланка, протокол, айғақ заттарды салатын пакет пен бирканы жиыстырып салып, таксилетіп жетті.  Өзгелер де келіпті. Ауди көлігінің артқы орындығында етпетінен жатқан ер адам бір қарағанда ұйықтап жатқандай. Денені орнынан қозғаған кезде оның мойны қайырылып кеткенін, пышақты оңды-солды сала бергеннен денесінің сау тамтығы қалмай, бүкіл тамырлары кесіліп, тұла бойының қанға бөккенін көріп, көзі тас төбесіне шықты. Көліктің орындығына сіңіп қалған қан түсі қап-қара болып көрінеді, ал аяқ қояр жердегі қан кішігірім көлшік болып ұйып қалған. Тергеуші жас еді,  жаны түршігіп кетті. Бірде іштен бекітулі пәтерде көп жатып қалғаннан бұзылып, құрттай бастаған мүрдені көрген, енді бірде адам денесін қолын-қол, бұтын-бұт қылып бөлшектеп қапшыққа салып, қоқысқа қалдырып кеткен сұмдыққа куә болғаны бар, қанша ұстамды болса да, осындайды көрген сайын іштей осы қызметке, осы жүйеге келгеніне өкінетіндей көңіл-күйде болады. Бұған үйрену қиын шығар,  бұндайда қандай жағдайда да былқ етпейтін жүйке, сыздамайтын жүрек керек. Cондықтан оқиға орнына келгенде зорлық белгілері бар қылмысты сырттай қарауға, өз ішіне қарай жібермеуге тырысады. Протокол толтырылып, дене сот-мед сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесі шыққанша қылмыстық іс қозғай алмайды.  Қаза болған жігіттің бұлшық етті дене бітімінен қара жұмысқа шыныққаны, шаруаға піскен шымыр екені көрінеді. Егер алыса кетсе анау-мынау жігітіңе әл бермес еді. Әттең… Осындай кезде өмір қас-қағым деген сөз ойына оралады, бүгін барсың, жердің шекесін ойып жіберердей болып алшаң басып жүрсің, ал ертең жоқсың… Адамдардың топастығынан, қаныпезерлігінен осылай қаншама адам қыршын кетеді… Тергеуші күрсінді. Қазір ол бұл жігіттің шешесіне әлде жұбайына барып, олардың күңіренген қайғысына, көз жасына куә болады, әрі мүрдені ашуға рұқсат алуы тиіс. Сол күні жол-жөнекей хабарлаған куәгердің айтқаны бар, одан бөлек дәлелдер мен айғақтар бойынша полиция күдіктілердің ізіне түсті.

***

Ерік Шымкенттен Таразға баратын төрт адамды алып, ала таңмен жолға шықты. Таңмен шыққанда әдетте жолау­шылар тым-тырыс болады. Алдыңғы жақтағы үлкен кісі ғана жолдың кедір-бұдырына күңкілдеп келеді. Ерік жолаушылардың ұйқылары ашылды-ау дегенде музыка дауысын көтеріп қойды. Өзбектің әні құйқылжып, лезде салон ішін шаттық лебіне толтыра бастады. Ерік үшін көлік айдау – нан табатын кәсібі ғана емес, жаны сүйетін ісі. Таксист болып жүрген сегіз жылда жолаушының сан түрін көрген. Еріктің құйрық-жалы сүзілген сұлу арғымағы – сұр «Аудиіне» қандай адам мінбеді десеңші. Жасы, кәрісі… Үлкен кісілерді айтқан жағына апарып, батасын алады, олар «каспий» арқылы есептесу дегенді білмейді, қалталарында үнемі қағаз ақша болады, «баяғыда біздің жас кезімізде» деп бастағанда, біртүрлі өңдері жасарып кеткендей болады. Кейбіреуі жемқорлық пен қымбатшылыққа шағынып, Президентке ұрсып, саясатқа болжам жасайды… Ерікке  жолаушы не айтса да ұнайды. Әрине, ол басын изеп қойып тыңдайды, жолаушысын қостап күледі. Мұның көлігіне кейде ішкендер де отырады, мас адамдардың әрнені бір айтып, мазаны алатыны бар, бірақ олар бәрібір қауіпсіздеу. Тек оның көңіл-күйі­не қарай әрекет етуің керек. Ерік оны біледі, егер жолаушысы масаңдау, көңілді көрінсе музыканы қаттырақ қойып, оның әңгімесін қостап, өзі де ретіне қарай бір-екі әңгіме айтатыны бар. Егер жолаушысы көңілсіз болса бұл да үнсіз, мұң кешіп, соның ыңғайын бағады. Мас адамдар ішкі дүниесімен айналадағы адамдарды сезіне алады, өтірікті де бірден байқайды. Ерікке, әсіресе, тойдан қайтқан, құдалықтан шыққандарды тасыған ұнайды. Тойдан қайтқан қазақтар әдетте көңілді, қалыңмал мен киттің әңгімесін тыңдау қызық. Кейбір адамдардың мұның көлігіне мінген кезде әлдебір қорған, пана тапқандай жандары жайланатыны бар, оны Ерік те сезеді. Әсіресе, жалғызбасты адамдар. Өзімсініп, әңгімесін айтып, не шаруамен жүргендерін де жасырмайтын адамға мұның да жүрегі жылиды. Неге екенін, олар Ерікке әлдебір алыс туысы секілді жылыұшырайды. Қала ішінде таксист болып жүрген кезінде «Сіз машинаны жақсы айдайсыз, сізге хабарласып, шақырып тұруға бола ма?» деп сызылатын қыздар да болған. Рас. Осыны айтып, келіншегін аздап қызғандырып та қойған.

Жолаушының бәрі Ерікке ұнайды немесе Еріктің көлігі бәрінің көңілінен шығады деуге болмас, адамдар әр түрлі ғой. «Мәшинеңді неге таза ұстамайсың?» деп ұрсып кететіндері де болады. Бірақ, оңтүстікте бұл шіли мүмкін  емес сияқ­ты көрінеді. Әркім сөмке-сөмке зат, қапшықпен көкөніс тасиды, тіпті қыстың ішінде күздегі жиын-теріннің топырағын тыңайтып, орнына аскөк егіп, соны сатып жүретіндер табылады. Оның үстіне салонда отырып тамақ жейтіндер де бар. Соңғы жылдары жаз шықса оңтүстікке басқа жақтан, астанадан, батыс облыстардан қыдырып келетіндер де көбейген. Басқа жақтан келген адамдарды тану қиын емес, олар секемшіл, аңғал, шаршаңқы көрінеді, сонымен бірге ақшалы адамдар. Оларды көлігіңе салып алып, ниеттеніп келгендерді тиіп тұрған Сайрамға апарып, үй сайын тоқтап, әр әулиенің басына апарып, Шымкенттің көрікті жерлерін көрсетіп қыдыртып келгеннің де өз қуанышы бар. Сондайда ішінен осынау берекелі мекенде туып-өскен тағдырына риза болар еді. Ерік сонымен бірге клиентінің – жұмысына асыққан қызметтегі адам ба, әлде ешқайда асықпайтын қолы бос адам ба, өзінің көлігі бар адам ба, оны да аңғара білетін. Бұрын көлік айдағандар немесе өзінің көлігі бар жігіттер мұның сұр «Аудиінде» отырса да, ойша көлік айдап бара жатқандай қалыпта көрінетінін айнадан талай байқаған, олар әр қимылыңды бағады, жол белгілерін де қадағалап отырады. Тек соңғы бірер жылдың көлемінде Ерік қаланы қойып, Шымкент пен Тараз арасын жол қылған. Әдетте бұл екі ортаға шаруамен не сапарлап бара жатқан адамдар мінеді. Кейде сол адамдар келген көліктерімен кері қайтады. Негізінен шаруа баққан, қақ-соқпен ісі жоқ адамдар.

***

Ерік клиенттерін жеткізіп салып, Тараздан кері қайтарда күндегідей салон толғанша күткісі келмеді. Бүгін ұлының туған күні болатын. Ертерек үйіне барып, ұлы сұрап жүрген пульті бар ойыншық машинаны апарып қуантуы керек. Шайханадан жеңіл түстеніп алып, көлігіне отыра бергенде ұзын бойлы жас жігіт пен талдыр­маш қыз бері бұрылды. Арқасына қара рюкзак ілген жігіт қолын беріп амандасты.

– Шымкентке барасыз ба, көке?

– Иә, барамыз.

– Орын бар ма, көке?

– Неше адамсыңдар?

– Екеуміз. – Жігіт иегімен қызды нұсқады.

– Қашан шығасыңдар?

– Қазір шығып кетсек жақсы болар еді.

– Төрт адамға төлей алсаңдар… жүрем.

– Төлейміз, көке. Уайымдамаңыз.

Қызға бұрылған жігіт әлдене айтып жатты. Бойы ұзын, сымбатты жігіттің жаңа сәнмен қиылып, үсті ғана жиренге боялған шашы өзіне жарасып тұр. Жасы жиырмаға толар-толмас көрінеді. Қараторы, ат жақты сопақша жүзі, үлкен көздері, ұзынша біткен қыр мұрны әнебіреу, кім еді… бір әртіске келетіндей. Аяғындағы әппақ кроссовкиі жаңа, джинсы шалбарының түсі қанық көк. Қыз да жігіт секілді ақ кроссовки, джинсы киіпті, сұр футболканың сыртынан ақ кофта ілген. Жіңішке баулы қол сөмкесі де ақ түсті. Дөңгелек сарғыш жүзінде табиғи әдемілік бар. Қастарының арасы қосылардай, қалың кірпіктері ұзын. Ұзын шашын оң қолымен серпіп қайырып қояды. Күлген кезде тәмпіштеу мұрнының етегі жайылыңқырап кетсе де онысы өзіне жарасып тұр. Біраз күбірлескен екеу салонға жайғасты. Жігіт қара рюкзагын багажға салмай қасына ұстап отырды.

***

– Таразда тұрасыңдар ма? – деді жолға түскенде Ерік жолаушыларын әңгімеге тартып.

– Сайрамда. Шымға барамыз, оқимыз, студентпіз.

– А-а, қыдырып жүрсіңдер ме?

– Иә…

– Тараз да жақсы жер ғой! Бірақ Шымкентке жер жетпейді.

– Иә… Жігіт сараң жауап берді.

Үнсіздік орнады. «Жол үстінде жолау­шыңның әңгімешіл болғаны жақсы еді. Е-е, мейлі, осы күнгі жастар әңгімешіл емес, тек телефон болса болды» деп ойлаған күйі Ерік те үнсіз отырды. Музыка үнін көтеріп қойды. Тараз бен Шымкент арасындағы  жол шамамен 185 шақырымдай болса да, өз басы тас жолдың үстінде тым қатты жүруден сақтанады. Кей тұста бір жер еңіс, бір жер дөң, оның үстіне  жол үстінде көлік көп, тас жолда жарысатындар онсыз да толып жатыр.

***

Жігіт пен қыз өзара өзбекше сыбырласып қояды. Жігіт 19-да болатын. Қыз бірер жас кіші. Екі жастың махаббаттың балын татып жүргендеріне жыл жарымдай уақыт болған. Мамырдың басында екеуі Таразға жұмыс іздеп келген, бірақ, күзетшілік, сату­шылық, даяшылықтың бірінің ақшасын азсынды, бірін қиынсынды, бір жұмыс берушінің мінезі ұнамады, ақыры ештеңе таппай Шымкентке кері шыққан беті. Жігіт ұзын саусақтарын тырс-тырс үзіп, көліктің терезесінен далаға қарап келеді. Оның өз үйіне қайтқысы келмейді. Сабаққа да зауқы жоқ. Егер ақшадан тарықпаса қыдырып жүре берер еді. Ол жанында отырған қыздың иығынан құшақтап өзіне қарай тартып қойды. Қыздың да үйіне баруға ықыласты еместігін сезеді. Ол әкесін біл­мейтінін, шешесі екеуі қаланың ескі бөлі­гіндегі бір пәтерде тым жақсы тұрып жатқан кезінде шешесінің ауылға күйеуге шыққанын, содан бастап өмірі өзгергенін, өгей әкесінің бүкіл бау-бақшаның жұмысын мұның мойнына іліп қойғанын, өгей әкесін де, шешесін де жек көретінін бұған жасырмай айтқан болатын.

***

Ерік көліктің айнасына көз салғанда, арт жақтағы жолаушысының өңі біресе сазарып, біресе тұнжырай қалатындай көрінді. Жаңа ғана қызымен сыбырласып, күлімдесіп отыр еді, сәт арасында өкпелесіп қалды ма екен? Әй, жастар-ай… Қыз болса момақан отыр.

– Қарындас, шөлдеген жоқсыз ба? Менде салқын сусын бар, – деді Ерік.

– Ішпейді, шөлдеген жоқ, – деп дүңк етті жігіт.

– Е-е, жарайды, жай сұрағаным ғой.

Тағы үнсіздік. Көліктегі әуен екінші айналымда қайталанып жатты. «Атиркулдер ушты чырой, қәрә, кушкул биллор сырой…»

– Жігітім, жолақысын төлей берсең болады, – деді Ерік май құю бекетінен шыға берісте.

– Төлейміз ғой, не болып барады?

– Жігітім, өйтіп қатты нағымасаңшы… жай, төле деп жатырмын.

– Не, ақшадан өлдің бе? – деген жігіт танауы қусырылып, түйіліп отыр. «Ақшасы бар ма екен өзінің?» – деп ойлады Ерік. Төрт адамның ақысын төлеймін дегенге қуанып  мінгізіп алды, кім білген… Таксист күрсінді. Ақшасын төлегісі келмей қашатын, болмаса төбелес шығаратындары да болады. Ондайда бәріне дайын болуың керек. Таксистің жұмысын оңай дей алмайсың. Кейде баратын жағын анықтап айтпайтын не белгісіз мекенжайды айтатындар болады. Қыста болған оқиға ойына оралып, Ерік соны ойлап кетті. Ымыртта екі жігіт мінген, кіре сала мұның қолына анау-мынау емес, он мың теңге ұстата қойғасын көңілі жайланған, бірақ, біраз жүрген соң бұл екеудің есірткімен байланысты адамдар екенін түсінген. Амал жоқ, дірілдеп отырып, айтқан жақтарына апаруға тура келген. Одан олар телефондағы навигаторға үңіліп, тоғайдың арасынан бірдеңе іздеп кеткен. Егер олардың қалтасына жасырған есірткілері болып, алдарынан полиция ұстап алса, онда Ерікті де алып кетіп, отырғызып қоюы әбден мүмкін еді. Ал, Ерікке жұмысын тастауға болмайды, оны үйде келіншегі мен баласы күтіп отыр. Бүгін ұлының туған күні. Ерік жанына қоя салған пультті машинаға риза көңілмен қарап қойды. Соңыра ұлы қалай қуанар екен. Таксист музыканы ауыстырып отырды.

–     Қарындас, қандай музыка қояйын? Өзбекше ме, қазақша ма?

–     Көке, алдыңдағы жолыңды білсей! Тыңдамайды ол музыкаңды, музыка керек болса қолында телефоны бар емес пе?

–     Жігітім, не болды? Сұрауға болмай ма?

–     Сұрама, – деп күңк етіп сазара түскен жігітке қыз естілер-естілмес қып әлдене деп еді, анау одан сайын ашуланып қалғандай болды.

Таксистің қолындағы телефонының арзан еместігін, «Аудидің» де күтіп айдалған көлік екенін жігіт бірден байқаған. «Бұлар қару ұстап жүре ме екен, мысалы травмат…?» – жігіт таксистің желкесінен көз алмай отырған күйі. Әй, бірақ, ауылдан шыққан қазақы адамдар ондайға жете қоймаған шығар. Оның үстіне «травматтың» да пәлесі көп, оғы резеңкеден болса да қару болып саналады. Жатқан бір бәле, наркологтан, психологтан анықтама, оны сақтайтын сейф керек… Одан гөрі бұрыш шашатын баллон алып жүрген жақсырақ қой, – деп ойлап кетті жігіт өзінен-өзі. Ал, пышақ ше… пышағы бар ма екен?». Ол жаңа ғана рюкзактан шығарып, жүзін төмен қаратып өзінің қолтығының астына қарай жасырған пышағын үстінен байқатпай сипап қойды. – Таксистің жуан мойнына көз салды. Өзімен салыстырғанда ананың денесі де алпамса, күші де бар екені көрініп тұр. Таксист қауіпсіздік белгісін тағып отыр, әлде соның өзімен қылғындыра сала ма… Ал егер оны іштен талдырып ұрса… Онда ол  бір сәт дем ала алмай қалып, бар күшін тыныс алуға жұмсағаннан әлін жоғалтып, мұнымен қарсыласа алмас еді. Бірақ  іштен ұру үшін оның дәл жанында отыруы керек еді. Жоқ, алдыңғы жақ шабуыл жасауға ыңғайсыз, осы отырысы дұрыс». Қолына үлкен пышақ ұстаған осы отырысы аса ыңғайлы көрінді. Егер қазір бір қолымен оның кеудесінен ұстап тырп еткізбей, тамағынан орып жіберсе, анау қыңқ деуге үлгермес еді. Бірақ, өйтуге өзінің күшіне сенбеді. Алды да пышақты оның бүйірінен ұрды. Қыз шыңғырып жіберді де аузын басты. Жүріп келе жатқан көлік тоқтай қалды. Екінші соққыны сілтеп үлгермеді, жарақаттанғанына қарамастан таксист оның қолын серпіп жіберіп, қауіпсіздік белгісін ағытып үлгеріп, жан-дәрмен есікке жармасты.

***

Бүйірі шым етіп, аяқ жағы суып кеткен Ерік салоннан шығып қашпақ болған еді. Бірақ қаша алмады. Басы айналып, аяғынан әл кетіп, бірнеше метр жер ұзап барып құлағанын біледі… одан арғысы бұлдыр-бұлдыр, буалдыр тұман арасына сіңіп кеткен. Қастарына «Нексиа»  тоқтағанын, одан екі ер адам түсіп мұны тұрғызбақ болғанын, жігіт пен қыздың «Аудидің» иесі ретінде сөйлеп, жолдан адам қағып кеттік дегендерін де, өзін көтеріп әкеліп көліктің артқы орындығына салғанын да Ерік білмеді.

***

Таксисті көліктің артына салып, рульге отырған жігіттің аяқ-қолы бастапқыда дірілгендей болған. Бірақ, сәлден соң бойын билеп алды. Арт жақтағы таксист жарақатын ауырсына ыңқылдайды. Сәби секілді аянышты ыңырсыған күйі бүктетіле береді. Жігіт музыка даусын қаттырақ шығарып қойды,ыңқылды естігісі келмеді. Орындықтың астыңғы жағына қыстырылған лас шүберекті тауып алып, таксистің аузын бітесем  бе деп бір ойлады да, оның қолына жұққан қаннан жиіркеніп, лас шүберекті таксистің бетіне лақтыра салды. Екі көзін жолдан айырмайды. Жол бойындағы әрі-бері жүйткіп өтіп жатқан көліктер ғана оған салондағы көңілсіздікті ұмыттыратындай. Тек біраз жүргенде алдынан қарсы ұшырасқан «Приорадан» әлдекімнің қол көтеріп, сигнал беріп өткені ғана мазасын қашырды. Ол кім? «Приораның» иесінің бұған таңырқай қарап өткенін көрді. Әрине, «Приорадағы» адам мына таксистің танысы. Және «Аудидің» рулінде отырған таксист емес, мүлдем басқа адам екенін көргенде таңғалмай қайтеді? Не істеу керек? Не істеу керек? Қасындағы қызға сұраулы жүзбен қарап еді, ол ештеңеге қатысы жоқтай басын терезеге бұрды. Із жасырмақ болды. Не болса да Сарыағашқа жетуді ойлады. Ол біршама алыс еді, шамамен 150 шақырымдай. Газды баса түсті. Басқа ештеңе ойлаған жоқ. Ештеңені ойлағысы келмеді. Музыканы бақырта түсті. Жолдар, жолдар…

Бір кезде Еріктің аздап есі кіргендей болды. Не болып, не қойғанын толық түсіне алмай, басының мың сан бөлікке бөлініп, қатты сынып ауырып жатқанына қарамастан ол өзін тірі секілді сезінген. «Күн сайын алдынан шексіз болып көрінетін жол қайда кеткен?» деп ойлады ол бір сәт. «Биік аспан ше?» Қайтадан есі ауып кетті. Сәлден соң ауырсынудың азабы әлдеқайда жоғалып, ол ыңырсуын тоқтатып, тыншып қалды.

Тағы біраз жүрген соң қинала ыңырсыған дауыс қайта шықты. Бұл терең жарақаттың  жанды шыдатпай, жүйкені ширықтырған ауыр азабы еді. Жүректі мың сан ине тығып піскілегендей қорқынышты дауыс үдеп барады.  Таксистің тоқтаусыз ыңқылы жігіттің жүйкесіне тиді. Бір кезде таксистің  сандырақтаған даусы оқыс шыққаннан, жігіт рульден айрылып қала жаздады.   Ызаланған ол бір боқтап, көлікті тоқтатып, артқы есікті ашты да таксистті етпетінен жатқызбақшы болды. Бірақ, тар жерде бұл қиын болып шықты, денелі жігітке шамасы келер емес. «Маған көмектесші, тез!» – деп айқайлады қызға.  Екеулеп таксисті етпетінен салған болды. Сарыағашқа жақындаған жігіт айналаға алақ-жұлақ етіп алаңдай қарап келеді. Оған адам қарасы жоқ, ешкім жүрмейтін жер керек еді. Ол жартылай салынған үйлерден басқа ештеңе көзге түспейтін ашық жазыққа бұрылды.

Бастапқы ойы іске аспайтынын ойлаған жігіт ызаланып шырт түкірді.. Ол таксисті оңаша жерге апарып көзін жойып, көлікті сатып жібермекші болған. Сонда көп шаруасы шешілетіндей көрінген.  Банктегі 800 мың теңге қарызын жабады, қыдырады, қызы екеуіне қымбат телефон алады, екеуіне… «Қап, қате жасадым…» деп өкінді. Ашуға берілмей, таксисті қалтарысқа апарып, жоспарына ақырын кірісуі керек еді. Асығыстық… Қас қылғандай анау «Нексианың» да тап бола кеткенін қарашы. Қайта ойына келе қалып, «байқамай адам қағып кеттік» деп айтып жіберген өтірігі пайдаға асты, «Нексиадағылар» ештеңеден күдік алмаған сияқты. Жол үстінде асығып бара жатқан адамдар жолда көргенін ойлап жүреді дейсің ба? Ал егер полицияға хабарласса ше?… Жоқ,  ондайды ойлап, қауіпті жақындатудың қажеті жоқ, тек жақсы бірдеңе ойлауы керек… Жігіт ойын басқа нәрсеге аударуға тырысты. «Аудиді» сатса қалтасы толар еді. Көлемі шағындау, іші жұпыны болса да  мықты, қанша мінсе де шашылып қалмайды, айдауға сенімді. Қарапайым адамдарға қосалқы бөлшектері қолжетімді, фильтрі де жапондыкінен арзан, сөзсіз, жақсы сатылар еді. Бірақ, енді сату қауіпті. Тек бөлшектеп қана сата алады. Ол да қиын… Жігіттің басы қатты. Ал, таксисті қайтеді? Ол туралы ойлағанда жігіттің көңілі тіпті түсіп кетті. Адам сирек баратын тоғай арасына апарып көміп кетсе ше, әлде… көлікпен бірге өртеп жібере ме… Ал, сосын жолдан кездескен көлікпен кері Таразға кетіп қалса… Ол таксиске көз тастап еді, көзіне ол әлі де  қозғалатын сияқты болып көрінді. Жігіт пышақты алды да  бар пәрменімен салып, салып жіберді. Пышақ таксистің сол жақ иығы мен кеудесіне, өкпесіне кіріп-шығып, кіріп-шығып жатты. Таксистің ішінен бірдеңе қорс-қорс еткендей болды. Бұл жүрекке қан баратын үлкен көктамыр, күретамырлар зақымданып, іштен қан кетіп жатқаннан шыққан дыбыс еді. Жігіт салқынқанды қалпын бұзбады. «Өзіне сол керек» деді ішінен. «Бүгін сен өлдің, ертең мен… Онда не тұр? Такси айдап, жолаушы жолақысын төлей ме, төлемей ме деп уайымдап өмір сүру де қызық болып па… Өлу, өлтіру адам шошитын оқиға емес қой… Ол деген өмір, ол біреулердің өмір сүру тәсілі. Мысалы, менің…» Жігіт тістеніп алған.

Қасындағы қыз оның қимылынан көз алмайды.  Оның бойын діріл биледі. Ол таксисті екінші қайтара пышақтаған кездегі жігітінің түр-әлпетінің танымастай болып өзгергенін көрген. Осы жоспарды ұсынған өзі екені қыздың есінен шығып кетті, ол  енді шімірікпей кісі өлтіре салған жігіттен – өзінің сүйгенінен де, жансыз қолдардан ешқандай қауіп жоғын білсе де таксистен де қатты қорқа бастады. Осы сәтте көліктен түсіп қалып, айдалаға жүгіре бергісі келді, әлде Таразда болған кезде жігіті әлдекімнің пәтерінен ұрлап кеткен алтын жүзік, алтын сырға, смартфон, тағы бір заттарды аппақ қол сөмкесінен алып, терезеден лақтырып тастасам ба екен деп те ойлады. Әйтеуір, бірдеңе істегісі келді. Осы жерде түк болмағандай мелшиіп отыра беруге енді төзімі жетпейтіндей. Іші-басы суып, бұдан әрі қасындағы жігітті бұрынғыдай өліп-өшіп жақсы көре алмайтынын түсінді. Жігіті келер айда туған күніне сыйламақ болған қымбат телефонға да әуестігі басылып қалыпты. «Таксист болса өліп қалды, полиция ұстап алса не болмақ? Түрмеге қамай ма? Қалайша? Жап-жас күйінде соттала ма? Қайдағы бір таксист үшін. Оны өлтірген бұл емес қой. Жігіті. Керек болса өзі сотталсын». Қыздың өкіріп жылағысы келген, бірақ жас тамағына түйіліп, бері шықпай қойды. «Жұмысты ақыры таппадық, ақша болса бітті» деп тұнжыраған жігітіне көлігі тәуірлеу, өзі жалғыз-жарым жүрген таксисті өлтіру туралы ойды айтқанда оның соңы тап осылай боларын болжамаған.  Адам өлтіру, тонау, із жасырып кету, тапқан олжаларына емін-еркін өмір сүру оған кинодағыдай оңай көрінген. Ешкім ештеңе білмей қалатынына сенімді болған. Ештеңеден қорықпаған. Өйткені,  жігітіне сенген. Оның барлық жағдайда жол тауып шығатынына сенген. Шешесін де, өгей әкесін де енді қайтып көргісі келмейтіндіктен, алдағы өмірін тек осы жігітпен бірге елестеткен. Бірақ оны шынымен де осындай қатыгездікке барады деп ойламапты. Осыған дейін жігіті оған жұмбақ, әлдебір құпиясы бар, ерекше болып көрінетін. Оның бұл үшін бәріне баратынын, бұдан ештеңе аямайтынын білетін. Сол үшін сүйетін оны. Енді ол өзі өлім аузындағы адамға үсті-үстіне аяусыз пышақ салған, аяныш сезімнен жұрдай қатыгез жігітін көргісі келмеді. Жігіт қыздың мұңайған жүзіне қарап оны бір қолымен құшақтап өзіне тартты. Қыз оның иығына басын сүйеп, оның денесінің қызуын сезініп отырып, көп ұзамай бұлардың махаббатының құрдымға кетерін ойлады да, қыстығып жылап жіберді.

Болды, жылама.

Сен қалай… қалай істедің осыны… Сен бұрын да…

Болды, сандырақтама.

Сенен қорқайын дедім.

Не-ме-не? Осының бәрі сенің жоспарың емес пе? Мен сен үшін, екеуміз үшін… Анау демалмайтын сияқты ма? – деді жігіт сөзі аяқтамай, арт жақтағы орынға басын бұрып.

Ия…

Енді не істейміз?

Кету керек.

Қайда?

Алматыға дедік қой… Білмеймін… Ташкентке ме…Әлде, Таразға ма?

Алматыға кетейік.

Жігіт көлік ішін көзімен тінткілеп, пайдаға асады ау деген заттарды салып алды. Әдемі қораптағы ойыншық машина рюкзакқа сыймай әуреге салды, ақыры сыйғызды. Таксистің қалтасындағы қара әмияндағы төлем картасы мен аз-маз ақшасын ала кетуді де ұмытпады. Таксист өзімен ала шыққан екі баклажка су жылып кетіпті, беті-қолдарын жуып алса да серги алмады. Қара рюкзактан таза футболка алып киімдерін ауыстырды. Кроссовкиіне жұққан қан дағын сүртіп, кір футболканы лақтыра салды. Олар осының бәрін асықпай, жайбарақат істеді. Осылай көлікті айдалаға тастап жаяу ұзай берген олар Сарыағаштағы алыс туысының үйіне келгенде барып терең дем алды. Бұларды ешкім байқаған жоқ, демек ешқандай қауіп те жоқ. Алдарынан жүгіріп шыққан 4-5 жас шамасындағы ұл әдемі қораптағы пультті машинаны көргенде екі езуі екі құлағына ілініп, қуанып кетті. Тек үй иесі әйелдің «қайдан келесіңдер, қайда барасыңдар, немен келдіңдер, ол таксист Сарыағаштыкі ме?» деген бітпейтін мылжың сұрақтары ғана бұлардың ашуына тие бастаған. Телефоны шылдырлап, әйел соған кеткенде барып бұлар мылжың үй иесінен құтылғандай болды. Жігіт ары қарай не істейтінін ойламады. Алматыға жетіп алса көреді. Әбден шаршаған екен, кешкі асты үнсіз ішкен соң сілесі қатып ұйықтап қалыпты. Ол тіпті түнде қыздың басқа бөлмеде болғанын да білмеді. Екеуі ертеңінде ерте тұрып, жуынып-шайынып  автовокзалға барды. Екеуі бір қарағанда  асықпай, қамсыз қыдырып жүрген ғашықтар сияқты. Жаз шықса сөмкелерін арқасына асып, қыдыруға асығып тұратындар аз ба, бұлар да сондай өздері жас әрі әдемі, көрген көз қуанатындай жарасымды жұп еді. Бірақ, зер салып қараған кезде жігіттің тықыршып, біресе айналасына, біресе телефонға қарай беретінін байқауға болар еді. Ал, қыз сабырлы қалпынан өзгермей, қолындағы коланы асықпай жұтып, ұзын кірпігін қағып қояды. Ол әлденеден сақтанып, іштей секем алса да, полицияны тап бүгін, дәл осы қазір көремін деп ойламаған еді. Автовокзалда бейтаныс екі жігіт өздеріне қарай бет алғанда жігіттің жүзі қабарып кетті. Ол жай киіммен жүрген полицияны танып қойды. Ойына бірден түнде өздері қонып шыққан үй иесі әйел түсті. «Сумаңдауы жаман еді соның. Қап, бекер бардым сол үйге…» деп ойлап үлгерді. Қасындағы қыздан сезіктену оның ойына да келмеген.

***

Жігіт бастапқыда мойындарына қойып бергенше ештеңені мойындамады. Тек куәгерлердің хабарлауынан бөлек, таксидегі gps навигаторы, таксистің телефоны, жол бойындағы видеокамералар мен көлік ішінде қалған саусақ іздері арқылы көп жай мәлім болғанын білгенде барып ернін тістеледі.

–     Ол менің қызыма қырындауын қоймады, – деп ақталмақ болды жігіт. Алдын ала сөз байласып, қасақана кісі өлтірудің жазасы ауыр болатынын білетін ол таксисті жанжал үстінде абайсыз өлтіріп алғанын айтып бетбақтырмады.

–     Пышақты қайдан алдың?

–     Сол «Аудидің» ішінен таптым. Таксистікі.

–     Пышақты неше рет салдың таксиске?

–     …

–     Ол қансырап жатқанда да пышақ ұра бердің бе?

–     Ол өзі кінәлі.

–     Күдікті жалған айтады. Қылмыс алдын ала ойластырылған, о баста жоспарланған. Таксисті өлтіріп, оның көлігін сатып, пайда көрмек болған, бірақ, куәгерлер кедергі болған – деді айыптаушы.

–     Жоқ, олай емес, – деп қарсыласты жігіт. – Жала. Жала жауып жатыр.

–     Мен жолда кездескен тоғайға кірдім. Шаруам болды… Ал қайтып келгенімде жігітім таксистің кеудесіне пышақ сұғып алыпты. Мен шошып кетіп қатты айқайлап, шыңғыра бердім, осылай етсем ол есін жиятын шығар дедім. Бірақ, ол қарамады, пышақты сілтей берді. Ол маған мына таксисті жоқ қылып, көлігін айдап кетеміз деп айтқанда мен қарсы болғам,– деді қыз.

–     Күдікті жүзі 20 сантиметр болатын өткір пышақты өзімен бірге алып жүрген. Таксиске бірнеше жерден пышақ салған. Бірақ жолда куәгерлер тап болғандықтан, бастапқы жоспары болмай қалған. «Аудиді» оқиға орнынан 150 шақырымға айдап барған да, бензині біткесін ішіндегі мәйітпен далаға тастап кеткен. Рюкзактан таксистің заттары шықты. Және, белгілісі – таксист жарақаттанғаннан кейін де бірнеше сағат бойы тірі болған, оған алғашқы дәрігерлік көмек берілсе оны құтқаруға болар ма еді, бірақ, күдікті оны үсті-үстіне пышақтай берген, – деген айыптаушының сөзінен кейін ауыр тыныштық орнады.

Сот барысында бұл екі ғашыққа ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) және 192-бабы (қарақшылық) бойынша айып тағылды.

Ж. Шамұратова,

Нұр-Сұлтан қаласы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...