Алматы облысында 64 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ол энергетиканы дамыту саласына қатысты болуы мүмкін. Болашақта облыс толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізбек. Бұл туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Жиын барысында өңір басшысы көп мәселенің шетін шығарды, алдағы уақытта атқарылатын шаруалар ретіне тоқталды.
«Елімізде бірнеше жылдан соң, энергия тапшылығы болуы мүмкін. Жыл сайын энергия көздерін қолдану артып келеді. Сондықтан, бізде энергия қоры болуы тиіс. Әрине, халықта «Чернобыль» оқиғасынан кейінгі қорқыныш әлі бар. Алайда, біз алға жылжуға тиіспіз. Мен қазір өңір басшысы ретінде станция салынатын орынды таңдауда көмектесуім керек. Станция Балқашта ма, әлде Ертісте салына ма, білмеймін. Алайда, біз бұл мәселеге өте мұқият келуіміз керек. Және бұған ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс», – деді әкім.
Көпшіліктің әлеуметтік мәселелерінің біріне айналған «Алтын Орда» базары да әкім назарынан тыс қалмады. Облыс басшысының айтуынша, алдағы уақытта базар қызметінің төңірегінде жинақталған проблемаларды шешу мақсатында барлық бағыттағы жұмыстар жүргізіледі. Құрылыс, санитарлық және салықтық бақылау артады. Нарық қызметін жеңілдету және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Іле ауданында А+класты автоматтандырылған логистикалық хаб салу облыс жоспарында екен.
«Логистикалық хабтың аумағы 200 мың шаршы метрді құрайды. Ол Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналады. Ол үшін 200 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартамыз, шамамен 1 500 жаңа жұмыс орны құрылады.
Жетісуда алдағы уақытта жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесі 6%-ға өседі. Дұрыс көзқараспен туризм саласын экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады. Басымдық Алматы тау кластерін, Алакөл және Балқаш жағалауларын, ұлттық табиғи саябақтардағы экологиялық туризмді дамытуға беріледі», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімімен жүздесу барысында көтерілген мәселе көп. Жиын барысында айтылған өзекті мәселелер мен талқыланған тақырыптарға газет тілшісі алдағы номерлердің бірінде сараптамалық шолу жасайды. Өңір жаңалықтарынан хабардар болғыңыз келсе біздің газеттен қол үзбей, назарда ұстаңыздар.
Ж.Құдайберген