Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Облыстық көпсалалы клиника дәрігерлері HIPEC — гипертермиялық интраперитонеальді химиотерапия технологиясын қолдана отырып, аналық без обырын, асқазан және тоқ ішек обырын аралас емдеудің жаңа, жоғары технологиялық әдістемесін енгізді. Аталған жаңа әдісті енгізу мақсатында Израиль мен Италиядан арнайы мамандар келіп, клиника дәрігерлеріне мастер-класс өткізді.
Осы уақытқа дейін гипертермиялық интраперитонеальді химиоперфузия технологиясын ҚР жетекші ғылыми институттардың дәрігерлері ғана қолданатын. Ал Облыстық көпсалалы клиника бұл әдісті енгізген алғашқы аймақтардың бірі.
— Еліміз бойынша онкологиялық орталықтарда бірінші рет біздің өңірде жасалып отыр. Бұған дейін 2 рет ғылыми орталықтарда жасалған. Бұл тәжірибеден кейін біздің мамандар тоқтап қалмайды, осы ота түрін ары қарай жалғастыруға дайынбыз, — деді Жетісу облыстық көпсалалы клиника директоры Мадияр Өмірбаев.
Гипертермиялық интраперитонеальді химиоперфузия технологиясы онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
— Ота 2 кезеңнен тұрады. Бұл ота 5-6 сағатқа дейін созылатын өте күрделі оталардың бірі. Қатерлі ісіктің 3-4-ші сатысындағы науқастарға, метастазасы барларға жасалады, — деді «Хайм Шиба» медициналық орталығының хирургиялық онкология бөлімінің аға хирургы Алмог Бен-Яаков.
Облыстық көпсалалы клиникаға 2024 жылы облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Rand S. p.a компаниясы шығарған соңғы үлгідегі HIPEC performer аппараты сатып алынған болатын. Ота осы аппараттың көмегімен жасалынды.
Гипертермиялық интраперитонеальді химиотерапия (HIPEC — ағылш. Hyperthermic IntraPeritoneal Chemotherapy) – ісік ауруларын емдеудің инновациялық әдісі. Ол барлық ісік ошақтарын хирургиялық алып тастауды және іш қуысына 42-43 °C дейін қыздырылған химиялық препаратты енгізуді қамтиды. Яғни, адам дене мүшесінің кез келген бөлігінде орналасқан қатерлі ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді.