12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«Жеті түйін» жұмысқа серпін берді

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын атап өткен еді. Осы орайда, елімізде халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында жемісті жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Оның ішінде соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгерткен «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының орны бөлек. Себебі, жоғарыдан емес, төменнен бастау алған бұл реформаға судьялардан бөлек, адвокаттар, медиаторлар, заңгерлік қауымдастықтың өкілдері бір ауыздан атсалысқан болатын. Аталған жоба жеті нақты бағытты қамтыды. Атап айтсақ, «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта».
«Мінсіз судьяда» жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру қамтылды. Ертеде дана халқымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Елге бай құт емес, би құт», – деп билердің әділдігін шебер сипаттаған. Сондықтан, бүгінгінің биі ақ пен қараны ажырата білетін әділ, қызметіне адал, мінсіз болуы басты шарт. Себебі, сот – биліктің бір тармағы. Қоғамның сотқа деген пікірі де судьялар шығарған сот актілеріне қатысты қалыптасатындықтан, судья лауазымына үміткер кандидаттарды іріктеу процесі қатаңдатылып, судьялардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда судья боламын деген үміткер бірнеше сатыдан тұратын конкурстан сүрінбей өтуі тиіс. Осы ретте 2018 жылға дейін әрбір 4 үміткердің 1-уі судьялыққа өтсе, қазір конкурстан 20 үміткердің тек 1-уі өтетінін айтып өткен жөн.
Одан бөлек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 19-қадамына сай, судьялардың есеп беру тәртібі күшейтіліп, облыстық соттардағы сот алқасының төрағаларына конкурстық іріктеу жүйесі енгізіліп, сот төрағаларының өкілеттік мерзімдері шектелді. «Үлгілі сот» аясында жұмысты оңтайлы ұйымдастыру, тиісті материалдық-техникалық қамсыздандыру көзделіп, өңір бойынша соттарда бірнеше фронт-кеңсе қызметін бастады. Бүгінгі таңда әрбір сотқа келуші «бір терезе» қағидаты арқылы қажетті қыз­метті жедел алуда. Себебі, фронт-кеңселер мемлекеттік баж төлейтін құрылғымен, адвокат, медиатор отыратын арнайы кабинеттермен жабдықталған, яғни, бұл тараптардың уақыты мен жолға жұмсайтын қаражаттарын үнемдеуге жол ашты. Ал, «Сапалы нәтиже» мен «Әділ процесс» жобалары аясында сот шешімдерін түсіндіру қолға алынды. Бұрын термин сөздермен жазылған күрделі сот шешімдерін түсінбей, тараптар әбігерге әбден түсетін. Бүгінде сот актілері көпшілікке түсінікті әрі қарапайым тілде жазылып, тараптарға судьялар сот актілерін түсіндіреді.
«Оңтайлы ортаның» негізінде қоғам мен соттар арасындағы тиімді қарым-қатынас орнады десек қателеспейміз. Осы орайда, жұртшылыққа қоғамның қызығушылығын туғызған істер бойынша баспасөз хабарламалары соттардың веб-сайты, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы үздіксіз таратылып келеді. Одан бөлек, әлеуметтік желіде соттар мен қоғам арасында ашық диалог орнады, яғни нақты соттарға қатысты түскен кез келген сұрақ жауапсыз қалмайды. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасына келетін болсақ, бұл жобаның тиімділігі өте көп. Алдымен, болмашы дау-дамайды сотқа дейін бітіммен шешіп, тараптарды бітістіру қолға алынып, өңірде «Билер кеңесі» құрылды. Мемлекет басшысының өзі әркез дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажеттігін, бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашатынын айтып келеді. Бүгінде еліміздің 17 өңірінде 47 татуласу орталығы ашылып, 413 Билер кеңесі құрылғанын айтып өткен жөн.
Келесі бағыт «Е-СОТ» бойынша сот жұмысын цифрландыру қарқынды жүргізілді. Сот залдары сапалы дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары дыбыс-бейнежазбаға таңбаланды. Тағы бір айта кетерлігі, соттарды жедел цифрландыру жағадан жармасқан пандемия кезінде сот төрелігін тоқтаусыз жүргізуге мүмкіндік берді. Адам денсау­лығының қауіпсіздігі үшін сот отырыстары қашықтықтан өткізіліп, талап қою, өтініштер «Сот кабинеті» арқылы қабылданды. Осылайша бір күннің ішінде бірнеше мың сот отырысын электронды түрде өткізуге қол жеткіздік.
Қорыта айтқанда, азаматтар мүддесіне қызмет ететін мұндай жобалардың сот жүйе­сінде шоқтығы биік. Себебі, аталған жоба аясында жүзеге асқан жаңашылдықтар сот корпусының тың бағыттарды бағындыруына жол ашып, халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыра түсетіні даусыз.

Бауыржан ЕЛЕМЕСОВ,
Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...

Тіл-асыл құндылық

Мемлекеттік тіл - бұл осы мемлекеттің рәміздерінің бірі болып...