Жер – тек экономикалық ресурс қана емес, ол – ұлттық бірегейліктің, мемлекеттіліктің, халықтың әл-ауқаты мен болашағының іргетасы. Қазақстан Республикасында жер қатынастарының құқықтық реттелуі ерекше маңызды сала болып табылады және бұл қатынастарда туындайтын даулар сот жүйесінде жиі кездесетін азаматтық істердің біріне айналған.
Жер құқықтық қатынастары азаматтар мен заңды тұлғалар арасында жер учаскелерін иелену, пайдалану, жалға алу, иеліктен шығару, шекараларын белгілеу, нысаналы мақсатын өзгерту сияқты мәселелер төңірегінде қалыптасады. Аталған қатынастар өзара мүдделер қақтығысына, түсінбеушілікке немесе құқық нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты дауға ұласып жатады.
Сот тәжірибесінде мұндай даулар көбінесе келесі бағыттар бойынша қаралады:
• Жер учаскесіне меншік немесе пайдалану құқығын тану туралы талаптар;
• Жер шекарасының бұзылуына байланысты көршілер арасындағы келіспеушіліктер;
• Жер учаскесін өз бетімен иеленіп алу (самовольное занятие);
• Нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау салдарынан құқықты тоқтату немесе қалпына келтіру;
• Жерге қатысты мәмілелердің жарамдылығына дау келтіру;
Аталған істерді қарау барысында сот ең алдымен қолданыстағы заңнама талаптарына сүйенеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Жер кодексі, Азаматтық кодексі, “Мемлекеттік мүлік туралы” заңы және басқа да салалық нормативтік құқықтық актілер басшылыққа алынады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың нормативтік шешімдері, жерге орналастыру жобалары, техникалық құжаттамалар мен кадастрлық деректердің маңыздылығы зор.
Кейбір жағдайларда жер құқықтық даулары күрделі сараптамалық зерттеулерді, геодезиялық өлшеулер мен техникалық құжаттамалардың нақтылауын талап етеді. Сондықтан сот істерінде сарапшылар мен мамандардың қорытындылары шешуші рөл атқарады.
Жер дауларының ерекшелігі – олардың азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынастарға әсер етуінде. Бір қарағанда жай ғана мүліктік дау секілді көрінгенімен, мұндай істер отбасылық қатынастарға, көршілер арасындағы сенімге, қоғамдағы тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, жерге қатысты дауларды шешу тек заңмен ғана емес, адамгершілік пен мәмілеге келу мәдениетімен де тығыз байланысты.
Мемлекетімізде жерге байланысты құқықтық қатынастарды реттеудің басты қағидаттарының бірі – заңдылық пен әділеттілікті сақтау. Соттың негізгі міндеті – әрбір даулы мәселені жан-жақты зерттеп, нақты дәлелдерге сүйене отырып, заң шеңберінде әділ шешім шығару. Бұл – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау кепілі.
Сонымен қатар, қоғамда жерге қатысты құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бұл тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Жер учаскесімен байланысты кез келген мәмілені жасамас бұрын заң кеңесін алу, барлық құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеу, тіркеу рәсімдерін қатаң сақтау – болашақта туындауы мүмкін даулардың алдын алады.
Қорытындылай келе, жер құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар – мемлекеттің құқықтық даму деңгейін, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Қызылорда қалалық соты өз құзыреті шеңберінде бұл санаттағы істерді әділ, бейтарап, заң талабына сай шешіп келеді. Әрбір азамат жерге қатысты құқығын жүзеге асыра отырып, сол құқықпен бірге келген жауапкершілікті де естен шығармауы тиіс.
Қызылорда қалалық сотының судьясы
Карибаева Л.