Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ» деген болатын. Қазіргі таңда елімізде жемқорлықпен күрес тоқтаусыз жүргізіліп келеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз. Сондықтан қазіргі таңда жемқорлықпен күрес заңнамалары қатаңдатылып, жемқорлар да лауазымына қарамастан ұсталып, жазаланып жатыр. Мемлекеттіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа қарастырылған жауапкершілікті қатайтуға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау үшін жағдай тудыратын нормаларды алып тастауға бағытталған түзетулер енгізілді.
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” Заң қабылдады. Президент жанындағы Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі бекітілген. Сондай-ақ аймақтарда қызметтік этика ережелерін бұзғандарға және жемқорлыққа бой алдырғандарға шара қолдану үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарайтын тәртіптік кеңестер қызмет етуде. Бұдан бөлек жемқорлықтың алдын кесіп, оны болдырмау мақсатында Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік құрылды. Яғни жемқорлықпен күрес кешенді түрде жүргізіліп жатыр деп айта аламыз.
Атап өтер жайт, азаматтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, сыбайлас жемқорлыққа деген берік иммунитет, оған деген жұртшылықтың мінеуі болмай, қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Оны әрбір қазақстандық, әрбір отбасы бүкіл қоғамның ісі екенін түсіну керек. Бала кезінен тұлғаны қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды. Сондықтан қазір халық тарапынан жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру маңызды болып отыр.
Сара Бекбосынова, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы