«ТƏУЕЛСІЗДІК – ТƏҢІРДІҢ ТƏТТІ СЫЙЫ» ДЕГЕНМЕН, ОЛ БІЗГЕ ОҢАЙЛЫҚПЕН КЕЛГЕН ЖОҚ. АТА-БАБАМЫЗ АҢСАҒАН АСЫЛ МҰРАТҚА 1986 ЖЫЛЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖҮЙЕГЕ ҚАРСЫЛЫҚ ТАНЫТЫП, СОЛ КЕЗДЕГІ АСТАНАМЫЗ АЛМАТЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЛАҢЫНА ШЫҚҚАН ҚАЗАҚТЫҢ КӨКӨРІМ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАЗЫҚСЫЗ ТӨГІЛГЕН ҚАНЫМЕН ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК. ЖЫЛ САЙЫН ЖЫЛЖЫП ЖЕЛТОҚСАН ЖЕТКЕНДЕ, ОСЫДАН 34 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ СОЛ БІР СҮРЕҢСІЗ КҮНДЕРДІҢ ЫЗҒАРЫ ДҮБІРЛІ ОҚИҒАҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ƏЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ЖАНЫН ҚАРЫП, ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРАДЫ. «ЖҮРГЕН СОҢ БАУЫРЫНДА КҮНДЕ КӨРІП, ТАУЛАРДЫҢ БИІКТІГІ БАЙҚАЛМАЙДЫ» ДЕГЕНДЕЙ, КҮНДЕЛІКТІ БІРГЕ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ƏРІПТЕСТЕРІМІЗДІҢ АРАСЫНДА ДА СОЛ ОҚИҒАНЫ КӨЗБЕН КӨРІП, КӨҢІЛГЕ ТҮЙГЕНДЕРІ АЗ ЕМЕС. БҮГІНДЕ САМАЙЛАРЫН АҚ ШАЛҒАН БІР КЕЗДЕГІ БҰЛА БОЙЖЕТКЕНДЕР ДҮРБЕЛЕҢ КЕЗЕҢДІ ТЕБІРЕНЕ ЕСКЕ АЛАДЫ. ЕНДЕШЕ ҚҰЛАҚ ТҮРЕЛІК:
Ұлбала ӘЛІШЕВА, корректор:
– Ауылдан келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен бірінші курс студентімін. Әлі оң мен солымызды ажырата қоймаған балаң кезіміз. Желтоқсанның суық та ызғарлы желіне кеуде тосқан курстастарымызбен бірге алаңға шықтық. Ары-бері дүрбелең кезінде мұзға тайып құлаған мені бір милицияның сүйрей жөнелмесі бар ма? «Бәрі де бітті, енді бөлімге апарады» деген үреймен келе жатқанда, бағыма қарай, әлгі тәртіп сақшысы қазақ болып шықты. Көзді ала бере топтың шетіне шыққанда: «Қарындасым, тез үйіңе қайт!» деп босатып жіберді. Басында ештеңеге түсіне қойған жоқпын. Сонда да қайтпай, топпен бірге қайта алаңға келдік. Құрбым Толқын екеуміз өрт сөндіргіш машинасы шашқан суға малшынып, су болғандықтан түнделетіп, жатақханаға қайтып келсек, алдында факультет деканы, мұғалімдер, «ОКД» сарбаздары т.б. күзетіп тұр екен. Олардың қолына түспеу үшін, жатақхананың артқы жағына өтіп, құрбыларымыз екінші қабаттан бір-біріне жалғанған ақжаймаларды түсіріп, кіргізіп алған болатын. Алаңдағы алапатты күндер басылған соң да сабаққа келсек, күнде тексеру. Бір-бірден деканатқа шақыртып «үш әріптің» адамдары жауап алады. Бүкіл курсты жинап алып, «Алаңға баруды ұйымдастырған адамды тауып беріңдер, әйтпесе, старосталар мен комсоргтарды оқудан шығарамыз» деген талап қойды. Сол кезде 101-нші ересектер тобындағы курстасым Нұрымжан Мауытов «Бұлардың жазығы жоқ, бәрін бастап барған мен» деп өз мойнына алды. Сөйтіп, курстастарын қорғап қалған Нұрымжан абақтыға қамалды. Сөз байласып жүрген жігітімнің жағдайы маған қатты батты Қысқы сессияны жақсы тапсырып Нұрымжанға қарайлап, үйге бармастан, демалысымды абақтыға тамақ тасумен өткіздім. Сол кезде елге кеткен курстасымыз, бүгінде белгілі журналист Берік Жүндібаев менің Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы анама, «Қызыңыз аман-есен, жұмысқа тұрып еді, келе алмай қалды, уайымдамаңыз!» деп жұбату айтып барғанда, ана жүрегі «Әйтеуір, желтоқсаннан аман ба?» деп алаңдап қалыпты. Кейін Нұрекең абақтыдан ақталып шықты, талай сұрақ-жауаптан аман өтіп, отау көтердік. Осылайша 86-ның ызғарлы желтоқсанының сызы менің жүрегімде ғана емес, тағдырымда да өзіндік ізін қалдырды.
Шолпан НАУРЫЗБАЕВА, дизайнер:
– Тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам ретінде ел тарихында айрықша маңызы бар Желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспаханасында (қазіргі «Дəуір» баспасы) жұмыс істеп жүрген едім. Жазушы Бек Тоғысбаевтың жұбайы Сапаркүл апай «Қазақ әдебиеті» газетінің техникалық редакторы болатын. Алаңдағы жастар туралы хабарды алғаш сол кісіден естідік. Бірақ жұмысты тастап кетпедік. Кешке дейін байыз таппай, жұмыс аяқталған соң, қызметтес құрбыларыммен бірге алаңға беталдық. Қанша жерден су шашып, ит қосып қуып жатса да, алаңнан кетпедік. Жұмыс орнымызда да өзге ұлт өкілдерінің бізге деген көзқарасы өзгеріп, теріс қарай бастады. Цехтың төрінде Д.А. Қонаевтың үлкен портреті ілулі тұратын. «Жастар бас көтерді» деген әңгіме шыққан күннің ертесіне өзге ұлттың бір қызы жұмысқа келе сала әлгі суретті жұлып алды. Оған шыдап тұрмаған өзіміздің арамыздағы еті тірі, пысық Балзия деген қыз портретті орнына қайта ілді. Әлгі қыз қайтадан жұлып алды. Біздің өжет қаракөзіміз қайта ілді. Сол жерде екеуі сөзге келіп,
жағдай ушығып, арасындағы дау-дамай басшылыққа жетті. Басшымыз да өз нәсілінің өкілін қолдап шықты. Көп ұзамай жер-жерде басталып жатқан қудалау біздің мекемеге де
жетті. Күн сайын бірнеше сағат бойы әрқайсысымызды тергеп-тексеру басталды. Таңнан кешке дейін «Алаңға неге бардың? Кіммен бардың? Кім бастап апарды? Алғаш кімнен естідің? Баруға кім үгіттеді?» деген сауалдардың өңін айналдырып қоя беретін. Осындай жүйке жұқарту келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасты. Бұл бір адам төзгісіз сынақ кезеңі болды. Азаттықтың ақ таңын аңсаған, еркіндік пен демократияның алғашқы қарлығаштары болып, өшпес рухтың үлгісін көрсеткен желтоқсаншыл жастар оқудан, жұмыстан шығарылды, кейбіреулері қысымға шыдамай, өз еркімен жұмыстан кетті, темір торға қамалды, жанын қиды. Осындай қиындықпен, қантөгіспен жеткен Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егеменді еліміздің еңсесі биік болсын!
Шолпан НҰРЖАУОВА, дизайнер:
– Сол жылы мен Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің кешкі дайындық курсының тыңдаушысы атандым. Топтағы 25 тыңдаушының кенжесі едім. Сабағымыз күнделікті кешкі 18.00-де басталады. 17 желтоқсан күні сабаққа келгенде, бірге оқитын аға-əпкелеріміз: «Қазақстан басшысы ауысыпты. Қонаевтың орнына сырттан біреуді əкелген. Жастар алаңға жиналып, наразылығын білдіріп жатыр екен. Біз мұнда не істеп отырмыз, алаңға барайық!» деп қызбаланды. «Барсақ, барайық!» деп бірден топ болып жаяулап Брежнев алаңына келдік. Жан-жақтан ағылып жатқан адамдардың арасына кірдік те кеттік. Сол ағынмен үлкен сахнаның алдынан бір шығыппыз. Əнші Роза Бағланова апамыз дыбыс зорайтқышпен жастарды сабырға шақырып, тарауларын өтініп жатты. Мұздай қаруланған əскерилер де ешкімді аяп жатқан жоқ. Су шашып, ит қосып, қолдарына түскенді таяқтың астына алуда. Дүрмектің арасында резеңке сойыл менің арқамды да осып өтті. Əйтеуір, түн ортасына дейін алаңда жүрдік. Топ старостасы Сембек ағай мені туыстарымның үйіне жеткізіп тастады. Кейін жағдайдың ушыққанын көрген соң əрі ауылдағы ата-анамның беймаза қоңырауынан кейін ағам мен тəтем мені үйден шығармай қойды. Менің жадымда қалған желтоқсан осындай.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»