Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтай
дәлелдеуде. Оны сот актілерінің орындалу көрсеткішінің артуынан байқауға
болады. Жеке сот орындаушы уәкілетті орган берген лицензия негізінде
жұмыс істейді. Заңға сай, мемлекеттік сот орындаушылар мен жеке сот
орындаушылардың құқықтары бірдей. Басты айырмашылық жеке сот
орындаушылар мемлекеттен жалақы алмайды, өзін-өзі қаржыландырады.
Яғни, еңбекақы өндіретін соманың мөлшеріне байланысты болады.
Осы себепті, жеке сот орындаушы сот актісін орындату үшін заңмен
белгіленген мүмкіндіктің бәрін пайдаланады. Заң талабына орай, сот актісін
орындаудан жалтаратын борышкерлерге мәжбүрлеп орындату шаралары
қолданылады. Сот актісін орындатуда барысында шығатын шығыстарға
аванс төлеу тәртібі Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының
мәртебесі туралы заңмен бекітілген. Мысалы, осы заңның 119-бабына сай,
өндіріп алушы өндірілген қаржыны сақтауға арналған шотқа атқарушылық
әрекетті жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізеді. Аванстан кімдердің
босатылатыны және оның көлемі, т.б. осы баппен нақтыланған.
Жеке сот орындаушыларының құзыреті кең, мысалы, мемлекеттік сот
орындаушылар мемлекет мүддесіне қатысты құжаттарды ғана орындайды,
одан өзге барлық санаттағы сот актілері жеке сот орындаушыларға берілді.
Бұл институт саладағы бәсекелестікті арттырып, жауапкершілікті күшейтуге
айрықша ықпал етуде. Жұртшылық жеке сот орындаушыны өзі таңдай алады.
Бұдан әрі нақтыласақ, заңды күшіне енген сот шешімін қолына алған адам
атқару құжатын үйде отырып электронды қолтаңба арқылы өзі таңдаған жеке
сот орындаушыға жіберу мүмкіндігіне ие. Тоқталып өтерлігі, өндіріп алушы
мен борышкер, олардың өкілдері, сот орындаушысы, атқарушылық құжатта
қамтылған талаптарды орындауға қатысатын басқа да адамдар атқарушылық
іс жүргізудің тараптары саналады.
Жеке сот орындаушылардың ел экономикасын дамытуда да үлесі зор.
Сонымен қатар, олар жұмыссыз борышкерлердің жұмысқа орналасуына да
көмектеседі, сол арқылы сот актісінің орындалуын қамтамасыз етеді. Жеке
сот орындаушылары өз міндеттерін заң нормаларына сүйеніп, құзыреттеріне
сай атқарады.
Сот актісінің орындалуы міндет. Сондықтан, бұл жеке сот орындаушыға
үлкен жауапкершілік жүктейді. Борышкерлер жеке сот орындаушының
жұмысына көңілі толмаса сотқа арыздануға құқылы. Егер жеке сот
орындаушының өндіріп алу немесе қызметіне ақы алу кезіндегі заңсыз
әрекеті сотта анықталса, төлем қайтарылады. Жеке сот орындаушының
қызметі Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі
туралы заңмен айқындалған. Сондықтан, ол әрбір әрекеті мен әрекетсіздігін
заң аясында жасауға міндетті.
Нұрсәуле Медетова,
Ақтөбе облысы жеке сот орындаушылары Өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы