12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жеке қосалқы шаруашылық иелерін қолдау төмен

Үкімет халықты алаңдатқан мәселелерді шешуге шындап бет бұрғандай. Жуырда Парламент Мәжілісінде тұсауы кесілген «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының мазмұны осыны аңғартты.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі бөлігін шағын ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар өндіретіні ешкімге құпия емес.

Жиында естіген мағлұматтарға сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар. Олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 2,6 трлн теңгеге тең ауыл шаруа­шылығы өнімін өндірген. Бұл барлық өнімнің 41,5 пайызына тең. Бірақ соған қарамастан мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиенің дені оларды айналып өтуде. Олар негізінен ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің еншісіне тиіп келеді. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін азаматтар үшін мемлекеттік қолдау шаралары жоққа тән. Мұның сыртында жекеменшіктегі малды жайылымда бағу да түйткілді мәселеге айналған.
Көбінесе жеке қосалқы шаруашы­лықты жүргізетін азаматтар өз өнімдерін делдалдарға төмен бағамен сатуға мәжбүр. Өйткені, олар өз өнімдерін ұйымдасқан шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бере алмайды. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының қаржылық жағдайына кері әсерін тигізуде. Олардың фермерлік шаруашылықтарға айналуына және жалпы өз әлеуетін ашуына мүмкіндік бермейді. Бұған себеп шаруа­шылықтың бұл түрінің жеке заңнамалық актімен реттелмеуі. Олардың мәртебесі құқықтық тұрғыда анықталмаған. Осының салдарынан қосалқы шаруашылықтарды тығырыққа тіреген жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, азық-түліктің қолжетімсіздігі, өнімді әділ бағамен сату, материалдық-техникалық ресурспен қамтамасыз ету сияқты мәселелер назардан тыс қалуда.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түйткілді жағдайларды зерделей келе аталмыш заң жобаларын әзірлепті. Бұған Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеу­інің берік негізі» атты Жолдауындағы жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негіз болды. Бұл құжатта Президент Үкімет алдына жеке қосалқы шаруашылықтардың құқықтық мәртебесін айқындау, олар үшін мемлекеттік қолдаудың нақты құралдарын белгілеу, өңірлік азық-түлік хабтарын құруға тарту арқылы олардың әлеуетін дамыту, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтары мен жайылым ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойған болатын.
Отырыста заң жобаларын ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев таныстырды. Министр аталған мәселелердің өзектілігін нақты мысалдармен дәйектей түсті. Бұл ретте ол малдың жартысына жуығын ұстап отыр­ған жеке қосалқы шаруашылықтың үлкен биологиялық актив бола тұра натуралдық шаруашылық деңгейінде жұмыс істейтініне және ешқандай технологиялық процестермен қамтылмағанына назар аудартты. Шын мәнінде бұл жерде өндірістің тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту үшін қосымша табыс алуға мүмкіндік беретін үлкен әлеует барлығын атап өтті. Министр өз баяндамасында саланың осы секілді бірқатар өзекті мәселелерін айта келіп, посткеңестік мемлекеттерден (Ресей, Беларусь, Өзбекстан) тек Қазақстанда ғана жеке қосалқы шаруашылықтың қызметін реттейтін жеке заң жоқ екеніне назар аудартты. Әйтсе де, бұл елдердегі жеке қосалқы шаруашылық туралы заңдар негізінен контурлық сипатқа ие және нақтыланбаған. Аталмыш құжатта осы жайттар ескеріліп, саланың өзекті мәселелерін шешудің тетіктерін толыққанды қамту көзделді.
Мәселен, заң жобасында жеке қосалқы шаруашылық ұғымы айқындалып, оның мәртебесі салық салу мәселелерін реттеу үшін кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықталыпты. Министрдің айтуынша бұл өте маңызды. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдарға жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін нақты қосымша өкілеттіктер беріліп отыр. Ең алдымен, бұл жер заңнамасы аясында қосалқы шаруашылықтарды жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету, материалдық ресурстармен жабдықтауды ұйымдастыру, өсірген өнімді өткізу мәселелеріне қатысты болмақ. Жергілікті атқарушы орындарға өз бюджеттерінің мүмкіндігіне қарай жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың проблемалық мәселелерін шешуге, олардың кооперативтері үшін қажетті өндірістік инфрақұры­лым құруға құзырет беріледі. Үшіншіден, оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің заңнамалық негізі қаланады. Бұл жұмыс жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативтері арқылы жүргізіледі.
Министрдің ай­туынша, бүгінгі таң­да заң жобасы мүдделі тараптармен талқылаудың барлық кезеңінен өтті. Сонымен қатар, құжат «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында қоғамдық талқылау үшін орналастырылды. Осындай жұмыстың нәтижесінде 1300-ден астам ұсыныс пен ескерту түскен.
Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы мүшелері Президент Әкімшілігінің қызметкерлерімен бірге Ақмола және Қарағанды облыстарының ауылдық елді мекендеріне де арнайы барып, онда заң жобасының негізгі түйіндері ауыл тұрғындарымен бірге талқыланды. Яғни, бұл құжатты қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеуге, оларды кооперация арқылы мемлекеттік қолдауға және осы негізде жеке қосалқы шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған заңнамалық негіз құруға мүмкіндік беретініне сенім мол.
Жиын тізгінін ұстаған Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, қазіргі уақытта заң жобалары бойынша жұмыс тобы құрылды, оған кіруге тілек білдіргендердің барлығы қосылды. Алдағы уақытта барлық тілек білдірушілер заң жобасын талқылауға қатыса алады.

А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»

Қазақстанда асыраушысынан айырылған қанша адам бар?

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 457,1 млрд теңге жұмсалды.

Көлікке арналған мемлекеттік нөмірлердің қандай түрлері бар?

Жолда көлікке арналған мемлекеттік нөмірлердің түр-түрін көреміз. Стандартты түрден басқа, қара, көк, сары, жасыл түсті нөмірлер бар. 

Астанада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

25 қазан күні елімізде ұлттық мереке - Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден аса мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" синоптиктері дүйсенбі, 21 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.