Жеңілдік пен 16% салық: Жаңа Салық кодексінің басты өзгерістері

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексіне сәйкес қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңартылған ережелері күшіне енеді. Құжатта ҚҚС мөлшерлемелері, салық салынбайтын операциялар, есепке жатқызу тәртібі және декларация тапсыру мерзімдері нақты айқындалған.

BAQ.kz тілшісі жаңа талаптардың негізгі тұстарына тоқталды.

ҚҚС деген не?

Қосылған құн салығы (ҚҚС) — бұл тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндіру мен өткізу процесінде қалыптасатын қосылған құннан алынатын жанама салық. Қарапайым тілмен айтқанда, ҚҚС тауар немесе қызметтің соңғы бағасына қосылады, ал оны іс жүзінде тұтынушы төлейді.

Қазақстанда ҚҚС-ты:

  • тауар өндірушілер,
  • қызмет көрсетушілер,
  • импорттаушылар есептеп, бюджетке аударады. Алайда салық жүктемесі тауарды немесе қызметті сатып алушыға өтеді.

ҚҚС жүйесінің басты ерекшелігі — кәсіпкерлер сатып алған тауарлар мен қызметтер бойынша төленген ҚҚС-ты кейін есепке жатқыза алады. Яғни бюджетке тек өзі қосқан құн үшін ғана салық төлейді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексіне сәйкес ҚҚС мөлшерлемесі өзгеріп, салықты есептеу және есепке жатқызу тәртібі жаңартылады.

2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемелері өседі

Жаңа кодексте бірнеше мөлшерлеме көзделген:

  • 16% — негізгі мөлшерлеме;
  • 5% — 2026 жылдан бастап дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және лицензияланған медициналық қызметтерге;
  • 10% — 2027 жылдан бастап медициналық салаға және отандық мерзімді баспа басылымдарына;
  • 0% — экспорт, халықаралық тасымал, шетелдік әуе компанияларына жанармай жеткізу, арнайы экономикалық аймақтар және аффинирленген алтын үшін сақталады.

ҚҚС салынбайтын айналымдар қандай?

Жаңа кодексте ҚҚС-қа жатпайтын айналымдардың нақты тізбесі бекітілді. Олардың қатарында:

  • ҚҚС-тан босатылған тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізу;
  • Өткізу орны Қазақстан аумағынан тыс орналасқан операциялар;
  • Салық кодексінің 474-бабында көрсетілген жекелеген тауар түрлері;
  • Құмар ойын бизнесі саласындағы қызмет;
  • Арнайы салық режимдері аясындағы операциялар;
  • Лотерея қызметіне қатысты айналымдар бар.

Аталған операциялар бойынша ҚҚС есептелмейді.

Тұрғын үйге ҚҚС салына ма?

Жаңа Салық кодексіне сәйкес:

  • Құрылыс компанияларының тұрғын үйді (пәтер немесе тұрғын үй) сатуы;
  • Құрылысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған немесе пайдалануға берілген тұрғын үйлерді өткізу ҚҚС салуға жатпайды.

Сондай-ақ тұрғын үйлерді жалға беру, оның ішінде сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға беру шарттары 2026 жылға дейін жасалса, ҚҚС-тан босатылады.

Ал егер тұрғын үй ҚҚС-сыз алынған болса, кейін оны сату кезінде салық салынатын айналым:

  • сату бағасы мен
  • бухгалтерлік есептегі баланстық құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.

Бұл норма құрылыс саласын жаңа салық талаптарына біртіндеп көшіруге бағытталған.

Аграрлық секторға қандай жеңілдіктер бар?

Ауыл шаруашылығы саласына қатысты маңызды өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда:

  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, өңдеушілерге және кооперативтерге
  • ҚҚС бойынша есепке жатқызылатын қосымша сома 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.

Бұл шара аграрлық секторды қолдауға бағытталған.

ҚҚС-ты есепке жатқызу тәртібі қалай өзгереді?

2026 жылдан бастап ҚҚС мына мерзімдер бойынша есепке алынады:

  • Тауарлар, жұмыстар және қызметтер — нақты алынған күні;
  • Үшінші елдерден импорт — тауарларды босату күні;
  • ЕАЭО елдерінен импорт — ҚҚС төленген күн;
  • Резидент емес тұлғалардың жұмыстары мен қызметтері — электронды шот-фактура жазылған күн.

ҚҚС декларациясын тапсыру мерзімі

ҚҚС бойынша 300.00 нысанды декларация:

  • есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес,
  • тоқсан аяқталғаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кеш емес мерзімде ұсынылады.

Халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табысы артты

2026 жылдың II тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 410 088 теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14%-ға жоғары.

2027 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді: Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді 

Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландырудың басым бөлігі сақтандыру моделіне көшуі жалғасуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды 

Мемлекет басшысы Берлинде бизнес-форумға, ал Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысады.

Үсік жүріп, тұман түседі: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы 

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 29-30 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігіне жоғары атмосфералық қысым өрісі әсер етеді.

583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды? 

2025 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүктілікке және босануға байланысты артық төленген қаражатты өндіріп алу үшін 583 алушыға қатысты сотқа талап-арыз берген.