12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жазасыздық жаңа қылмыс тудырады

Зайырлы мемлекетте азаматтар құқығы басты орында. Әлемнің дамыған озық отыз елінің бірі болуға қадам жасаған Қазақстан да бұл заңдылықты басшылыққа алған.

Ата Заңымыздың бірінші бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Сонымен бірге Конституцияның 14-бабы азаматтарды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бо­йынша ешқандай кемсітуге болмайтынына кепілдік берген. Дамыған, құқықтық қоғамда азаматтардың бәрі сот пен заң алдында тең. Алайда, шынайы өмірде әлдінің әлсізге әлімжеттік жасауы, құқығын бұзуы кездеспей қалмайды. Ең өкініштісі, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жәбір көрсететін өзінің жақындары, жары, туысы, ата-анасы, балалары. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрі саналуан. Олар күш көрсету, дене жарақатын салу, денсаулыққа қасақана зиян келтірумен байланысты. Сонымен бірге, психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, ар-намысына тию, бопсалау түрінде жүзеге асады. Сексуалдық зорлық-зомбылыққа душар болатын жандар да аз емес. Ал экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру жолымен орын алады. Мұндай әлімжеттік көргенін әлеуметтік желілер арқылы азаматтар үнемі жариялап, өз қайғысына өзгелердің назарын аударуға тырысады. Әсіресе, nemolchi.kz парақшаларынан мұндай деректерді жиі кездестіруге болады. Әрі ондағы пікір білдірушілердің көптігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қоғамның да бей-жай қарамайтынын көрсетеді.
Отбасылық зорлық-зомбылық өте нәзік мәселе. Сондықтан жанұядағы ұрыс-керіс, түсінбеушілікке көпшіліктің араласқысы келмейді. Ал шаңырақтың шайқалмауын, отбасының ойрандалмауын ойлаған көп адамдар жақыны көрсеткен озбырлықты жат көзден жасыруға, ешкімге жария етпеуге бейіл. Өзгелер байқап, назар аударғанша кейбір жандар жақынының таяғына, кемсітуіне еті үйреніп, таяқтауды қалыпты жағдай сияқты сезініп жүре береді. Соның кесірінен кінәлілерді дер кезінде анықтау, жауаптылыққа тарту қиын. Ал жазасыздық жаңа заңсыздықты, бұрынғыдан да зор әрекетті тудырады. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады. «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатыс­ты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет», – деп атап өтті Президент кезекті жолдауында.
Шындығында елдегі тәртіп, заңдылық әйелге, анаға деген құрмет пен қамқорлықтан басталады. Әрине, біздің еліміз әйел мен балалар құқығын қорғау­ға қатысты бағдарлама, құжаттардан кенде емес. Заңдарымыз да ана мен бала жағында. Алайда әлеуметтік әлсіз топқа жасалған зорлық-зомбылық көбінесе құзырлы орындарға жетпей қалады. Біріншіден, зәбір көрген жандар құзырлы орындар құқығын қорғайтынына сенбейді. Екіншіден, жауапқа тартылған жақыны отбасына оралған соң бұрынғы озбырлығын қайта жасайды деп қауіптенеді. Үшіншіден, көпшілігі өзінің құқығын қорғаудан отбасының абыройын, жақынының беделін жоғары қояды. Әсіресе, қазақы аймақтарда жақынының зорлық-зомбылығын әшкерелеп, құзырлы орындарға арызданатындар сирек. Арызданғандардың өзі мәселені сотқа жеткізбей, өзара татуласу жолымен реттеп жатады.
Елімізде бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза белгілеу отбасыны сақтау, жақын адамдар арасындағы сыйластыққа сына түсірмеу шеңберінде қарастырылды. Бұған Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 73-бабын зерделеу арқылы көз жеткізуге болады. Ал бұл бапқа сәйкес, соттар құқық бұзушыны өзінің теріс әрекетін түсініп, ойлануы үшін бірнеше күнге қамаққа алып, ерекше талаптар белгілеумен шектеледі. Алайда, мұндай жаза құқық бұзушының бәріне ой салып, түзелуіне ықпал ете бермейді. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті жиынында «Отбасына зорлық-зомбылық көрсететіндермен жүйелі түрде әлеуметтік-сауықтыру және тәрбие жұмыстарын жүргізу керек» деген пікірімен толық қосыламын. Және жазадан бұрын, отбасы институтының маңызын арттырып, тәрбие жұмысына көңіл бөлу керектігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Сұлушаш Махамбетова,
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы

Маңғыстау облысы

Жаңа кассациялық сот

 Мемлекет басшысы 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық...

«Е-апостиль электрондық қызметін қалай тез алуға болады

Шетелге шығу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында берілген құжаттар басқа...

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері

Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын...

СОТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Сот - кез-келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтып, тура...