Кәмелетке толмаған балалардың жүріс-тұрысы, тәрбиесі мен құқығы тек қана ата-ананың емес, бүтін мемлекеттің мойнында. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі бала – ел болашағы. Жалпы адамзат буын алмасып, ротацияға ұшырайтыны бәрімізге хақ. Сондықтан да, әр баланың өмірі мемлекет мүддесінде, жіті назарда. Осы дүниені жадымыздан шығармағанымыз жөн.
Бүгінде елімізде некенің бұзылуы, Кәмелет жасқа толмаған баланы асырап бағу үшін алименттің төленбеуі секілді отбасылық мәселелер көпті толғандырып отырғандығы бесенеден белгілі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттер көптің назарында. Десе де, кейде кәмелеттік жасқа толмаған балалар өзара қақтығыстан ғана емес, ата-ананың дау-дамайынан зардап шегіп, екі ортада теңселіп қалатын кездері де кездеседі. Бұл азаматтық істердің жай-жапсарын анықтау, сонымен қатар, екі тараптың мән жайы Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының басты назарында.
Сандармен нақтыласақ, биыл 2024 жылдың алғашқы бес айлығында Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотына 13 азаматтық іс және 1456 талап қою түскен. Биылғы арыз былтырғыға қарағанда әлдеқайда көп. Дәлірек айтсақ, өткен жылы бұл мерзімде 5 азаматтық іс, 249 талап қою арызы түскен. Осы жылы бұл статистика 1207-ге көбейіп, пайыз күйінде 82,9%-ға артқан.
Осы есепті мерзімде 1421 азаматтық іс өндірістен аяқталса, өткен жылдың осы тектес мерзімінде олардың саны 220 істі көрсеткен болатын, яғни аяқталған істер саны 1201 іске (84,5 %) көбейген.
Жалпы мәліметтерге сүйенсек, неке бұзу жөніндегі талап қою азаймай тұрғанын аңғарамыз. Яғни ажырасуға шешім қабылдағандар жалпы көрсеткіштің шамамен 3/1-ін алып отыр. Жылдың алғашқы бес айында неке бұзуға 667 арыз-шағым келіп түскен. Бұл – еліміздегі ажырасу мәселесінің отбасылық өміріне ғана емес, қоғам өміріне де кері ықпалын тигізетін факті екенін түсінген жөн. Бұл ретте ортақ кәмелет жасқа толмаған бала болған жағдайда, құқығық қорғау мәселесі ҚР-ның заңнамасымен бекітілген.
Алимент мәселесіне тоқталсақ. 2024 жылы алимент мөлшерін өзгерту жайында 21 арыз түсті. Ал алимент өндіруге 71 арыз түскен. Баланы асырау – ата-анасының заңмен бекітілген міндеті, бұл жерде ата-анасының некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы маңыздылық тудырмайды. Алайда алимент төлеуден белгісіз себептермен жалтарып жүрген борышкерлер аз емес. Бәрімізге белгілі, алименттен жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл жөнінде ҚР ҚК-нің 139-бабында ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы- алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Айта кетейік, ажырасу мен алименттен тыс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты санаты бойынша ата-ананы құқығынан айыру, баламен кездесу уақытын белгілеу, мүлікті бөлу, мұраға қатыстты даулар секілді істер қаралады. Мәселен, әкелікті анықтау және алимент өндіру ісі бойынша алғашқы жартыжылдықта бас аяғы 38 іс сот қарауына өткен. Ал баланың тұрғылықты жерін анықтау бойынша 35 іс тіркелген.
Әрине, әділ сот жүйесі тарихымыздың қай кезеңінде болмасын көрініс тапқан. Бұған дипломатиялық тұрғыда ешкімге дес бермеген, үш бидің басын қосып, сондай-ақ, әлемнің ең ірі державасы саналатын ұлттармен бірлікте, компромиссте болған Абылай хан – үлкен дәлел. Екі жақтың келісімге келуі күні бүгінге дейін қалыптасқан нәрсе. Сот жүйесіне кеңінен енген бұл үрдіс – медиация деп аталады. 2024 жылдың 5 айында барлығы 63 іс қысқартылған болса, оның 52-сі медиация тәртібі арқылы шешілген. Татуластырушы судьялармен 222 медиабельді азаматтық іс бойынша татуластыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 53 азаматтық іс татуластыру тәртібімен тамамдалды. Есептік мерзімде 248 азаматтық іс тараптардың татуласуына байланысты қараусыз қалдырылды.
Әсілінде, күллі адамзаттың татулығы отбасыдан бастау алатыны бәрімізге мәлім. Осы дүниені ескере отырып, баланың өсіп жетілуінің бастапқы институты саналатын отбасының дау-дамайда болмауы үшін, жасөспірімнің еш қорқынышсыз, бақытты өмір сүруі үшін сот жүйесінде неше түрлі ілкімді істерді қолға алды. Дәлірек айтқанда, мектептер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізілу үстінде, біршама идеологиялық бағыт жолға қойылды. Бұл шаралар алдағы уақытта өз жемісін беріп, нәтиже көрсетеді деп сенеміз.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың
істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы Сабыров Асхат Аббасұлы