Ж.Шамұратова
Көрші ауданда тұратын Сабырдың әпкесі Шәрбат бауырының үйіне көктен түскендей ойда-жоқта сап етті. Сабыр атына сай сабыр сақтап, суыт жүрген туысының бет-жүзін зерттей қарады. Қалай дегенмен, адамды бір басқаннан танитын дәрежеге жеткен, заң маңында қызмет істейтін адвокат емес пе… Жүрісі суыт болғанымен, әпкесінің рай-кескіні жайбарақат, тіпті шырайлы көрінді. Демек, жаман хабардан аулақ, «бауырын сағынып ұшып келген түрі болар» деп, сол ойына өзін сендіруге тырысып, пайым жасады.
Бала-шағаның бетінен сүйіп, хал-жағдай сұрасқан соң, Шәрбат бауырын жеке сөйлесуге икемдеп, басқа бөлмеге алып барды. Сабырдың бүйірі бүлк ете қалды. «Тағы да ақша сұрап келді ме?» Шәрбат бауырының қас-қабағын айтқызбай аңдады:
– Анау жылы істі болып жүргенде, маған жасаған жақсылығыңды қайтаруға келдім. Сенің арқаңда шартты жаза алдым ғой, – деді Шәрбат екі беті бал-бұл жанып. – Әрине, өзіңнен сәл-пәл көмек те керек… жо-жоқ, ақша сұрамаймын, заң төңірегінен алшақ емес! Алдын-ала айтып қояйын, қандай жағдай болса да, сен ештеңеге жауап бермейсің… бәрін өзім атқарам…
– Әпке, не деп жұмбақтап кеттіңіз? Тұқетерін айтсаңызшы! Әлде тағы бірдеме бүлдіріп, «шартты жаза» дәметіп отырсыз ба? – деп Сабыр оған күмәндана көз тастап, дәйекті ештеңе күтпеген сыңайда бір жаққа асыққан адамдай қол сағатына қарады.
– «Шартты жазасы» несі, атама ондайды! Мен төркінімді жарылқауға келдім! Алдымен сені!
– Апырай, менің не жазығым бар еді!? – деген Сабыр әзіл-шыны аралас, екіұдай күйде қалды.
– Ресейлік бір мықты азаматтармен бірігіп, осы төңіректе «Gold Кomраnу LTD» ЖШС-нің филиалын ашпақпыз. Олар мені жергілікті мекеменің маркетологы етіп тағайындады. Өзің білесің, жоғары экономикалық білімім бар, инвестицияны қалай тарту жолын білем, елдің тілін де таба аламын…
– Әпке, кірістер басқармасында жүргенде аузыңыз бір күйіп еді, – деп Сабыр қабағы салбырап, Шәрбаттың сөзін бөлді.
Тегі, Сабыр ар-ұятты алға қойған, қызмет бабымен небір сойқан-сұмдықтармен араласса да, бойына кір жұқтырмаған азамат еді. Туысының бұдан арғы сөзін тыңдауға құлық танытпай, маңдайы құрысып, бет-әлпеті шытынай бастады. Шәрбат та осыны тосып тұрған сыңайлы, дауысын өктемдеу етіп, саңқылдай сөйледі.
– Айтпады деме, жұмыс басталған соң, үш күннен кейін астыңа су жаңа «джип» мінгізбесем, Шәрбат атым өшсін!
Сабыр тумысынан қанша сабырлы болса да, мынау уәде қақ төбесіне тиген ауыр тоқпақтай, басын зың еткізіп, көзін бұлдыратып жіберді. Енді ғана бүрлене бастаған күдігінің құлақтары адырайды.
– Әпке, маған ештеңе де қажет емес… егер істі болып жатсаңыз, тек заң аясында ғана қорғаймын. Онда да туысқандығыма бола емес, кәсібіме орай…
* * *
Аудандық кітапхананың оқу залында сығылысқан халықтан ине шаншар жер жоқ. Төрдегі көлденең үстелде үлде мен бүлдеге оранған оншақты бекзада жайғасқан. Қым-қуыт елдің көзі соларды тесіп, құлақ пен ми жайына қалып, ауыздарымен әр сөзін қағып алып, шайнамай жұтып жатыр. Шәрбат осы елді-мекенде туып-өскен, бұларға бөтен емес, өз қыздары. Рас-ау, ана бір жылы сотқа тартылды деген жаманатты сөз шыққан-ды. Тәйірі, кім істі болып, кім сотталмай жатыр?.. Бұл да сол көреалмастардың «подставасына» ұрынған шығар?.. «Аққа Құдай жақ!» деген осы, енді міне нөпір жұрттың алдында: «Мен төркінімді жарылқауға келдім!» деп жарқылдап тұр. Шәрбат ауа жетпей, тұншығуға айналса да, сыр бермей, оңай олжаға көзсіз сенген мына жұрттың осынша өлермендігіне өзі де таң. Маңдайынан сорғалаған терді алақанының қырымен сылып тастап, жалынды сөзін жалғастырды:
– Күні кеше менің осы игі шарама біраз жұрт күдік-күмән келтіріп, сыртымнан бірталай ғайбат сөз де айтқан болатын. Сол «сыншылардың» бірі бүгін төрде құрметті қонақ болып отыр. Сәлима апа мен Асан аға, орындарыңыздан тұрыңыздаршы… Жұрт көрсін, мінеки, микрофон, жасырмай ойларыңызды ашық айтыңыздар. Ел естісін, дақпырт сөзге сеніп, ақиқаттан безіп жүрген жұрттың көзі ашылсын!..
– Әкел бері, мен айтайын! – деп етжеңділеу келген, орта жастағы Сәлима апа қолын созып, тамағын бір-екі рет қырнап алды. – Шәрбатжанның айтып тұрғаны рас! Не қилы алып-қашпа әңгімені елден де, теледидар мен тілипоннан да естіп жатырмыз… Сенбедім, иә, күні кешеге дейін сенбедім! Мен де есептен қара жаяу адам емеспін, кезінде бір мекеменің бас бұғалтыры болғам. «Ең төменгі салым — үш жүз мың теңге ақша салып, бір айда 33,3 % көбейтіп береміз» дегендерін сандырақ деп айтқанымды мойындаймын! Иә, сол күні бір миллион екі жүз мың салып, кеше ғана қолма-қол алты жүз мыңын дивиденд ретінде өзіме қайтарып бергенде, бүкіл күмәнім сейілді! Бұл қыздың бас компаниясы Африкадан алтын кен орнын сатып алған. Өздеріңіз білесіздер, біздің мемлекеттің саясаты да сырттан инвестиция тартуға мүдделі. Сондықтан тасы өрге домалаған осындай кәсіпті халық болып қолдасақ қана жүйкені жеген жетіспеушіліктен біржола құтыламыз. Мен бүгін сол алты жүз мыңымды қомпания қорына қайта саламын деп шештім. Халқым менің, аспаннан алтын жауды деген осы болар! Мен сенген жерге сіздер де сенім артып, жалтақтамай қатарға қосылыңыздар! Керек болса, өзім-ақ кепіл болайын!..
Зал тым-тырыс. Шыбынның ызыңы естіледі. Сәлима апай микрофонды серігіне ұсынды. Ол тілі күрмеліп қалған адамша басын шайқады. Мынадай ар жағы немен тынатыны беймәлім, қауіпті тыныштықты Шәрбаттың өзі бұзды.
— Ал енді халқымыздың салтына орай, біздің салымшыларымызға қыруар адам тартып, керемет белсенділік танытқан Сәлима апайымызға компания басшылығы бірауыздан бриллиант жүзікті тарту етіп, «Гауһар дәрежелі» мүше етіп тағайындады! – деп Шәрбат Сәлима апайға сыйын ұсынып, өзі сұқ саусағына кигізді. – Біздің бүгінгі сыйымыз бұнымен сарқылған жоқ. Осындай жанкешті еңбегі үшін Асан аға да соңғы үлгідегі «Айфон» қалта телефонымен марапатталады! Қошемет! Ду қол шапалақ!..
Мана іштен тынған зал іші бірте-бірте күңгірлеп, сұрапыл дауыл енді жеткендей, сарт-сұрт алақан соғысы құлақ тұндырды. Жұрттың бәрі мәз-мәйрам, сый-тартуға өздері қарқ болып жатқандай жетіскен кейіпке енген. Абыр-сабырдан сілкінісіп, әрқайсысы бойларынан өмірге деген құлшынысты аңғарды. Өкімет жасай алмаған жақсылықты қазақтың қаршадай қызы жасап беріп отырғанына қалай сүйсінбессің! Егер ол өзіңнің жерлесің болса, тіпті күні кеше бірге жүрген құрбың, көршің, қуалай келсең туысың да! Ештеңені бүгіп-бүркемелеп отырған жоқ. Барды бар, жоқты жоқ деп ақиқатын айтып отыр! Неше мәрте қаржылық сауат ашу дәрісін де өткізді. Осындай ізгі іске көлеңке түсіріп, қылмысқа барып жүрген алаяқтар туралы да ашық айтты. «Халқым, баюдың жеңіл жолын ұсынатын небір қу-сұмдар өріп жүр! Екі шоқып, бір қарайтын заман қазір, алдап-арбауға түсіп қалмаңыздар!» деп Шәрбат ханымның өзі әр кездесуде жұртты жаңылмасын деп талмай ескертуде…
* * *
«Қуды қу табады, шұқанақты су табады» демекші, жылмаңдаған үш-төрт ресейлік алаяқ қалайда Шәрбатты тауып тынды. Қазақ-орыс тіліне жетік, білім десе білім, тіпті заңды тізеден басып, істі болған жайы бар, қай жерден қағып кетсем деп, іштей аңсап жүрген, ешнәрседен қаймықпайтын, тәуекелшіл Шәрбат осы кәсіпке туабітті жаралғандай әзір еді… Ырым-қырымнан өткен, ар мен ұят, жанашырлық деген адами қасиеттен жұрдай, туған анасын да саудаға салып жіберуден тайсалмайтын, боқ дүние үшін ұяласын бауыздауға баратын, ақ жағалы, ашық жүзді, бекзада кейіптегі қараниеттің дәні әбден пісіп-жетілген «құнарлы топыраққа» топ ете қалды…
Бұндағы басты ұстаным: алдымен өз өтірігіңе өзің сенуің керек, сонда ғана сенің көксеген мұратыңа даңғыл жол өзінен-өзі ашылып сала береді. Әр сөзің көздеген мақсатқа дөп тиюі тиіс. Адам психологиясы, соның ішіндегі қара тобырды алатын болсақ, онша күрделі де емес. Бірінші қадам – оның жанды жерін табу. Ал қазіргі қоғамға ортақ бір ғана проблема – тұрмыстың төмендігі. Адал еңбекпен байып, шекесі шылқып жүрген біреуді айта аласың ба? Адал еңбек деп біз таңның атысы, күннің батысы бел жазбайтын қара жұмысты ғана айтамыз. Оның жемісін жедім деген кім бар? Керісінше, жасына жетпей зорығып өліп жатқаны жайлы жұрт көбірек біледі. Ал білім мен өнерін саудалап ақша табу – қиынның қиыны! Оған екінің бірінің өресі де, шамасы да жете бермейді. Сонымен ақыр аяғында не қалды? Баяғыда бір аталарымыз бір уыс бидайды жерге шашып, «аспаннан жаудыр, жерден өндір» деп күзге дейін қош айтысып, кете баратын көрінеді. Бұйыртса өзі-ақ шығады…
«Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» болып, мынадай инвесткомпания аудан орталығының қақ төріндегі әкімдік, прокуратура, сот органдары орналасқан ғимараттан үш бөлмелі жайды жалдап, ішін заманауи құрал-жабдықтарға толтырып қойды. Шәрбат кілең әлекедей жаланған өз туыстарымен қатар көз қылып жергілікті жұрттан да қызметке кісі тартты. Ресейлік ЖШС басшысы Чернов дегеннің атынан жасалған екіжақты келісімшарт, оған тайға таңба басқандай етіп қойылған мөртаңба мен табанмөрдің суреті ешқандай күдікке жол қалдырмаған-ды. Осындайды көрген жай жұрт түгілі, қылмыспен күресуге тиісті кейбір тұлғалардың өзі екіұдай болып, «сенем, сенбеймін» деп түймедақ гүлінің жапырағын жұлғандай күйге түсіп жатты…
* * *
Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Құнанбай Мұсаев бүгін жұмысына әдеттегіден ертерек келді. Соңғы күндері ойын сан-саққа бөліп, тіпті ұйықтаса, түсіне кіре бастаған бір жайсыздықтың күрмеуін дәл бүгін шешпесе, қызметімен қоса азамат деген атына кір келетіндей абыржулы еді. Осының алдында прокуратурадағы жігіттермен хабарласып: «Ай мен күннің аманында, қақ төріміздегі бұл не жын-ойнақ?» деп сұраған-ды. «Көзімізді тарс жұмып отырған жоқпыз… бардық, сол жердегі әйел жолдастар ит терімізді басымызға қаптап, масқарамыз¬ды шығарды! «Кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырсыңдар, шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланған, ал сендер бірдеңе «сындыру» үшін ғана жалаңдап жүгіресіңдер. Біреу өссін, өркендесін деген ой көкейлеріңе келмейді. Өздеріңнің үстіңнен арыз жазамыз!» деп жан-жақтан жабылды».
Құнанбай Мұсаев жұмыс компьютерін ашып, сонау тоқсаныншы жылдары Ресейде алғаш бас көтеріп, тамырын бұрынғы кеңестік бауырлас елдерге кең жайған, атақты «МММ-нен» бастап, республика көлемінде орын алған осындай алаяқтық іс туралы ақпараттарды шолып шығуды ұйғарды. Егер мына меңдуана жегендей ақыл-есінен адасып жүрген жұрттың алдына баратын болса, аузында дәлелі берік, санаға сәуле түсіретін жүйелі сөзі болуы керек деп тұжырымдады.
Әрі бармай-ақ, өз елімізде осы алаяқтық кәсіп жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай дүркіреп кетіпті. Бұлар жиырма мен алпыс жас аралығындағы өз азаматтарымыз көрінеді. Қылмыс жасаған мезгілінде олардың көбісі жұмыссыз болыпты, білімі де айтарлықтай емес. Солардың он төртінің ғана жоғары білімі болса, қалғандарынікі – арнайы орта. Бұларды екі топқа бөлсе де болады екен: біріншісі – өздігінен білім алған кәсіпкерлер, олардың жоғары білімі бар, бұрындары заңға қайшы келетін амал-іс жасамаған, адамның көзін байлап, айла-шарғысына сендіре алады, ар-ұяттан жұрдай, психологиялық тәсілдерді шебер қолданады. Ұйыған отбасы бар, тұрмысы да бай-бақуатты болып келеді. Бірнеше қаланы қамтыған үлкен жоба жасап, оған мыңдаған салымшыны тартады. Жарнама мен маркетингке қаржыны аямайды. Инвестициялық саясаты жергілікті биліктен қолдау тауып отыр деп иландырып, өзге де елдерден қазба кен орындарын сатып алғаны туралы жалған ақпарат таратады.
Тегі, «Қаржылық пирамида» дегеніміз – ол да кәсіпкерліктің бір түрі, тек заңсыздығы болмаса. Оны ұйымдастырушылар елдің сеніміне кіру үшін небір қулыққа барады: қаржылық сауат ашу бойынша семинарлар өткізіп, алаяқтарға жем болмау жолдарын айтып, жанашырлық танытады. Осының бәрі құрбанын жалған әңгімемен әлдилеп отырып, ақыр соңында қалтасын қағуды ғана көздейді.
Ал «мммшілердің» екінші тобына аса күрделі емес, бір деңгейлі және тез күйрейтін пирамидашылар жатады екен. Олар көбіне жұмыссыз әйелдер мен ерлер. Айырықша мысал ретінде Е.К дегенді келтіруге болады. Ол «Бизнесті дамытудың 40 бағыты» атты жоба жасап, 1,5 мың қазақстандықтың 3,03 млрд теңгесін жинап алды. Апталық пайданы 14% көлемінде төлеп тұруға уәде береді. Осы қыруар қаржыны EXPO-ға салып жатырмын деп сендіріп, ақыр аяғында онысы залалды шаруаға айналып, талай елдің көзі боталап, аяусыз алданды. Егер тере берсе, салпы¬етек жаман қатын да «жарылқаймын» деп бір ауыз сөз айтса болды, мені алда деп шыбынша үймелейтін жұрттың қайдан қаптап кететініне амалсыз таң қаласың!..
Осы жуырда ғана Алматы қаласында күллі республиканы дүр сілкіндірген алаяқтықтың ыстық-суығы әлі басылып та үлгерген жоқ. Осы орайда Президент Касым-Жомарт Тоқаев: «Бұндай жағдайды түп-тамырымен құрту керек», – деп айтты да. Ал әлгі зардап шеккендер әділет іздеп, айырылып қалған ақшаларын Мемлекет басшысы арқылы өндірмек болып, жарыса хат жазысуда. Сондайда амалсыз: «Ақшаңды күдікті шаруаға салар алдында заңды қадағалаушы органмен ақылдастың ба?» – деп сұрағың келеді екен.
Психологтардың пікірінше, осындай сабақ болатын мысалдар мына ел-жұртқа мүлдем әсер етпейтін тәрізді. Ақшаны жеңіл жолмен табуға көмектесемін деген уәде олардың ой-санасын тұмандандырып, ақыл-естен жұрдай қылатын көрінеді. Оның бір себебі қаржылық сауатсыздықтан да болар. Көңілдерін тырп еткізбей тап басатын, интернеттегі жарнамаларға қатты алданады. «Қиналмай ақша тап», «Біз сізге көмек қолын ұсынамыз» деген сынды жазулар кей адамды оп-оңай қақпанға түсіреді…
Құнанбай Мұсаев компьютерін сөндіріп, терезеден сыртқа көз тастады. Төңірек сол байырғы қалпынша, кейбіреулер жаңа күннің парағын ашуға жұмысына асықса, енді бірі баласын жетектеп балабақшаға беттеген. Автокөліктер де ары-бері ағыла бастапты. Тек, Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Құнанбай Мұсаев қана айырықша алаңдаулы еді. Себебі енді біраздан соң халықпен жүздеспек… Ол оқуда жүрген кезінде мемлекеттік емтихан алдында да мұндай қобалжуды сезінбеп еді. Прокуратура жігіттерінің сөзі есіне түсті. Жүрегі шым етіп, бетіне ыстық қан тепті. Ол өстіп алаяқтардың алдында ұятқа күйгендей болып қызарам деп еш ойламаған-ды. Не де болса барып, жаңылған жұртты жолға салуым керек деп түйді.
Әже, сіз шын ойлап қалған сияқтысыз… жай дауыстап айтқан ойым да…
– Әй, қарғам-ай, мені бір таскерең яки мақау деп ойлайсың ба? Бәрін естіп, бәрін біліп жатырмын… мына қу аяғым болмаса, сол шаруаны өзім-ақ саған айтпай тындыра салар едім! – деп жасы сексенге таяп қалған кейуана басын шайқап, ауыр ойға батты. Ал іштей: «Жоқ, бұлай жата беруге болмас, ертең амалдап байқайын, бұл қыз балаларын ертіп кеткен кезде, мен де жалғыз серігім ақ таяғыма сүйеніп шығайын. Менің бар-жоғымда шаруасы жоқ, көрейін, мына заманның не болып жатқанын…» деп пішті.
Бұдан ширақтау кезінде балаларының мәселесін несие алып, талай рет шешіп берген анаға баратын жолы да, сөйлесетін адамы да таныс еді. Офисте адам аздау екен, үстел басында отырған қыздың біреуі бұл кісіні танып, жүгіріп алдынан шықты.
– Сәлеметсіз бе, апа! Тағы тойдың қамы ма? – деп қызметші қыз жымия сұрады.
– Той десең той болсын… кәрөчі мәни-мәни керек, – деп өзі де кеңкілдей күлді.
Бұл жолы аруана өмірін кепілдікке қойып, біршама ірі қаржы алды. Қайтарып беретіні неше есе екенін есептегісі де келмеді. Кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалды, егер алда-жалда өле қалатын болса, артындағыларға төлетпейтін шарты көңілінен шыққан болатын. Немересі сұраған үш жүз мыңның орнына жеті жүз мың теңге алып, шала байып үйіне келді.
– Күйеуіңе көрсетпе, арамтамақ немені асырағаның да жетеді! Жүз мыңына балаларыңа мектепке киім-кешек, қағаз-қаламын ал да, қалған алты жүз мыңын салам деген жеріңе апарып сал. Үш айда екі есе болып қайтады дейсің бе? Көр елден қалмай!..
Бұндай олжаны Несіпжан өмірінде күтпеп еді, әжесінің бетінен шөпілдетіп сүйіп, қайта-қайта құшақтап, онсыз да әрең демалып отырған кемпірді мүлдем өлтіріп қоя жаздады. Кейуана әзілкеш адам еді:
– Мені тұншықтырып өлтіруге асықпа! Айтпақшы, әгерәки өле қалсам, сендерге зияным тимейді… Өмірімді кепілге қойып алдым. Кім ойлаған бір аяғы көрде, бір аяғы жердегі жаман кемпірдің өмірін осылай қымбат бағалайды деп?
– Әжетай саспаңыз, үш айдан соң екі есе қып қайтарып алып, сіздің қарызды жауып тастаймыз! Ары қарай бұйыртып жатса, қалғанын айналдыра береміз…
– Өзің біл, қарғам, әйтеуір, көзің жаутаңдап біреуден кем көрінгенің жаныма батып кетті! Осы қу қағаз болмаса, адамда құн қалмады ғой! Баяғыда ақшаның соңына түспей-ақ, адамша өмір сүрген сияқты едік? Әлде біздің өміріміз, өздерің айтқандай, ит өмір болған ба? Әй, қайдам! Не десең де, сол кез дұрыс болды ма деймін… мынадай…
– Қандай әже?
– Білмеймін, қарғам, ұнамайды мынадай тірліктерің! Бір жапырақ нан қалай еңбексіз келеді? Бәріңнің көкейлеріңді тескені тер төкпей байып кету… Әй, қайдам?..
– Әже, ақшаңызды қимай қиналып отырсыз ба?
– Тәйт әрі, онсыз да күн көргем, жарат деп қолыңа ұстаттым ба, болды! Арғы жағында менің шаруам жоқ…
– Сіз әлі күнге сол баяғымен өмір сүріп келе жатырсыз, әжетай! Қазіргі заман басқа, беретін болса, портышкадан да бере салады!
– Ол не сұмдық? – деп аруана терезе жаққа мойын бұрды. Бұны көрген Несіпжан шек-сілесі қата күліп:
– Қазір қолмен емес, баспен істейтін заман.
Азаннан қара кешке дейін бел жазбай жер қопарып, қара бақыр табатын күн келмеске кеткен! Мимен жұмыс жасау керек! – деді аяқ асты құлпырып. Осыдан бір сағат бұрынғы өмірі селт етіп, бұлты тарамастай көрінген жабы күнін мәңгілікке ұмытып кеткен кейіпте. Шіркін, баршылық адамға қанат бітіріп, «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегізеді екен-ау!..
Несіпжан төңірекке миығынан қарап, мына отырған жарылқаушы әжесі де бір қаусаған кемпірге ұқсап кетті. Өзі теңселсе, жер де теңселетіндей бір ұлы сезім оны ұршықша иіріп бара жатқан-ды.
Қария немересімен ары қарай тәжікелескісі келмей, иегін қағып, шайыңды құй деген ым қылды да, сосын өзінің күпті көңілін сабырға шақырған сыңайлы ішінен: «Жаса, қарағым!» деп батасын бергендей, тіршілігінде күюден басқаны білмеген аузы болар-болмас жыбыр етті…
* * *
Құнанбай Мұсаев офиске кірген кезде, ұзын-сонар кезекті көзі шалды. Мойнына бейджик таққан, ақ жейделі, қара шалбар киген бір жас жігіт жылмаң етіп алдынан шыға келді.
– Төрлетіңіз, ағасы! Алдымен біздің компания туралы мәліметке құлақ асып, сосын қаржы құю жолдарын таратып беруге рұқсат етіңіз!
– Мен ақша салуға келген жоқпын… басшыларыңызға жолығуға келдім, – Құнанбай Мұсаев шаужайына жабысқан пәледен өстіп құтылмақшы болды. Сонау төр жақтан жайқала басып, етженді келген, орта жастағы бір әйел адам шығып:
– Бұл кісі аудандық соттың төрағасы ғой! Қайбір жақсылықпен келді дейсің! – деп бет-аузын тыржита сөйледі.
Сондағы тұрғандар оны қоштап, жақтырмаған сыңайда билікті сынап, гу-гу жарысып кетті. Тегі, Құнанбай Мұсаев еңбек жолын Өскемен жақта бастап, одан осы Мақтааралда біраз жыл істеп, арасында Шардарада болып, кейін осында қайта оралған-ды. Сондықтан осы өңірдің біраз жұртын жүзбе-жүз таниды. Жаңағы кекжиген кісінің Сәлима апай екенін байқаса да, сыр бермеді. Соның көлеңкесі құсап артында жүрген Асан ағаны да шырамытты. Әлдеқалай олар бұны танымағансығаны таң қалдырды. Тіпті, дұшпан санап, жауыға қараған көзқарасын да олар жасыра алмады.
– Басшыларыңыз қайда сонымен? – деді Құнанбай Мұсаев бейджик таққан жігітке.
– Ол кісі көрші аудандарда презентация өткізіп жүр…
– Жақсы, ондай болса, бес-он минутке жұмысты тоқтата тұрыңыз, – деді Құнанбай Мұсаев жайбарақат қана. Қызметші жігіт оның қашанда билігіне арқа сүйемейтін, табиғи жұмсақ мінезін босаңдық деп санаған тәрізді, әлгінде кім екенін құлағы шалса да, өжетсініп:
– Біздің жұмысымызға кедергі келтіріп, қызметіңізді асыра пайдаланып тұрғаныңыз¬ды білесіз бе? – деп аудандық сот төрағасына шүйлікті.
Құнанбай Мұсаев жас жігіттің өрескел қылығына қабақ шытпай, өзіне тән салқынқандылықпен:
– Бес-он минут сіздің жұмыстың ештеңесін бүлдіре қоймас, ал кейбір адамның тағдырын дәл қазір шешуге жеткілікті, – деді де, бұны қолындағы олжасын тартып алуға келген құбыжықтай көріп, үрейлене қараған топқа бұрылып, ойындағы қауіппен бөлісті.
Бастапқыда Сәлима апа мен Асан аға сияқтылар бұның сөзін бөліп, Шәрбат ханымды халқын жоқшылықтың уысынан арашалаушы ұлттық қаһарман дәрежесіне бір-ақ көтерді. Дегенмен, сырттай сыр білдіргісі келмесе де, іштеріне күмәннің құрты түскендер де болды. Әлгінде ғана жалаңдап тұрған кейбіреулер жоқ жерден сылтау тауып, шығып кетіп жатты. Аудандық сот төрағасы сөзінің соңында:
– «Алданып қалыппыз, ақымақ болыппыз!» деп ертең сот алдына келіп, қиналғандарыңызды қаламаймын. Шын жүрегіммен, жаным ашығандықтан келіп тұрмын. Ақша өздеріңіздікі, қалай ұстасаңыздар да өздеріңіз білесіздер, – деді.
– Осы арада топ ішінен бір жас келіншек суырылып шығып:
– Сіз сот екенмін деп буынсыз жерге пышақ ұра бермеңіз! Мына жұрттың бәрін ақымақ санағаныңыз ұят емес пе? Егер сіздің айтқаныңыз рас болса, неге бұндайға жол беріп, қан қақсағанымызды тосып отырсыздар? Әлде өзіңіз де осылармен ауыз жаласқан біреу шығарсыз! Біздің титімдей бақытымызды көре алмай тұрсыз ба!? – деп шарт-шұрт айқаса кетті. Бұл алты жүз мыңын осы әзірде әкеліп құйып, жаңа инвестор атанған Несіпжан еді.
– «Ішің күйсе, тұз жала, сыртың күйсе домала» деген. Бұл кісі бізге қайбір жаны ашығандықтан кеп тұр дейсіз?… Өстіп бопсалап, қоқан-лоқы көрсетіп, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген қағидаға сүйенген жүйенің қолшоқпары емес пе? Қара бақырсыз қалсақ та, алдыңызға барып, араша сұрамаймыз! Солай ма, халайық? – деп, екі бетін ызадан қан кернеген Сәлима апа алдыға кеудесін кере шығып, жиналғандарға үндеу тастады. «Әрқашанда дайынбыз!» дейтін баяғының пионерлерінше, тұрғандар оны жамыраса қоштады. Аудандағы аузы дуалы ақсақалдың бірі сияқты көрінетін Асан аға да қолындағы соңғы үлгідегі айфонына үңіліп, өз бетінше басын шұлғи береді…
* * *
Хатшы:
–Тұрыңыздар! Сот келе жатыр!
Төраға:
– Сәлеметсіздер ме? Отырыңыздар, бүгінгі қылмыстық іске байланысты сот отырысын ашық деп жариялаймын! Хатшы, іске қатысушылар түгел келді ме? Баяндаңыз.
Хатшы:
– Иә, құрметті сот мырза! Сотқа қатысушылар барлығы түгел келді, сіздің шақыртуыңызды күтуде.
Төраға:
– Олай болса, ҚІЖК-нің 356-бабына сәйкес, сот құрамын жариялаймын. Мақтаарал аудандық соты құрамында: төрағалық етуші судья Қ.Ә. Мұсаев, хатшылықта – сот мәжілісінің хатшысы Ж.Әміров, мемлекеттік айыптаушы Мақтаарал ауданы прокурорының орынбасары Г.Тұрманов және прокуроры Ж.Сәрсенбай, қорғаушы адвокаттар С.Құдайбергеновтің, М.Менісбаевтың, А.Бейсенбаевтың қатысуымен ашық сот отырысында дыбыс-бейне жазбасы (TrueConf) қосымшасын қолдану арқылы жалпы тәртіппен айыпталушы Шәрбат Үлкентайқызы Аллабергенованың қылмыстық ісі қаралады. Ол 1966 жылғы 15 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында туған, ҚР азаматы, ұлты қазақ, білімі жоғары, «Gold Kompany LTD» ЖШС-де маркетолог қызметін атқарған, жесір, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген айыппен сотқа тартылды.
Ары қарай жәбірленушілердің ұзын-сонар тізімі оқылды. О баста мың жарымдай адам арызданып, оны іріктей келе, кейбірі өз бетінше арызынан бас тартып, ақырында сегіз жүз қырық үш адамның үш жүз отыз жеті миллион екі жүз елу мың теңге көлемінде зиян шеккені жарияланды.
Мұндай іс Мақтарал аудандық соты, тіпті жалпы облыс тарихында алғаш рет қаралып отыр. Тергеу жұмысының жүйелі жүруі, айып тағу әділдігіне көп әсер етті деп айтуға болады. Бұрын істе болмаған бұндай қылмысты Құнанбай Мұсаев өз қадағалауына алып, жіті бақылап отырды.
Сотталушы Шәрбат Үлкентайқызы Аллабергенова айыбын мойындап, ЖШС-нің басшыларымен біреулер арқылы танысып, маркетолог қызметіне қабылданғанын айтты. Қызмет бабымен, айыпта аталғандай, Асықата кенті мен Жетісай қаласында қаражат салу үшін үгіт-насихат жүргізгенін, өзі де бұл компанияға сенгенін, сондықтан туыстарын жұмысқа тартып, өзге жұртқа да «бұл компанияға сенуге болады, төркінімді байыту үшін келдім» дегенін растады. Ал қатарға көп адам тартқандарға алтын бұйымдар сыйға тартып, алдаусыратқанына өкінетінін жеткізді. Бірақ жиналған барлық қаражатты ресейлік алаяқтар алып кетіп, дәл қазір өзінде көк тиын қалмады деп басын салбыратты. Өзіне айып ретінде түскен талап арыздарды мойындайтынын, соған орай қатаң жаза тағайындамауды өтінді. Тіпті сөз арасында: «Егер мені бостандыққа шығарса, қарызымды өтеп беруге мүмкіндік табар едім, соттан соны өтініңіздер!» деп тірідей жеп қоюға әзір отырған қалың топқа үндеу тастап үлгерді. Иі жұмсақтар бас изесе, қаны қарайғандар білектерін сыбанып, ендігәрі бұның арбауына түспейміз деп жұлынды.
Сот залы кеу-кеу сөзге толып бара жатқанын аңғарып, төраға тоқпағымен төсті тақылдатып, желігіп кеткен жұртты тыныштандырды. Сөз кезегі куәгер ретінде Сәлима апаға жеткенде, ол: «Оған тағы бір мұрсат беру керек сияқты. Қайтарам десе, қайтарып береді, сөзіне берік пысық қызды қор қылмайық!» – деп Шәрбаттың көзімен көзі түйіскен сәтте алдында әзірлеп келген сөзінен танып, өзгеше жырлап кетті. Ал әрдайым аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп жүрген Асан ағаға оқыс айбат бітіп: «Ақсақал деп төрге отырғызып қадірлеген, тартпаған сыйы жоқ Шәрбатжанды қай бетіммен қаралаймын! Қоңыз теріп кетсем де, одан ештеңе талап етпеймін!» деп Сәлима серігін қоштап, жәбірленуші топтан сырт айналды. Келгелі танауын қорс-қорс тартып, еңіреумен отырған Несіпжан: «Бағың жансын, балам, сенен аяғанымды ит жесін» деп өз өмірін кепілдікке қойып, несие әперген әжем әл үстінде ауруханада жатыр! Бір жағынан сүйеніп отырғанымыз сол кісінің зейнетақысы еді, енді одан да айырылдық! Ақшамды қайтартып бермесеңіздер, соттың өзі солармен ауыз жаласқан сыбайлас деп жоғарыға арызданам!» – деп бажылдап, бейшаралыққа басты.
Сонымен мемлекеттік айыптаушылар мен қорғаушылар арасындағы алма-кезек ұсынған дәйек-тартыстары, куәгерлер куәлігі және төрағаның әр жақтан айтылған ұсыныстарды зерделеу жұмысы нәтижесінде қылмыскер бейнесі төмендегідей көрініске ие болды.
Ш.Аллабергенова қасақана, қылмыстық топпен алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде ақша тартып, қаржылық (инвестициялық) пирамида құрғаны, ал оған тартылған қаражатты салымшыға берген мiндеттемелеріне орай, кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, бірінен түскен қаржыны екіншісіне ұсынып, соның арасында осы активтерден өзі де табыс табу қызметін ұйымдастырып, ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көзделген ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны анықталды.
Ал сотталушы Ш.Аллабергенованың қаржылық пирамиданы ұйымдастырмадым деген уәжі өзінің, жәбірленушілердің жауаптарымен, іс бойынша жиналған құжаттармен толық жоққа шығарылды.
Ш.Аллабергенованың сыбайластарымен бірге жәбірленушілердің қаржыларын қолма-қол алып, белсенді салымшыларға өздерінің қаржыларынан және енжар салымшылардың қаржысының бір бөлігін қайтару арқылы ауқымды көзбояушылық үгіт жүргізген. Яғни, жиналған қаражаттың кәсіпкерлікке жұмсалмағандықтан, түбі барлық салымшыға берген уәде үш ай ішінде екі есе болып қайтарылмайтынын, сонымен қатар ЖШС-нің банктік қызметпен айналысуға арнайы лицензиясы болмағанын экономикалық жоғары білімі бар, бұрын кірістер мекемесінде қызмет жасап, сол жерде алаяқтық үшін сотты болған сотталушы бәрін толық білген.
Банк мекемелерінің берген анықтамаларында банктердің жылдық өсімі жеті пайыз болса, ЖШС-нің атынан Аллабергенова бастаған сыбайластар үш айда жүз пайыз қаражат қосып береміз деп жәбірленушілерді алдаған.
Хатшы:
– Тұрыңыздар! Сот мырза кеңесу бөлмесіне кетеді.
Сотталушының кінәсін мойындауы, өкінуі мен асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екені қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға жатқызылып, ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін, 21.07.2016 жылғы ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен шартты соттылықты өтегенін, жәбірленушілерге, оның ішінде мүгедек және қаражатқа өте мұқтаждарға залал қайтпағанын ескеріп, сот оған әрекеті дәрежеленген баппен бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп тапты, өйткені ол қоғамнан оқшауланбай, түзелу жолына түспейді деп есептелді.
P.S. 2021 жылғы 27 қаңтардағы сот үкімімен Шәрбат Үлкентайқызы Аллабергенова ҚР ҚК-нің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған қаржы ұйымдарында қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.