Түркістан облысының Жастар орталығында ерікті жастар мен Түркістан пробация қызметінің есебінде тұрғандар «Бекзат» атты фильмді тамашалады.
Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов тірі болғанда 42 жасқа толар еді. 20 жасында жарқ етіп шыққан жарық жұлдызымыз тым ерте сөнді. Аз ғана ғұмырында артында өшпес із қалдырған Бекзат Саттархановтың өмір жолы туралы «Хабар» Агенттігі фильм түсірді. Картинада Бекзаттың өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Туындының режиссері — Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған.
-Осыдан 21 жыл бұрын «Хабар» арнасының спорт комментаторы Амангелді Сейітханов Бекзаттың жеңісін айтып сүйінші сұрап еді. Сол кезде қуанбаған қазақ жоқ шығар, сірә?! Жастықтың жалыны басылмаған 20 жасында өзін ғана емес, енді ғана тәй-тәй басқан тәуелсіз қазақ елін күллі әлемге танытқан Бекзат Саттарханов есімі қашан да ел есінде. Сидней шаршы алаңында қарсыластарын атой салып жүріп ұтқан қазақ ұлының спорттағы табыстарын, балалық шағын, оның еңбекқорлығын қанша дәріптесек те артық болмайды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өнегелі із қалдырып кеткен батыр ұл жайлы кейінгі ұрпақ та білуі тиіс. Осы мақсатта «Хабар» Агенттінің тапсырысы бойынша түсірілген Бекзат Саттарханов туралы көркем туынды жаза басып қателікке бой алдырған жастарға үлгі ретінде көрсетуді жөн көрдік, — деді Түркістан қалалық пробация қызметінің инспектор-психологі әділет лейтенанты Ақмарал Бекбай.
Елден ерек туған Бекзат Саттарханов ерен еңбегінің арқасында елдің ерекше ықыласына бөленді. «Үш дүркін Олимпиада чемпионы болсам» деген тәтті арманы да болған. Өкінішке қарай ардақты азаматымызды сұм ажал арамыздан ерте алып кетті.
-Шынымды айтсам, мен Бекзат Саттарханов жайында көп деректі білмейді екенмін. «Бекзат» атты киноны көріп Бекзат ағамыздың спорт саласындағы жетістіктері жайында білдім. Фильмнің соңында спорт саңлағының жұлдызының сөнгенін көргенде еріксіз көзіме жас алдым. Бекзат ағамыздың еңбекқорлығына, өмірге деген құштарлығына тәнті болдым. Бұл кино маған үлкен ой салды. Өзімнің еркелікпен жасаған қателігіме өкінемін, — деді Түркістан пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған.
Бекзат Сейлханұлы 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістанда туған. Ал бокспен тек 15 жасынан бастап шұғылдана бастады. Сөйте тұра бокс тарихында өз атын алтын әріптермен жазып қалдырған саңлақ. Бекзаттың Бағдат, Болат, Мақсат есімді өзінен үлкен үш ағасы болды. Олар да басқа мектептегі спорттық жарыстарда қарсыластарын тізе бүктіріп, оза шапты. Бірақ, ешқайсысы үйдің сүт кенжесі Бекзат секілді спортты биік мұрат тұтқан жоқ. Ал кішкентай кезінде көп ауырып, өте әлсіз, алжуаз болған Бекзатты атағы жер жаратын даңқты спортшы болып, есімі тарихта қалады деп ешкім ойламаған еді.