12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

…ЖАР АСТЫНДА

           Абылай еңбек демалысын алып, отбасына берген уәдесін орындамаққа үйіне асығып келе жатқан. Қолында жарына, балаларына деген түрлі тағамдары мен тәттілері бар. Бұйырса, бала-шағасымен бірге Анталиядан бір-ақ шықпақ. Кенет кеудесін ұрғылап төсқалтасындағы телефоны шырылдады: «Абылай Әзімханұлы, сізді бастық іздеп жатыр. Шұғыл келуіңіз керек!» «Мен бүгіннен бастап демалыстамын. Бағана өзіне ескертіп шыққам». «Өкінішке қарай, қазір ғана маған сізді қайдан болса да табуымды тапсырды». Амал жоқ, кері бұрылған ол көп ұзамай бастығының алдында отырды.

           – Мені дұрыс түсін, бұл істің түйінін тек сен шеше аласың. Астанада басталған лаң бізге жетіпті. Түнде екі адам қолдан өлген. Абайсызда емес,  қасақана жасалған қылмыс екені айдан анық!

           – Мен үш жылдан бері бірінші рет демалыс алдым. Отбасыммен ел, жер көріп қайтсам деп ем…

           – Ал менің қанша жылдан бері демалмағанымды білесің бе? Тіпті сенбі, жексенбінің өзін ұмытқалы қашан?

           – Өзімнің ең мықты ізкесушілеріме тапсырайын. Мүмкін болса, мені қинамаңыз…

           – Сол құрғырың мүмкін болмай тұр. Рас, демалыстағы адамсың. Дегенмен бұйрық деп емес, кәсібіңе деген құрмет деп қабылда. Өйткені, сен араласқан істің ашылмай қалғаны жоқ. Сондықтан өзіңе жүктеп отырмын.

           Ғимараттан Абылайдың ұнжырғасы түсіп шықты. Әйелі түсінер-ау, күн демей, түн демей дала кезіп, қала кезіп жүргеніне үйренді ғой. Осы сапарды асыға күткен екі ұлы мен ерке қызына не айтады? Келісім бойынша үшеуі де биылғы оқу жылын үздік аяқтады. Үлкені – Медғат IT саласынан республика бойынша бас жүлде алса, Қасымы күрестен Алматы қаласының чемпионы атанды. Осы ұлының спортқа құмарлығы өзіне тартқан, түбі әлем, мүмкін олимпиада чемпионы болады-ау деген үміті бар. Ал, Еркеназының жөні мүлде бөлек. Қолы қалт етсе, соның күллі тілегін орындап, жаны қалмай бәйек болып жүргені.

           – Мен не дейін, балаларыңмен сөйлес, – деді әйелі самарқау.

           – Бүкіл жоспарымды бір айға шегеріп қойып ем, уақытым босқа күйді ме? – деп, үлкен ұлы сыртқы есікті тарс жауып шығып кетті.

           – Біліп едім осылай болатынын, біз, ең болмаса, үйде бірге отырып тамақ іше алмаймыз ғой, – деді ортаншысы.

           – Сенің жұмысыңды жек көрем, сені де жек көрем, – деп жылаған қызы бөлмесіне барып, заттарын жан-жаққа лақтыра бастады. Не деп жұбатып, не деп алдарқатпақ? Талай қайталанып, орындалмаған уәделерінен өзі де ығыр болды емес пе?.. Ілбіп басып есік алдына шықты. Енді шегінетін реті жоқ. Такси ұстап қылмыс жасалған үйге келді, күзет қойылған аймақтан өтіп, жігіттеріне қосылды. «Жұмыс көлігіңіз қайда?» «Демалыстамын. Жағдай қалай?» «Ештеңеге тиіскен жоқпыз. Астаналық тергеушілер арнайы келе жатыр екен. Жағдаймен солар да таныспақ». «Жүріңдер, көрейік». Абылай бәрін жіті бақылап шықты. Үйді, ауланы толық қамтып тұрған бейнебақылау өшірілген. Қақпа алдындағы күзетшіні алдымен жайғапты. Бағалы заттарға тиіспеген. Күдік тудырар еш айғақ жоқ. Құрбандықты алдымен кеудеден, сосын басынан атқан. Отбасының басқа мүшелері таңертең бір-ақ көргені – дыбыс шығармайтын тапаншамен кірген кәнігі баскесердің ісі екенінен хабар беріп тұр. «Жұмыс бөлмесінде кейде таңға дейін отыратын, ондайда мазаламайтынбыз. Бұл жолы ұзақ кешіккен соң есігін қақсам…» – деді әйелі солығын баса алмай.

           – Отбасын неге қауіпсіз жерге апармағансыңдар?

           – Балаларын апардық. Әйелі кетпеді, бір шетінен осында болғаны жөн шығар. Өзіңізде, астаналықтарда сұрақтар туындап жатса…

           – Әзірге менің еш сұрағым жоқ. Біреуің бірге жүріңдер, екінші нысанға барайық.

           Бұл жерде де тура сондай жағдай екен. Тек, үйде өзге ешкім болмаған. Тиісті орынға таңертең әуежайға алып кетуге келген көлік жүргізушісі хабарлапты. «Қақпа ашық екен. Итті кешке босатып қоюшы еді, көшеге шығып кетті ме деп, аулаға кірсем, Рекс қан-қан болып жатыр. Үйге асықтым, сөйтсем, қожайын да мерт болыпты», – деді ол даусы тарғылданып. «Отбасы қайда еді? Үйде күзетші, қызметші ұстай ма?» «Жеңгей қызы екеуі Таиландқа кеткен. Ұлы шетелде оқуда ғой. Күзетші ұстамайды, қызметші әйел күндіз ғана болады». «Қайда ұшпақ еді?» «Астанаға. Міне, билеті». «Ол жақта кіммен кездесетінін, қайда баратынын, кім күтіп алатынын білесің бе?» «Жоқ, ондайын мүлде айтқан емес».

           Көп ұзамай астаналық екі тергеуші жетті, мән-жаймен толық танысты. «Астанадағы екі қылмыс та айна-қатесіз осылай жасалған. Төртеуінде де бір қолтаңба», – деді олар. «Тапсырыс қой, иә?» – деді Абылай. «Әрине!» «Маған  өздеріңіздегі екі құрбандықтың құжаттарын бере аласыздар ма?» «Көшірмесін ғана».

           Ол кабинетіне келіп, астаналықтар берген көшірмелер мен өзіндегі екі құжатты мұқият саралай бастады. Астанадағы, Алматыдағы және төрт құрбандық туып-өскен аймақтағы сенімді жігіттеріне: «Осыларға қатысты кез келген мәліметті жіберіңдер», – деп тапсырыс жолдады. Өзі интернеттен мағлұмат іздеп көріп еді, ресми ақпараттан басқа іліп алар ештеңе таппады. Әзірге белгілісі – төртеуі де тасы өрге домалап тұрған бизнесмендер. «Егер біреуге бұлардың байлығы керек болса, өлтірмей-ақ тартып алудың жолын іздер еді. Мұнда басқа бір гәп бар». Түннің бір уағына дейін түрлі болжам жасап, түртінектеп отырған ол үйіне қайтудың ретін таппай, ескі серігі – қара диванға қисая кетті. Осы шаруа соңына жетсе, жұмысынан шықса да отбасының жанында болмақ…

           Ертемен тұрып жуынып-шайынып алып, кофе ішіп отырған Абылайға жан-жақтан сұратқан мәліметтері келе бастады. Бірі мектепті бітірген соң Алматыға келіп оқуға түсіпті, содан бері туған еліне ат ізін салмаған. Екіншісі жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң жолдамамен бір облысқа кетіп, түрлі қызмет атқарған. Көзге ерте түсіп, тез өрлегені көрініп тұр, уақыт өте келе ауданды, көп ұзамай облысты басқарған. Ең қызығы, әкімдіктен өз еркімен босап, Алматыға қоныс аударыпты. Осы жерде бір шикілік бар, бұл елде бұған дейін қызметінен өз еркімен кеткен шенеунікті көрген де, естіген де емес. Үшіншісінің туған жерінде бір зауыты, кен орны, үлкен шаруашылығы бар. Әрине бәрі басқаның атында және әзірге қолға түскен деректер ғана. Алыстан басқарып отырған дөкейдің Астанада бірнеше сауда орыны да бар екен. Төртіншісі тіпті мықты болып шықты. Анау-мынау емес, Мәжіліс депутаты. «Жоғарғы жақтың неге сонша дүрлігіп жатқаны енді белгілі болды. Бір емес, төрт алпауыт айналдырған бір аптада ажал құшуы кездейсоқтық емесі бесіктегі балаға да аян». Күні бойы қолындағы бар ақпаратты мұқият сүзіп шыққан Абылай оларды біріктіретін бірнеше дүниені анықтады: Ең бастысы, төртеуі мүдделес! Жастары да қатар. Елдегі саяси ахуалдан толық хабардар. Алды Мәжіліске жетсе, соңы облыстық Мәслихат депутаты. Бірі кезінде облыс әкімі болса, екіншісі Мәдениет және ақпарат министрі болған; Бірігіп қоғамдық қозғалыс құрған. Оны кейін партияға айналдырмақ болғанда адам саны жетпейді деп, тіркемеген. Соған қарамастан, араларынан үміткер шығарып, президенттік сайлауға түспек болған; Күні бүгінге дейін төртеуі де республикалық деңгейдегі саяси, қоғамдық, қайырымдылық шараларға тұрақты атсалысып, демеуші болып келген. Бір сөзбен айтқанда, ұпай жинайтын кез келген ауқымды істердің басы-қасында жүрген. Осының бәрін екшеп шыққан Абылай төртеудің айналасындағы ең жақын адамдарды зерттей бастады. Тізімін жасап, әрқайсысын бір-бір адамына табыстады. «Үш күн кірпік қақпай бақылаңдар. Қайда барады, кіммен кездеседі, тіпті нені сөз қылады, бәрін қамтуға тырысыңдар!»

           Өзі солардың ішінен бір нәнді меншіктеп алып, алдымен кеңсесін торуылдады. Есік алдындағы күзетшінің айтуынша, екі күннен бері мұнда келмеген. «Қашан келеді, қайда барады, ондайын бізге айтпайды ғой», –  деді. Әуежайға хабарласып еді, бұл сұратқан адам соңғы бір аптада тіркелмепті. «Екі серіктесін де өз үйінде атып кеткенінен хабардар. Яғни, ажалын бұл да үйінде күтіп жатпайтыны айдан анық. Қаладан шықпаған болса, бір сенімді жерде жасырынып жатыр. Ештеңені көзден таса қылмау керек». Ол кеңсе мен үйге де сенімді адамдарын қалдырды. «Кіріп-шыққан кез келген күдіктінің ізін аңдыңдар. Бірі болмаса, бірі бізді іздеген жерімізге жеткізеді».

           Арада үш күн өткенде Абылай әріптестері жинап әкелген түрлі деректерге көміліп тағы да кеңсесінде отырды. Жиырма жылдық жұмыс тәжірибесінде бұл ақтармаған, таныспаған іс кем де кем шығар. Әрқайсысы – бір-біріне ұқсамайтын, түйіні шешілмес жұмбақ дүние. Криминалистика саласында үнемі оқып, талмай ізденіп жүргенімен кейде осындай жұмбақтар дағдартып қоятыны бар. Ондайда туабітті қайсарлығы, табандылығы, кәсібі талап ететін темірдей тәртібі мен жұмысына адалдығы ылғи көмекке келеді. Содан бұл өмірдің бар қызығы мен шыжығын ысырып қойып, шағын кабинетте кірпік қақпай отырғаны. Ең бастысы, кез келген жұмбақтың әр саладан, әр бағыттан құйылып келіп, бір арнаға тоғысатын ортақ сорабы болады. «Бұл да – соның бірі, дәулердің қақтығысы. Мүдделес төрт адамның өлімі арқылы бұлардан да  жоғары отырған біреуге ескерту жасалғаны анық. Ол кім? Міне, соны анықтаса, жіптің ұшы қолында». Таңға көз ілмей, шұқшиып отыра бергеннен денесі құрысып қалған Абылай есік алдындағы бақта ұзақ жүрді. Қырықтан асса да ширақ қимылдайтын денелі жігіт соңғы бір аптада таңғы жаттығуын ұмытқан, спортзалға да бас сұқпаған. Соның әсері ме, тұлабойы бір қозғалысты тілеп тұрғандай. Ол бойын біраз қыздырып алып алаңқайдағы турникке асыла кетті. Серіппедей созылып-тартылып біраз қимыл жасады. Кәдімгідей сергіп қалған ол кабинетіне келе жатып, жарын, ұлдары мен қызын ойлады. Сол кеткеннен жуынып-шайынып, киімін ауыстыру үшін бір-ақ рет үйіне соққан Абылайды көңілін құлазытатын көңілсіздік күтіп алған. Үстел үстіндегі бір жапырақ қағазға «Біз Анталияға кеттік. Біріншіден, жолдама босқа күймесін, екіншіден, балалар сені бекерге жазғыра бермесін деп ойладым. Телефонмен айтуға болар еді, ойыңды бөлгім келмеді. Сәттілік тіледім!» деп жазылыпты. Бір жағынан әйелінің шешіміне риза болса, бас сұққаннан қазандай қайнап жататын у-шуға үйреніп қалған басы жабырқап-ақ қалды.

           Абылайдың алдында тез арада атқарылуы тиіс екі шаруа тұрды. Бірі – Астанадағы танымал тұлғаға жолығу. Екіншісі – шетел асып кеткен белгілі кәсіпкермен байланыс орнату. Өйткені, кезінде сенімді серіктес болған осы екеуі мән-жайды толық білуі тиіс. Екі қалаға жасырын бақылауын күшейтіп өзі Прагаға жол тартқан Абылайды әуежайдан ежелгі досы күтіп алды. Кезінде ҚазҰУ-да бірге оқыған, бірге күрескен, талай рет итжығыс түскен ұлты поляк Михау досы әлі бабында екен. «Спортзалға барып жүргеніммен жарақатыма байланысты зейнетке шыққам. Қазір жалдамалы детективпін», – дейді ақсия күліп. «Қазақстан қалай? Оқуды аяқтап кеткеннен кейін жұмыс бабымен Орталық Азияның біраз елінде болдым. Тек сендерге жол түспеді. Бес жылым өткен жер емес пе, интернеттен қарап тұрам, көп ілгерілеу бар сияқты». «Ақыры зейнетке шығыпсың. Бала-шағаңды алып неге келмейсің? Оқыған жеріңді, тұрған жатақханаңды көрсетесің, ең көрікті жерлерді аралатасың. Өзің де мауқыңды басасың». «Ол жоспарымда бар. Сен хабарласқанда «Жақсы болды, соны бір пысықтап алайын» деп ойлағам. Жарайды, оны қойшы, асықпай талқылармыз. Шаруаны неден бастаймыз? Бүгін демалып, чех сырасынан дәм татасың ба?» «Жоқ, істі ыңғайлап тастап бір-ақ отырайық. Құжаттар дайын ба?» «Әрине, дайын. Міне, халықаралық радионың білдей журналисісің». «Күн әлі ерте ғой, бүгін жолыға аламыз ба?» «Ертең күндізгі онда қала шетіндегі вилласында қабылдайтын болды. Әзірге біздегі ақпараттармен толық танысып шық». «Жақсы. Онда мені мына қонақүйге жеткізіп тасташы. Бір шайынып алып, жұмысқа кірісейін». «Ау, досым, мен қазақы қонақжайлылықты ұмытып қалды дейсің бе? Алдымен үйге барасың. Жарыммен, ұл-қызыммен танысасың. Дастарқаннан дәм татасың». Бой бермей шаңырағына апарып, жаны қалмай асты-үстіне түскен досының «Осында-ақ жата кетсеңші» дегеніне болмай, қонақүйге келген Абылай іздеп келген адамын індете зерттеуін жалғастырды. «Оңай шағылатын жаңғақ емес». Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет арқылы өзінің жеке парақшасында үнемі үндеу жасап, еліндегі биліктің кем-кетігін, шалыс басқан әр қадамын жіпке тізіп жариялап отыратын, көбіне бейбіт елді көтеріліске үндеп жоғарыға айдап салатын дәу бірнеше елдің қорғауында екен. «Күлшелі бала сүйкімді» демекші, көп ақпарат білетін және қалтасы тоқ адам кімге де болса керек қой. Үш-төрт сағат көз іліп еді, климат ауысқанға ма, уақыт айырмасынан ба, басы сәл зеңіп тұр. Дер кезінде келген Михаудың көлігіне отырып, екеуі межелі жерге тартты. «Мен сыртта күтем. Жыланның аяғын көрген қу екен, сақ болғайсың». Қабылдау бөлмесінде ұзақ күткізбей іздеп келген адамы бірден қабылдады. Аз-кем амандық-саулық сұрасып, танысқаннан кейін үй иесі тізгінді қолына алды: «Құжатыңызда көрсетілген жұмыс орнында бес жыл қызметте деп тұрғанымен әріптестеріңіз сізді мүлде білмейтін болып шықты. Ал суретіңіз арқылы іздеткенімізде Алматыда тұратыныңызды, қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы екеніңізді анықтадық. Қазіргі шеніңіз – полковник. Жоғары білімдісіз, арнайы оқу орнын аяқтағансыз, талай рет республикалық, халықаралық құпия операцияларға қатысқансыз. Тек, мені қынжылтатыны, маған шығу үшін күрделірек бірдеңе ойлап таба алмадыңыз ба? Оған қабілетіңіз жетпеді дегенге сенбеймін. Қане, осыған жауап беріңізші». «Рас, бір-бірімізді тәуір-ақ індетіппіз. Енді журналист дейсіз бе, тергеуші деп қабылдайсыз ба, сонша жерден келгенде бірнеше сауалыма жауап алып кетсем деймін». «Не сұрайтыныңызды да болжап отырмын». «Онда уақытыңызды алмай төтесіне көшейін, еліміздегі төрт танымал тұлғаның тапсырыспен атылуына қандай болжам жасайсыз? Мұның артында кім тұр, не ойы бар?» «Сонда менің болжамыма сенесіз бе?» «Сену-сенбеу маңызды емес. Тек, ойыңызды білейін. Оның үстіне, кезінде өзіңізге де қастандық жасалды емес пе? Бұл соның заңды жалғасы деп ойламайсыз ба?» «Неге ойламайын? Олар шын қаласа, сол жолы мені өлтірер еді. Мүлт кетуі мүмкін емес. Тек, қорқытқысы, өздерімен санастырғысы, өздеріне бағындырғысы келді». «Олар деген кім?» «Оның шешуін өзіңіз табыңыз!» «Содан емделем деп шекара астыңыз да қайта оралмадыңыз. Достарыңыз бірінен кейін бірі қызметтерінен кетті, бизнестерінен айырылды. Енді бақандай төртеуі қолдан өлді. Мұның соңы өзіңізге келіп тірелуі әбден мүмкін ғой». «Мүмкін ғана емес, ақиқаты сол. Сосын, саясат пен бизнесте достық деген болмайды. Екіншіден, олар үшін төрт адам деген түк емес. Тіпті билікті шайқап жіберуі мүмкін». «Қазіргі билікке сіз де қарсысыз. Яғни, олар деп атаған жұмбақ топпен мүдделеріңіз бір дейік. Сонда оларға сіздердің жақтастарыңызды ату не үшін керек?» «Бұл олардың емес, биліктегілердің ісі болуы да мүмкін. Бізді біріктірмей, өзара қырқыстырып, әлсіретіп алса, елді алаңсыз басқарады емес пе? Біздің халықты білесіз, мың салсаң, бір баспайды. Саяси сауатсыз». «Саяси сауатсыз дегеніңізге келіспеймін. Өзіңіз қауіпсіз жерде отырып алып, бейбіт жұртты шеруге шақыратыныңыз, солардың қолымен от көсеп, мақсатыңызға жеткіңіз келетіні көзіқарақты жанға бесенеден белгілі. Еліңізді сүйсеңіз неге қайтпайсыз, неге ашық күреспейсіз? Өйткені, қорқасыз!» «Мені шамдандырғыңыз келеді, ә. Ашумен әлдене айтып қояр дейсіз ғой. Бәрімізге таныс ескі тәсіл маған жарамайды. Ал, сау болыңыз! Айтпақшы, Президент аппаратының басшысын байқап көріңізші. Кейінгі кезде тым белсенді болып кетті». «Жақсы, қабылдағаныңызға көп рақмет!» Қол алысып қоштасқан Абылай асығыс басып, сыртқа шықты. «Бәрі ойдағыдай ма?» – деді Михау. «Иә. Тек, сәл қара үзіп кетуіміз керек, соңымызда тыңшы бар. Мен жайындағы бар мәлімет қолында екен». «Онда біздің ғимаратқа барайық. Қай қабатқа көтерілгенімізді, қай кабинетке кіргенімізді анықтағанша біраз уақыт ұтармыз». «Жақсы» деген ол дереу Астанаға хабарласты: «Жоғарыдағыларға шық. Аппарат басшысының жұмыс кабинетіне, үйіне аудио, мүмкін болса, видео бақылау орнату қажет!» «Мұның қиындау болар. Аппарат басшысына кім шыға қойсын?» – деді Михау сөзге араласып. «Қауіпсіздік комитетіндегі сенімді жігіттер ғой. Бір себі тиіп қалар, әрекет ете берсін». Олар көп қабатты ғимаратқа кіріп, бір кабинетке жайғасқан соң өздерімен ала келген шағын қобдишаны іске қосты. «Дәл қазір болмаса да көп ұзамай байланысқа шығуы тиіс». «Онда сен тапжылмай құлағыңды тосып отыра тұр. Мен аппарат басшысының тарихын бір шолып шығайын». Абылай елге қайыра хабарласып, аппарат басшысының өмірбаянын сұратты. Өзінің білуінде, ол да саясатқа бизнестен келген. Үлкен ортамен ерте араласып, қызмет баспалдағында жылдам өскен. Қолдан өлген төртеумен кезінде жақсы қарым-қатынаста болған. Қазір байланысы бар ма, жоқ па, белгісіз.

           Екеуі күні бойы күткенімен шағын қобдиша үнсіз мелшиді де тұрды. «Байқап қалған жоқ па?» «Байқауы мүмкін емес». «Онда күтейік. Қу түлкің қақпанға бірден түсе қоймас». «Кеш батып қалды. Сен үйіңе қайтсаңшы». «Қайдағыны айтпа! Баяғыдай таңға бірге отырамыз. Мен тек сыртқа шығып, жүрек жалғайтын бірдеңе алып келейін». Прагада кешкі жеті, Қазақстанда түнгі он бір болғанда қобдишаға жан бітті. «Бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Тек, сендердің тыңшыларың әлі дамымапты. Екі жерге қойып кеткен жасырын бейнебақылауын тауып алдық», – деді таныс дауыс ыңырана күліп. «Ертең үндеуің нешеде?» «Сендердің уақытпен кешкі алтыда. Интернетті өшіріп, абыр-сабыр болмайтын шығарсыңдар бұл жолы?» Екі тарап та сәл күліп алды да: «Ол жағынан қам жеме. Үндеуіңнен кейін негізгі іске көшуіміз керек», –  деді белгісіз дауыс. «Іске сәт! Елге жарқырап баруға жазсын!» Байланыс үзілген соң Михау: «Мынауың кім?» – деді таңдана қарап. «Егер түйсігім алдамаса,  Премьердің өзі!» «Мүмкін емес!» «Әбден мүмкін! Қане, мына жазбаны  сараптамаға жіберейік. Мен жеткенше мамандар дауыс иесін тауып үлгерер». «Ендігі жоспарың қандай?» «Ертең елге шұғыл ұшуым қажет. Аппарат басшысы шырға ғана. Біз соған алданғанда бұлар басқа әрекетке бармақ. Не болса да қалғаны ертеңгі үндеуде белгілі болып қалар». «Дауыс иесі расымен Премьер-министр болса, бұл оңай ойын болмады, досым». «Енді саған бір өтінішім бар. Шамаң келсе, екі-үш күн қобдишаң жаныңда, құлағың соған түрулі болса…» «Ол жағынан қам жеме». «Алты тіл білетінің қандай жақсы болды. Міне, өзіңе сеніп алаңсыз кетіп барам». «Келгелі чех сырасынан дәм татпадың, соның ғана дұрыс болмады». «Кеттік, ендеше!» Екі дос бір күліп алып таяу маңдағы сыраханаға тартты. Алғаш танысқан сәттерін, студенттік өмірлерін, спорттық сайыстағы түрлі қызықтарын еске алып, түннің бір уағына дейін алаңсыз отырды.

           Абылай бірден Астанаға ұшты. Аппарат басшысына қатысты кеңсесінде де, үйінде де күдік тудырар ештеңе байқалмапты. «Бақылауды жалғастыра беріңдер» деп, ол қауіпсіздік комитетінің зертханасына келді. «Дауыс тоқсан пайыз дәлдікті көрсетіп тұр. Бірақ, біздің Премьерден қауіптенуіміз өзімізге көр қазуымыз екенін ұмытпа», – деді жақын досы. «Бір тәуекелге бара аламыз ба?» «Қандай?» «Осы ақпаратты Президенттің жеке күзет қызметіне жеткізсек. Мүмкіндік болса, Премьердің кабинетіне, жеке көлігіне жасырын үнтұтқыш қойсақ». «Мысықтың мойнына қоңырауды кім байлайды деген тышқандардың әңгімесін білесің бе? Сен тым артық кетіп барасың». «Бұл жерде бір шикілік бар. Менің түйсігім алдаған емес». «Абылай, сенің кәнігі ізкесуші, тергеуші екеніңді жақсы білемін, жоғары бағалаймын. Дегенмен, өзіңнің Алматыдағы қарапайым жұмысыңды ұмытпашы». «Не де болса кешкі алтыдағы үндеуді тыңдайық. Бір ұшығы сол кезде шығып қалар». «Онда жолай тамақтанып алып, менің кабинетіме барайық. Керек болып жатса, үндеуді жазып алуға да мүмкіндік бар». Екеуі кабинетке келгенде алтыға таяп қалған. Бұлар интернет пен бейнетаспаны дайындап, демдерін ішіне алып үнсіз отыр. Алдымен екі тілде амандасқан Прагадағы жерлес: «Бәріңізге түсінікті болуы үшін мен сөзімді ресми тілде жалғастырайын, – деп, бір жөткірініп алды да сөйлеп кетті.     – Елдегі қиын жағдайды, құлдырап кеткен экономиканы, халықтың мұң-мұқтажын мен ылғи айтып келе жатырмын. Ой-пікірімді өздеріңіз де қолдап-қуаттап отырасыздар. Оған мың алғыс! Дегенмен бұл жолы одан да маңызды оқиғаға тоқталмақпын. Білесіздер, таяуда кезектен тыс президент сайлауы. Бізде еш сайлау дер кезінде өткен емес. Бұл жолы да биліктегілер екі жыл бұрын қимылдап жатыр. Неге? Өйткені, бізден, халықтан қорқады! Сіздер мен біздер қосылсақ, үлкен күшке ие болатынымызды біледі. Міне, күні кеше ғана менің ең сенімді төрт адамымның қастандықпен өлтірілуі соның дәлелі. Солар арқылы маған сес көрсетіп отыр. Солар арқылы менің елге оралуыма, сайлауға түсуіме кедергі жасамақ. Енді біз не істейміз? Әрине, қол қусырып отыратын уақыт емес. Сондықтан, дәл биліктің өзінде отырған, бірақ сыбайластықпен, жемқорлықпен былғанбаған, ары да, өмірбаяны да таза, өздеріңіздің іштеріңізден шыққан, қазіргі дәрежеге ақ-адал еңбегімен жеткен Премьер-министрді үміткер ретінде көргім келеді. Ол өзін ұсынбағанын, ұсынбайтынын білем. Бірақ, бәріміз талап етсек, халықтың ұсынысынан бас тартады деп ойламаймын. Сіздердің әрқайсысыңыздың пікірлеріңіз мен үшін аса маңызды. Ойларыңызды ортаға салыңыздар. Мен сіздермен ертеңгі осы уақытқа дейін қоштасам! Сау-саламатта болайық!

           Ол сөзін аяқтар-аяқтамастан тыпыршып отырған Абылай орнынан қарғып тұрды. «Көрдің бе мәселенің қайда жатқанын? Дауыс иесі тап Премьердің өзі! Бұлар кеше келіскендей үндеулерін жасады. Ендігі кезек Премьерде. Бүгін-ертең тағы бір шенеунікке қастандық жасалуы мүмкін немесе өзге бір шетін оқиға болады». «Рас, премьерді ашықтан-ашық сайлауға түсуге шақыруы ешкім күтпеген жағдай. Бұл биліктің арасына от салу немесе төрт адамды өлтірген қарсыластарына дөңайбат көрсету». «Сонымен, біріншінің жеке күзетіне шыға аламыз ба?» «Қоя тұр, одан да жаңалықтарды тыңдайық. Мынадай мәлімдемеден кейін Ақорда тыныш жата қоймас» деп, ҰҚК қызметкері теледидарды қосты. Арада жарты сағат өтер-өтпесте барлық телеарналардағы бағдарлама, кино, концерттер бір мезетте тоқтап, тікелей эфирге Премьер-министр шықты: «Кеш жарық, құрметті қазақстандықтар! Менің алдыларыңызға шығуыма соттың әділ шешімінен қашып, шетелді паналап жүрген қылмыскердің интернет арқылы тараған үндеуі себеп болып отыр. Саяси қашқынның бұл жақта да жақтастары аз емес екенін, олардың да түрлі қитұрқылықтарға барып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл жағдай әсіресе сайлау уақыты жақындаған сайын үдей бермек. Сондықтан асығыс шешім қабылдамаңыздар, оларға сеніп, арандап қалмаңыздар. Бірден айтайын, мен сайлауға түспеймін. Бұған дейін үміткер ретінде тіркелген бес азамат өзара тартысқа түсетін болады. Бұл жайында Президент қабылдауында да ашық айтамын», – деді ол. «Көрдің бе? Бұл – таза арандату!» «Сонда прагалықтың көздегені не?» «Билікті әбігерге салу арқылы өз дегеніне жету. Меніңше, сайлауға түсіп жатқан қалған төртеудің бірі – соның адамы. Бұл жолы  президенттікке өтпес, дегенмен біраз ұпай жинап алуы бек мүмкін». «Мүмкін, –  деді Абылай. – Бәрі мүмкін. Мен қайтайын. Хабарласып отырамыз ғой».  «Жолың болсын!» Ол такси шақырып, бірден әуежайға тартты. Ойынан Алматыдағы әріптестері жеткізген жаңалық шығар емес. Оны саяси ойынның құрбаны бола жаздаған тағы бір миллионер мен қапыда қолға түскен баскесер күтіп отыр еді. Қалаға түнделетіп жеткен Абылай үйіне барды. Бала-шағасы бір-екі күнде келіп қалуы тиіс. Соларды ойлап жатып көзі ілініп кетіпті, таңғы тоғыздан кете оянып, жуынып-шайынып алды да уақытша қамау изоляторына келді. Алдымен нысанаға іліне жаздаған шенеунікті алдырды. «Көз жұмған төрт адаммен қазіргі қатынастарыңыз қандай еді?» «Бұрынғыдай жиі араласпаймыз. Бірақ мұңымыз бір деуге болар». «Нысанаға сіз де ілінгеніңізге қарағанда,  мұның артында кім тұрғанынан хабардарсыз деп сенем. Өйткені, бас-көз жоқ, еш себепсіз ата салмас ешкімді». «Қызметкерлеріңіз бір ажалдан алып қалды. Оның бодауына емес, өзімнің қауіпсіздігім үшін білетінімді айтайын. Тек, менің және отбасымның амандығына кепіл бола аласыздар ма?» «Отбасыңыз қайда?» «Дубайда. Іздеген адамның ол жаққа да аяғы жетеріне күмәніңіз болмасын!» «Іс аяқталғанша сіз осында болыңыз. Жеке күзет қоямыз, үйіңіздегідей болмас, есесіне, қауіпсіз. Ал, отбасыңыздың мекен-жайын маған жазып беріңіз. Ол жақтағы әріптестерімізге аманаттаймыз». «Мен сізге неге сенуім керек? Мекен-жайды өзіңіз апарып бермесіңізге кім кепіл?» «Кепілдік жайында жиі айтады екенсіз. Бизнесте кепілдікпен бірге тәуекел де жүретінін білесіз ғой. Оның үстіне, сізде басқа жол жоқ. Бәрін айтып, өзіңізді сақтап қаласыз немесе қазір босатамыз. Үйіңізге жетпей оққа ұшасыз. Соңыңызға бір-ақ баскесер қоймаған шығар». «Түсінікті… Бәріңнің тәсілің бір. Бопсалау, арандату, тығырыққа тіреп қою». «Қане, іске көшейік, кімнен күдіктенесіз?» «Күдіктенбеймін, нақты білем. Мұның артында Аппарат басшысының бірінші орынбасары мен прагалық тұр. Олар осы уақытқа дейін оппозицияны күшейтеміз деп миллиондап, миллиардтап ақша жинады. Келіспегендердің бизнесін тартып алды, қызметтегілер орнынан кетті, ашық қарсы шықпақ болғандар түрлі жаламен түрмеге түсті». «Мұныңызбен келісейін, дегенмен құрбандықсыз шешуге болмады ма?» «Бұлай ашық кетулеріне екі себеп бар: біріншіден, біз президенттікке ұсынған адам өз еркімен бас тартып, даусын бір кісіге аудару керек. Екіншіден, сайлау алдында Алматы мен Астанадан, тағы бірнеше ірі қалалардан сол кісінің билікке сайлаусыз келуін талап ететін шерулер ұйымдастыруымыз қажет. «Қуа берсең, қоян да батыр болады» деуші ме еді, мұндай талаптардан, ылғи бопсалаудан шаршадық та, бірауыздан келісіп, жоғарғы жаққа жасырын хат жолдадық. Әттең, ол жақта да құлақтары бар екен, бізді жоқ қылуға шындап кірісті. Екі ортада хатымыздың тиісті жерге жеткен-жетпегенінен де хабарсыз қалдым». «Бір кісі деп жұмбақтап отырғаныңыз Премьер ғой?» Немқұрайлы отырған адам селт етіп, басын көтеріп алды. «Таңданбаңыз! Сіз қамауда жатқанда прагалық серіктесіңіз…» «Қайдағы серікте?..» «Иә, бұрынғы серіктесіңіз үндеу жариялап, Премьердің президенттікке түсуін қолдауға халықты ашық шақырды. Тек, мені ойландыратыны, неге Премьерді атады? Бұл арандату ма, әлде халықтың назарын басқа жаққа бұру ма?» «Меніңше, бұл – жария күрес. Аппарат басшысының бірінші орынбасарының, өзге де бірнеше министр, облыс әкімдерінің артында Премьер тұр. Прагалық та соның жағында. Біздің үміткердің, мүмкін өзге үміткерлердің де даусын күшпен өздеріне аудартып алып, ешкім мүлде ойламаған бір адам ертең Президент болып шыға келуі ғажап емес!». «Бұған дәлеліңіз бар ма?» «Біз дәлелсіз сөйлесек, ертең өз басымызды өзіміз жұтамыз. Сондықтан, мүмкін болғанынша дерек-дәйек жинай жүреміз. Дәл менде Премьерді ұстап берер айғақ болмаса да соған апаратын жол бар. Жоғарыға жазылған хаттың көшірмесі де сақтаулы». Көп ұзамай жалдамалы жендетке кезек келгенде «Үш күн алысып, әрең дегенде тілге келтірдік. Тапсырыс Астанадан түсіпті. Біздің жігіттер оны да ұстады, қазір қамауда», – деді көмекшісі. «Оған кім тапсырыс беріпті?» «Әзірге ештеңе  белгісіз. Жақ ашпайды дейді». Баскесерді де сөйлетіп, екеуінің сөздерін жасырын камераға түсіріп алған Абылай қайтадан Астанаға тартты. Бастаған ісін аяғына жеткізгісі келген ол ұшақтан түсе қамауда отырған адаммен сөйлесуге уақытша қамау изоляторына келе жатыр еді, жанына аялдаған сүліктей қара көліктен ыздиған біреу шықты да: «Қателеспесем, Абылай Әзімханұлы боларсыз», – деді. «Иә. Сіз кімсіз?» «Жолай танысармыз, көлікті  күткізбейік». «Ендеше, жолыңнан қалма. Менің сенсіз де шаруаларым жетіп жатыр», – деп бұрыла беріп еді, «Анталиядағы бала-шағаңыз келетін уақыт та  таяп қалды, ә», – деді бейтаныс. Бұл жедел бұрылып, жағаға жармасты да:  «Жаныңның барында айт. Кімсің? Менде, бала-шағамда қай атаңның құны бар?» – деді. «Менімен бірге жүріңіз. Сонда өзіңізге де, отбасыңызға да ештеңе  болмайды», – деді бейтаныс еш саспастан. «Ит! Осыдан оларға бірдеңе болса, алдымен сені құртам», – деп, бір сілкіп алған Абылай амалсыз жеңіл көліктің артына жайғасты. «Қайда апара жатыр деп алаң болмаңыз. Қала сыртындағы жақсы бір жерде жақсы бір адам күтіп отыр. Көп ұзамай қайтасыз». Расымен қаладан ұзап шыққан көлік құйғытып келіп аққайыңдар көмкерген шағын көлдің жағасына жетіп тоқтады. Жол талғамайтын екі көлік тұр. Екі-үш адам дастарқан басында, бір-екеуі қармақ ұстап су бойында жүр. Бұларды көріп солардың бірі бері жүрді, осы сәтте дастарқан басындағылар да орындарынан тұра бастады. Кәнігі көзі үшеуінің костюм ішінен тапанша қыстырғанын байқап үлгерді. Қымбат шапанын желбегей жамылған мосқал кісіні бір жерден көрген сияқты. Таныс болса, жады жаңылыспас еді, соған қарағанда, сырттай ғана көрген адамы болуы керек. Амандық-саулықтан кейін: «Сені балық аулағанды жақсы көреді деп естіп, қуанып қалдым. Бос уақытта менің де ермегім осы, –  деп, ол қолындағы қармағын нұсқап қойды. – Көздегенін мүлт жібермейтін  мерген дегенді де құлағым шалды. Қане, бәстесейік, отыз минутта кім қанша балық ұстап, он оқтың нешеуін нысанаға дәл тигізер екен?» «Кешіріңіз, менің уақытым жоқ. Тезірек шаруаңызды айтып, сосын мені жолға салсаңыз». «Оу, жарқыным, Чехияға ұшып баруға уақыт табасың. Алматы мен Астананың ортасына күніне қатынайсың. Сонда маған жарты сағатыңды қимайсың ба?» «Мына сөзіңіз кім екеніңізді айтып тұр. Балықты келесі жолы аулармыз, дәл қазір іске төтесінен көшейікші». «Олай болса, Алматыдан алып келген дүниелеріңнің бәрін маған өткізесің. Сосын ешкімге жолықпастан Алматыңа қайтасың да бұл істі ары қарай жүргізуден бас тартасың. Онсыз да біраз жерді шарлағаның жетер». «Олай болмаса ше?» «Оған көнбесең, Анталиядағы бала-шағаңмен соңғы рет бір сөйлесіп ал», – деп, жанындағыларға иек қағып еді, біреуі телефонын алып номерді тере бастады. Аздан соң арғы жақпен аз  тілдесті де тұтқаны Абылайға берді. Әйелінің дауысын бірден таныған бұл: «Үміт, Үміт, қалайсыңдар? Бәрі жақсы ма?» – деп айқайлады. «Аа, Абылай,  бізде бәрі жақсы. Бұйырса, ертең қайтамыз. Жанымызда сенің астаналық досың отыр. Ол да ертең ұшады екен», – деді әйелі еш алаңсыз. Осы кезде қолынан  телефонды жұлып алып, өшіріп тастаған мосқал кісі: «Көрдің бе? Біз адаммен адамша қарым-қатынас жасай аламыз. Енді сен де бізге түсіністікпен қарасаң, отбасыңмен аман-есен табысасың», – деді. «Айтпақшы, әлі күнге қызметтік пәтерде тұрады екенсің, қызметтік көлігің ғана бар. Бұл әділдік пе? Біз ол жағын да қарастырып қойдық. Ең бастысы, өзіңді, отбасыңды сақта!» Істің оңайға соқпайтынын білсе де дәл бұлай шиеленісіп кетер деп ойламаған Абылай шын састы. Көліктен портфелін әкеліп, барлық айғақтарды ұсынды. «Міне, азамат! Тек мұның бәрі көшірмелер ғой. Түпнұсқа қайда?» «Алматыда, кабинетімде». «Мына жігіт сенімен бірге ұшады. Бірге барасыңдар, түпнұсқаны табыстайсың да үйіңе қайтасың. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш. Келістік пе?» «Келістік!» «Бәрін көп сөйлетпей ұғатын өзіңдей жігіттерді ұнатам. Аз жұмыс жасаған жоқсың, дегенмен кейде араласуға болмайтын шаруалар да бар екенін ұмытпа! Ал, сау бол!» – деп шапанын желбегей жамылған мосқал кісі кері  бұрылып жүріп кетті. Кешкі рейспен Алматыға жеткен Абылай есіктегі кезекшіге: «Мені кім сұраса да Астанаға кеткен де. Кабинетіме ешкімді жіберме», – деді. «Сақ екенсіз!» деп, бәрін естіп тұрған серігі кекесінмен күлді. Бұл үнсіз дәліз бойымен келіп, кабинетінің есігін ашты да «кір» дегендей басын кегжең еткізді. Ол алаңсыз ішке өте бергенде көк желкесінен қолының қырымен ұрып еді, әбжіл неме екен, бұғып үлгерді. Есікті жаппастан екеуі апыр-топыр алыса кетті. Талайдан мұндай қарсылас тап келмеген Абылай төбелеске жанын сала, құлшына кірісті. Екеуі де бабында екен, бір-бірін оңай ала алар емес, ырс-ырс етеді. Жарты сағаттай жұлқысып, қарсыласын қапы қалдырған полковник шалт қимылмен ту сыртына ауысып қылқындыра бастады. Ары-бері тыпырлап еш қайран қыла алмаған серігі алдымен қызарып, бірте-бірте көгеріп-сазарып барып, талып қалды. Мұндайдың талайын көрген Абылай сүйреп апарып жылу жүйесіне кісенмен бекітті де қалталарын ақтарып телефонын алып үстеліне қойды. Енді Астанамен байланысу қажет. Өзінің телефоны тыңдалуы мүмкін деп ойлаған ол сыртқа шығып, кезекшінің телефонынан көмекшісіне қоңырау соқты. «Бәрі ойдағыдай. Құжаттар тиісті қолға тиді» дегенді естігенде барып «Уһ» деп тұрған жеріне отыра кетті.

           Прагадағы кездесуде іздеу құралына қарсы әрекет ететін күші бар үнтұтқышты сенімді жерге жасырып, оны білдірмеу үшін тағы екі бейнебақылауды екінің бірі байқай бермейтін қағаберістерге қойған Абылайды; қолындағы деректер мен видеолардың түпнұсқасын көмекшісіне табыстап, өзі Астанаға көшірмелерді арқалап барған Абылайды; Қауіпсіздік комитетіндегі досына алғаш кездескенде отбасын табыстап қойған Абылайды арада бір күн өткенде Астанаға шақырды. «Бұл іспен тиісті орындар талайдан бері айналысып келеді. Сені сыртыңнан олардың ғана емес, біздің де жігіттер бақылап отырды. Ең бастысы, кәсібилігің өзіңе де, бізге де көп көмектесті. Сен анықтаған деректер біз күткен қауіпті расқа айналдыруға сеп болды», – деді бұл күнде Қауіпсіздік комитетінің лауазымды орнында отырған, кезінде спортта, қызметте қатар жүрген досы. «Енді не жоспарларың бар?» «Жоспардың бәрі іске асып қойды. Ашығын айтсам, біріншінің қабылдауына кіріп, «Сайлаудан өз еркіңізбен бас тартып, жинаған даусыңызды бәленшеге бересіз. Сонда өзіңізге де, айналаңызға да еш қауіп төнбейді. Бұған келіспесеңіз, күш қолдануға тура келеді» деген жерінен Премьерді тұтқындадық. Алдын ала дайындықтың арқасында жақтастарын да, мұздай қаруланған жасақты да еш шығынсыз қолға түсірдік. Сенімен балық аулағысы келіп жүрген «досың» да қамауда», – деп күлді ҰҚК қызметкері. «Отбасым ше?» «Отбасың дін аман. Солардың келісімімен Майамиге он күндік жолдама алдық. Бүгін алаңсыз демал. Ертең Түркияға ұшасың, одан ары қарай Майамидың жағалауынан біз сияқты пақырларға сәлем жолдарсың». Екеуі қарқылдай күлісіп, орындарынан тұрды да құшақтаса кетті.

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...