Тергеуші, полиция майоры Ержан Сүйіндікұлы Кенесарин Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов ұсынған іспен танысып отыр.
Қылмыс биыл, яғни 2020 жылғы маусымның 22-сінде, бұдан үш айдай бұрын болған. Кентау қаласындағы Сардала көшесінде. Дәлірек айтқанда, 27-үйдің тұсында. Айдар Күмісбаев деген алпыс төрт жастағы азаматтың жансыз денесі таңата сол арадан табылған. Мұрын, бет сүйектері, мойын омыртқасы, бірнеше қабырғасы сынған. Құлағынан қан кеткен. Миы мен өкпесі ісініпті. Сот-медициналық сараптама қорытындысында солай жазылған. Бұдан басқа сот-биологиялық сараптама қорытындысы бойынша, марқұмның футболкасындағы қан өз қаны екені анықталыпты. Басқа сараптама жасалмаған. Тергеп-тексеру ісі екі айдан соң қылмыс ашылмады деген себеппен тоқтатылыпты. Бұны не деуге болады? Салғырттық па, әлде тәжірибесіздік пе?
Тергеуші алдындағы іс қағаздарынан көзін айырып, бірауық ойға батты. «Қалайша ашылмаған? Қалайша бір белгі қалмаған? – деді өзіне өзі іштей. – Өмірдің өзі толған белгі ғой».
Жергілікті тергеушінің қылмыс болған маңда тұратын тұрғындардан алған түсініктерін оқып отырса, ешкім ештеңе білмейді, ешкім ештеңе көрмеген. Бәрі-дағы марқұм Айдарды танитынын, базарда пістемай сататынын айтады. Майын қоларбаға салып, базарға бара жатады дейді, базардан үйіне қайтып келе жатады дейді, қоларбасын сүйреп. Аздап жұтатынын да жасырмайды. Бірақ жұртқа зияны жоқ, момын адам еді дейді… дейді… дейді… Бірақ қылмысқа қатысты бір дерек айтпайды. Үйдің іргесінде біреуді біреу тепкілеп, өлтіріп жатқанда, оның ойбайлаған дауысы қалайша құлақтарына жетпейді? Соған таң. Мына бір түсінікте жазған Олжабай деген кісі де ештеңе естімепті. Қылмыс болған күннің ертеңіне «Жігіт болған балаңыз Қалихан қайда кетті?» деген сауалға нақты жауап бере алмаған. Қайда жүргенін білмейді. Шешесі Боранкүлдің де, келіншегі Жазираның да айтатыны сол. Оншақты күн өткен соң тағы сұрау салса, хабар-ошар жоқ дейді. Қалайша? Отыздан асқан арыстай азаматын жоғалтып, адам деген жайбарақат отыра ма? Күдік деген осы емес пе? Жо-жоқ, бұны тексермесе болмайды.
Ержан Сүйіндікұлы осы оймен істің соңғы бетін жапты.
***
Адам өліміне байланысты қылмысты ашу жолында қайда бармады дейсің. Облыстың, облыстан асып, республиканың талай қиырын шарлаған. Қылмыстың тамыр жаймайтын жері жоқ деген рас. Алайда сонша жерді шиырлағанда мынау тұрған Кентауға бармапты. Енді міне, тергеуші ретінде бұл жерге де жолы түсті. Бір емес, екінші рет келіп тұр.
Мынау сол, қылмыс болған көше. Маңайын шолды. Өткенде де осылай көше бойлап көп жүрген. Халықпен сөйлескен. Сонда ғой, марқұм жәбірленушінің Қалиханнан қорқып, оның үйінің жанымен жүрмей, алыстан орағытып өтетінін естігені.
– Е-е, неге қорқады? – деп сонда қадалып сұрады бұл.
– Ой, ол… Қалихан солай. Аузына арақ тиді ме, көрінгеннің жағасынан алып жатқаны, – деді әңгімеге тартқан жігіт ағасы. – Айдарды да солай жасқаншақ қып тастаған. Жеңілген одан. Не істесін, шалдың аты шал ғой.
Бұл да күдікті қоюлата түсетін жағдай.
Қалиханның үйі сол арадан үш үй әрі, төртінші үй. Ауласында машина жуатын шағын орын ашқан. Үйді айналдыра бейнекамера қойып тастапты.
– Камерасын тексерейік, – деді Ержан бірге еріп келген жергілікті полиция қызметкеріне. – Мүмкін бір мәлімет біліп қалармыз.
Бұларды үй иесі мен оның әйелі жақтырмай қарсы алды.
– Біздің сізде бір бұйымтайымыз бар еді, – деді Ержан сәлемдесіп, өзін таныстырған соң. – Мынау бейнекамера істеп тұр ма?
– Иә, істейді.
– Онда біз қазір хаттама толтырып, бейне тіркегішін аламыз. Сараптама үшін.
– Кейін қайтарасыңдар ғой.
– Әрине.
…Көп ұзамай сот компьютерлік-техникалық сараптама қорытындысы шықты. Ол бойынша бейнетіркегіштің қатты дискісі алынып тасталғаны анықталды. Бұл жағдай күдікке күдік қоса түсті де, Қалиханды жауап алуға шақырған.
– Сараптама сіздің үйдегі бейнетіркегіштің қатты дискісі жоқ екенін анықтады. Онсыз жазба жазылмайды. Ол қайда? Әдейі алып тастағансың ғой.
– Білмеймін. Тиіскем жоқ.
– Бейнетіркегіш қатты дискісіз сатылмайды. Қалай білмейсің?
– Шымкент жақтан біреу келіп қойып берген. Бес-алты жыл бұрын. Мен о жағын түсінбеймін.
– Жарайды, – деді тергеуші бұдан ештеңе шығара алмағанына қапаланып. – Онда мынаны айт, өлім болған күннің ертеңіне үйіңнен кетіп қалыпсың. Түркістандағы жездеңнің үйіне жатып алыпсың. Неге кеттің?
– Әйеліммен ұрысып қалдым. Әкем де ұрысты. Кет деп қуды.
– Неге?
– Өз қатының болған соң ұрысасың да.
Сұрақ-жауапты осымен доғарған Ержан Кентауға тағы бір бару керек деп шешкен. Сол бойынша келіп тұрған бойы. Тексерісі нәтижесіз бола бергенге өзі де іштей қобалжулы. Ілік жоқ. Бұнымен бірге марқұмның ұлынан да күдіктенген. Көрші-қолаңы қырық жасқа жуықтаған оның да ішімдікке әуес екенін айтып қалып еді. «Мас боп кеп өлтіріп қоймады ма?» деген ой туған сонда. Бірақ маусымның 21-і жексенбі күні ол достарымен бірге көл жаққа қыдырып кетіпті де, қыдырыстан азанда бір-ақ оралыпты. Оған куә көп. Істі жылы жауып қоюға мәжбүр болған себебі де сол. Жылы жауып қоя салғанның өзі нәтижесіздік қой. Осыны ойлап, қылмыс болған көшемен аяңдап, кәсіби әдетпен маңайын мұқият барлап келе жатты. Мәйіт табылған үйдің тұсы мен Қалиханның үйі аралығында тағы үш үй бар. Соның шеткі біреуінде көшеге қараған бейнекамера орнатылыпты. Көзіне шалынғаны сол, қалт тұра қалды. «Қалайша камераға түсіп қалмады екен, ә?»
– Осы көшеде адам өлімі болғанын білесіз ғой, – деді аулаға бас сұққанда қарсы кездескен жұқалтаң әйелге.
– Сіздің көмегіңіз керек боп тұр.
Жұқалтаң әйел полиция формасындағы майорға «менен қандай көмек» дегендей иығын қушита көтеріп, екі алақанын жайды.
– Сіздің камераңызды қарауымыз керек. Сол күні түнде көшеден кім өткені жазылып қалған шығар. Басқа бұйымтай жоқ.
– Е-е, қарай бер. Қарсы емеспін, – деді әйел «басқа ештеңе сұрамағаныңа шүкір» дегендей жымиып.
Хаттама толтырып бұл үйден да бейнетіркегіш алынды.
***
«Тергеушілік жұмысты қойсаңшы бұл! Тірнектеп жинайсың кеп, жинайсың кеп. Ұсақ-түйекке дейін тіміскілеп жүргенің. Осы қызметке қайдан ғана қызықтым екен?»
Әрбір жаңа істі қолға алған сайын ойлайтыны осы. Жанын жеп бітеді. Бәрі жұмбақ. Сондай түк жоқ жерден киноның сценарийі сияқты оқиғаны нанымды етіп жазып бітірген күнгі рахаттануды айт. Жазу демекші… қылмыс барысын майын тамызып әңгімелеп беретін біреу бар ма екен? Жоқ қой. Оқиға қылмыскер мен куәлердің түсініктері мен сұраққа жауабынан суыртпақтап алынады. Инемен құдық қазған деген, әне, сол. Оның үстіне қылмыскердің әрбір қимылын заттай айғақпен дәлелдемесең, бар еңбегің зая. Құр сөзбен сотты иландыру мүмкін емес. Тергеушілік қызмет – күдіктер мен үміттердің арпалысы.
Ұзын-сонар ойдан арыла алмай қайтты Кентаудан. Кентау оқиғасы күндіз-түні миын қажайды. Қазір де сол. Марқұм Айдар мен Қалихан ілінісіп қалған. Сол күні емес. Бір айдай бұрын. Жұрттың айтқан мінездемесінен түйгені – Қалихан шатақ, қырсық. Біреуде өші болса, қыр соңынан қалмайды. Бірақ солай екен деп, адам өлтірдіге жатқыза салмайсың ғой. Кім кіммен ілініспей жатыр? Соның бәрі бір-бірін өлтірсе, жер бетінде адам қала ма?
Иә, айтпақшы, сол күні ол мас болған екен ғой. Оған дәлел бар. Соның бәрі ерінбей сұрау салудың арқасы. Адамның өз көзімен көргені миына жазылып қалады. Өшірілмейді. Өшірілсе кейін еске түспей қоймайды. Мида жазылған ақпарат сыртқа сөз болып шығады. Сол күні кешкілік көлік жуу орнында Жандар деген жігіт кіріп-шығып жүргенін көршілердің бірі көріпті. Көргені жадында жатталып қалған. Сол кейін өзінің құлағына жетті. Жандар деген кім? Қалиханның танысы. Қонаев көшесінде тұрады. Ал Жандар айт, мойкада не істедіңдер, тағы кім болды? Жандардың айтқан жауабы қараңғылықты түрген жарықтай біраз нәрсені айқындап тастады. Байрам екеуі үш литр сыра алып Қалиханға барған. Ішкен. Ол аз боп қалған соң, Қалихан Жандарды сыраға жұмсаған. Ақшасын смартфон арқылы Каспи голдпен өзі төлеген. Онысы банк бөлімшесі арқылы анықталды, сағат кешкі сегіздерден өте сыра сататын дүңгіршік иесіне ақша аударған. Бұл оның ішкенінің дәлелі. Ал мас неме бұрын ерегісіп қалған адамды көрсе, жыны қозып кететіні белгілі. Иә, иә бұл да бір болжам ғой. Мас адамның бәрі адам өлтіре бере ме… Мас демекші, Қалихан әйеліммен ұрысып қалып, үйден сосын кеттім деп еді ғой. Ұрысса, ұрысқан шығар, мас адамды әйел жақтыратын ба еді. Соған қарағанда одан бекер күдіктеніп жүрмейін.
Тергеуші Ержан Сүйіндікұлы ойдан ой қуалап, үйіне қалай жеткенін аңғармай қалыпты.
***
Күдік пен үміт кезек ырғасқан күндер қажытып жіберген еді. Бүгін үміт оты алаулап қоя берді. Қалиханның көршісінен алынған бейнетіркегіш кәдеге асты. Міне сол түнгі түсірілім… түнгі сағат бірден отыз сегіз минут кеткен уақыт. Көшеде үйіне қарай Айдар өтіп бара жатыр. Оның соңынан, бес-алты метрдей жерде өкшелеп Қалихан барады. Ал ендеше! Бұдан артық қандай дәлел керек?!
Қалихан мен оның келіншегі Жазираның сұрақ-жауапқа шықырылғаны осыдан кейін.
– Қалихан Олжабайұлы, тағы сұраймын, сол күні, яғни маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні қайда болдың?
– Қайда болам? Үйде болдым.
– Бұрын берген түсініктемеңде сағат 11-де 30-да ұйықтап қалдым депсің? Соны растайсың ба?
– Растаймын. Ұйықтап қалдым.
– Әкең түнгі сағат он бірден екі жарымға дейін саған бірнеше рет қоңырау шалған. Сені іздеген. Демек үйде болмағансың.
– Дыбысын басып тастап ұйықтаған шығармын.
– Сол түні Айдар Күмісбаевты көрген сияқтысың ғой.
– Қалай көрем? Көргем жоқ.
– Есіңе түсір, түнгі сағат біржарымдарда марқұм Айдар Күмісбаевты көрдің. Ол үйіне қарай кетіп бара жатқан, оның соңынан сен бара жатыпсың.
Тергеуші осыны айтқанда Қалиханның көзі шапыраштанып кетті.
– Жоқ! Көргем жоқ!
– Қазір есіңе түсірем.
Тергеуші экранды нұсқады. Экраннан Айдардың соңына ілескен өзін көрген оның тілі байланып, үндей алмай қалды.
– Иә, есіме түсті, көрген екенмін, – деді бір уақытта жаси сөйлеп. – Бірақ ол үйіне қарай бұрылып кетті, мен әрі кеттім. Итім босап… мен соны іздеп…
Сұрақ-жауапқа Қалиханның келіншегі Жазира тартылды.
– Қалихан сол түні мас болыпты. Қаншалықты мас болды?
– Білмедім.
– Күйеуіңнің қандай жағдайда келгенін қалай білмейсің?
– Ол сыртқа, сәкіге жатып қалыпты… үйге кірмей.
– Неге ұрысып қалдыңдар?
– Ұрыспадық.
– Ендеше ол неге кетті үйден?
– Білмеймін. Ата-енеме де айтпай кетіп қалыпты. Шабашкада жүр ме деп ойлағам. «Қармағы қапты. Қалытқыны қозғады. Бірақ шортан әлі суда. Сытылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан іздеу, тексеру әрекетін тоқтатпаған жөн».
Бүгін азанда Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасовпен ақылдасқан. Бастықтың кеңесі осы болды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына қараса, жәбірленушінің денесіне қатты зат тимеген. Тепкілеген, қолмен, баспен ұрғанға ұқсайды. Демек, марқұмның футболкасында аяқ киім іздері қалуы мүмкін ғой. Күдіктінің аяқ киіміне сараптама тағайындаған дұрыс.
Ержан Кентауға ертелетіп жетті. Қалиханның әкесі Олжабай мен анасы Боранкүл әдеттегідей жабырқау.
– Сіздер айып етпеңіздер. Жұмыс солай. Тексеру міндетім, – деді Ержан сабырлы қалпын сақтап. – Қалихан қандай мөлшерлі аяқ киім киетін еді?
– Қырық үшінші размер. Оны қайтейін деп ең?
Ержан отағасының бұл сұрағын естімеген қалып танытып, аяқ киім сөресіне жақын барды.
– Қалихандікі қайсы? – деді келін балаға қарап.
Келін бала сөреден бес пар жазғы аяқ киімді алып, бөлек қойды. Ержан оларды мұқият қарап, екі пар сандалдан басқа үшеуін пакетке салды.
– Тексеруден соң қайтарылады, – деді. Олжабай мен Боранкүл аңтарыла қарап тұр.
– Ауланы да қарауым керек, жүріңіздер.
Ойы сол түні Қалихан жатқан жерді көру. Аулада қос қаратал жайыла өсіпті. Сәкі соның астында. Жерден сәл биік етіп жасалған. Еденінде тақыр алаша. Бұрышта бірер көрпеше бүктеліп жиналыпты. Үстінде жастық. Жаз бойы әркімнің қолтығында иленгенге ұқсайды. Қолына алып мұқият қарады. Өзі де кірлене бастаған. Ірі-ірі қызыл ала гүлдері кірін жасырып тұр. Мақта жастық. Жоғарғы жағы көк жіппен көктелген. Екінші бетін аударғанда екі гүлдің арасындағы сарғыш жапыраққа жұққан дақты байқады. Қан ба немене? Түнде келіп осында құлап жүрмесін. Не де болса, алу керек.
– Әпше, жастықты көк жіппен көктеген сіз бе? – деп сұрады тергеуші.
– Немене жаман тігіппін ба? – деді әйел тіксініп. – Иә, мен тіктім, даланың жастығы ғой…
Сөзінің соңын жұмсартып жіберді. Сірә, кіммен тілдесіп тұрғанын кеш аңғарса керек.
– Мына дақты қараңыз. Көрдіңіз ғой. Бұ не дақ?
Отағасы екеуі үңіліп қарағанымен үндей қоймады.
– Анықтау керек. Сараптамаға берем, – деп тергеуші хаттама толтыру үшін қалам-қағазын дайындай бастады.
***
– Қарағым, айналайын, – деп алқынған әйел дауысы естілді тұтқадан. – Саған айтарым бар. Осы жаңа ғана…
– Сіз кімсіз?
– Ойбай-ау, мен… Сен Ержансың ба?
– Иә, мен Ержанмын. Сіз…
– Мен Райхан әпшең ғой. Айдардың әйелі. Өлген Айдардың ше…
– Түсіндім, әпше. Не болды?
– Осы жаңа анау екеуі келді үйге. Кешірім сұраймыз дейді. Анау екеуі деген әке-шешесі ғой. Атың өшкірдің әке-шешесі.
– Не деп кешірім сұрайды?
– Ақшалай беретін қаражатымыз бар. Жерлеудің шығынын өтейік дейді.
– Балам өлтіріп қойыпты дей ма?
– Өлтіріп қойыпты демейді. Құдай біледі дейді кім өлтіргенін.
– Сіз не дедіңіз?
– Мен не дейін? Үндемедім. «Ойлан, тағы келеміз» деп кетті.
«Бұны аяқсыз қалдыруға болмайды, – деп ойлады Ержан. – Сезікті секірер деген, күдіктінің құйрығына шала байланды деген осы шығар». Басшылықпен ақылдасқан тергеуші прокурордан санкция алып, содан кейін жәбірленушінің үйіне жасырын камера орнатқан.
***
Сот молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын қолына алған бойда жүрегі дүрсілдеп кетті. Неге екенін білмейді, көп жағдайда өзінің ойлағаны мен күткені сараптама қорытындысында дәл келетіні бар. Мынау да сол сияқтанған. Мүмкін бұл көпті көрген тәжірибеден шығар, әлде сезімталдық па? Адам өзі туралы не дей алады, жолы болмаған, үміті кесілген кезі де аз емес. Осы сараптамадан көп үміт күтіп еді. Екі қызыл гүлдің арасындағы сарғыш жапыраққа жұққан дақтан күдік алған. Жорамалы дәл шықты. Сарапшылар дақты жәбірленушінің қаны деп тауыпты. Жүрек шіркін сезеді ғой.
Бұған дейінгі жинағандары нақты дәлел емес, күдік қана. Күдікті сол күннің ертеңіне ұшты-күйлі жоғалса, оның басқа себебі де болуы мүмкін. Бейнетіркегіштен қатты дискі табылмады, ол енді адам өлтірген сен деген сөз емес. Сол күні мас болыпты дейміз-ау, кім мас болмай жатыр. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» шығар. Марқұм жәбірленушінің соңында бара жатқаны камераға түсіп қалған. Оған да уәж айтып отыр. Иә, ол да мүмкін. Бәрі мүмкін. Ақтауға да, даттауға да жарайтын іліктер. Ал мынаны… сарғыш жапырақ бетіндегі қанды не деуге болады? Жо-жоқ, бұл енді бұлтартпас дәлел, заттай айғақ. Жаңалығын жария етуге бастыққа тартты. Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов бұның бал-бұл жанған жүзінен бір жақсылық күткендей жадырап қарсы алды.
– Міне, сараптама!
Нұрмахан Тоғайбайұлы сараптама қорытындысын қолына алып, көз жүгіртті де: «Тырп ете алмайтын жерден ұстаған екенсің, жарайсың!» – деді ырза болғанын жасыра алмай.
– Тағы бір қызық дерек шығып тұр. Жәбірленушінің үйіне орнатылған камераға байланысты. Онда не бар екенін ертең білеміз, – деді Ержан.
Сот молекулярлық-генетикалық сараптама туралы хабар департамент бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің де құлағына жетті.
– Дереу күдікті деп таныған анықтама дайында. Кешіктірмей қамау керек, – деп бұйырды ол.
Қалихан Ақметов сол күні-ақ уақытша ұстау абақтысына жеткізілді.
***
– Әуелі мынадай маңызды құжатпен таныстырып қояйын, – деді тергеуші алдына алып келген күдіктіге барлай қарап. «Абақтыда бір күн түнеп шыққан адамның жүні жығылып қалуы керек еді, мынау олай емес сияқты ғой. Әлде жанындағы қорғаушысына сеніп отыр ма?» деп ойлаған Ержан:
– Сіз де қараңыз, – деп сараптама қорытындысын адвокаттың алдына ысырды. Қағазға көз жүгірткен адвокат оны тергеушіге қайтарып беріп жатып:
– Күмәнім бар. Тәуелсіз сарапшыға беруге құқылымыз, – деді.
– Қорғауыңыздағы айыпкерге оқытпайсыз ба?
– Жастықтағы дақ туралы екен, – деді қорғаушы Қалиханға қарап, – соны анау өлген адамның қаны дейді. Бірақ сен саспа, шындықты айт. Әр жауабыңды ойланып бер.
Қорғаушының бұл сөзіне тергеуші іштей күліп жіберді. «Шындықты ойланып айт дегені, ешқашан мойындама» дегені де, басқа не? Белгілі ғой.
– Енді сен Күмісбаев Айдармен, яғни өзіңнен отыз үш жас үлкен адаммен не үшін қастастың, соны айтшы?
– Мен оны өлтірген жоқпын.
– Сен өлтірдің деген жоқпын. Неге қастастың дедім.
– Жоқ мен қастасқан жоқпын.
– Демек, сен қастасқан жоқсың, мастықпен өлтіріп қойдың. Абайсызда. Солай ма?
– Жоқ, жоқ!
– Не жоқ?
– Өлтірген жоқпын.
– Онда неге қаштың?
– Айттым ғой, келіншегіммен ұрысып қалдым. Әкем де ұрысты, кет, –деді.
– Олар басқаша жауап берді. Сен келіншегіңмен ұрыспапсың. Әкең де кет демепті. Олар сенің қайда жүргеніңді білмейді екен. Солай деп жазып берген. Бұған не дейсің?
– Не деймін? Ештеңе демеймін.
– Шындықтан қасақана тайқыған күдіктінің жазасы ауырлай беретінін ескертіп қояйын. Енді мынаны айт, өзіңді кінәсізбін деп есептейсің бе?
– Иә, менің кінәм жоқ.
– Онда әке-шешең жәбірленуші Күмісбаева Райханнан неге кешірім сұрайды?
– Кешірім? Жоқ кешірім сұраған жоқ.
– Ендеше неге барып жүр ол үйге?
–Барып жүрген жоқ.
– Сен мүмкін барғанын білмейтін шығарсың?
– Білем! Барған жоқ.
– Білгеніңді айтпай тұрсың. Олар барған. Бір емес, екі рет барған. Кешірім сұраған. Ақша береміз деген. Қазір көресің.
Тергеуші компьютерге дискіні салып, мониторды бұрып қойды. Экранда әке-шешесі көрінді. Айдардың үйінде отыр. Жүздері сынық.
«Айдар ағайды кім өлтіргенін бір құдай біледі. Алдыңыздан өткенім, тағы айтам, марқұм ағайдың өліміне менің ұлымның қатысы жоқ. Қалиханның қатысы жоқ деген қағаз жазып берсеңіз, мен жаназа шығынын өтеп берем. Түсінем, арыстай азаматыңыздан айырылдыңыз. Әуеліде белгісіз біреу өлтірді деп жаздыңыз арызды. Енді Қалихан дейсіз. Жазбаңызшы олай. Жалынам, әпше» дейді әкесі. Мамасы үндемей, жер шұқиды. Олардың кішірейіп, жаншылған түрін көріп, жүрегі шаншып кетті.
– Бұған не дейсің?
– Не деймін? Барлық ата-ана солай. Баласын қорғайды.
– Солай-ақ болсын. Ал, жастықта марқұм Айдардың қаны қайдан жүр?
– Мен қайдан білем?
– Әрине білмейсің, өйткені сен мас едің. Шалды тепкілеп, аузы-мұрнын қан ғып ұрған соң, келдің де сырттағы сәкіге құлай кеттің. Үйге кірмедің. Сол кезде саған жұққан қан жастыққа жағылған.
– Жастыққа жағылған? Жоқ, жағылған жоқ. Мен сәкіде жатқан жоқпын.
– Сәкіде ұйықтағаныңды келіншегің айтты. Бұл – бір. Екіншіден менде тағы бір дәлел бар. Міне, мына сараптаманы қара. Сот-трасологиялық сараптама, – деп қорғаушының қолына ұстатты. – Бұнымен де танысып қойыңыз.
Қорғаушы қарады да, үндеместен үстел үстіне тастай салды.
– Жәбірленушіден алынған ақ футболкада бәтеңкенің ізі қалған. Оң жақ жауырын тұсында. Сенің сарғыш бәтеңкеңнің ізі, – деді тергеуші. – Сол түні сенің аяғыңда сол бәтеңке болды. Камерада анық көрініп тұр ғой.
Күдікті айтарға сөз таппай үнсіз отырып қалды. Бұндайды күтпесе керек, көзі алақтап, күйгелектене бастады. Сірә, сабыры сарқылды. Аласұрған көңілін баса алмағаны шығар. Тергеуші алдындағы қағазға әлдене жазғыштап, күдікті қайтер екен деп, басын әдейі көтермеді. Осы сәт әндетіп қоя берген қалта телефонын ала сала, қорғаушы тысқа жылыстай жөнелді. Артынша Ақметовтың пышылдап жылаған дауысы естілді.
– Мен емес өлтірген… менің кінәм жоқ… – деді кемсеңдеп. Ержан оның көзінен жылтырап көрінген жастың растығына илана алмай отырғанда тыстан адвокат оралды. Сол-ақ екен күдікті орнынан ұшып тұрды да:
– Маған жала жауып тұрсың! – деді қатуланып. Демде өзгеріп шыға келді. – Эксперттермен ым-жымдарың бір! Мен сендерге көрсетем!
– Ашуыңды бас. Жазаңды жеңілдету жағын ойла, – деді тергеуші байыппен. Айдауылға ымдап еді, ол білегіне темір кісен салып, күдіктіні камераға алып кетті. Орнына отырып үлгермеген адвокат:
– Дәлелің мық-ты-ы! – деді. Соңғы сөзін созыңқырап, мысқылдап айтып, басын шайқады. – Дегенмен… шалалығың да бар. – Айтарын ашып айтпай, сөзінің соңын жұтып қойып: – Байқа… – деді де адымдап басып, кабинеттен шығып кетті.
***
Төрт жарым айда тиянақталып, облыстық прокуратураға жолданған іс ақыры Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қасым Қалмағамбетовтің қолына тиді. Бес бума істі бастан аяқ қарап шыққан ол сарғыш жапыраққа жұққан қан дағына шұқшия түсті. Айыпкердің жауаптары ә дегеннен тұрақты емес, бұлтағы көп. Демек өз өтірігіне өзі сүрініп жығылып, өзін-өзі әшкерелеумен болған. Түнгі он бірде ұйықтап қалдым деген сөзін көрші үйдің камерасы жоққа шығарады. Тергеушінің дәлелдері тастай. Заттай айғақтар жеткілікті. Қорғаушысы жастық тысындағы қан дағы сотталушының әкесіне де тән деген уәж келтіреді. Рас жәбірленуші мен сотталушының әкесінің қандары бірдей, бірінші топ. Бірақ ДНҚ-лары әр түрлі. Сарапшылар жапыраққа жұққан қанда жәбірленуші Айдар Күмісбаевтың ДНҚ-сы табылғанын айғақтайды. Басқа дәлелдерді талдаудың өзі артық. Дегенмен сот отырысында бәрі айтылады. Демек Қалихан Ахметовтың «…қылмыстық оқиғаға қатысым жоқ» дегені өзін-өзі қорғау ғана. Сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескеруді де ұмытпады. Асырауында екі жас баласы бар. Бұрын сотталмаған. Куәлердің оң мінездеме бергендері де бар. Ал Қылмыстық кодекстің 54-бабына сәйкес ҚПК-нің 340-бабы бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар ұсынылмаған.
Бес бума істің бүге-шігесін қалдырмай саралай келе, «Ақметов Қалихан Олжабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған он бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деген үкім шығарды.
Алайда іс мұнымен бітпепті. Көп ұзамай Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбековтің қолына апелляциялық шағым түсті. Талай іс қолынан өткен ол бұндай шағымның адам тағдырын қалай да заң жүзінде әділ шешу үшін пайдалы болатынын жақсы түсінеді. Тергеуші мен судья тұжырымдарының олқы тұстарын терістеу, заңның бұлтарыс-қалтарыстарының кеңірек ашылып, мәселенің әділ шешілуі үшін қажет-ақ. Әрі-беріден соң осы әрекет тергеуші мен сот иммунитетін арттырады, тіпті кей жағдайда сот үкімін одан сайын айқындап, шегелей түседі. «Жан-жақты талданған, заттық айғақтармен дәлелденген істі қайта қозғап, апелляциялық шағымның жазылуы тегін емес, – деп ойлады ол. – Артында үлкен күш тұруы мүмкін». Істі өзі тындыруға тәуекел етіп, қатарына білікті судьялар А.Мұлтанов пен А.Алшындаевтарды тартты. Сөйтіп бірінші сатыдағы соттың Қалихан Ақметовке кескен үкімі дұрыс, үкім өзгеріссіз, шағымдар қанағаттандырусыз қалсын деген тұжырымға тоқтады.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
Өмірдерек
Осы күрмеуі қиын іске төрелік еткен Тұрысбек
Мыятбеков – Түркістан облыстық сотының төрағасы. ҚазМУ-дың заң факультетін тәмамдаған Тұрысбек Ерболғанұлы сот саласында үлкен тәжірибелік мектептен өткен. Еңбек жолын Алматы қаласы Алатау ауданы халықтық сотында аға сот орындаушы қызметінен бастаған Мыятбеков 1996 жылдан бері сот саласында жемісті еңбек етіп келеді. Түркістан облыстық сотының төрағалығына дейін Алматы қаласының Соттар әкімшісі, Алматы қалалық сотының қылмыстық, азаматтық алқаларының судьясы, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының, Алматы облысы Талғар аудандық сотының, Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының төрағасы қызметін атқарған.
Ал істі алғашқы сатыда қараған Қасым Қалмағамбетов Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Алматы қаласында аудандық, қалалық соттарда судья қызметін атқарған. Қазір Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.