12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жанель Абыкеева, ҚР Ұлттық ұланы 7552 әскери бөлімінің әскери лазарет басшысы: «Әскерге жарамағанына қуану – намыссыздық»

– Жанель Өмірқұлқызы, әңгі­ме­мізді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бүгінгі жағдайынан бастасаңыз?
– Ұлттық ұланның тарихы тәуелсіздіктен бастау алады. Ішкі істер министрлігінің 1992 жылы құрылған ішкі әскері 2014 жылы ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылымдалды. Содан бері біздің сарбаздар елде болып жатқан төтенше жағдайларды жоюға қатысып, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалы, Арыстағы, Жамбыл облысындағы жарылыстар, т.б. апаттарда Ұлттық ұланның сарбаздары алғашқылардың бірі болып көмекке барды.

Пандемия кезіндегі төтенше жағдайларда да алдымен біздің жауынгерлер жұмылдырылды. Біздің сарбаздар қоғам құндылықтарын, мемлекеттің тұрақтылығын, тыныштығын қауіп-қатерден қорғайды. Мысалы, қылмыстық-атқару жү­йе­сінің аса маңызды нысандары мен мекемелерін күзетіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бейбітшілікке қызмет етіп, өз елін, халқын қорғауға әрбір азамат міндетті.
Бұрын ер-азамат үшін әскерге бармау намыс болатын. Соңғы кездері бұл психология түп-тамырымен жойылды десе де болады. Есесіне әскерге жарамай қалғандарына қуанатындар қатары көбейді. Әрине, бұл өкінішті әрі алаңдатарлық жағдай.
– Жастардың әскерге барғысы келмейтіні ащы шындық. Бұл ненің салдары деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік алған жылдары әскери салада жағымсыз жағдайлар болды. Содан көпшіліктің санасында армия туралы қорқыныш қалыптасып кеткен. Бүгінде әскердегі жағдай түзелді. Армияның жастарға барлық жағынан пайдасы көп. Ең бірінші, денсаулығын нығайтып, өзіне көңіл бөлуді үйреніп, патриоттық тұрғыдағы тәрбие­лерін нығайтады. Азамат болып қалыптасады. Мысалы, өз жұмысыма қатысты айтсам, көбісінің бұрыннан байқалмай келе жатқан аурулары анықталып, емделіп кетеді. Бізде әрбір азаматтың денсаулығы жіті қадағалауда болады.
Біздің лазарет «Оңтүстік» өңірлік әскери бөлімдерін қамтиды. Алматыда қажетті мамандар, ғылыми-зерттеу институттар бар. Біз солармен келісіп, портал арқылы ауруы күрделі сарбаздарды емдетеміз. Түрлі оталар жасалады. Жауынгердің денсаулығын қалпына келтіріп, қатарға қайта қосылуға Ұлттық ұланда барлық жағдай жасалған.
– Жас жігіттердің денсаулығы нашар ма сонда?
– Бұл – өте жан ауыртарлық мәселе. Неге екенін білмеймін, жастардың денсаулығы сын көтермейді. Мүмкін отбасында кішкентайынан дұрыс көңіл бөлінбеген, қажетті медициналық тексерулерден өтіп, дер кезінде ем алмаған болар. Мысалы, неврология, сондай-ақ, миішілік қысым дерттерін (внутричерепная гипертензия) кішкентайынан дұрыс емдетпесе, есейе келе түрлі ауруға ұшыратады. Әйелдің аяғы ауыр кезіндегі кінәраттары балаға беріледі. Көбісі бұған мән бермейді. Қазіргі күні эпилепсия, т.б. ұстаманың жасырын түрімен келетіндер көбейді. Былайғы уақытта байқалмауы мүмкін, бірақ, физикалық тұрғыда салмақ түскенде, ауру белгілері көрініс береді.
Жақында бізде мынадай жағдай болды. Әскерге келгенге дейін өзі ауруын байқаған, бірақ, оған көңіл бөлмеген. Ата-ана­сына да айтпаған, дәрігерге де қаралмаған. Әскерге келген соң түрлі жаттығулар жасайды, жүгіреді, т.б. Соның салдарынан ауруы асқынған. Біз дер кезінде ауруын анықтап, көмегімізді бердік. Кардиология орталығына жатқызып, жүрегіне кардиостимулятор қойылды. Қазіргі күні сарбаз Қорғаныс министрлігінің госпиталінде денсаулығын түзетіп жатыр. Гос­питальда бұл тұрғыда барлық мүмкіндік бар.
– Мұндай жағдайдан кейін науқастар әскерге қайта жіберіле ме әлде үйіне қайтарыла ма?
– Госпитальдан шыққан соң медициналық комиссияның тексеруінен өтеді. Сарбаздың сапқа қайта тұратынын немесе денсаулық жағдайына байланысты үйіне қайтатынын комиссия шешеді.
– Бұл әскерге қабылдар алдындағы медициналық комиссия жұмысының олқылығын көрсетпей ме?
– Азаматтық борышын өтегісі келетіндер арасында ауруын жасыратындар аз емес. Комиссия құрамында министрлік өкілі, тиісті әскери мекеме дәрігерлері бар. Комиссияға жастар жергілікті емханаларда тексеріліп, денсаулығына қатысты анықтамамен келеді. Сондықтан, әр бозбаланың денсаулығына алдымен өзі, сондай-ақ оның ата-­анасы, мамандар үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.
– Әскердегі әлімжеттік туралы да үнемі айтылады. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Қаңқу сөз қашан да болады. Бірақ азаматтар Отан алдындағы міндетін ұмытпауы керек. Әрбір ата-ана ұлын кішкентайынан патриоттық рухта тәрбиелесе, мықты болады. Мысалы, әскери комиссариаттан келген бойда жастарды үш күн медициналық тексеруден өткіземіз. Сол кезде қандай да бір ауруына шағым жасаса, ол сарбазды бақылауда ұстап, қосымша тексерулер жүргіземіз. Шын мәнінде жастар бірден сапқа тұруға дайын болып келуі керек. Өкінішке қарай, ондай деңгейге жете алмай жатырмыз. Біздің бөлімде сарбаз денесінде қандай да бір соққының ізі жоқ па, т.б. күн сайын тексеріледі. Бұл туралы міндетті түрде бөлім командиріне баяндаймыз. Тағы да айтып өтерім, қазіргі күні әскерге келуден қорқудың қажеті жоқ. Әрбір жас­тың азаматтық борышын өтеуі елді қорғаудың кепілі екенін түсінетін кез жетті.
– Қанша сарбаз бар? Оның барлығын күнде тексеріп үлгересіздер ме?
– Біздің бөлімде жүзге жуық сарбаз бар. Екі сағатта басынан бастап аяғына дейін мұқият қараймыз. Рота командирі бақылап тұрады. Мұндай тексерулер міндетті түрде керек, себебі, ылғи ер адам жүрген жерде келеңсіз жағдай болуы әбден мүмкін. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынастамыз. Қандай да бір ауруын байқасақ, дереу хабарлаймыз. Ата-аналар мен психологтың арнайы чаты бар. Аптасына бір рет сарбаздар ата-­аналарымен сөйлесіп тұрады.
Бұрын бала екі жылға әскерге кетеді, келгенше хабарын хат арқылы ғана білетін. Өмірі көріп-білмеген шет мемлекеттерге әскерге барды. Қазіргі армия мүлде бөлек. Телефон, бейнебайланыс арқылы сөйлесіп тұруға мүмкіндік бар. Әскерде болғанның артықшылығы көп. Тіпті жұмысқа орналасу, қызметте өсу үшін де әскери билет қажет.
Әскерге әр үйдің бетінен қақпаған ерке балалары келеді. Оларға бәрін түсіндіріп, үйретесің. «Енді жарты жылда үйіңе қайтасың, шыда» деп жігерлендіреміз. Баланың нағыз азамат болып қалыптасуына бар мүмкіндікті жұмсаймыз. Әскер жастарды физикалық әрі рухани тұрғыда шыңдайды. Мықты мемлекет құру үшін азаматтардың рухты, елжанды болуы міндет. Кейбір жігіттер дайын болып келеді. Олардың қызметте өсу немесе әскери қызметкер болу секілді өз мақсаттары бар.
– Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде қандай шаралар атқарасыздар?
– Патриоттық тәрбие отбасынан басталып, балабақшада, мектепте, оқу орында­рында жалғасады. Тек дәрі­гер ретінде емес, психолог, азамат ретінде жұмыс істеуге тура келеді. Жастарға тәуелсіз елімізді қорғау, тыныштық пен тұрақ­тылықты сақтап, қамтамасыз етуде дайындықтан өтудің ма­ңызын, ел ертеңі үшін жауапты екенін түсіндіреміз. Арнайы оқу-жаттығулардан өтеді.
– Мұнда мамандар мәселесі қалай шешілген?
– Маман мәселесі тек Ұлттық ұланда емес, жалпы, әскери салада бар. Жас мамандарды тарту оңай емес. Мұнда әскер өміріне белсене араласу қажет. Арнайы форма киіп, түрлі жаттығуларға қатысады. Әскери қызметкерлермен бірдей талап қойылады. Тәртіп қатаң, кез келген уақытта дайын болуды талап етеді. Дәрігерлердің көбі осыдан қашады.
– Азаматтық салаға бармай, әскерді таңдауға не себеп болды?
– С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін бітірген соң, еңбек жолымды Ішкі істер министр­лігінің 7552 әскери бөлімінің айдауылдау полкінде терапевт дәрігер болып бастадым. Бұл салада қызмет еткеніме биыл 22 жыл болады. Біз келген жылдары азаматтық дәрігерлердің жалақысы 3000, ал, әскери сала дәрігерлерінікі 20 мың теңге болды. Жеті жыл оқыған соң, материалдық жағдайыңды түзеп, ата-­анаңа көмектескің келеді. Осы жағы әскери саланы таңдауға себеп болды. Қазір өкінбеймін. Ол уақытта мамандар да, штат та жеткілікті еді. Уақыт өте келе штат қысқартыла бастады. Бірақ, 50 төсек-орын сақталып қалды. Штаттың азаюы армия мерзімінің бір жылға қысқаруына байланысты орын алды. Есесіне әскери мамандардың штаты көбейді. Қазіргі күні азаматтық сала дәрігерлерінің мүмкіндігі көп. Олар екі-үш жерде жұмыс істей алады. Біз белгілі бір тәртіпке бағынамыз. Күн-түн демей, кез келген жағдайда жұмыс орнынан табылуға тиіспіз. Дегенмен, әскери салада жүрген дәрігерлердің өз артықшылығы бар. Зейнетке ерте шығады, қосымша пәтерақы беріледі, т.б. жәрдемақылар қарастырылған. Жас мамандарды осындай мүмкіндіктерімен қызықтырамыз. Мәртебесі биік әскери құрылым – Ұлттық ұланда еңбек ету бақыты бұйырғанын әрдайым мақтан етемін.
– Қыздарға каска киіп, автомат ұстау қиын емес пе?
– Бұл жан қинарлық жағдай емес. Оперативті полкте қызмет етудің өзіндік қиындықтары бар. Елдің тыныштығын қамтамасыз етуде күн-түнге қарамай, дайын жүресің. Мысалы, қазір дабыл қағылса, арнайы формамды киіп, автоматымды ұстап, 10 минутта сапқа барып тұрамын. Әскерилердің тірлігі жедел қимылды, мықты дайындықты талап етеді.
– Сіздіңше армияны екі жылға ұзартудың қажеті бар ма?
Әскери борышын аяқтап кетіп бара жатқандардың кейбірі келіп қоштасады. Оны ең алғашқы келген кезімен салыс­тырсаң – жер мен көктей. Жинақы, тап-таза, көзінде от бар. Соған қарағанда бір жылдың өзі аздық етпейді. Отан алдындағы борышты өтеу – міндет. Осыны біз жастарымыздың санасына жеткізе білуіміз керек.
– Қазақ әскерінің деңгейі қаңтарда байқалғандай болды. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Қаңтар оқиғасы бізге біраз жайтты аңғартты әрі сабақ болды. Елдің қауіпсіздігі бірінші кезекте, сондықтан әскерді нығайту – міндет. Ұлттық ұлан жауынгерлері мен медициналық қызметкерлері дайын болды. Бірінші күннен бастап жедел жәрдем көрсеттік. Алғашында 7552 бөліміндегі өз міндетін орындау барысында зардап шеккендерге көмек жасасақ, 5 қаңтардан бастап басқа әскери бөлімдердің әскери қызметшілері әкелінді. Өзіміз көмек бе­ре алатын жаралыларды алып қалып, жағдайы ауырлар Қорғаныс министрлігінің госпиталіне жіберілді. Бұл шараларды атқару бізге оңай болған жоқ.
– Әңгімеңізге үлкен рақ­мет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

Әңгімелескен
Түймегүл Смағұлқызы

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...