12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жалғыздың кегі

Түнімен уілдеген жел Тұяқты тыныш ұйықтатпады. Екі жыл бұрынғы жалғыз ұлының қазасы қабырғасын қайыстырып, қасақана өлтірген адамдар табылмай, тергеу ісі уақытша тоқтатылғанын естігенде, жұмыр жүрегі кеудесіне сыймай жүрген. Содан бері ұйқы қашты. Бүгін де миында қайнаған миллион сұрақ жарғақ құлағын жастыққа тигізер емес.

Көз алдына өзінің Кеңес әскерінің қатарында Ауған жерінде соғысқа қатысқан күндері елестеді. Күн демей, түн демей, ұйқы мен күлкіні ұмытып, қай жерден мүлт кетемін, қалай аман шығамын деген күдікпен екі жыл қыл үстінде жүрді. Бала күнінен төбелес пен жанжалға жаны жақын болғандықтан, еш саспай, ұрыс майданына алғаш түскенде, аш қасқыр­ша киліге кеткен. Алайда, аз уақыттан соң қатары сиреп, сәт сайын бөлшектелген дене, тасқа мыжылған адам еті мен шашылған миды көріп, жүрегі шайлыға бастаған. Сонда елге аман-есен жетіп, бала кезіндегідей, достарымен шұрқыраса жүгіріп, теңізге күмп-күмп етіп секіруді армандаушы еді. Қатар жүрген талай боздақ от пен оқтың арасында қалып, баласын жетім, қатынын жесір қалдырып кете барды. Сонда бұл «елге жетсем, ажал деген тажалдан біржола басымды арашалап алсам» деп, өлім деген қорқыныштың мазасынан құтылуды армандайтын. Сол аңсаған бақыт мекенінде, бейбіт заманда бүгін жалғызынан айырылып, қан жылап отырғаны мынау.

«Уақыт емші» деген сөз бекер-ау, Тұяқтың отбасы сол қайғылы қазадан соң әлі күнге дейін ес жиған жоқ. Қайта сағыныштары үдемесе, кемімей, ұлдарын сәт сайын керек қыла берді. Енді келін түсіріп, немере сүйеміз бе деп армандап отырғанда, қу тізелерін құшақтап, екеуінің ғана қалғаны қиын. Қайғыға батқан қалыпты жүйе бұдан әрі де осылай жалғаса берер ме еді, егер Ертілеу болмағанда?!

Тұяқ пен Қарашаштың жалғыз қызы тұрмысқа шығып, Астанаға кеткен. Сол қыздың қайын жұрты шақыртып, Астанаға барып, бірер күн болып, үйге енді ғана оралған беті еді. Кешкісін үйге марқұм ұлының бір топ достары келіп, құран бағыштап, бірге асқа отырды. Қарашаш бәйек болып, барын алдарына тосып, зыр жүгірді. Өзі де бұлардың көңілін аулап тұруды әдетке айналдырған ұлының достарына дән риза. Дастарқан басында отырған Тұяқ қояр да қоймай бір жігітті есік алдындағы дүкенге жүгіртіп жіберді де, он шақты бөтелке сыра алдыртты. Бес еркекке ол не болсын, осыдан соң, әлгі жігіт дүкенге екі-үш рет барып келді. Әлден уақытта жігіттер қауқылдасып сыртқа қарай беттегенде, Тұяқ та шығарып салмақ боп, ере шықты. Қонақтарымен қақпа алдында білек ұстап, иық қағысып қоштасты. Соңғы болып қол алысқан Ертілеу бұны құшақтай алып, арқасынан қағып тұрды да, құлағына «Мен Қуанышты өлтірген адамды білем» деп сыбырлады. Тұяқ бұл сөзді естігенде тілін жұтқандай, не айтарын білмей, қалқиып қатты да қалды. Иығынан бір жүк түскендей, Ертілеу де жеңілденіп алып, теңселе басып көлікке отыра кетті. Тұяқ қақпа алдында ұзақ тұрды. Ертілеудің айтқанын санасынан өткізіп, алды-артын ойлап алды да, оның мастығы тарқамайынша, жарытып ештеңе айта алмайтынына көз жеткізді. Жаңағы жігіттердің біріне телефон шалып, ішкіліктен көбірек сілтеп жіберген Ертілеуді үйіне кіргізіп, ұйықтатып кетуді қаттырақ тапсырды. Содан таңның атуын асыға күтіп жатқан беті осы.

Келесі күні таңғы асын ерте ішті де, Ертілеудің үйіне қарай беттеді. Бұлар тұратын қала шағын. Ертілеу сол қаланың шет жағында әке-шешесімен, бауырларымен бірге тұрады. Үйге келсе, кішкентай іні-қарындасынан басқа ешкім жоқ екен, төсектен әлі тұрмаған жас жігіттің бетіне ауыз үйде тұрған суық судан бір шөміш алып, шашып кеп жіберді. Үйдің адамдары болса, алып ұрмақ боп, ызалана атып тұрған Ертілеу Тұяқты көріп, «аға, оныңыз не?» дегеннен аса алмады. «Ал, айт, кешегі не әңгіме? Осыған дейін білгеніңді айтпай, не бітіріп жүрсің?» – деп, Тұяқ өктем сөйлей жөнелді.

– Біздің жігіттер жазасын өзіміз береміз деп жүр. Өткенде сұрастырып жү­ріп, Қуаныштың Ерлан деген баламен ерегісіп қалғанын, сол күні Ерлан кластастары мен қаладан біраз «спортик» жігіттер ертіп келіп, Қуанышты жеке алып кеткенін естігенбіз. Сараптама Қуаныштың тұншығудан өлуі мүмкін екенін айтты ғой, өзіңіз білесіз. Дәл қайсысы тұншықтырғанын білмеймін, бірақ бәріне Ербол кінәлі, – деп, темір кереуеттен аяғын салбыратып отырған Ертілеу бір іс тындырғандай боп, бар білгенін танауы елпілдеп айта жөнелді.

– Барлығы 15 бала болған дейді. Ал­дын ала ойластырып, қалай өлтіруді де нақты жоспармен жүзеге асырыпты, – деген Ертілеу білгеніне артық сөз де қосып жіберді.

– Иттің балаларын өзім тауып өлтіремін, – деп қап-қара боп түтігіп кеткен Тұяқ алдында тұрған Ертілеуді кеудеден итеріп кеп жіберіп, көлігіне бет алды.

Тұяқ ашу үстінде әлгі он бес баланы өлтіріп, Ерболды тірілей сойып жіберуге бел буды. Ауған даласында талай дұшпанын жайратқан мұның қимылы ширақ. Ол енді ойға алғанын іске асырмақ боп, бірден облыс орталығына қарай жол тартқан. Жеке кәсіппен айналысатындықтан, кей тірліктерін реттеуге көмектесетін Нариман есімді інісі бар еді. Екеуі орталықтағы дәмханада кездесті.

– Нариман, менің қайғым уақыт өт­кен сайын өршімесе, басылатын түрі жоқ. Тірілердің алдында жалғызымның өші бар. Оны мен алмасам, кім алады? Тергеуден үміт жоқ. Енді бір деректің ұшы шықты. Қуанышымды өлтірген адамды таптым. Оның менімен бетпе-бет сөйлесуге келмейтіні анық. Сондықтан, о дүниелік болған бауырыңның кегін бірге алуға көмектес, – деп барып бір тоқтады.

– Болды, аға, мұнда жігіттер бар. Сізге керек мәлімет ертең алдыңызда  жататын болады. Керек болса, Қуанышқа сілтеген таяғын өзіне қайтарайық, – деді Нариман да лепіріп.

Нариман Шерхан деген біреуге те­лефон соғып, осында шақырды. Әлден уақытта қара көзілдірік киген алпамса денелі Шерхан келді. Тұяқ тапсырысты жай-жапсарын түсіндіріп айтып шыққан.

– Жақсы, адамды тауып, алып шығу проблема емес. Оның білетінін анықтау да қиын жағдай емес, бірақ жауапкершілігі барын ұмытпайық. Тәуекелге барудың құны үш мың бакс, көкесі. Келіссеңіз тірлікті бір-екі күнде бітіріп берем, – деді Шерхан салқын үнмен. Аздан соң үшеуі қол алысып, Тұяқ Нариманның телефонына уатсаппен Жүрсіннің суретін жіберді де, дәмханадан шығып кетті.

* * *

Вахталық жұмысынан кеш келген Жүрсін түске дейін көз шырымын алды да, келіншегі дайындаған дастарқанға келіп жайғасты. Осы кезде сырттан біреу­дің ысқырған, артынан қазақы төбеттің абалаған даусы естілді. Үйдің кенжелері мектепке кеткендіктен, сыртқа Жүрсіннің шығуына тура келген. Асықпай басып, қақпаны ашқаны сол еді, өзіне жұмсалған соққыдан сылқ ете қалды. Осыны күткен Шерхан мен Нариман есеңгіреп қалған жігітті көліктің артына тоғытып жіберген.

Қанша жатқаны белгісіз, көзін ашса, қол-аяғы байлаулы айдалада жатыр екен. Анадай жерде шоқиып тұрған құдықты көзі шалды. Сірә, малды ауылдың қажетіне жарап тұрған жалғыз құдық болар. Жүрсіннің көзін ашқанын байқаған баскесер екі дәу бұған жақындап келді. Қолдарына дубинка ұстаған мығым денелі, иығы жалпақ, бойшаң жігіттер жақындай бергенде жердегі байғұстың тұла бойы түршігіп кетті.

– Бауырым, сендер кімсіңдер?

– Саған точно бауыр емеспіз. Қалғанын қайтесің? Бауырларың болса ша­қы­рып кел, көрейік! – деді Шерхан мысқылдап.

– Не істедім мен сендерге? – деді бұл жыламсырап.

– Қорықпа, біз сұраған нәрсенің бә­рін анық, дұрыс айтып берсең болды. Қазір-ақ үйіңе апарып тастаймыз, – деген екіншісі жанашыр боп көрінді.

Осы кезде құдық жанына тоқтаған қара «крузактан» Тұяқ түсті. Келген бойда жерде отырған Жүрсіннің жағасына жармасып, жақ астынан аямай бір соқты. Екі азу тісі сынып, аузынан аққан қан тамағына құйылды. Оң жақ қабыр­ғасынан екі соққы тағы берді. Жерден жұлқып алып, тіктеп отырғызды да, «қай қолыңмен өлтірдің менің баламды?», «қалай өлтірдің, айт» деп айқайға басып, енді мойнынан қылғындыра бастады.

Бет-аузының дала-даласы шыққан Жүрсіннің денесінің сау тамтығы қалмады. Қой-қойлаған жігіттер Тұяқты әрең сабасына келтірді.

– Тәке, адам өлтіруге келіскен жоқ­пыз, бізге тек қолыма әкеліп бер дедің. Керек мәліметті алған соң оны ары қарай не істейтініңді өзің білесің. Бірақ, өлген баланың артынан адам өлтіріп өш алмауға кеңес беремін. Одан ешкімнің қайғысы жеңілдемейді. Сондықтан, сабырға келіп, алдымен басын анықтап алыңыз, – деді Шерхан Тұяқты шетке тартып әкетіп. Осыдан кейін сабырға келген Тұяқ Жүрсінді сұрақтың астына алды.

– Ал, айт, сүмелек, Қуанышты сен бе өлтірген?

Тұяқ тағы төмпештей бастады.

– Тәке, тоқташы, Қуанышты мен өлтірді дегенді қайдан шығардыңыз? Одан да өзім өліп кетейін. Тоқташы!

– Маған дәл қазір Қуаныш өлген күні оның жанында кім болғанын, кім өлтіргенін, кім өлтірткенін түгел айтып бересің!

– Айтам, айтам, ағатай!

Іске аз-маз қарап тұрған екі дәу енді өздері араласып, әңгімені тез бітіруге асықты. Нариман мен Шерхан Тұяқтың баласын кім өлтірді, онда кімдер болды, қандай байланыстары барының барлығын сұрады. Жүрсін қорыққанынан не айтып, не қойғанын білмей, есіне түскенін шатып-бұтып айтып жатыр. Жүрсіннің айтуынша, бір мекемеде жұмыс істейтін Ерболдың көздеген қызметіне жас маман Қуаныш жайғасып алғандықтан, екеуінің арасында қырғиқабақтық басталғаны белгілі болды. Вахтадан шыққан күні Ербол Жүрсінге достарын жинап, вахта қызметкерлерін таситын автобус тоқтайтын жерде күтіп тұруды тапсырған. Кешкі сегізде белгіленген орынға келген автобустан Қуаныш түседі де, үйіне қарай жаяу тартады. Ол артына түскен адам барын тек трансформатордан өте берген жерде байқайды. Дәл осы жерде «разборка» басталып, артынша автобус ішінде қалған Ербол да көлікпен тез жетеді. Ерегіс ұзаққа созылып, жекпе-жекке қатысып, үнемі физикалық дайындықта жүрген Қуаныш ешкімге дес бермейді. Ақыры бес бала жабыла жүріп, етпетінен құлатқан Қуанышты бірінің үстіндегі жеңіл күртешенің сырт жағын басына орап, Ербол тұншықтырады, екі-үш бала аяқ-қолын ұстап тұрады. Тіршіліктің белгісін білдіруден қалған Қуанышты сол жерде тастап, сол күні бесеуі бес жаққа тарап кетеді. Арада бір апта өткенде Ербол тәжірибе алмасу және тіл үйрену мақсатында мекеменің есебінен Америкаға оқуға кетеді. Ел ішінде қалғаны Жүрсін мен тағы бір бала, қалғандары да түрлі себеппен басқа жаққа бой тасалапты. Ерболды келесі айда елге келеді деп сендірген Жүрсін:

– Менің кінәм жоқ, балаңызға қолымның ұшы да тиген жоқ, – деп жыларман болды. Бұлар Жүрсіннен бар білгенімізді алдық деген оймен оны көлікке салып алды да, қала маңына кіре беріс жерге әкеліп тастап кетті.

* * * 

Тұяқ осыдан арғы әрекетін анықтай алмай жүргенде, бірде қалалық ішкі істер бөлімінен тергеуші хабарласып, бөлімшеге келуін сұрады. Сөйтсе, Жүрсін «батыр» құқық қорғау органдарына Тұяқтың үстінен арыз жазып, өзін ұрып-соғып, өлтірмек болғанын айтыпты. Құдық басындағы соққыдан оң иығы, екі қабырғасы мен мұрын сүйегі сынып кеткендіктен, ауруханадан бір-ақ шыққан ол арызды уақыт созбай тез жазыпты. Ауған ардагері деп жиындарына қатыстырып, сыйлы азаматтар қатарына қосып жүрген Тұяққа қатысты қылмыстық істі тергеушілер амалсыз сотқа жолдады. Арада екі ай өткенде қалалық сот Тұяқты бұзақылық әрекеті үшін кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау туралы үкім жария­лады.

* * *

Мына жағдай Тұяқты тіпті тұралатып тасады. Бар қыжылын ішіне жинаған ол таңертең «Думан» тойханасына келіп, оны-мұнысын қарап шықты да, тойхананың әкімшілік бөлмесінде Қайратпен оңаша кездесті. Бұл жолы ойына алған ісіне өзі кірісті.

– Қайрат, мына дүние, қаңыраған үй маған не керек, атым Тұяқ болса да, артымда қалған тұяқ жоқ. Осы жағдай жанымды жеп барады. Баламды өлтірген қылмыскер кеше менің өзіме ауыз салып, соттатқаны тағы бар. Енді шегінерге жол жоқ. Маған Жүрсінді әкеліп бер. Қалғанын өзім реттеймін, – деді.

Қайраттың мал барымталағаны бар еді. Енді адам барымтасына қалай бармақ? Дегенмен, көп созбай, келісімге келген олар жоспар жасауға кірісті. Бұл жолы «Жүрсіннің барымтасына» төрт миллион теңге тігілді. Осылайша бір топ досын жанына ерткен Қайрат оңтайлы сәтте ұзақ күтті. Ол сәт те келді. Ортақ достарының тойында кездескен оларға араққа шыланған Жүрсінді қолға түсіру қиындық тудырған жоқ. Әсіресе, досы Сейіттің көмегі көп.

* * *

Бұл жолы Жүрсін көзін ашпай жатып, айналасына құлақ түрді. Қабырғаның арғы бетінен сиырлар кезек-кезек мөңірейді. Ары-бері қимылдап көрмек болып еді, онысынан түк шыққан жоқ, қайта омыртқа сүйегі сынып кеткендей сырқырай ауырып, шыңғырып жіберді. Мастықтан ба, әлде денесіне тиген ауыр соққылардан ба, бір көзін сығырайта ашуға ғана шамасы келді. Десе де, тағы қолға түскенін білді.

– Ә-ә-ә, аштың ба көзіңді, иттің баласы! Ал, менің балам көзін ашқан жоқ, ашпайды да, – деп, ту сыртында бұның оянғанын күтіп отырған Тұяқ жақындап келді. – Қуанышты өлтіргеніңмен қоймай, мені соттатуға батылың барды ма?

Ашуға булыққан Тұяқ жерде жатқан жігітті кеудесінен бір тепті. Бұл уақытта жаздың қысқа таңы қылаң бере бастаған. Басын көтере алмай, бүк түсіп жатқан жігіт бұлардың қанша адам екенін де аңғара алмады.

– Тәке, кешірші, көке, мен емес, үйдегілер ғой жазған! – бұл сөздер мұрнының астынан қырық бөлініп шықты. Бұдан әрі Жүрсіннің басқа ештеңе айтуға шамасы келмеді.

Тұяқ өзіне қажетті жауап ала алмағанына ашуланып, кеуде тұсынан тепкілей беріп, оң жағы мен сол жағындағы қабырғаларын түгел дерлік сындырып жіберді. Ашкөздене, жауыздана тепкінің астына алған оның көзі қызарып, сонау баяғы соғыс даласында «дұшманымен» алысқандай кейіпке енген Тұяқты сабыр­ға шақырғанда бәрі кеш еді… Жүрсіннің бетіне үңілген олар тіршілік белгісі білінбеген денеден қолдарын тез тартып ала қойды. Енді не істеу керек? Ақылдасқан үшеу ақыры өлікті қыстаудан алыстау жерге апарып көміп тастады. Өліктен құтылды-ау, бірақ, ойдан қалай құтыларсың!

* * *

Тұяқтың Астанаға келгеніне екі жұма. Қарашаш қызының қолына келіп, балаларына қарасып жүр екен. Қызы мен келіншегінің жанына келсе де жүрегі байыз таппаған Тұяқ көпке шыдамасын білді. Ақыры өз үйіне оралып, ішкі күйігін баспақ болған ол ештеңеден хабарсыз әйелін де аяп отыр. Қылмысын мойындауға бекінген оны тоқтатып тұрған да әйелінің жағдайы. Бұл сотталса Қарашаштың күні не болмақ? Ұшақ бойы ойға батқан Тұяқ әуежайда өзін полицияның күтіп тұрғанын білген жоқ. Қолына кісен салынғанда ғана аңырап тұрған әйелінен қайталап кешірім сұрай берді.

* * *

Жүрсіннің өліміне себепкер болған Сейіт ай жарым өткенде ішкі істер бөліміне келіп, оқиғаны бастан-аяқ баяндап, өз қылмысын мойындаған. Құқық қорғау органдарының әккі қызметкерлері бір ай ішінде оқиғаға қатысы бар жеті жігітті бірінен соң бірін тұтқындады. Ең соңында соттан Тұяқты да қамауға алуға санкция алып, әуежайдан билет алғаны туралы хабар жетісімен, түгел қамданған.

Сот үкімімен Тұяқ Қылмыстық кодекстің 389-бабымен өзінше билік еткені, 125-бабымен адам ұрлағаны, 99-бабымен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен түпкілікті 20 жыл мерзімге, адам өлімі кезінде жанында болған екі жігітке мүлкін тәркілеумен 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары таға­йындалды. Досына опасыздық жасап, ар намысымен ары қарай өмір сүре алмай, тергеу органдарына өзі келіп берілген Сейіт 7 жылды арқаласа, осы оқиғаны ұйымдастырып, қомақты қаражатты қой­нына тыққан Қайрат 9 жылға кесілді.

Адам ұрлау фактісімен сотталған Нариман, Шерхан және жүргізуші жігітке әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды. Қылмыстық оқиға құралы болған Тұяқтың «Тойота Ланд Крузер 200» көлігі мемлекет пайдасына тәркіленіп, барлық сотталушыдан 700 000 теңге сот сараптамасына жұмсалған қаражат ретінде өндірілді.

Тоқсан күннен кейін мәйіт табылған күні Жүрсіннің келіншегі босанып, шекесі торсықтай ұл туды. Тұяқ өзі өлтірген азаматтың артында ұрпағы қалғанына қуана да, қызғана да қарады. Жалғыз тұяқтың қанды кегі ананы аңыратып, баланы боздатып, бауырды бір-бірінен бездіріп жіберді. Ақыл айтар аға артынан ерген жеті бірдей жас жігіт бостандықтың қадірін кеш түсінді.

Гауһар НҰРХАНОВА

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...