Алдағы уақытта психологтардың қызметі мен жауапкершілігін арттыру заң шеңберінде қарастырылмақ. Бұл мәселе Мәжілісте талқыға түсті. «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасының алғашқы қарастыру барысында осы салаға қатысты өзекті деген бірқатар мәселелер күн тәртібіне шықты. Мәселен, психологияны медициналық қызметтен ажырату керек пе?
Бұл сұрақтың туындауына себеп те жоқ емес. Түйткілді тақырыпты біз де таратып көрелік. Əлеу меттік желілер мен интернет кеңістіктерінде қаптаған коуч, блогерлер, жалған психологтар əлеуметтің сенімі арқылы олардың психо эмоциональды көңіл-күйімен «ойнай» бастады. Қарапайым халық шын мəнінде кəсіби психологтарды ажырату мүмкін емес кезеңге тап болды. Жастардың тұлғалық қабілетін ашып, өз бағасын, өз басын қадірлеуді, өзін сүйіп, өзі үшін бүкіл тəуекелдерге баруды үйретуші «ұстаздар» рухани дағдарыс кезеңіне тап болып, өмірден өз орнын таба алмай жүрген қарапайым көпке тура бағыт берудің орнына одан ары тығырыққа тіреп, солардың есебінен қалталарын қампайтуда. Ұлттық құндылықтарды дəріптеп, бабалар тəлімімен өсуі тиіс жастар нағыз өліара кезеңмен оның ішінде «аңқау елге арамза молда» көбейген уақытпен бетпе-бет келді. «Бүгініңмен өмір сүр», «Сен ешкімнің құлы емессің», «Ең қымбат киім ки, ең қымбат жерде қыдыр, өйткені сен соған лайықсың, бақыттың, барлықтың аурасын сезін», «Басыңды бағала, күйеуің саған бриллиант тақсын, себебі сенің құның ол тастан қымбат» дейтін желі психологтары талай жасты жолынан жаңылдырды, талай отбасының талқанын шығарды, талай жасты ата-анасынан бездірді. Бұл күнделікті кездесіп, өзіміз куə болып жүрген зауал. Тойынған замандағы рухани аштық осы болар. Бізде «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген мəтел бар еді. Бүгін сол тоқ балалар аш баламен ойнап жүр. Тура мағынасында. Инстаграммды ашып қарай беріңіз. Қалтаңда соңғы екі мың теңгең қалса, соған қымбат рестораннан бір шыны аяқ кофе болса да алып іш, ештеңеге байланба, кедей, бақытсыз адаммен араласпа» дейді бір психолог коуч. Барлық пен байлықтың аурасы қай кезде сезіледі? Адам қай кезде жақсыға лайық? Негізі, қарапайым көп онсыз да бақытты еді, адал еңбекке сүйенсе, қолынан келетін кəсібін істесе лайықты асы алдына келетінін білетін. Солай бола берер де еді. Егер ақпараттық технологиялар жетістігін (əлеуметтік желілерді) осы «психолог жұлдыздар» өнер мен білімді, кітапты, қол еңбекті, ізет пен құрметті дəріптеуге жұмсаса. Бізде қалай болды? Аста-төк дастарқан мен жарқыраған киім, сол психологтардың шетелдегі əдемі өмірі, амбассадор жұлдыздар жарнамасы тоғышарлықтан азат елдің көңіліне құрт салды, санасын улады. Оның аяғы (жалғасы дейік, ол үрдіс əлі де асқынып тұр) ауыр қасіреттерден көріне бастады. Айфон үшін көпірден секіріп, қызыл кеңірдек боп керісіп, жақынынан кетісіп, депрессияға түсіп жатқандар жетеді. Миына құрт, жүрегіне запыран боп қадалған аурудың салдары осылай мың бір түрлі бəле боп оралып жатыр… Осындай олқылықтың бəрі психология саласына реформа мен қайта құрылымдау жұмыстарын қажет етіп отырған-ды. Ендеше бұндай шаласауат рухани ұстаздарға қарсы қайран не еді?! Əрине, заң. Мəжілісте талқыға «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасына депутат Айна Мысырəлімова жетекшілік етті. Оған Мəжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері жəне сала сарапшылары қатысты. Олар психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастыру, психологиялық көмекті медициналық қызметтен ажырату мен психологтардың мемлекеттік тізілімін құру сынды мəселелерді талқылады. Сонымен қатар психологтарды даярлауға қойылатын бірыңғай талаптар мен кəсіби стандартты енгізу жайы да қарастырылды. Жалпы құжат жобасы кəсіби психологиялық көмектің сапасын арттыруға жəне халыққа көрсетілетін қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Егер талқыдағы заң жобасы қабылданып, қолданысқа енсе, жоғарыда айтылған жалған психологтарға қатысты құқықтық негіздер қалыптасатыны анық. Ол көптеген жүгенсіздікке тоқтау болар еді. Ұлттық құндылықтарынан ажырап, психологиялық депрессияда жүрген қоғам жалған мамандарға емес, кəсіби стандарттарды түсінетін жоғары білімді мамандарға жүгінер еді. Халық денсаулығы ең алдымен психологиялық көңіл-күй мен рухани кемелдікпен жақсарады. Ендеше, бұл мəселе қоғам болып талқылайтын ең өзекті тақырыптардың бірі.
Ж.ҚҰДАЙБЕРГЕН


