Алматы тұрғыны көршісімен болған төбелестен кейін қылмыстық іске тартылып, басы дауға қалды. Алайда, ол өзін заңсыз тергеудің құрбаны болғанын айтады. Айтуынша, іс жалған медициналық құжаттарға негізделіп отыр.
Оқиғаның желісіне тоқталсақ, өткен жылдың желтоқсан айында екі көрші арасында жанжал туындаған. Сол кезде №12 қалалық аурухана екеуінің де жеңіл жарақат алғанын растаған. Бостандық аудандық полиция бөлімінде бұл жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабы, яғни «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ көп ұзамай іс қайта қаралып, Джеладин Рахимжановқа қатысты бап ауырлатылып, ал көршісіне тағылған айыптар мүлде тоқтатылған. Осы оқиғадан кейін көршісі медициналық мекемелерге жүгініп, жалған медициналық анықтамалар мен КТ суреттерін алған.
Бұл тұрғыда Джеладин Рахимжанов: «Оқиға болған күні көршім жедел жәрдеммен №12 қалалық ауруханаға жеткізілген. Онда оған барлық анализ бен рентген жасалып, ешқандай сынық немесе ауыр жарақат анықталмаған. Травматолог оны қарап, тек көгеру мен жеңіл соққы белгілерін тіркеген. Екеуміздің де жарақатымыз жеңіл деп бағаланды. Бірақ ол екі күннен кейін жалған анықтама алып келді. Оның үстіне, бұл әрекетті жүзеге асырған полиция қызметкері еңбек демалысында жүрген кезде КТ суреттерін тіркеп, сол бойынша қосымша сараптама тағайындаған. Біз адвокатпен бірге шағым мен өтініш бергеннен кейін прокуратура демалыста болған қызметкердің әрекетін заңсыз деп таныды. Алайда олар жалған КТ суреттері мен дәрігердің жалған қорытындысын істе қалдыруды әлі де тоқтатқан жоқ және олардың қайдан алынғанын тексеруден бас тартып отыр », – дейді ол.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері жалған құжатты тексерместен іс материалдарына қосқаны салдарынан 10 айдан астам уақыттан бері прокуратура және полиция органдары заңсыз және негізсіз түрде қудалап, барлық айыптау соған ғана тағылып отыр.
Ал Рахимжановтың адвокаты Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметті бақылау комитетіне диагноздың дұрыс қойылмағаны туралы шағым түсірді.

«Нәтижесінде сол дәрігер мен ауруханаға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Министрлік тексеру барысында диагноздың жалған екенін және ешқандай жарақат анықталмағанын растады. Тіпті сол КТ суреттері тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен қайта тексеріліп, жарақат белгілері табылған жоқ. Министрлік ресми тексеру актісін және қорытындысын берді. Екі сарапшы мен үш маманның қорытындысында зардап шегушінің ешқандай жарақаты болмағаны және ешқандай ауырлық дәрежесі анықталмағаны жазылған. Бұл құжаттың барлығын прокуратура мен полицияға тапсырдық, бірақ олар ресми дәлелдерді мойындаудан бас тартып, керісінше күмәнді жалған деректерге сүйеніп отыр», – дейді Алматы адвокаттар алқасының мүшесі Мұрат Жексембаев.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті өз түсіндірмесінде істің заң аясында тергеліп жатқанын мәлімдеді.
«Бостандық аудандық полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы, яғни «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша іс тергелуде. Тергеу аяқталуға жақын, жақын күндері іс сотқа жіберіледі», – деген Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек екі тараптың да өтініші қаралғанын жеткізді.
Бірақ Рахимжановтың адвокаты Мұрат Жексембаев істі қайта қарап, құжаттардағы сәйкессіздіктерге құқықтық баға беруді сұрап отыр.
«Себеп – Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция және прокуратура органдары тарапынан заңсыздық пен әділетсіз тергеу болды. Бұған қоса, прокуратура Рахимжановты қорғау дәлелдері мен құжаттарын іс материалдарына қосудан бас тартты. ҚР ҚПК-нің 297-бабына сәйкес, кез келген айыпталушы өз ұстанымын білдіруге құқылы және бұл материалдар сот бағалауы үшін іске тіркелуі тиіс. Бірақ тергеуші адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмады», – дейді авдокат.
Енді негізсіз айыпталып отырған тарап кінәсіз екенін дәлелдеуге мәжбүр екенін айтып, іске Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің араласуын өтінуде. Оған бұлтартпау шарасы тағайындалып, ал іс алдағы күндері сотқа жіберілмек.


