…Ілгерірек жылдары Нәкең, судья Нәсіпқали Қожымұлы Жақыповпен бір кабинетте үш жыл қатар отырып қызмет жасағаным бар.
Қала төңірегіндегі Зеленов аудандық сотының төрағасы болып жұмыс жасап, зейнет жасына толуына байланысты доғарысқа шыққан Нәкең ширек ғасырдан астам қызмет еткен сот саласын қимады ма, әлде әріптестерін сағына ма, облыстық сотқа жиі келгіштеп жүрді. Тап осы кезде ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің облыстардағы Сот әкімшілерінің жанынан ішкі қауіпсіздік қызметі ашылды да, оған келісім қағидасына сәйкес бас маман міндетін атқаруға кәсіби қызметкерлермен қатар, доғарыстағы судьяларды да қызметке алуға рұқсат етілді. Бұл Нәкең үшін «Құланның қасуына, мылтықтың басуындай» дөп келді. Облыстық сот басшылығы соттың өз шекпенінен шыққан, зейнет жасына қажымай тың жеткен, судьялық қызметінде мін болмаған Нәкеңді қош көрген.
Достық даңғылының бойындағы күрделі жөндеуден өткізілген сәулетті ғимараттың облыстық сотқа берілгеніне онша көп болмаған, сыңғырлап тұрған уақыты. Сол жылдары жаңадан құрылып, осы ғимараттың бесінші қабатын түгел жайлап отырған Батыс Қазақстан облыстық сотының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты дербес мекенжайға көшті де, даңғарадай кабинеттер босап қалды. Облыстық сотта бас маман – баспасөз хатшысы болып жұмыс жасап жүрген маған да осындай кең де, әсем кабинеттің бірі бұйырып, мына ат шаптырым үлкен бөлме шынымен жалғыз өзіме ғана бұйырғаны ма деп дағдарыңқырап отырғаным сол еді, менің елегізген көңіл-күйімді тура сезгендей кеңсе басшыларының бірі Нәкеңді ілестіріп келіп, осы кабинетке, қарсыма орналаса беруді ұсынды.
Бұрын судья, аудандық сот төрағасы болған, қазіргі лауазымы да дырдай, судьялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болғанымен, шіреніп немесе әлдебіреулердей ізгіленіп, кісімсіп жүрген жан жоқ. Әудем уақыт өткенде төменде жүретін приставтар-ау деймін, бір-екі жас жігіт кеңес заманында кеңселерде тұратын ескілеу модельдегі үлкен столды әкеліп, кіргізіп беріп кетті. Оның артынан ескілеу компьютер келді. Бірақ оны Нәкең іске қосқан жоқ. Қоржынынан қағаздарын шығарды да, қаламсабымен сыпқыртып бірдеңелерді жазып тастап, лып етіп шығып кетті. Бір келгенде қолына күнпарақ тұғырын ұстап келіп, столына қойды. Енді бірде көнетоздау темір киім ілгішін алып келді. Екінші күні терезенің алдына гүлді құмыралар жайғастырылды. Сөйтіп, Нәкең аннан-мұннан құрап, жағдайды өзіне-өзі жасап жатты.
Біраз күн өткенде алдына бір қара, бір ақ телефон келді. Бар гәп қара телефонда болды-ау деймін. Іле-шала қара қобдишаның номерін «сенім телефоны» деп, газетке хабарландыру әзірледі. Оның мәтінін де маржандай етіп тізіп, қолмен жазды. Газетке ол күйінде беруге болмайды.
– Әбес, мынаны компьютеріңе басып берші, – деп маған әкеліп берді. Өзінің компьютері әлі қосылған да жоқ.
Бақсам Нәкең, компьютердің тілін әлі меңгермеген екен. Күндердің күнінде үйренбекші болып, компьютерін қостыртып алды. Әріптерді жем шоқыған құстарша бір саусақпен түрткілеп отырғаны. Онымен өндіре алмайды. Ал қаламсаппен жазғанда қағаз шыдатпайды. Жұмысты отырып емес, жартылай жүріп жасайды. Спорт десе арқасы қозады. Оқтын-оқтын сол жылдары дәліз түкпірінде орнатылған теннис үстеліне барып ойнап, қара терге малшынып қайтатынын қайтерсің. Мұндайда ол тіпті өзінің пайғамбар жасынан асып кеткенін де естен шығарып алатындай. Бақсам спорт Нәкеңнің бала жастан бойына дарыған айнымас серігі екен. Тіпті жастау кезінде спорт қайраткерінің нақ өзі болыпты.
Нәкең 1942 жылы 10 қаңтарда Тасқала ауданының І Шежін ауылында дүниеге келген. Әкесі Қожым ел қорғауға майданға аттанғанда, іште қалған үш айлық нәресте, қатарының алды болып жетілді. Онжылдықты бітіргесін заманының ауанына қарай қалыптасқан тәртіп бойынша Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеуге аттанады. Бақандай үш жылын Еуропа жерінде өткізіп, азаматтық борышын Германияда өтеп, елге есейіп, жастық жалыны лапылдап, отаншылдық рухы тасқындап келген Нәкең жұмыс бабын қарастырмақ болып ат басын бірден аудандық комсомол комитетіне тірейді. Ондағылар «Қайда барғың келеді?» – деп сұрауын сұрағанмен, жігерлі жас жігіттерді аса қажетсініп тұрған ішкі істер органына барғанын хош көреді.
Барса милиция бастығы барып тұрған чекистің шекілдеуігінің өзі екен. Жас жігітті сағат бойы тергеудің астына алады. Саусағында темір сақинасы бар еді. «Мынауың не, неге тағасың?» деп бейне бір шпион көргендей шұқшияды. Аудандық ішкі істер мекемесінен безінгендей болып шыққан жас жігіт енді аудандық сотқа бас ұғады. Ондағы сот төрағасы: «Өз орнымды босатып бермесем, беретін жұмысым жоқ» деп сыңар езуленеді. Әлқисса, арада жылдар өткенде Нәкең тап осы кабинетте, нақ сол сот төрағасын алмастырып, орнына отырады. Ол жөнінде сәл кейінірек…
Заң, қоғамдық тәртіп төңірегінде қызмет жасағысы келген арманы әп- сәтте сағымға айналып, ақыры аудан орталығындағы Ленин атындағы кеңшардың жұмысшылар кооперациясына барып, әскерден меңгеріп келген жүргізушілік мамандығын жалғастырып, мекеменің темір тұлпарының тізгінін тартады.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын, волейболдан, жалпы дене шынықтыру дайындығынан спорттық разряды бар жас жігіт шоферлық кәсібін атқара жүріп, қолы қалт еткенде спорт секцияларына барып, жарыстарға қатысып көзге түседі де, күзге салым Камен (қазіргі Тасқала) орта мектебіне дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін оқытушылық қызметке шақырылады. Кейін аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне нұсқаушы қызметіне ауысады. Іскерлігіне қоса, ұйымдастырушылық қабілетін таныта білген ол қызметте тағы өрлейді. Халық депутаттары аудандық комитетінің жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып тағайындалып, оны сегіз жыл үзбей атқарды. Осы жылдары Тасқала өңірінің спортында Нәкеңнің өшпес қолтаңбасы қалды. 1979 жылы ауданда қазақша күрестен Кеңес Одағының Батыры, тасқалалық Садық Жақсығұлов атындағы републикалық біріншілік ұйымдастыруға ұйытқы болды. Сол дәстүр күні бүгінге дейін берік орнығып қалды.
Аудандағы билік органдарын төңіректеп жүріп, сырттай жоғары заңгерлік мамандық алып, 1977 жылы Тайпақ аудандық прокуратурасының тергеушісі қызметіне тағайындалды. Осы салада екі жыл қызмет істеп жүріп, судьялық лауазымға ұсынылады. 1987–1990 жылдары Фурманов (бұрынғы Жалпақтал, кейін Казталовка) аудандық сотының төрағасы болды.
…Әлқисса, енді осы мақаланың бас жағында оқырманды емірендіріп кеткен оқиғаға оралайық. 1990 жылы сәуір айында Зеленов аудандық сотына төраға болып тағайындалып, баяғы әскерден келгенде бас сұққан аудандық сот ғимаратына келсе, сол баяғы кабинет. Ештеңе өзгермеген. «Өз орнымды босатып бермесем, беретін жұмысым жоқ» дейтін қыңыр төраға ғана көзге көрінбейді. Күндердің күнінде бұл сотқа келердің алдында ғана зейнеткерлікке шығып кеткен әлгі төрағаны көшеден жолықтырып:
– Кезінде маған айтқан сөзіңіз есіңізде ме, сол тұста болмағанмен, ақыры орныңызға отырдым, – дейді, өткен күндерді еске алып, бір жағынан әзілге шаптырып.
– Дүние дөңгелек деген осы, інім, болмайтын кезде күштесең де ала алмайсың, кезегің келсе қашсаң да құтылмайсың, орның құтты болсын! – деп күліп, екеуі құшақ айқастырған.
Шынында да, бұл Нәкеңе құтты орын болды. Өзінің жайлы, жайсаң мінезімен, адамгершілік қабілетімен елге жұғымды, ісіне адал Нәкең қызмет бабымен судья болған екі ауданда да екі мерзім қызмет жасады. Ал соңғы судьялық қызметін атқарған Зеленов аудандық сотында 2005 жылғы шілде айында зейнет жасына толып, доғарысқа шыққанға дейін күректей он бес жыл бойы отырды. Белсенді қоғамдық қызметі үшін «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Нәкең доғарыста жүрсе де дамыл тапқан емес. Үш жыл облыстық соттың ішкі қауіпсіздік қызметінде істегеннен кейін, облыстық жұмыспен қамту, үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында заңгерлік қызмет атқарды.
Қайда жүрсе де сот жүйесіндегі әріптестерінен қол үзген жоқ. Зейнеткерлікте жүріп соттың қоғамдық өміріне араласты. Соттың ардагерлер кеңесінің жұмысын ұйымдастыруға атсалысты. 2013 жылы Батыс өңірдің ардагерлері атынан астанада өткен республика судьяларының VІ съезіне қатысты. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп бара жатқан Нәкең Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Абырой биігінен түспеген абыз ақсақалдың өнегелі жолы кейінгі әріптестеріне жұғысты болғай.
Аманкелді ШАХИН
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ