12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ, медицина ғылымдарының докторы:«ЕКПЕГЕ ҚАРСЫ ТҰРУ ӨЛІМДІ ӨЗ ЕРКІҢМЕН ҚАБЫЛДАУ ДЕГЕН СӨЗ»

– Жақсылық Ақмырзаұлы, медицина саласында реформа көп, өкінішке орай, бұдан саланың жұмысы жақсарып кетпеді, ауруханада қаптаған кезек, дәрілер жетіспейді, емдеу сапасы төмен… Қоғамда мұны саланы жайлаған жемқорлықтың, кадрлар біліксіздігінің салдары деп қабылдаушылар аз емес. Медицинаның басы-қасында жүрген тұлға ретінде бұған қандай уәж айтасыз?
– Мұндай пікірлермен келіспеймін. Өйткені, тәуелсіздік алған жылы отандық медицина елдегі барлық сала секілді өте ауыр жағдайда болды. Дәрі-дәрмек жетіспеді, туберкулез, қант диабеті сынды аурулар өршіп тұрды, қатерлі дерттерге қарсы екпе жасау қаржының тапшылығынан мүмкін болмады. Осының салдарынан адамдардың өлімі артты. 1998 жылы қабылданған Халық денсаулығы бағдарламасы бұл жағдайдың себебін айқындап, сала жұмысын жүйелеуді көздеді. 2004 жылға дейінгі аралықты қамтыған осы шара денсаулық сақтау ісіндегі реформаның басы болды. Оның арқасында медицинаны қандай жүйемен құратынымызды айқындадық. Қаражаттың дені стационарға жұмсалып келіпті. Мұның өте қымбат тұратынын зерделеп, медицинаның қолжетімді қызметтері – емхана, амбулаториялық емге басымдық беру қажеттігін зерделедік. Сырқаттану елеулі деңгейде азайды. Одан соң 2005–2010 жылдарды қамтыған бағдарлама қабылданды. Онда алдыңғы бағдарламаның нәтижесі болғаннан кейін қаржыны амбулаториялық көмекке бөлдік. Тегін дәрі алу, тегін вакцинация жасау, амбулоторияда халықты көбірек қамтып, егер одан нәтиже болмаса стационарға жіберетін жүйе іске қосылды. Онан соң 2011–2015 жылдарға арналған Салауатты Қазақстан бағдарламасы қабылданды. Бұл жоспар бойынша ауылға көбірек көңіл бөлініп, ондағы қауымның жан басына бөлінетін қаржы көлемін арттырдық. Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Мұнда Қазақстанның бүкіл өңіріне бөлінетін қаржыны теңестіру мақсат етілді. Келесі бағдарлама 2016–2019 жылдарды қамтып қабылданды. Оның аясында бүкіл қаражат медициналық қызмет бойынша комитетте болады. Мұның бір тиімдісі қай республиканың қай өңірінде тұрсаңыз да стационарлық аурухана, емхананы, тіпті учаскелік аурухананы да
өзіңіз таңдайсыз. Жылына бір рет әрбір азаматқа осындай құқық берілген. Ақша емделушіге барып, емханалар арасында бәсеке тудырады. Одан соң міндетті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу
көзделді. Дамыған елдерде сақтандыру медицинасы екі бағытта жұмыс істейді. Бізде қаржыландыру үш көзден болсын деп шештік, ол бойынша емделу ақысын Үкімет, жұмыс беруші және емделуші адамның өзі төлейді. Үкімет балалар, мүгедектер, зейнеткерлерді емдеуге қаржы бөледі. Яғни, елімізде 19 млн адам болса, соның 10 миллионының емдеу шығыны үкіметтің мойнында. Қалған 9 миллион адамның жартысы жұмыс берушілер, жартысы жұмысшылар. Ауырып қалған азаматтардың жұмыс істеген, істемегеніне қарамай емделу шығыны қор есебінен жабылады. Бұл жүйе жиырмасыншы жылдың бірінші қаңтарынан жұмыс істеуі керек еді. Өкінішке орай, елдегі төтенше жағдайға байланысты 1 шілдеден басталатын болды. Қазір
жұмыс жасағанға да, жасамағанға да үкімет төлеп отыр. Соңғы бағдарлама 2020–2025-ке арналып отыр. Демек денсаулық сақтау ісіндегі реформа жалғаса береді.
– Жұмыссыздық артқан тұста міндетті медициналық сақтандыру денсаулық сақтау ісін алға жылжытады деп сену тұлыпқа мөңіреген сиырдың керін келтірмей ме? Оның үстіне, мамандар тапшы, барының біліктілігі ойдағыдай емес…
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, 19 миллион халықтың 10 миллионының емдеу шығынын үкімет өтеп отыр. Қалған 9 млн халықтың 6,5 миллионының тұрақты табыс көзі бар. Олар бюджет, компания қызметкерлері, өндіріс жұмысшылары. Тек 1,5 млн халық өзін жұмыспен қамтығандар. Бұл сан 2050 жылға дейін азаюы керек. Ұлттық қорда екі портфель бар. Бірі келешектің қаржысы болса, екіншісіндегі 70 млрд доллар әлеуметтік сала мұқтаждығына жұмсалады. Елімізде экономиканың әртараптандырылуының арқасында жұмыс орны көптеп ашылуда. Қазір, әсіресе, жол мен үй құрылысы қарқынды жүруде. Мұның бәрі жұмыс орны, яғни 1,5 млн адамның нәпақасы және міндетті медициналық қорға аударатын жарнасы. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ.
– Иә, солай боларына сенейік. Бірақ, бұл ретте бәрібір маман мәселесінің өзектілігін жоққа шығармаймыз. Әсіресе, ауылдық жерлерде дәрігерлер, орта дәрежелі медицина мамандары тапшы ғой…
– Бізде негізінен эпидемиологтар жетіспейді. Дамыған елдерде де бұл мамандар аз. Өйткені, бұған дейін ол
жақта инфекция аз болды. Коронавирус жағдайында ең үлкен күш эпидемиологтарға түсіп жатыр. Өйткені, олар тергеушілер секілді жұмыс істейді. Инфекцияның қайдан шыққанын, кімге жұққанын, одан әрі қайда бару мүмкіндігін анықтап, әрекет етеді. Қазіргі жағдайда бізге 800 эпидемиолог керек. Рас, ауылда дәрігер жетіспейді. Тұрмысқа қажетті инфрақұрылым болмағандықтан жас мамандар ауылға баруға құлықсыз. Ата-аналары да қаламайды. Оларды зорлап жібере алмаймыз. Бұл мәселенің үкімет оң шешімін тапты деп есептеймін. Мысалы, оқу бітірген түлектер жолдамамен үш жылға ауылға жіберілмек. Алыс аймақтарға барып жұмыс істейтін болса, ақылы бөлімде оқитын студенттердің төлемі елу пайызға дейін азайтылмақ. Мұндай қадамдар ауылдағы маман тапшылығынан арылтады деген үміттеміз.
– Жұртшылық мемлекеттік емдеу орындарындағы дәрігерлерге сенбейді. Сондықтан көбіне жекеменшік емханаларға қаралғанды дұрыс көреді. Олардағы қызмет сапасы ақылы болғандықтан артық деп санайды. Мемлекеттік емдеу орындарында тек дәрігерге қолақысын ұсынса ғана дұрыс қарайды деп білетіндер аз емес…
– Жекеменшік емханалардың қызмет сапасы артық деген жалған ұғым. Өйткені, барлық осы заманның озық
құрал-жабдықтары негізінен тек мемлекеттік емдеу орындарында. Онда жүректі, өзге адам ағзасының маңызды органдарын ауыстырып жатыр. Жекеменшік емдеу орындарында жасалып жатқан операцияның мөлшері әлдеқайда төмен. Ауыр, күрделі операциялардың барлығы мемлекеттік емханаларда жасалады.
Олардағы палаталардың оңашалығы, қолайлылығы артықтау болар. Мұндай ақылы жатын жайлар мемлекеттік емдеу орындарында да бар. Жауапсыз мамандар әр салада да кездеседі. Алаяқтық барлық жерде бой көрсетуде. Осы ретте біз міндетті медициналық сақтандыруға үлкен үміт артып отырмыз. Өйткені, онда табысың қызметіңнің сапасына, көлеміне сай болады. Негізі біздің халық өз денсаулығына мән бермейді. Өзімізден бұрын балалар мен немерелерді, туыстарды ойлаймыз. Американың медицинасын мақтаймыз. Ал, ол елде медицинадан бұрын адамдардың өз өмірі үшін жауапкершілігі жоғары. Бұл емдеу ісінің оң нәтижесіне әсер ететін бірден-бір фактор. Біз де міндетті медициналық сақтандыру арқылы осы нәтижеге жетуге тиіспіз. Шын мәнінде біздің медицинаның деңгейі ешбір елден төмен емес, тәуелсіздік алған жылдар ішінде денсаулық сақтау ісі қарыштап дамыды. Кез келген елдің денсаулық сақтау ісі трансплантологияның даму деңгейімен айқындалса, Қазақстан бүгінде оның көш басында деп батыл айтуға болады. Елімізде жүрек, бауыр, бүйректің ауыстырылуы әдеттегі шаралардың біріне айналды. Бұл үлкен
жетістік. Біз осы арқылы медицинаның шыңына жетіп отырмыз. Сондықтан отандық медицинада сапасыз реформа көп деп айту орынсыз. Олардың бәрі дер кезінде қабылданған оң шешімдер.
– Трансплантология демекші, Денсаулық кодексінің жаңа редакциясында осы мәселеге қатысты көрініс тапқан талаптар қоғам тарапынан үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Елімізде трансплантологияның енгізілуіне мұрындық болып, оның құқықтық негізін жасаған маман ретінде елге не айтасыз?
– Қоғам өлген кісіге тиіспеңіз, ағзасын алмаңыз, жерлеп тастаңыз дейді. Ал, бүгінгі таңда 3800 адам ағзасын ауыстыруға мәжбүр. Соның ішінде 2500 адамға бүйрек қажет. Олардың ішінде он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас балалар бар. Олар біздің ағзамызға сай бүйрек қашан табылады деп екі көзі төрт болып күтуде. Тек өздері ғана емес, олармен бірге бүкіл отбасы мүшелері қиналуда. Әр отбасында кем дегенде бес адам болады деп есептесеңіз, бүгінде он бес мың адам донор жетіспеушілігінің зардабын шегуде. Өлген соң ағып кететін мүшелерді неге оларға салып, өмірін сақтап қалмаймыз?! Онсыз да санымыз аз халықпыз. Бұл ұлтты қорғайтын шараның бірі емес пе?! Адам өзінің терісін киіміндей көру керек. Жан шығып кеткен соң киім тозды деген сөз. Бірақ, өкінішке орай, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Меніңше, біздің замандастар өзінің еліне, бауырларына жаны ашымайды.
– Жұртшылықта бұл бизнеске айналып кетеді, адамдар ішкі органдарын алу үшін қасақана өлтіріледі деген қорқыныш бар. Бұған құжатқа еуротрансплант деген ұғымның кіру мүмкіндігі себеп болғандай…
– Бұл жалған әңгіме. Бізде алты жерде органдар ауыстырылады. Оның кімге салынғанын біз айтпаймыз, тіпті
салынып жатқандар дене мүшелерінің кімдікі екенін білмейді. Ағзаға сәйкес келу керек. Ал, бірге туғанның органдары бұл талапқа сай келмеуі мүмкін. Қайтыс болған жанның параметрін компьютер іздейді. Дене мүшелерімді сатам деген хабарландыру беретіндердікі бос сөз. Оның үстіне заңда бұл қылмыс ретінде
айқындалған. Сатқан да, сатып алған да сотталады. Адамның дене мүшесі базарға апарып сатылатын ет емес қой. Дамыған елдерде адам қайтыс болғаннан кейін ешкім рұқсат сұрамай ды да. Оларда еуротрансплант жолға қойылған. Ішкі органдар қажет болған адамға салынуы үшін Францияға, Германияға кетуі мүмкін. Біз де осы норманы енгізбек болғанбыз, өйткені, балалар үшін органдар табу қиын. Тым болмаса
Еуроазиялық одақ аясында осы талап бекітілсе, бір-бірімізбен орган алмасатын мүмкіндік туып, соның арқасында көптеген жандардың өмірін арашалап қалар едік. Өкінішке орай, бұған бүкіл қоғам қарсы тұрды. Дәрігер ретінде мен мұны дұрыс бағаламаймын. Негізі әркім өз шаруасымен айналысуы керек қой. Өздеріне қатысы жоқ іске төрелік айтудың қажеті жоқ. Мәжілістен өткен Денсаулық кодексі жобасына қайтыс болған адам тірі кезінде рұқсатын берсе ешкімнен сұрамай, органын донор ретінде алуға болады деген норма енгізілді. Егер ол тірі кезінде мұны айтпаса онда туыстарынан сұрау керектігі де көзделді. Қолданыстағы заңда мұндай талап көрсетілмеген. Осының салдарынан біз бірнеше рет соттасуға мәжбүр болып, ақырында жеңдік. Бірақ біздің міндетіміз соттасу емес, адам емдеу. Сондықтан кодекстің жаңа жобасында бұл шараны заңдастырып қойдық.
– Денсаулық кодексі жобасындағы халықты жаппай егу шарасына қатысты да дау туды. Осының ақиқатын сізден естігіміз келеді…
– Қазіргі таңда 21 екпе жасалады. Соның ішінде 17-сі республикалық бюджеттен, 4-і жергілікті бюджеттен
қаржыландырылады. Олардың дені дауасы жоқ сырқаттардың алдын алу үшін жасалады. Өйткені, олармен ауырса, өледі. Жаңа құжатта осы екпелердің бірі – cалмонеллезге қарсы екпе алынып тасталды. Екпелер міндеттелетін және ұсынылатын болып екі топқа бөлінді. Міндеттелгендердің көбі балаларға қатысты. Бірақ, ешкімге мәжбүрлеп вакцинация жасалмайды. Тек ата-аналарға жасату керек деп айтылады, егер олар
қаламаса қолхат жазу талап етіледі. Егер балаларынан инфекция табылса, олар өзгеге жұқтырмас үшін оқшауланатын болады. Екпеге қарсы тұру өзіңе жіберілген өлімді қабылдау деген сөз. Балабақшаға баратын балалардың 95 пайызы егілген болу керек. Осындай жағдайда ғана егілмеген бес пайыз балаларды жіберуге болады. Бірақ, кейін ауырып қалып, шетінеген жағдайда жауапкершілік ата-анасында. Халықаралық тәжірибе
бойынша Америка, Румыния, Италия, Франция, Бельгия, Чехияда мектепке, балабақшаға екпесіз кіруге шектеу енгізілген. Еуроодақ елдерінде екпе жасамағандарға 100-ден 500 долларға дейін айыппұл енгізілген. Германияда екпеден бас тартқаны үшін 2500 еуро айыппұл төлейді. Ал, Пәкістанда екпеден бас тартқандарды тұтқындайды.
– Екпелердің сапасы төмен, соның салдарынан балалар айықпас ауруға шалдығуда, мүгедек болып қалуда деген әңгімеге не айтасыз? Кейбір дәрігерлердің өзі мұны жоққа шығармайды.
– Бұл да негізсіз әңгіме. Біз екпелерді Бельгиядан, Америка құрама штаттарынан, Жапониядан аламыз. Олардың бәрінің сапасы өте жоғары. Қымбат болса да Үкімет ел келешегі балалар үшін қаржыны аямай сатып алуда. Меніңше, екпе жасатпаймын дейтін кейбір атааналардың әрекеті өз баласының өмірін қауіпке тігумен тең. Мұның ешқандай діни сенімге қатысы жоқ деп ойлаймын. Сауд Арабиясына қажылыққа баратындарды екпесіз қабылдамайды. Сол секілді екпенің салдарынан ауруға шалдықты деген де бос сөз. Екпеден кейін тек қызу көтерілуі мүмкін. Осы шара кері әсер етті, аутизмге, сал ауруына шалдығып қалды дейтіндердің артында арандатушылар, сол арқылы үкіметтен мол өтемақы өндіруді көздеушілер тұр. Бірақ,
осындай түрлі қауесеттерге қарамастан бүгінгі таңда халықтың 95 пайызы екпе жасатып жатыр. Осыған қуанамын.
– Коронавирус таралғаннан бері екпе адамды чиптендіру мақсатында жасалмақ деген қауесет те ел ішінде жайылып кетті…
– Ол да бос әңгіме. Өткенде Досқалиев айтты деп уатсап желілерінде дыбыстық хабарлама таратылыпты. Ол да адамдардың сенімімен ойнағысы келетін теріс пиғылды жандардың ойынан туған әрекет. Біз тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуіміз керек.
– Бүгінде қоғамды екіұдай күйде қалдырған коронавирус жайлы не айтасыз?
– Бұл инфекцияның үш штаммы бар. Еуропа мен Америкада тараған штамм агрессивті болды. Сондықтан оларда ажал құшқандар саны көбейіп кетті. Қытайдағы инфекцияның штаммы одан сәл аздау болды. Бізге Қазақстанға жеткені одан да төмен. Оның үстіне, вирус алғаш Қытайдың Ухань қалсында тіркеле бастаған кезден бастап біздің үкімет оның алдын алудың барлық шараларын іске қосты. Індет ошақтарынан өз азаматтарымызды ауру жұқтырмай тұрғанда алдырып, оларды оқшаулады. Соның арқасында бізде бұл ауру кең таралмады. Өлім құшып жатқандар да аз. Бұл өте қауіпті вирус. Оны жұқтырды дегендер толықтай тәуір болып жатқан жоқ. Олар тек өлімнен қалды. Бірақ, өкпелерінің қырық пайызын жоғалтты. Оны қалпына келтіру үшін үнемі дәрігер бақылауында болып, ем қабылдау керек. Бұл вирусты өтірік деп жатқандар бар.
Еуропа, Америкада, Испанияда халық бұл вирустан қырылып жатыр. Олар еріккеннен қызып тұрған бизнестерін жауып жатқан жоқ. Бұл елдер өз халқын жоғалтпау үшін осындай қадамға барды. Біздің мемлекеттің де ұстанып отырған мақсаты – адамды сақтау. Егер шеттегі адамдарды дер кезінде әкелмей, олар ауруға шалдыққан кезде ғана елге жеткізілгенде жағдай ушығатын еді. Қазір осы сақтық шаралардың жемісін көріп отырмыз. Әлі де осы ұстанымнан таймау керек. Жалпы қандай жағдайда болмасын еліміздің әрбір азаматы өзін сақтау арқылы ұлтты, елді сақтайтынын ұмытпауы тиіс.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

[ratings]

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...