Уақыт бір орында тұрмайды. Заман алға жылжыған сайын қоғам да дамиды, өседі. Сол өзгерістер көшінен кейін қалмау үшін әр сала жұмысын жаңартып отырады. Әсіресе, түрлі бастамаларға мұрындық болып, көптеген реформаларды сәтті жүзеге асырып келе жатқан қазақстандық соттың жаңашылдықтары аз емес. Оның игіліктерін азаматтар да тұтынып, көріп, біліп жүр.
Соттағы жаңа идеялар азаматтардың талап-тілегін орындау, халықты сотқа жақындату мақсатынан туындаған. Айталық, бұрын азаматтар арыз-шағымын сотқа өз аяғымен әкеліп тапсыратын. Бір арызды беру үшін қаншама анықтама, құжат жинауы керек еді. Одан бөлек соттан сұратқан құжаттарына өтініш беру, алу үшін де бірнеше күнін, алтын уақытын жоғалтатын. «Сот кабинеті» бірыңғай сервисінің тәжірибеге енгізілуі азаматтардың бір сәтте бірталай мәселесін шешуге көмектесті. Сервис азаматтарға үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ электронды сандық қолтаңбасының көмегімен арыз жолдауға, қажет құжаттарын шығарып алуына, анықтамаларға кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
Сотқа түскен іс-материалдардың судьяларға автоматты түрде бөлінуі де – сенімді нығайтатын өзгерістің бірі. Бұл судьялар жүктемесіндегі ала-құлалықты жойды. Сонымен бірге, істерді компьютердің көмегімен бөлу халықтың сот ісінің әділ өтетініне сенімін нығайтты. Жаңа технология сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя білді. Осының бәрі – тынбай ізденістің нәтижесі. Халқымыз «Ізденген жетер мұратқа» дегенді осындайда айтқан болар.
Сот отырыстарын бейнеконференц байланыс арқылы өткізудің де тиімді болғаны рас. Бұл жаңашылдықты жандандыру сот отырысына қатысатын жекелеген азаматтардың жұмысын жеңілдетіп, әуре-сарсаңын азайтқан еді. Қазіргі кезде өзін-өзі толық ақтаған бейнеконференц байланыстың соңы онлайн сот отырыстарына ұласты. Коронавирус инфекциясы кезінде көптеген салалар қауіпсіздік үшін жұмысын тоқтатқанда, қазақстандық соттың қашықтан іс қарап, қызметін бір сәт те кешеуілдетпегеніне халық куә. Бүгінде онлайн сот отырысын өткізу қалыпты үрдіске айналды. Әсіресе, онлайн соттың тиімділігін республиканың әр өңірінде өтетін сот отырыстарына бір қалада отырып қатысып келе жатқан адвокаттар қауымы дән риза. Сонымен бірге, жұмыс барысымен өзге қалаларда, шетелдерде жүрген азаматтар да онлайн соттарға қатысудың қолайлы екенін алға тартуда.
Сот саласы бұл жетістіктермен шектеліп қалмайды. Өтініштерді онлайн-құрастыру жүйесінің енгізілуі де сол ізденістің жемісі. Бұл жаңа жүйе сотқа беретін өтінішті дайындап береді. Осы тұрғыдан алғанда бұл жүйені судьяның интеллектуалды көмекшісі деуге әбден болады. Мысалы, үкімді дайындау барысында «Судьяларға көмек модулі» жазаның түрі, түзеу мекемесінің типі, қылмыстың қайталануы, татуласу және шартты соттау мүмкіндіктері туралы айтып, көмек беріп отырады. Соның арқасында судья сот тәжірибесімен тезірек танысуға, сөйтіп, уақытын үнемдеуге мүмкіндік алады.
Сот өндірісін роботтандыру бойынша да серпінді жобалар қолға алынған. Әсіресе, робот-судьялар көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Робот-судьялар нақты алгоритм бойынша жұмыс істейді. Тиісті деректер базасы болған жағдайда, робот бұл жұмысты тез әрі мінсіз атқарып шығады. Дегенмен, шешімге қол қою жауапкершілігі судьяға жүктеледі. Конституциялық талаптар бұзылмайды. Техникалық қателіктерді судьялар өздері түзей алады. Мұндай сот қарауынсыз шешілетін даусыз материалдардың саны аз емес. Ал робот-судьялар осы істерді жедел қарап, судьялардың бар зейінін күрделі істерге бұруына көмектеседі.
Міне, осындай халықты қызықтырған, халықтың жұмысын жеңілдеткен мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта да тәжірибеге енгізілмек. Бұл соттың халық пікірімен санасатынын, ел тілегін ескеретінін, «халықты еститінін» кезекті рет дәлелдейді.
М.Мамутова,
Талдықорған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы