Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның берік негізі. Бұл екеуі – қай саланы болмасын алға жылжытып, дамытатын негізгі фактор. Ал олардың қоғамда берік орнығып, өмір салтына айналуын қамтамасыз етуде цифрлық технологияның алар орны зор.
Бұл – заманауи жүйе қызметтерді қолжетімді етіп қоймай, олардың ашықтығын, талапқа сай жүзеге асуын қадағалаудың да зор мүмкіндігі. Сондықтан, бүгінде елімізді цифрландыру ісі үлкен қарқынмен жүзеге асуда. Əсіресе, əділет органдарына жаңа технология кеңінен енгізіліп жатыр. Бұған Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Президенттің тапсырмасын орындау аясында əділет органдарын цифрландыру мəселелері бойынша өткізген жиыны барысында тағы да көз жеткіздік. Онда құқықтық жүйенің негізгі бағыттарына цифрлық шешімдерді енгізу қарқынын пысықтау, атқарушылық іс жүргізудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сот-сараптама қызметін жаңғырту жəне халықтың құқықтық көмекке қолжетімділігін кеңейту барысы қаралды. Үкімет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу барлық саланың даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өте келе, Мемлекет басшысы күні кеше іске қосқан суперкомпьютер еліміздегі цифрлық дамудың жаңа парағын ашқанына назар аудартты. Бектенов мырзаның айтуынша, бұл – Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер, сондай-ақ аймақтағы ең қуатты есептеп шығару құрылғысы. Оның мүмкіндіктері мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, жоғары оқу орындары мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Сондықтан барлық ведомстволар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс. Жиында сөз алған Əділет министрі Ерлан Сəрсембаев саланың цифрлық трансформациясы жəне жаңа сервистерді енгізу тұрғысында біраз жаңалықты ортаға салды. Министрдің айтуынша, «E-нотариат» жүйесінде 2025 жылдың 1 сəуірінен бастап «Тараптардың жеке кабинеті» пайда болды. Функция борышкерге атқарушы жазбаға онлайн режимде келісім немесе қарсылық білдіруге мүмкіндік береді. Биометриялық сəйкестендіру жəне аумақтылықтың сақталуын бақылау қамтамасыз етіледі. Осы сервисті енгізудің арқасында 450 мыңнан астам азамат хабарлама алды, оның ішінде 43 мыңнан астамы қарсылық білдіру мүмкіндігін пайдаланды. Нəтижесінде осы бағыт бойынша шағымдар саны 20%-ға қысқарды. Атқарушылық іс жүргізу саласына енгізілген «Цифрлық ассистент» көмекшісінің қызметі ғажап екен. Жүйе қаулыларды бақылауға жəне қарызды онлайн төлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке сот орындаушылары (ЖСО) үшін орындау мерзімі туралы еске салу функциясы мен ЖСО-лар арасында атқарушылық құжаттарды автоматты түрде бөлу тетігі де іске қосылған. Министрдің айтуынша, бұл заңсыз уағдаластықтар мүмкіндігін болдырмайды жəне əкімшілік жүктемені азайтады. «Е-Сараптама» жүйесінде тірі адамдарды куəландыру бойынша пилоттық модуль іске қосылыпты. Мұндай цифрлық шешім ұйғарым беруді жəне тексеру шаблондарын пайдалануды автоматтандыру есебінен сот сараптамаларының сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл модульдің адами факторды азайту жəне ашықтықты арттыру мақсатында жасанды интеллект функцияларын пайдаланатын жаңа нұсқасы əзірленуде.
А.ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»