Жақып Асанов: жеке деректердің қорғалмауы – мемлекетке тікелей қауіп

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында жеке деректерді қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі цифрлық әлемде азаматтардың құқығы қағаз жүзінде ғана емес, нақты әрі тиімді қорғалуы тиіс.

Асанов атап өткендей, «көше қылмысы» соңғы 10 жылда тоғыз есе төмендегенімен, мүлікті тонау цифрлық кеңістікке көшкен. Сөз басын ол мысал ретінде жуырда Ақмола облысында болған оқиғадан бастады. 

«Өмірден бір кейс. Жуырда Ақмола облысында 25 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Сонда не істеді? 348 азаматтың жеке деректерін ұрлап, солардың атынан 4 млрд теңгедей кредит алды. Сөйтіп соншама адам банкке бармай, еш құжатқа қол қоймай, ойламаған жерде қаржылық тұзаққа түсіп, қарызға батты…Біз шынайы өмірмен қатар цифрлық әлемде де күн сайын өмір сүріп жүрміз. Бірақ сол өмірде қандай қауіптер бар – соны біле бермейміз», – деді Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Жақып Асанов.

Спикер цифрлық дәуірде жеке өмірді қорғау бұрынғыдай қағаздағы құжаттар мен көшедегі қауіпсіздікпен шектелмейтінін айтты. Смартфон мен интернетке тәуелді өмірімізде азаматтардың деректері алаяқтардың қолына түсіп, заңсыз әрекеттердің нысанына айналып отыр. Конституциялық кепілдік тек қағазда қалмауы тиіс — ол цифрлық кеңістікте де толық сақталуы қажет. Мемлекет үшін бұл — халыққа деген сенімді сақтау және шынайы қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті.

«Осы тұста заңды сұрақ туады: азаматтарымыздың құқығын цифрлық әлемде қалай қорғаймыз? Интернеттегі қылмыскерлерден қалай сақтанамыз? Конституцияда жеке өмірге қол сұқпау туралы 18-ші бап бар. Бірақ ол қабылданған кезде цифрлық әлем қазіргідей дамымаған-тұғын. Интернетте бүгінгідей өмір сүрген жоқпыз. Тек шынайы әлемде жүріп жаттық. Құжаттарымыз да, ақшамыз да қағаз түрінде қалтамызда жүретін. Ал бүгін өміріміздің біраз бөлігін желіде өткіземіз. Телефон деген өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ дәл осы кеңістікте біз қатты осалмыз. Үйде де, көшеде де жүргенде заң қорғаса, ал смартфонда ондай деңгейдегі қорғаныс жоқ. Жеке дерек қолдан қолға өтіп, азамат алаяқтың жемі болып жатқанын күнде көреміз. Әр адам қайда жүрсе де — көше болсын, интернет болсын, өзінің қорғалғанын сезінуі тиіс. Бұл мемлекеттің тура міндеті»,- деді ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов.

Асанов сөз соңында Конституциялық реформа аясында жеке деректерді қорғауды арнайы қарастыру қажеттігін атап, бұл халықтың мемлекетке деген сеніміне тікелей әсер ететінін жеткізді.

СУДЬЯ ӘДЕБІНІҢ КОДЕКСІ – КӘСІБИ ӨЛШЕМДЕРДІҢ ЖИЫНТЫҒЫ

Сот төрелігі – заңды қолдану ғана емес, әділдікті жүзеге...

Салауатты өмір салтына бірге: сотталғандар жолдастық ойын өткізді

Семей қаласындағы футбол алаңында Абай облысы бойынша қауіпсіздігі барынша...

Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту

        Мемлекеттік тіл — кез келген елдің рухани байлығы, ұлттық...

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ

Мемлекеттік тіл – елдің қоғамдық және мемлекеттік өміріндегі маңызды...

Ювеналды соттардың соттылық мәселелері

Қазақстан Республикасының сот жүйесінде соттылық ұғымы – әрбір азаматтың...