«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні ЗК-169/5 мекемесі үшін маңызды мереке. Себебі, мұнда бір-бірін тауып, отбасын құрған жұптар көп. Солардың бірі Ғаламат Құлманов пен Үрзада Жұмаділла.
-Ш.Қабылов атындағы Қостанай Академиясын 2018 жылы бітіріп, Қызылорда қалалық пробация қызметіне инспектор боп келдім. Жас қызметкер болған соң маған Ғаламатты тәлімгер етіп тағайындады. Жұмыс барысында білмегенімді үйретіп, әрдайым көмек көрсетті. Оның қыз балаға деген құрметі мені ерекше баурап алған болу керек. Тұрмысқа шығуға ұсыныс айтқанда бірден келістім,-дейді ЗК-169/5 мекемесі кадр саясаты тобының инспекторы, әділет аға лейтенанты Үрзада Жұмаділла.
Бұл жұптан өзге мекемеде бірге жұмыс жасап келе жатқан Жұманов Есенбек – Жұманова Ләйла, Ашимов Асыл – Жахаева Іңкәр, Тоқсанбаев Шапағат – Майлыбай Гүлфарида сияқты жас жұбайлар бар. Бір салада еңбек етіп, тату-тәтті үй болып отырған жұптарға кейбіреулер қызыға қарайды.
-«Үйлену оңай – үй болу қиын» деген қағида бар қазақта. Шаңырақ көтерген жастар алғашқы жылдары бір-бірімен түсінісе алмай қалып жатады. Ұрыстың басым бөлігі жолдасының немесе жарының жұмыстан кешігуінен туындайды. Ал бір салада жүріп отбасын құрғандарда ондай проблема жоқ. Себебі, олар жұмыс ауқымын, жауапкершілігін бірдей түсінеді. Осы тұрғыдан келгенде біздің мекеменің Қозы Көрпеш – Баян Сұлулары тұғыры берік, ең бақытты жанұялардың бірі дер едім,- деді ЗК-169/5 мекемесі бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Жарас Ауешов.
ЗК-169/5 мекемесі