– Әкесі, қайда жиналдыңыз, тағы да бір нәрсе болып қалды ма? – деді әйелі күйеуінің сабырсыз қимылына таңырқап.
– Тоқтайтын емес, ауылдың малын тауысатын болды тіпті!
Аудандағы жиында бастық шекесін қыздырған жоқ. Былтыр бір жыл ішінде болған мал ұрлығының саны 30-ға жетсе, биыл үш айда бұл ауылдың 12 адамы «малымды ұрлап кетті» деп шағым жазды.
– Күндіз ұйықтап, кешке тойда боласың, капитан Баққараев! Бәсе, екі күннің бірінде келіншегіңді қолтықтап Алматыда жүресің. Қарақшыға қандай жағдай туғызып беріп отырғаныңды білемісің өзі?!
– Мен қалаға жиі бармаймын, басеке!
– Қане, әйеліңнің инстаграмын ашшы, тағы бір тамашалайық, аптасына неше рет тойда жүретініңді!
Жиналғандар дүркірей күлісіп тоқтаған. Іштей әйелін бір сыбап алды. «Не бір әнші не танымал адам болса екен, ішкен-жегенін көпшілікке көрсетіп, көрімдік сұрайтындай».
– Ұрлықтың алдын ал, капитан! Алда – аттестация. Мақтауыңды асырар мінездеме керек шығар?
– Құп болады!
– Бар, онда іске кіріс! Күшің жетпей жатса жедел уәкілдердің бірін көмекке шақыр. Айналайын-ау, ұры сенің ауылыңа көшіп келгеннен сау ма? Басқасы құрып кетсін, чекист шалдың бәйге аты тірі табылса екен. Кеше баласымын деп біреу келіп қызметтік куәлігін көзге тақап, шаптығып кетті. Саған да хабарласады, нөміріңді алған. Жоғалған мал тек жылқы ғана. Бұларың тегін емес, Бозайғыр тауына блок-бекет қойылған, демек, малды көлікке артпай, айдап әкететін болып тұр. Әлде сойып алып жүр ме?
– Еш жерден басы, сирағы не терісі табылмады.
– Табылмаса, тап, капитан Баққараев! Капитаннан конокрад күшті болып тұр. Есеп 12:0. Түсіндің бе?
– Түсіндім, басеке!
Жиналыстан жүні жығылып шыққан ауыл сақшысы түскі ас ішуге де зауқы соқпай, әйеліне телефон соғып бір сыбап алды да көлігін кері бұрды.
Қазанның қара суығы үдеп, формасының сыртынан күртешесін киіп алды. Аудан орталығының қаға берісіндегі жапырайған аялдамада отырған жас жігіт ұшып тұрып, қолын көтерді. Жолай ермек болсын деп тоқтаған. Ұзынқұраққа барады екен.
– Май құйыңыз, – деп 500 теңгесін берді жайланып отырған соң. «Жүргенге жөргем ілінеді» деді ішінен ақшаны көліктің суырмасына тығып.
– Оралмансың ба?
– Қандас деңіз! – дауысы өктем шықты.
– Ұзынқұраққа көшіп келіп пе ең?
– Жоқ, Қытайда тұрамын. Нағашыларыма қыдырып келгем, бүгін ауданды көруге шығып, қайтып барам. Үй араладым, сатып алуға. Пұлы қымбат екен, әкеммен сөйлессем, «Қатыржан бол, юань беріп жіберем» деді.
– Қытайда не тірлік істейді әкең мен шешең?
– Мал бағады, жайлаудан күзеуге түскен, қарашада қыстауға қозғалады. – «Өзі бір сөзі көп адам екен» деп ойлады капитан. Ұзынқұраққа қарай бұрылатын жолайырықтан түскенге дейін жолаушы арғы жақтың көп жаңалығын жеткізді. Мал қымбат екен Қытайда. Әсіресе, жылқы малы. Бәйгеге қосатын жүйріктердің құны тіпті аспандап тұр дейді. Жолаушы әңгіме арасында «осы жақтан әкелген жылқының тұрқы бөлек қой, содан кейін де бағасы қымбат» дегенді де айтып қалды.
– Екі елдің шекарасын темір сымды қоршау бөлмей ме? Ұшқан құс пен жорғалаған тышқан ғана жол табатын темірден мал қалай өтіп кетеді? – Қадала түсуге секем алмасын деп өзі де Сулысай ауылында мал бағушы болып танысқан капитан «мұнда арзанға сатқанша, шіркін сен айтқан Қытайға жөнелтсек қой» деді тамсанып.
– Біздің Белбұлақ ауылынан бірнеше жігіт таудан айдап түсеміз дейтін. Темір тордың астын үңгіп, жылқыны жығып, аяғынан шандып байлап сүйреп өткізетін көрінеді. Рас па, әлде өтірік пе білмеймін.
– Осы жақтан шығарып беруші бар болды ғой онда…
– Ааа, не дейсіз? Иә, осы жерден тоқтасаңыз. Жеткізіп тастағаныңызға рақмет!
Қалай ғана сезбеді екен, қылмыскерлер дәл иегінің астында жүруі мүмкін ғой. Ал бұл жауды алыстан іздеп әлек. Ауылдың ішіндегі күдіктілер тізіміндегілердің арасында Қытайға мал өткізетіндей пысықтары кім? Мүмкін бе бұл? Бірақ, Думан ас, той деп қалаға жиналған күні екі үй ары тұратын көршісі Қосан таудан отын дайындаудың қамына кіріседі. Тіпті малын жоғалтқандар арыз жазған күннен бастап оның да белсенділігі арта түскендей ме, қалай? Бірақ, одан аса күдіктене қоймаған. «Қысып жіберуге» шешесі шақар, одан бұрын не дерек, дәлел, айғақ жоқ. «Жала жапты, күш қолданды» деп өзіне арызданса қайтпек? Үркітіп алмайын десе аңдуға көшкені дұрыс.
Алдымен бастығына телефон соқты. Жұмыста болмайтынын, ұрлықтың бір ұшы шыққанын, ақырына жету үшін тауды кезіп торуылдайтынын айтты. Ауылға келген соң қалаға кететін адамның кейпіне еніп, жеке меншік көлігін жуды. Жолға қамдануды дауыстай естіртіп, әйелін де асықтырды. Қалаға тойға шыққан көлік ауылдан ұзағанда Қосан да атын ерттеген. Органда істеген бай шалдың шабдар жорғасы арғы бетте қымбатқа сатылып, қалталары қампайып күпініп қалған. Енді алты бас тұр. Тау асырып жіберу керек. Өздері «капмент» деп айдар таққан капитанның ауылдан айналшық жегендей ұзап шықпауы қолды байлады емес пе? Аттарды Марктың иесіз қыстауына қамап ұстағалы үшінші күн. Ашығып та қалған шығар. Асуға дейін шөп басын шалдыра айдаса ештеңе етпес.
Мән-жайға қанықпай абдыраған әйеліне ұқтырып, көршісіне жөнелтті.
– Сәбираға айт, күйеуі мал қарауға өріске түссе, әкеңнің жылқыларына да көз сала қайтсын. Екі-үш күннен бері таппай қалыпты. Мен қалада қалып он күндей ем-дом алмасам, тізем қақсап жан таптырар емес. Ертең аяз қысқанда мүлде жүргізбей тұсалып қалам… – Әйеліне анығын айтқанымен тілі жеңіл жан емес пе, аңқылаңдап отырып ақтарып салса, еңбегі еш, тұзы сор болмақ.
Сәбираның естігені, сексен үйдің хабардар болғаны. Бұлар Алматыға бағыт алғанда-ақ тәртіп сақшысының он күн ем алуға кеткенін Қосан да естіп, қуанып қалды.
Ертеңіне келіншегін Алматыдан ауылға жөнелтіп, өзі емделудің қамын күйттеп қалған Думан көлігінде керіле отырып, әлгі бейтаныс жолаушының диктофонға жазып алған әңгімесін тағы да тыңдады. «Қытайда сіздерден жеткізілетін жылқы қымбат» дейді әлгі бала. «Жүргенге жөргем…» деді дауыстай қуанып. Жедел уәкілдердің басшысына телефон соқты. Қанша дегенмен тәжірибелі маман. Басын ажал құрығына бірнеше рет бойлатып жүріп қан жуған қаншама қылмыстарды ашқан сырттан офицер. «Байқа!» деді, оның бірінші ескерткені «Баққараев, олар жан үшін атудан, шаужайынан алсаң шабудан да тайынбайды. Жалғыз-жаяудың тірлігі емес бұл. Заставадағылармен де сөйлесу керек».
– Үркітіп алмаймыз ба, майор мырза? «Ел құлағы – елу» деген, алдымен өзіміз із қуайық. Адастырып кетсе, қалған күшті сол кезде қоссақ қалай?
– Сонда қайтем дейсің?
– Қайткенде, қаладамын қазір, шеф бәрінен хабардар. Ауылдағылар менің емделуге кеткенімді біледі. Түн ауғанша ауылға ілінсем, ертең ертелетіп Құрық тауының қолатына сіңем.
– Рацияңды қуаттап ал, қаруыңды да сайла. Таудың жайын білемісің өзі, олар оңай-оспақ жерден ор қазып өткізіп жүрген жоқ, мен білсем. Айтпақшы, саған жолбастар жігіт бар. Құрықтың бөктеріндегі әр қарағайдың неше жыл бұрын бүр жарғанын жетік біледі. Орманшының көмекшісі болған.
Капитан жедел уәкілдердің бастығы айтқан орманшы көмекшісінің үйін адаспай тапты. Таң алагеуімде атқа қонған екеуді Құрықтың теріскейіне бастар жалғызаяқ сүрлеу жынысқа жасырғанда ауылдағы ел еріне басып, өріске малын өргізген. Майор айтқандай, атжақты жігіт сөзге сараң болғанымен жүріске жараған жан екен. Аты да өрді тілеп, балауса шөпті омыраулай жығып, алға ұмтылады.
Темір бағанды жағалай жүре-жүре аттар да болдырды. Капитан көкейіндегі күпті ойды ұйыту үшін өткендегі жолаушының «ала темірдің астын үңгіп қазып өткізеді» дегенін есіне түсіріп, жіті қарап келеді. Бірақ мына тұстан мал өткізу, әй қиын. Жақпар тастың тепсеңінен ары құлама құз, жақтау жиегі ұйысқан жыныс.
– Ана шоқыны ассақ арғы жағы ойпаң, бірақ алыс әлі. – «Не істейміз, әлің жете ме ілесуге?» дегенді жанарынан ұққан Думан жолбастаушыға «кеттік» деді атын тебініп. Бұрын қалай байқамаған, Құрықтың теріскей беті ұйысқан тұмса, қолат-қолат құзға айналған тастақ тұсы да жетерлік екен.
Айдос рас айтыпты, қара шоқыны бөктерлей асып еді, үй орнындай ғана тепсең бар екен. Міне, олжа! Жылқының жас тезегінің екеу-үшеуі үгіліп, өзгесі бүтіндей көрінді. «Таптым» деді ішінен күбірлей. Құрықтың құнарлы қара топырағы да аз күн бұрын аударылып түскенін әйгілегендей борпылдап жатыр.
Аттарды суытып отқа қойған соң Айдосқа өзі мініп келгенді де жетектетіп жіберді. «Мен өзім жайырақ түсермін». Бір шаңырақтың жалғызы екен. Жазатайым оқ тиіп арандаса обалына қалар. Оның үстіне мұнда не үшін келгендерін терең білмейді, хабардар емес. Оған тек жол бастап барып, ала бағанды бір қарап келуге сапарлас бол деп түсіндірген. Діттеген жеріне жеткізді, ендеше қайтара берсе де болады.
Бірін мініп, екіншісін жетекке алған жолбастаушы қарашоқыны айналғанда майорға хат жолдап, Айдостың көңілі күпті болмауын тапсырды. Екі аттың да жас тезегін аяғымен теуіп шашып топыраққа араластырып жіберді. Ұры аса сақ болады, секем алуы мүмкін. Өздерінен басқа ешкім келмейтін жерде жас тезектің жатуы әрине, сезік тудырады. Асын ішіп, әлденген соң қолайлы орын іздеп, ойпаңнан жүз қадамдай өрлеп, қойтасты көркемдей өскен аршаның қалың ортасын жапыра жантайды. Қалта телефоны да қуаттаулы, қаруы да оқтаулы жатыр. Аспанға қарап жатып көзі ілініп кетіпті. Айдос атымен бірге арқыраған өзенге батып барады. «Думан аға, құтқар!» дейді жанұшыра. Астындағы аты да құлағына су тиіп шыңғыра кісінеп көрінбей кетті. Селк ете түсті. Денесі ауырлап тоңази бастапты. Жылқының пысқырынғанын екінші рет анық естіді. Түсі емес, өңі. Айдос әлі кетпеген бе, әлде қайта айналып келді ме екен? Бұл ұйқыға бас қойғанда тас төбеге шаншылған күн де құлап, балқарағайдың басын сүйе еңкейіп алыпты. Ақырын сол бүйіріне аунап, басын қылтита төменге қарады. Қосанның қасқа атын жазбай таныды. Бірақ, адамдары көрінбейді. Басқа жылқы да көзіне түспеді.
– Ей, біз қалай келістік?! – деген ащы дауыс дәл желкесінен естілгендей селк ете түсті. Көз салып қарады, Қарашоқының қарсысындағы үйдей тастың үстінде суырдың айғырындай боп Қосан тұр. Әбжіл қимылмен камерасын қосып, ауылдасының іс-әрекетін жазуға көшті. Құлағына тығып жіберердей тақап ұстаған телефонда әлдекіммен айғайласқаны анық естілмегенімен, қозғалысы, қарағайға байланған қасқа аты, бәрі-бәрі анық түсірілді. Дүрбісімен жалаң таудың түбіндегі түтінге көзін қадаған ұры одан кейін көп аялдамай басқа бағытқа кеткенде камерасын өзіне қарата көзін қысып, бас бармағын көрсеткен капитан да жүруге жиналды. Артынан қуғанға тағы да қауіптенді. Өзін жазым етсе, олай болмаған күнде «ақыры қолға түстім» деп құздан ұшып кетсе, қаны кімнің мойнында? Одан да ауылдан, үйінде жүргенде ұстағаны дұрыс.
Он күнге емделуге кеткен күйеуінің келгеніне әйелі ғана емес, бастаудың қарсысындағы Қосан да таңырқап, суыған атын отқа қойып үйге кірген. Бір жамандықты сезгендей көңілі аласұрып, терісіне сияр емес. Түйсігі алдамапты, апақ-сапақта капитан мінген көлік есігінің алдына аялдағанда денесі тоңазып сала берген.
Бұлталақтап бұлқына алысып баққанымен болмады. Басын соға бүктеле кірген көлікке.
– Қайдағы ұрлық? Сіз маған жала жаппаңыз, мойнымнан қылғындырып, қолымды бұрап машинаға кептеп тыққаны үшін ана менттің де үстінен жазам!
– Жапа шегіп қалған екенсің ғой, ә! – тергеуші дауыстай күлді.
– Басқаша сөйлесем сендермен! – Есік ашылып капитан кіріп келді.
– Өзің сайрамайды екенсің, онда біз де басқа тәсілге көшелік. – Компьютердің экранынан алдымен жирен қасқа атты көргенде-ақ Қосан сұрланып кетті. Таста тұрып телефонмен әлдекімді сыбағаны анық естілмесе де кей сөздері жазылыпты.
– Берік қой айтқан, қорқақ! Ақшасын алғанда ант-су ішкені қайда?
Ертеңіне тергеуге Берік те, иесіз қорасын жалға берген Марк та жеткізілді. Тергеуші Маркты сұрақтың астына алғанда, Думан Берікті оңаша ұстап, сөзді әбден сауды. Алғашында онша «ий» қоймаған.
– Темір тордың астын сен қазыпсың. Төрт бас жылқының ақшасын да саған беріпті. Ойлан, Түсіпов! Қылмысты бүркемелегенің үшін де жазаң жуандап, срогың көбейеді. Ана екеуі онсыз да сені алдыға салып отыр.
– Қалай?
– Солай, бәрін сен ұйымдастырып, мал өткізген жерді де сен таңдағансың. Қосанның түсініктемесінде солай жазылған.
Ойдан қиыстырып отыр. Ал содан соң Берікті тоқтата алсашы, тіпті журналына тіркелмеген ұрлықтың да беті ашылды. «Әлі де қаза түсу керек» деді капитан ішінен. Аяқкиімін шешіп, қайта киді де, еңсесін тіктеместен қосулы диктофонын еппен столдың суырмасындағы қағаздарының арасына сүңгітіп жіберді.
Тергеуші бар, майор үшеуі тамақтанып келгенше екеуін Беріктің қасына қосқан. Есіктен енгенде оның көзі көлкілдей көгеріп тұрғанын көрді. Қосан ісінген жұдырығын сол қолымен көлегейлеп әлек.
Түскі ас кезінде жедел уәкілдің бастығы, «әскерде жүргенде бір омбылық қазақтан көргенім» деп бір әңгіме айтып берді. «Біз барған көктемнің жазға ұласар шағында егеуқұйрық қаптады. Етігімізді, май жұққан киімді шұрық-тесік етеді. Әуелі қорқуға айналдық. Омбылық қазақ бір әдісті қолданды. Қақпан құрып ірісін ұстап алды. Жүнге сіңдіріп көліктің майын жағып қоя берді. Әлгі егеуқұйрық індеріне кірген-шыққан сайын жүнге сіңген май топырақпен баттасып, егеуқұйрықтың түсін өзгертіп жіберді. Қызықтың көкесін көп өтпей-ақ көрдік. Сарайдың аузында май сіңген жүні қобырай шашылып, басы ғана жатыр. Қалғандары да жылан жұтқандай жым-жылас ауып кетті. Мұндайды «крысоед» деп атайды. Машина майы егеуқұйрықтың исін жойып жібереді екен де, бөтен иістіні өзгелері қуып жүріп өлтіреді. Етін жеген соң ауып кететін көрінеді. Бұл әдісті топ болып қылмысқа барғандарға қолданған тиімді. Бірінің артын бірі ашады. Тек ұрымтал тұстан тұзақ құрып, тамырын басып сөйлетіп, бір-біріне айдап салсаң болғаны». Майордың айтқан сөзінің жаны бар.
Диктофонын қосып кеткені де үлкен олжа болды. Қытай асқан 25 жылқының алды қай кезде саудаланғаны, қанша ақша алғандарынан жаңылысып, бір-біріне қарыздарын айтып даурығып, ақыры жұдырыққа сүйенген үшеуінің сөздері анық жазылыпты.
Қалада кафе ашып, болмаған соң Қытайға кеткен Жолдыбектің Маркпен таныстығы осы іске ұласыпты. Капитанның журналына тіркелген эпизодтың барлығын Қосан бастаған қарақшылар қолмен қойғандай айтып берді. Қытайдағы жолаушыны Ұзынқұраққа жеткізбегенде бұл қылмыс та ашылмас па еді?! «Жүргенге жөргем ілінеді».
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ