12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жұмбақ қыз

– Құдайым-ау, мынау не сұмдық!

Жартылай ашық қалған есіктен бөлме ішіне көз қиығын тастаған қызметші әйелдің дауысы қатты шықты. Еденде көлбей түсіп, ыңғайсыз жатқан қыздың денесі әлдебір ойға жетеледі. Омырауы жартылай ашық. Жіті жанар сынған шөлмекті аңғарды. Қорыққан әйел шаңсорғышын сөндіруді де ұмытып, ұзын дәліздің ортасындағы холға ұмтылды. Жетем дегенше ұзынынан төселген кілемшеге екі рет сүрінді.

* * *

Жиналыста отырған полковник Қайрош Ділдәбековтің сөзін қалта телефонының шылдыры бөліп жіберді. «Сөндіріп, болмаса үнсіз режимге қойып кірмейсіңдер ме?» дегендей көзқараспен басшысы бұған қабағының астымен барлай қарады.

– Кешірерсіздер!

Облыстық департаментке қарасты қыл­мыс­ты іздестіру басқармасының бастығы Алдан Алшоразов екен… Басшысы бас изеп, рұқсат бергеннен кейін смартфонын құлағына тосты. Телефонның арғы жағындағы дауысты тыңдап болды да, тыныштықты бұза тіл қатты.

– «Тұран Плаза» қонақ үйінде оқыс жағдай орын алыпты. Кезекші диспетчердің айтуына қарағанда, бір жас қыз бөлмесінде ессіз жатқан көрінеді.

– Солай ма?– деп ойланған басшы істі тәжірибелі тергеуші Байарысқа тапсыруды жүктеді.

– Сосын, ұмытып барады екенмін ғой. Көршілес Сыр еліндегі әріптестеріміз біздің іс-тәжірибемізбен танысу үшін облыстық газеттің бір журналисін жіберіпті. Ауыр іс емес қой, сол жігітті Байарыстың қасына қосып бер. Атақты тергеушіміздің жұмыс стилін көріп, тәжірибесін насихаттасын, – деді сосын.

* * *

– Келу мақсатыңа қанықтым. Енді ныспыңды білсек?

– Тілеген. Тілеген Ысқақ.

– Ысқақтың Тілегені де? Озық тәжірибелерді таратып, насихаттаймын дегенің құптарлық-ақ іс. Бірақ, бүгін жазарлықтай жұмыс болса де…

– Болады.

– Қайдан білесің, әулиелігің бар ма еді?

– Өзім о баста атақты тергеуші Әл-Фараби әл-Түркістанидің тергеу жұмыстарымен таныссам деп армандап едім. Орындалды.

Қызметтік көліктегі екеу бұдан артық әңгімелесіп үлгірмеді. Жүйткіген «Тойота» зәулім қонақ үйдің алдына көлденеңдей тоқтады. Есік алдындағы күзетшілер келгендердің қызметтік куәліктерін көріп, ішке жіберген.

– Сәлеметсіздер ме?! Дер кезінде жеттіңіздер. 303-бөлме. Үшінші қабат.

Бұларды фойеде күтіп алған учаскелік полиция инспекторы жеделсатыға алып жүрді.

– Оқиға шамамен кешкі 18:20-да орын алған. Алғаш байқаған тазалықшы Қадиша Құмарова 18:35-те қонақ үйдің күзет­шілеріне ішкі байланыс арқылы телефон шалған. Олар дереу 102 мен 103-ке хабарлаған. «Жедел жәрдем» де дер кезінде жетті. Сіздерді күтіп отыр. Қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері мен сарапшы-криминалист те осында. Қыз есінен танып қалған. Уланған ба деген де болжам бар. Анықтағанымыздай, Гүлназ Алматова Алматы облысынан екен. Қаламызға бес күндік туристік сапармен келген. Ертең түсте келген автобуспен қайтуы керек. Жолсапар жетекшісі ешқандай оғаш қылықтарын байқамаған.

Асыға жеткен тергеуші есінен танып жатқан қызды жедел жәрдемнің ауруханаға дереу алып кетулеріне кедергі жасамау үшін бөлме ішін жедел шолып өтті. Ес-түссіз жатқан қызға байыппен зерттей қарады да, жалма-жан ұялы телефонына бірнеше кадр түсіріп алды. Әуесқойлықпен смартфонын көтере берген журналист серігіне көзімен ымдап, түсіруге тыйым салды. Тәжірибесіз жас жігіт қызығушылықпен суретті әлеужеліге жариялап жіберер деген қаупі де жоқ емес еді. Қыз еденде бүктетіліп, бір қырынан жатыр. Үстінен арақ исі шығады. Ішкен-ішпегені әзірге белгісіз, бірақ ішімдік киіміне төгілген. Көйлегінің жоғарғы түймесі ағытылған, екінші түймесі үзілген. Омырауында тырнақ ізі бар. Есік жақта сынған арақ бөтелкесі. Бұдан өзге сезік туғызатындай ештеңе жоқ.

– Ауруханаға алып кете берулеріңізге болады. Ұшынған болуы да мүмкін. Дәрігерлер осы жағына назар аударар. Сарапшы Ыдырыс Өмірзақұлы, сіз бойжеткеннің оң қолының тырнақ көбесінде тері жұқанасы бар ма екен, тексеріп көріңіз. Сынған шиша мен мына үлкен стаканнан саусақ ізін анықтаңыз. Қалтафонынан соңғы сөйлескен адамының телефон номерін де нақтыларсыз.

Тергеуші Әл-Фараби Байарыс сол жердегі куәлардың көзінше қыз­дың қол сөмкесін үстел үстіне аударды. Одан шыққан кішкентай түбіртекті телефонына түсіріп алды да, басқа заттарды хаттап, куәгерлердің қолын қойдырып алуды учаскелік инспекторға тапсырып, сыртқа шықты. Дәлізде тұрғандарды көзімен бір шолып өтті де, жасы 40-45-тердегі әйелдің қасына жақын келді.

– Бөлмедегі оқиғаны алғаш көріп хабарлаған Қадиша апа сіз бе?

– Иә.

– Әр бөлмеде ішкі байланыстағы телефон барын білесіз, неге ішке кірмедіңіз?

– Біріншіден, қорықтым. Екіншіден, рұқсатсыз кіре алмадым, тәртіп солай. Сосын холлдағы кезекші отыратын телефонға барып қоңырау шалдым. 

– Қырағылығыңыз үшін рақмет! Қажет болып жатсаңыз, жолығармын. Бейнебақылау орталығы қайда орналасқан?

– Бірінші қабатта, 10-бөлме.

Жеделсаты күтіп уақыт жоғалтқанша деп ойлаған тергеуші баспалдақ арқылы төмен қарай зырлады. Табынып келген тергеушісінің мына әрекеттеріне тамсанған Тілеген баспалдақтан түсіп келе жатып, таңданысының алғашқы сырын ашқысы келді.

– Ағасы, топ адамның арасынан Қадиша апайды қалай білдіңіз? Әлде бұрыннан таныс­тығыңыз бар ма еді?

– Сол топта одан өзге қонақ үй қызметшісінің «халатын» киіп тұрған жан көрдің бе?

– Оһо! Шерлок Холмс. Әл-Фараби әл-Түркістани.

Қонақ үйдің орталық бейнебақылау бөлмесіне кірген тергеуші амандасар-амандаспастан қысқаша бұйрық берді:

– Маған бүгінгі сағат 17:00 мен 19:00 арасындағы бейнекөріністерді көрсетіңіз.

Кезекші оператор бейнекөріністерді әрі-бері айналдырды да, иығын көтерді: 

– Түк түсінсем бұйырмасын. 17:10 мен 18:45 арасындағы бейнекөріністер жазылмай қалған.

–  Неге? 

– Мен жаңа 19:00-де ауысымды қабылдап алдым. Менің алдымдағы кезекші бүгін бір жұмыстарым бар еді деп, түнде орнына тұруымды өтініп, жаңа ғана кетіп қалған. 

– Маған телефонын, координатын дереу жазып беріңіз. Өзіңіз ол кісімен хабарласып, байланыспаңыз. Оператор берген бір жапырақ қағазды зерлей қарап алған тергеуші орталық бақылау пунктінен шықты да, қонақ үйдің әкімшісіне барып, куәлігін көрсетіп, ақырын сыбырлай сұрақ қойды:

– 445-бөлмеде кімдер тұрады?

– Азамат Асылбеков пен Олег Ким. Екеуі де Алматыдан арнайы бес күндік туристік сапармен келгендер. Олег Ким әлдебір шаруасы болды ма, асығыс жол жүріп кетті. Азамат Асылбеков қонақ үйдің ресторанынан кешкі ас ішуге шықты.

– Кілттерін тапсырып кетті ме?

– Иә. Бізде арнайы ереже бар.

Осы кезде жеделсатыдан шыға берген учаскелік инспектор мен сарапшы-криминалисті көріп қалған Әл-Фараби әл-Түркістани сол дауысын көтермеген қалпы тапсырма берді.

– Ыдырыс аға, мына кілттегі саусақ іздерін түсіріп, оқиға болған жердегі таңбалармен салыс­тырарсыз. Азамат Асылбековтің мейрамханадағы ас ішкен ыдыстарынан да айғақ ала салуды ұмытпаңыз. Ол азаматты әкімші сыртынан сілтеп жіберер. Ал сіз, инспектор мырза, қонақ үйдің қарсы бетіне бағытталған қандай бейнебақылау камералары бар, солардан бүгінгі 17:00 мен 19:00 арасындағы бейнежазбаларды көшіріп алыңыз. Сосын мына мекенжайдағы бүгінгі ауысымын әріптесіне тапсырып кеткен бейнебақылау орталығының операторынан кешкі бейнежазбалардың неге жазылмай қалғанын егжей-тегжейлі анықтаңыз. Мен қазір шұғыл бір-екі жерге барып келемін. Содан келген соң осында жиналып, болған оқиғаның мән-жайын сараптармыз. Ыдырыс аға, сол кезге дейін қорытындыларды дайындасаңыз. 

Тергеуші Әл-Фараби Байарыс есік алдындағы күзетшілермен аз-кем сөйлесті де, сыртқа шығып, қызметтік көлікке мінген соң, жүргізушіге барар бағытты сілтеді.

– Әуелі ауруханаға, сосын «Тәтті дәм» кафесіне тартыңыз. 

Аң-таң болған журналист серігіне мақсатын сәл-пәл жеткізе кетті.

– Тілеген інім, сіздерше айтқанда, біздің кейіп­керімізді, күзетшілердің айтуынша, қонақ үйге бес жарымның шамасында бір ер адам сүйемелдеп алып келген. Жеделсатыны пайдаланбай, жоғарыға баспалдақпен көтерілген. Қыздың өзі күзетшілерге «Бұл кісі менімен келе жатыр» деген соң, олар артық әрекетке бармаған. Ер адамның сүйемелдегеніне қарап, қызды  аздап ұрттап алған ба деп те ойлапты. Сондықтан қазір кафеге барып, қыздың онда кіммен болғанын анықтауымыз керек.

– Кафеде отырғанын қайдан білесіз?

– Бағанағы қыздың қол сөмкесінен шыққан түбіртек «Тәтті дәм» кафесінікі. Қыздың қасындағы дастархандас болған серігі тісін құрсаулаған, яғни брекет салдырған адам.

Тілеген Ысқақ өзінің журналистік зерттеуі­не салып, қыздың қасында болған, оған оғаш қылықтар жасаған сол сүйемелдеп келген ер адам екенін әлден біліп отыр. Тек оның тісінде құрсау-брекет барын тергеуші көрмей-білмей қалай білген? Не де болса, асықпаса, бәріне көзі жетерін ойлап, көлік терезесінен сыртқа көз тастап, үнсіз қалды.

Аурухананың гастрология бөлімінде бұларды қарсы алған дәрігер қыз­дың жағдайы жақсы екенін, әзірге тамырынан дәрі құйып жатқандықтан, бір сағаттан соң келсе, онымен сөйлесуге болатындығын айтты.

– Қандай ем қолданып жатырсыздар?

– Дисол, ацесоль құйып жатырмыз. Сосын көк тамырдан цифролет. Ұйқы безін де тексерту ойда бар.

– Рақмет! Өз-өзіне келгесін бізге хабарларсыз.

Медбикеге ақ жамылғыны тапсырып жатып, Әл-Фарабидің күбірлей сөйлеп, өз байламын растағаны журналист жігітке анық естілді. «Уланбаған, ұшынған деген байламым дұрыс шықты. Оған салып жатқан дәрілер куә». Тілеген тергеуші ағасын бұл жолы сұрақ қойып мазаламады. Реті келер деп ойлады. 

– Бізге бүгін сағат 16:00 мен 17:30-дағы бейнежазбаларды көрсетіңіз.

Кафе әкімшілігіне осылай пәрмен бере ішке кірген тергеушіні әкімші әйел бірден бастай жөнелді. Күллі аймаққа танымал Әл-Фараби әл Түркістаниді мұнда да жақсы тани­тыны көрініп тұр.

– Тоқтат. Осы екеуін маған суретке түсіріп беріңіз.

Бейнежазбада екі қыз тамақ ішіп отыр. Біріншісі – қонақ үйдегі оқиға кейіпкері, екіншісі – бейтаныс бойжеткен. Көңілдене күліп отырған бойжеткеннің алға ұмсынған маржандай тіс­терінде моншақты брекет анық байқалады.

– Мына екі қыздың аты-жөні естеріңізде қалған жоқ па? Сіздер келушілерді тексеріп барып, кіргізесіздер ғой, – деп тәжірибелі қызметкер суретке тінте, тесіле қарады.

– Бізге жеке куәлігін көрсеткен мына қыздың аты-жөні – Гүлназ Алматова, ал құрбысы бізге вакциналау паспортын көрсеткен соң, онша зер сала қаймадық. Кешірерсіздер. Есімі есімізде қалмапты.

– Жақсы. Журналист жолдас, мені сыртта күте тұрыңыз. Мен кафенің асханасына барып келейін.

Шыдамы таусылған журналист тергеуші серігі сыртқа шыға бергенде, өзін қызықтыр­ған сұрақтарын бірінен соң бірін қоя бастады.

– Кафедегі бірге отырған қыз болып шықты. Сонда Гүлназды қонақ үйге сүйемел­деп апарған ер адам қайдан кездескен? Бірге дәмдес болған қыздың тісінде брекет бар екенін қайдан білдіңіз?

Әл-Фараби Байарыс журналисті зарықтырып созбай, көліктің есігін аша бере сәл кідіріп, оның сырын ашып айтты. 

– Кафенің есеп түбіртегінен аңғардым. Екі қыз қатар отырғанымен, әртүрлі тағамға тапсырыс берген. Олардың бірі – ыстық және суық, қатты тағамдарды алмаған. Тіпті, алма, алмұрт тілімдерінен тұратын тәттілер мен балмұздақ та жемеген.

Тісіне брекет салдырғандарға қатты, ыстық, суық тамақтардың кері әсер ететінін бір жерден оқығаны Тілегеннің еміс-еміс есіне түсті. Таңданысын жасыра алмай, сабырды ұмытып, екінші сұрағын көлденең тартты.

– Енді бұл екінші қызды қайдан табасыз?

– Алматыдан саяхатшыларды ұйымдастырып алып келген жетекші тауып береді.

– Түсінсем бұйырмасын.

– Суретте үстел үстінде олардың алдында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кәдесыйы тұр. Ал, біз оны Гүлзаттың бөлмесінен кездестіре алмадық. Демек, кафеден Алматова мазасы болмай, ертерек шығып кеткенде, кәдесыйдың екеуі де құрбысында қалған. Бұл қыздардың Алматыдан бірге келгендерін көрсетеді. 

Суретті көрген алматылық саяхатшылардың жолбастаушысы бұларды қонақ үйдің 222-бөлмесіне ертіп барды.

– Нұргүл Нұржанова. Гүлназдың құрбысы. Алматыдан шыққалы екеуінің жұптары жазылған емес.

– Сәлеметсіздер ме?! Аға, сіздер Гүлназ бойынша келіп тұрсыздар ма? Құрбыммен жаңа ғана сөйлестім, ауруханада жатырмын деді. Қатты ұшыныпты. Түстен кейін саяхатымыздың негізгі бағдарламасы аяқталған соң, екеуміз ас ішуге дәмханаға барғанбыз. Сонда ауқаттанып отырғанымызда, Гүлназ өзін жайсыз сезіне бастады. Үйге қайтайын дегесін, такси шақырып мінгізіп жібердім. Мен басымның сақинасы ұстап ауырғасын, шамалы сүт қатқан қою шай ішіп алайын деп кідіргенмін. Тісімді емдетіп жүргендіктен, ыссылай іше алмаймын ғой.
Нұргүл маржан тізген брекеті жарқырай, қысыла жымиды.

– Таксисті көрсең танисың ба?

– Шырамытатын шығармын. Қырықтан асқан жігіт ағасы. Жамандық жасайтындай кісі емес. Менде оның телефоны бар.

Тергеуші дереу қоңырау шалды. 

– Тілегенжан, іздеген адамымыз орталық мешітте екен. Жүр, біз де барып ақшам намазын оқып алайық әрі таксистен мән-жайға қанығармыз. Осы кезде учаскелік инспектор қоңырау шалып, соңғы ақпаратты бөлісті. 

– Майор мырза, қонақ үйдің қарсы бетіндегі сауда үйінің бейнебақылау камерасына мынадай номерлі таксидің келгені, оның жүргізушісінің қызды сүйемелдеп ішке алып кіргені түсіп қалған. Таксист жиырма бір минуттан соң жүгіріп шығып көлігіне отырған. Бейнежазбаны көшіріп алдым.

– Жақсы, рақмет! Бейнежазбаны менің смартфоныма тастарсың.

Ақшамнан соң такси жүргізушісімен мешіттің алдындағы келісілген жерде кездесті. Тергеуші бірден телефонындағы бейнежазбаны жүргізушінің көз алдына тосты.

– Иә, бұл мен. Бағана сағат кешкі бестердің шамасында «Тәтті дәм» дәмханасынан шақырту түскен. Екі бойжеткен қыз екен. Бірі «мазам болмай отыр, «Тұран Плаза» қонақ үйіне апарып салыңыз» дегесін алып кеттім.

– Сүйемелдеп жүретіндей соншалықты қатты ауырып тұрды ма?

– Алғашында жағдайы жақсы болатын. Құрбысы мінгізіп салғасын, артынша қайта түсіп барып, кассаға ішкен астарының ақысын төлеп шықты.

– Оны қайдан білдіңіз, еріп бардыңыз ба?

– Жоға. Қолындағы түбіртектен байқадым. Онысын көлікке мінгесін қол сөмкесіне салып алды. Қауіпсіздік белдігін тақсам, жүрегім қысылар деп артына отырған. Айнадан көрдім.

– Сосын?..

– Қонақ үйдің алдына барғанда, көлік шайқады ма, жүрегі қысылып, әлсіреп түсті. Амал жоқ, сүйемелдеп апаруға тура келді. Ішке кірген соң, «жеделсатыдан басым айналады» деп, баспалдақпен көтерілдік. Үшінші қабатқа шыға бергенде: «Рақмет, аға. Енді өзім барамын» дегесін… көлігіме қарай құстай ұштым. Есігін ашық қалдырғанмын, оның үстіне бізге клиентті он минуттан артық күтуге болмайды.

– Жақсы. Бүгін-ертең қала сыртына тапсырыс алмай-ақ қойыңыз. Қалада болыңыз, шақырып қалуымыз да мүмкін.

Бірге жүрген журналист көлік қонақ үйге қарай бұрылғанда, тергеушінің құлақ түбінен сыбырлай өз байламын жеткізді.

– Меніңше, зерттеу аясы тарылып келе жатқандай. Енді тек екі адам қалды. Олег Ким мен Азамат Асылбеков. Жаман ойларын іске асыру үшін бөтелкелерін алып, әуелі біреуі бейнебақылау операторымен сөз байласып, камераны өшірген. Екіншісі сол кезде қыздың бөлмесіне барып арам ойын іске асырмақ болған. Қыздың аузына арақ құйған. Арпалыс­та ол бойжеткеннің үстіне төгілген. Қарсыласпасын деп улаған. Тіпті, кафеде уласа да менен көрмеңіз? Алдын ала жоспарланған қылмыс.

– Мен олай ойламаймын. Негізі қызды кафеде улаған дегенің жобаға келеді. Бірақ, ол у­ланбаған, ұшынған. Қылмыскер емес, кінәлі адам сол кафеде. Егер Алматова арызданатын болса, оған екінші іс қозғауға тура келеді. Ал, бейнебақылау орталығындағы бейнежазбаның түспеуіне 303-бөлмеге арақ апарған адамның еш қатысы жоқ. Ол жәй техникалық ақау болуы да мүмкін. Әрине, екеуміздікі де әзірге болжам ғана.

Қонақ үйдің фойесінде бұларды әдеттегідей учаскелік полиция инспекторы күтіп алды. Былғары креслоға сарапшы-криминалист Ыдырыс Өмірзақұлы жайғасқан.

– Майор мырза, бейнебақылау орталығының операторымен сөйлестім. Баласының туған күні болған соң сұранып кеткен екен. Ал бейнежазбаның түспей қалған себебі, оператор байқамай процессордың артына телефонын түсіріп алған. Соны алмақ болғанда, сымдарын шығарып жіберген. Сосын дереу IT-программисті шақырған. Ол келіп қайта жалғаймын деп жүргенде соншама уақыт өтіп кеткен. Мұны программист маман да растады. Онымен де сөйлестім. 

Бұлар сарапшы отырған бұрышқа келіп отырды. Тілегеннің тергеуші ағасына деген таңданысы сәт сайын қалыңдап келеді.

– Әл-Фараби Байарысұлы, сынған шиша, стакан, кілт және мейрамханадағы қасықтан алынған саусақ іздері Азамат Асылбековке тиесілі. Күзетшілерден сұрағанымызда, ол жаңа бір әзірде жедел сыртқа шығып кетіпті. Ешқандай заттарын алмаған. Соған қарағанда көп ұзамай келіп қалар.

– Ағасы, негізгі нысанаға алатын күдіктіңіз Азамат екенін қайдан білдіңіз?

– 303-бөлмеден қызды алып шыққанда, жеңіл спорт киімін киген бір жігіт дегбірсізденіп, дызақтап тұрды. Не болса да, оқиғаға бір қатысы барын сездім. Қолындағы кілтін шыдамсыздана саусағында айналдыра берді. Брелоктағы 445 деген санға қарап, қайда бөлмесін білудің еш қиындығы жоқ еді.

Журналист жігіт іштей өз жобасын бекітті. «Арам ойын жүзеге асырғысы келген Азамат енді бой тасалап, қашып кетпесе етті?» Бірақ, тергеушінің алдын ала қорытындысы оның ойын мүлдем теріске шығарды.

– Гүлназ Алматова кафеде ішкен астан ұшынған. Уланған мен ұшынған медицинада бір мағына бергенімен, бізше екі басқа түсінік. Мен бөлмеде қыздың жүзіне үңілгенде, оның ерніндегі кішкентай бүртіктерді байқадым. Ол сыртқа шығып келе жатқан ұшықтың белгісі. Қатты ұшынғаннан басы айналып, жүрегі көтеріліп, жайсызданып бара жатқанда, өздерімен бірге келген Азаматқа қоңырау соққан. Ұшынғанға спирт ем деп түсінген жігіт ішімдік әкелген. Оның ешқандай арам ойы болмағанын арақты жуыну бөлмесіндегі үлкен стаканға құйғанынан байқауға болады. Егер жымысқы жоспары болса,  басытқысымен екі кішкентай стакан пайдаланған болар еді. Қызға іш, ұшықты алып кетеді деп қыстаған болуы мүмкін. Не болғанда да, қыз ашумен бөтелкені алып есікке қарай лақтырған. Аузы ашық шишаны лақтырмақ болып басынан асыра көтергенде, ішіндегісі үстіне төгілген. Оны мен Гүлназдың оң жақ жеңі мен иығындағы ылғалды дақтан аңғардым. Осы кезде жүрегі қысылып қалған. Қорқып кеткен Азамат өз бөлмесіне, мүмкін Нұргүлге, көмек шақыруға жүгіріп кеткен. Ауа жетпегесін қыз көйлегінің бір түймесін ағытқан да, екіншісіне дәрмені жетпей жұлып алған. Оны көйлектің өңірінің ішке қарай жиырылғанынан және үшкір тырнақ ізінен байқауға болады.

– Дұрыс айтасыз. Алматованың тырнағындағы тері жұқанасы өзіне тиесілі. Әрі соңғы рет сағат 18:10-да Азаматқа телефон шалған. Негізі мазасы болмай отырғанын айтқан болуы да керек.

Тергеушінің қорытындысын сарапшы-криминалист те қуаттап қойды.

– Міне, өзі де келді. Күзетшілер ішке кіре берген Азамат Асылбековті бұлардың қасына ертіп келді. Ауруханаға Гүлназға барып келе жатқан беті екен. Сұрақтың астына алғандарға тергеушінің қорытындысын тура қолмен қойғандай қайталап берді. Бір күн қасына еріп жүргенде Әл-Фараби Байарысұлының кәсіби біліктілігіне тәнті болған журналист ағасына бір-ақ сұрақ қойды.

– Аға, неге Әл-Фараби әл-Түркістани?

– Әбу Насыр бабамыз Отырарда туғандықтан, әл-Фараби атанған, мен қасиетті Түркістанда туғанмын. Сондықтан әріптестерім әл-Түркістани атап кеткен.

* * *

Ертеңіне департамент басшысына арнайы кіріп рақметін айтқан Тілеген Ысқақұлы Сырға қарай жолға шықты. Жүрдек поезға Әл-Фараби ағасы шығарып салды. Терезеден қол бұлғап қоштасқан Ысқақтың Тілегені терең ойға берілді. Осыншама білгір тергеу­ші бар болғаны өзінен төрт-ақ жас үлкен. Отыз­да ғана. Тәуелсіздіктің құрдасы. Тәуелсіз елдің тыныштығын қорғаушы. Міне, кімдер туралы толымды дүние жазуға болады. Жолы болған журналист тағы қиялдады. Кейіпкерлерінің аты-жөнімен өздерінің басылымында жарияласа, бұл бар болғаны деректі мақала болып шығады. Одан да адам аттарын, кейбір мағұлыматтарды өзгертсе, детективті шығармаға айналады. Сонда оны салалық іргелі басылымға байқауға жіберуге болады.
Нар, тәуекел!

Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ,
Қызылорда қаласы. 

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...