spot_img
spot_img

Жұмбақ өлім

Далада аздап ызғар бар. Соған қарамастан терезе ашық тұр. Терезеге қарама-қарсы үстелде үстіне форма киген ашаң жүзді, аққұба жігіт отыр. Қағазына бір нәрселерді жазғанымен, ойы мүлдем басқа жақта. Бақытжан – шалғайдағы ауылдың полиция инспекторы еді.

Алдындағы қағаздарға шұқшиған ол бүгінгі қылмысты қалай тарқатарын білмей дал. «Кім өлтіруі мүмкін?» Полиция жұмысына енді кіріскен жас маманның мұндай ауыр қылмыспен бетпе-бет келіп отырғаны осы. Жұмыс тәжірибесіндегі алғашқы кісі өлімі. Қызметке араласқанына 3 ай ғана болған, осы уақыт ішінде он шақты арызды қабылдап үлгеріпті. Ауыл кішкентай, арыз­дың көбі екі адамның араздасуы, төбелес, ұсақ ұрлық төңірегінде. Ал, кісі өлімі…

Бірінші өлім болған үйге барайын… Іштей ойланған Бақытжан көлігіне отырып, мектепке жақын көк дарбазалы үйге келді. Есік алды қарақұрым жұрт. Форма киген бұған бәрі үрке қарайды. Көп ішінен ауылдық терапевт дәрігерді жазбай таныды. Ымдап қасына шақырған. Терапевтен өлімге қатысты актіні алған соң қаралы үйді қайта мазалауға батпай, қайтып кетті.

Жұмысына келіп ойланып отыр, келіншектің жасы отыз жетіде, мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болған. Қазіргі уақытта үйде. Әйел болған соң айналасындағылармен тілге келіп, ренжіскен кездері аз емес шығар. Бірақ, бұл өлтіруге себеп болмас.

Тағы бір белгілісі, қайғылы жағдай орын алған күні үйде ешкім болмаған, ешқандай ақша, қымбат бұйым жоғалмаған. Демек, қылмыс тонау мақсатын көздемеген. Куәгерлер мен соңғы көргендердің айтуынша, күдікті –  төртеу. Біріншісі заңды күйеуі, отас­қандарына 10 жылдан асса да ортада бала жоқ. Бірақ бірге алған үй, көлік бар, екеуінің арасында ұрыс-керіс жиі болып, ажырасудың алдында тұрған. Заңды ажырасқан жағдайда екеуіне тең бөлінетін дүние-мүлік күйеуінің меншігінде қалмақ. Күйеуінің басқа әйелмен шатысы барынан да жұртшылық бұрыннан хабардар. Тіпті көңіл қосқан әйелінен бір баласы да бар дейді білгіштер. Екінші күдікті – көңілдесі. Өз күйеуінен көңілі қалған әйел біраз уақыттан бері бөтен еркекпен көңіл жарастырып жүрсе керек. Алайда, ішімдікке салынып кеткен келіншек оның да мазасын жиі алып, отбасының шыр­қын бұзып, жұмысына да барып масқарасын шығарған. Бірнеше рет араласпай кетіп, қайта кездескен. Әрі келіншек өлер күні көңілдесінің көлігін есік алдынан көргендер бар. Үшіншісі – келіншектің туған інісі. Сол күні қатты жанжалдасқан екеуінің дауысы бүкіл көшеге естілген екен. Інісі кетіп қалып, бір сағаттан кейін қайта барып, келіншекті көк-ала қойдай етіп сабаған. Төртіншісі…. Төртінші  адам жұмбақ. Ол кім? Егер үшеуінің бірі болмаса, онда мүлдем басқа адам.

Келіншектің күйеуі Жандос қырықтың қырқасына шыққан азамат. Естуінше бұл екінші некесі. Мінезі ауыр, орта бойлы, жалпақ денелі, салмақты жігіт. Қылмыс жасалған уақытта ол күні бойы көңілдесінің жанында болып, үйіне кешке бір-ақ қайтқан. Және некелі жарының өлгенін бірінші болып көріп, полиция мен дәрігерге хабар берген де өзі. Бірақ, үйге 22.40-та келген ол неге екенін, жедел жәрдемге кеш хабарласқан. Және әйелдің өлгеніне көз жеткізген соң барып хабар берген сияқты. Неге?…

Өлген келіншектің көңілдесі Серіктің жасы отыз бес — отыз алтыларда. Бойы ұзын, шыныққан шымыр денелі. Шағын бизнесі бар, сонымен қатар, ауылдағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Сол күні соңғы сабағы төрттер шамасында аяқталған. Сабақтан шыға сала келіншекке барған. Екеуі бірге ішімдік ішіп, біраз шер тарқатқан соң көлігін тастап, мектепке жаяу қайта кеткен. Соңғы уақытта аралары дұрыс болмай жүрген екеуі сол күні татуласып, ың-шыңсыз тарқасқан көрінеді. Мұны екеуін аңдыған көршісі айтып отыр. Көлігін сағат кешкі сегіздер шамасында (өзінің айтуы) айдап кеткен. Бірақ, үйге кірді ме, жоқ па, ешкім көрмеген. Үйге кірген болса, қандай-да бір із қалуы керек…

Келіншектің туған інісі Азат намысқой жігіт. Бойы ортадан төмен, нәзіктеу. Бет пішіні де әйелдер секілді жұқалтаң, көсе жігіт. Әпкесі үшін үнемі қысылып, намыстанып жүреді. Сол күні достарымен кездесіп, аздап ішіп алған ол әпкесінің үйінің алдында тұрған Серіктің көлігін көріп қалады. Ашуланған жігіт өзін ұстап тұра алмаған. Серікпен бір сыныпта оқыды, екеуі бір қызға ғашық еді. Сол сымбатты қыз мұны емес, Серікті таңдап күйеуге шықты. Енді жеңісіне шаттанып тыныш жүрсе бір жөн. Мұның намысына тиіп, әпкесіне қол салып жүргені қай адамдыққа жатады? Серікті жөнге салмақ болып жігіт ентігіп үйге кірсе әпкесі араққа сылқия тойып алған. Жас көңілдесінің келіп кеткеніне риза. Бірден әпкесімен жанжалдаса кетті, айғайласып біраз жерге барды. Намысына тиген сөзге шыдай алмай қолын көтерді. Барлығы есік алдында өтіп жатқандықтан көршілер түгел естіген… «Сені өзім-ақ өлтіріп тастаймын» деген сөзді екі қайтара айтқан екен інісі.

Сонымен…. Сол түнді қайта есіне түсіру­ге тырысты. Түнгі сағат екіде жедел қоңырау келген. Бақытжан оқиға орнына жеткенде үйде көршілер мен келіншектің туыстары жиналып қалған екен. Күйеуі далада жүрді, қан-сөлсіз. Бетінен ешқандай өзгеріс байқай қоймады. Келіншек қалай өлді, сол қалпында жатқызып ешкімді жолатпаған. Ал інісі Азат бода-бода болып жылап жүрді. Азаттың бетіне қараған, көзі қанталап кеткен ол жақынын жоғалтқан, күйініп тұрған кейіпте көрінді. Табалдырықты жаңа ғана сүрткен бе, тап-таза. Сұрастырса, қан жұққан соң «елдің бәрі басады ғой» деп еденді сүртіп жүрген келіншектің абысыны екен. Абысынды шақырып алып не көргенін сұраған, кішкентай ғана түйме тауып алғанын жеткізді. Бұл түйме туралы жақ ашпауын сұрап, алып алды. Табалдырықта пышақ сұғып алғаны анық, сол жерде біраз отырған сияқты. Табалдырық пен дарбаза жақын, екі метрден аспайды… Келіншек дарбазаға жақын жерге құлаған, демек, сүйретіліп келіп, сол жерден елді шақырып көмек сұрамақшы болған сияқты. Дәл сериал уақыты болған соң жақын тұрған көршілері ештеңе естімеген.

Ойын жинақтап, сараптама қорытындысын қайта қолына алды, жедел жәрдемді 23.03-те шақырған, сонда жиырма минут бойы жолдасы не істеген, кімді күткен?… Жиырма минутта адамды жаралап, тамы­рын кессе қанды тоқтату қиын. Бірақ, көңіл­десі Серіктің де бауыздап, кейін түк бол­маған­дай кетіп қалуы мүмкін ғой. Оның үстіне, көлігін қашан алып кеткенін ешкім көрмеген…

Азат… Осы жігітті күдіктілер қатарынан алған дұрыс. Себебі, ол екінші қайтара осы үйге келгенде сағат 19-дар шамасы болған. Інісін айқайлап боқтаған келіншектің дарбазаның есігін іліп жатқанын көргендер де бар. Сол жерден шыққаннан Азат түнгі 22-ге дейін карта ойнап, үйіне қайтпаған. Картаны бір құрдасының үйінде ойнапты. Ал үйіне дейін бес минутқа жетпейтін жер, екі үйден кейін. Үйіне келісімен келіншегі «сені бас­тығың іздеп жатыр»,– деп жедел телефон соғуын талап еткен. Бастығына телефон соққан да, ертең ертемен баратын болып жатып қалған. Ал әпкесінің үйі керісінше, ауылдың екінші жағында, жолда өзен бар, көпірге дейін де біршама уақыт алады, егер ол үйге барса қылмыс жасап, үйіне оралғанның өзінде жолға жарты сағаттан көп уақыт кетеді екен.

Серік… жалпы не үшін өлтіруі мүмкін? Білетіндердің бәрі біліп болған, әйелі екі рет ажырасып қайта келген. Жағдайы жақсы, астында көлігі бар, ақшаға мұқтаж емес. Ақырын аяңдап мектепке келді. Күзетші далада гүлді суғарып жүр екен. 

– Обал болды… Күзетші күңк ете түсті.

– Кімге обал болды?

– Өлген келіншекті айтам, жап-жақсы адам еді. Бір шикі өкпеге зар болып құса болып жүргенде мына Серікке ұрынды. Бірте-бірте араққа үйір болып, мектептен қуылды ғой. Серікке түк болмады, әрине, ағасы әкім…

– Сол күні сағат алтыдан сегізге дейін Серіктің мектепте не істегенін айтып бере аласыз ба?

– Мектепке жақында бір мұғалім ауысып келді. Жасы отыздарға келсе де тұрмысқа шықпаған. Серіктің соның соңында жүргеніне біраз боп қалды. Мектептегі қосымша есіктер жабық тұрады. Тек алдынан ғана кіріп-шығады, сондықтан, бәрі көз алдымда. Сол күні Серік мұғалімдер бөлмесінде ана қызбен жырбыңдап отырды. Сағат шамамен жетілер кезі. Қыз кезекші болатын, бір кезде Серік шығып кетіп, он минуттан кейін көлігін айдап қайта келді. Ол кезде қыз киініп алып менің қасымда тұрған. Екеуі бірге белгісіз бағытқа кетті.

Серіктің қайда болдың дегенде ештеңе айтпаған себебі енді белгілі болды.

Мектепке кірмей кері қайтқан Бақытжан қыздың тұрып жатқан үйіне келді. Он минутқа жеткен әңгіме тура күзетші айтқандай болды. Ендігі жалғыз күдікті – марқұмның заңды күйеуі Жандос.

Телефон безектеп жатыр екен. Бақытжан сергек оянды. 

– Алло…

– Бақытжан, тез жет үйге, бұл ауыл әкімі Қайсар ағаң ғой.

Қысқа әңгімеден кейін тезірек қимылдаған ол көлігіне бара жатып, ұялы телефонының сағатына үңілген. Сағат түнгі 10 болыпты. Бірақ кәдімгідей тыңайып қалған. Еңселі келген қызыл дарбазаны тірей тоқтады. Дала самаладай жарық, әр бағана сайын бір лампа, ат шаптырым аулада жан баласы көзге түспеген. Бір кезде үйден шыққан ауыл әкімі көрінді. Қолын беріп амандасқан соң Бақытжанды ертіп қатарласып тұрған кішкене дәліздердің біріне келді. Есігін тіреп қойған екен, тіреуін алып есікті ашып жіберіп еді, арғы жақта біреу дөңгелеп жатыр екен. Қолын артқа қайырып байлап қойған, беті көрінбейді.

– Жалданбалы өзбектер ғой. Жұмыс істеп жатқанына екі айға жуықтады. Ақшасын еліне жіберді. Бүгін жұмыс аяқталмай қашып кеткісі келіп жатқан жерінен ұстап алдым. Атаңа нәлет, балама ота жасамақшы деп ақшасын алдын-ала алып қойды. Заң бойынша бұларға қандай жаза бар?

– Біріншіден, адамды бұлай байлап ұстап отыру – қылмыс, екіншіден араларыңызда ешқандай келісімшарт жасалмаса, онда бәрін бейбіт жолмен екеуара келісіммен шешесіздер. Құжаттарын көрсем бола ма? Әкім өзінікін, Бақытжан заңды түсіндіріп біраз дауласты. Соңында әбден таяқ жеген өзбек азаматын алып, Бақытжан кеңсеге келді. Сағат 23:00 болыпты, қарны ашқанын енді түсінген Бақытжан кеңсеге келе шай қойып, тоңазытқыштан нан мен колбаса алды.

– Кел, тамақ ішеміз.

Өзбекте үн жоқ. Дастарқанды жинап жатып, мойнына көзі түскен, тырналған жара. «Ауыл әкімі қатігез екен» деп іштей ойланған Бақытжан, уақытша тұтқындайтын жерге өзбек азаматын әкеліп, бір одеял мен жастық беріп жатқызып қойды.

Ал бұны не істеймін? Жолына ақша да жоқ екен, қағазы дұрыс, әлі екі айлық визасы бар. Ертең өзімен сөйлесіп, босата салайын. Құрылыс қызып жатыр ғой ауылда, біреуге жалданып ақшасын табар.

Ертесі таң атпастан ауданға шақырып жатыр деген соң шығып кеткен. Аудан кісі өліміне қатысты қандай деректер барын сұрады. Жұмысына көңілі толып тұрмағанын астарлап жеткізіп, зілдене сөйлеген бастыққа үн қатпаған Бақытжан ауылға түс ауа жеткен. Келе өлген келіншектің үйіне тартты. Үйде Жандостың туыстары мен Азат бастаған топ бір нәрсеге дауласып жатыр екен. Жандос сол баяғы міз бақпаған қалпында. Амандасып ұзын дастарқанның шетіне отырды, тамақ ішіліп болған соң Жандосты алып бөлімшеге тартқан.

– Бақытжан, сен кімді қамап кеткенсің?  «Мені шығарыңдар», деп бағанадан бері тереземен алысты ғой. Алдынан жүгіріп шыққан күзетші ентіге баяндап жатыр.

Есіне сол кезде түсті, ертеңгісін есікті сыртынан құлыптап кете беріпті ғой. Ауылдық жер болғасын әкімшілік, кітап­хана барлығы бір жерде, тек есіктері әр жерден.

– Иә, бәрі дұрыс, қазір босатамын. Шәй бере аласыз ба? Тоңазытқыштағы заттарды да алыңыз.

Есікті сықырлатып аша бастағанда есікке екі аттап жетіп келген өзбек жігіті Жандос­ты көріп бозарып артқа кері шегініп кетті. Жандосқа орындықты нұсқаған Бақытжан өзбек жігітке есікті көрсетті де «шыға бер» дегенді ишарамен білдірген. Жандос та өзбек жігітке қарап қалған.

– Отырыңыз, – деді оған орындықты нұсқаған Бақытжан, – Сізге мынадай сұрағым бар, неге дер кезінде жедел жәрдем шақыр­ған жоқсыз? Әйеліңіз сіз келгенде тірі болыпты.

– Иә солай екені рас, телефон қуатым таусылып қалыпты. Үйден қуаттандырғыш іздеп біраз жүріп қалдым.

– Үй телефоны бар екен ғой?

– Иә бар, есім шыққанда оны ескермеппін.

– Қуаттандырғыш іздеп жүргенде үй телефоны көзіңізге түспеді ме?

– Айттым ғой сізге, қатты шошып кеттім, асып-сасып…

– Жарайды, сіз барғанда әйеліңіз тірі ме еді?

– Жоқ, өлген тұғын.

– Қайдан білдіңіз, медик емессіз. Және өзіңіз сасқалақтап жүрдім деген сияқты едіңіз?

– Сонда өлтірген мен дегіңіз келе ме? Жандостың дауысы қатты шықты.

– Жақсы, ал енді өлер әйеліңіз өлді, дүние-мүлкі кімнің атында еді?

– Үй – келіншегімнің, машина – менің атымда.

– Жаңа естіп қалдым, бұл үйді кезінде келіншегіңізге туыстары көмектесіп алып берген екен. Мүмкін бөліске саларсыз?

– Жоооқ. Иәәәә.

Шашалып қалған Жандостың түрі бозарып кетті. Қадалып қарап отырған Бақытжанның анық көзі жетті, дұрыс, өлтірген осы. Сағат 8 жарымдарда ешкімнің көзіне түспей бауыздап кетеді де кейін түк болмағандай келіп әйелін құтқармақшы болған кейіпке енеді. Столды сарт еткізді. Көрші бөлмеде отырған күзетші мен өзбек азаматы шошып кетті.

– Сізді уақытша қамаққа алуға мәжбүрмін.

– Мен қорғаушы жалдаймын.

«Мен қорғаушы жалдаймын», қарай гөр мұны. «Менің кінәм не, дәлеліңіз қайсы» демейді, бірден қорғаушы… Жандостан ауылдан шығып кетпеу туралы қолхат алып, босатып қоя берді. Енді дәлелдеу керек… Қалай, қайтіп….

Екі-үш күн өтті. Жандос ауылдан ұзап шықпады, Серік тып-тыныш мектебінде сабақ беріп жүр. Азат араққа салынып кеткен. Түс әлеті еді, көшеден шаңқылдаған айғай естілді. Ауданнан енді келіп отырған Бақытжан далаға бірден шыққан. Өткендегі өзбек удай мас, есін білмейді, алдына салып алып келген ауыл адамы шаңқылдап шағымданып жатыр. Оқиға былай болған, жолға біраз ақша жасау үшін ол жаңағы кісімен үйдің сыртын сылап бермекке келіседі. Алайда, осымен үшінші күн, берген ақшаның бәрін тек ішіп құртқан өзбек үйдің жартысын да сыламаған…

– Оңбағыр неме, бала-шағамның аузынан жырып берген ақшамның ең болмаса жартысын қайтарсаң ғой..

Жұлқып қалғанда қаперсіз тұрған өзбек азаматы шайқалып барып орнына келді. Үстіне киген жейдесінің екі-үш түймесі бырт-бырт үзіліп жерге түсті. Біреуі тіпті дөңгелеп отырып Бақытжанның алдына келген. Түйме…. Тәәк, мына түймені қайдан көрдім…. Иә, бұл өлген келіншектің табалдырығынан табылған түйменің сыңары ғой….

Өзбек бәрін бірден мойындады, өзі де ұйқысы дұрыс болмай көзі ілінсе қорқынышты түстер көріп, жынданып кетудің аз-ақ алдында жүрген екен.

Сол күні…. Сол күні ауыл әкімінің үйін­дегі қарбалас тірліктен кейін кешқұрым ауыл шетінде жұмыс жасап жатқан жерлесіне барып келмек болып шыққан. Жолай көк дарбазалы үйге жақындаған ол алдында жасаған еңбегіне ақы алмағаны есіне түседі. Дәл сол кезде есік алдында тұрған көлігін оталдырып Серік шыққан. Дарбазаны итеріп қалып еді, есік ашық екен. Ішке кіріп айқайлап біраз тұрды. Бір кезде аздап қызу келіншек көрінеді. Қарызын сұраған өзбектің бірден бетінен алып, ашуға мінген. Ашық-шашық тұрған денесіне көзі түскен бұл қарызды ұмытып, аш нәпсімен арпалысып кеткен. Ашуланғансып қапсырып құшақтап еді, келіншек мүлдем долданып білегінен оңдыртпай қыршып кеп алады. Екінші мәрте тістейін деп ұмтылғанда қалтасында жүрген бәкімен тамағын оратын адам сияқты ұстап, қорқытпақшы болған. Бәкінің өткір жүзі де әйелді қорқыта алмаған сыңайлы. Қайта екінші мәрте жұлқынып, босап шығамын дегенде өткір бәкі мойындағы күретамырды бір-ақ үзді. Жан дауысы шыққан келіншек жағасынан ұстап, жіберер емес. Әрең босап шыққан жігіт далаға қарай тұра жүгірді. Атадан мирас болып келе жатқан бәкісін жолай әжетханаға лақтырған ол дарбазаның артына отыра кеткен. Арада бес минут өтпей келіншектің күйеуі көрінді. О тоба! Қан сорғалаған әйеліне көмектесер деп еді. Ол болса сипақтап, өлгенін күткендей жүріп алды. Тек келіншегінің тынышталғанын білген соң ғана қолына телефонын алып, көмекке шақырған. 

Қазір ағынан жарылған өзбек азаматы да, Жандос та қамауда отыр.  Енді олардың жазасын сот белгілейді.

Аида ҚОЖМАМБЕТОВА

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...