Жәбірленушінің жауапкершілігі: құқық пен міндет теңдігі

Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық орын алған жағдайда ең алдымен зардап шеккен тарап – жәбірленуші болып танылады. Заң жәбірленушінің құқықтарын қорғауға ерекше мән бергенімен, оның белгілі бір жауапкершілігі мен міндеттері де бар. Яғни құқықтық мемлекетте жәбірленуші тек құқық иесі ғана емес, сонымен қатар сот төрелігінің әділ жүзеге асуына ықпал ететін процеске қатысушы тұлға.

Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, жәбірленуші – қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан моральдық, мүліктік немесе дене зияны келтірілген тұлға. Ол арнайы қаулы арқылы жәбірленуші ретінде танылады және сол сәттен бастап белгілі бір құқықтар мен міндеттерге ие болады.

Ең алдымен жәбірленуші тергеу органдары мен соттың шақыруы бойынша келуге міндетті. Тергеуші, анықтаушы немесе сот тарапынан шақырту келген жағдайда себепсіз келмей қалу заң талаптарын бұзу болып есептеледі. Мұндай жағдайда процессуалдық шаралар қолданылуы мүмкін. Бұл талап тергеу мен сот процесінің уақытылы әрі тиімді өтуі үшін маңызды.

Сонымен қатар жәбірленуші іс бойынша шынайы мәлімет беруге міндетті. Тергеу барысында немесе сот отырысында жалған ақпарат беру, әдейі жалған айып тағу заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Қылмыстық заңнамада көрінеу жалған хабарлама немесе жалған айып тағу үшін арнайы жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан жәбірленушінің әрбір айтқан мәліметі нақты деректерге негізделуі тиіс.

Тағы бір маңызды талап – тергеу құпиясын сақтау. Кей жағдайларда тергеу органдары жәбірленушіге іс материалдарын жарияламау туралы ескерту жасайды. Егер ол бұл талапты бұзып, іс барысындағы мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария етсе, заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл талап тергеудің объективті әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

Сот процесі барысында жәбірленуші сот тәртібін сақтауға да міндетті. Сот отырысында белгіленген процессуалдық ережелерді бұзу сотты құрметтемеу ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы ықтимал.

Құқықтық тәжірибеде кейде азаматтар жәбірленуші мәртебесін тек құқық ретінде қабылдайды. Алайда заң тұрғысынан алғанда бұл мәртебе белгілі бір жауапкершілікті де жүктейді. Жәбірленушінің шынайы әрі толық мәлімет беруі, тергеу органдарымен ынтымақтасуы – істің әділ шешілуіне тікелей әсер етеді.

Қорытындылай келе, жәбірленушінің құқықтары мен міндеттері өзара тығыз байланысты. Заң жәбірленушіні қорғаумен қатар, оның адал әрі жауапты әрекет етуін де талап етеді. Бұл талаптар құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және сот төрелігінің әділ жүзеге асуына қызмет етеді.

Сарсембина Венера Рымболсыновна, Әуезов аудандық сотының әкімшісі басшысының м.а.

Референдумдағы «ерекше вайб»: Қазақстандықтар дауыс беру барысында креатив танытуда

Республикалық референдум тек азаматтық жауапкершілік сынағы ғана емес, сонымен...

         Атырау облысының АСК төрағасы: сайлау учаскелерінде барлық жағдай жасалған

Атырау облысының Аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева өңірдегі...

Референдум-2026: на участках для голосования по всему Казахстану фиксируются очереди

Многие казахстанцы решили принять участие в республиканском референдума рано...

Референдум-2026: дауыс беру учаскелеріне халық лек-легімен келуде

Бүгін қазақстандықтар таң бозынан республикалық референдумға қатысу үшін ерекше...

Ерлан Қарин референдумда дауыс берді: «Бүгін маңызды күн»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Жаңа Конституция бойынша...