МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ АЙТҚАНДАЙ «ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, КЕЗ КЕЛГЕН ЕҢБЕК – ҚАДІРЛІ. ЕҢ БАСТЫСЫ, ӘРКІМ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТЕРЕҢ СЕЗІНІП, ӨЗ МІНДЕТІН САПАЛЫ АТҚАРУЫ ТИІС. СОНДА ҒАНА ЕЛІМІЗ ДАМУДЫҢ САРА ЖОЛЫНА ТҮСЕДІ». БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ АЙТЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, САРА ЖОЛҒА ЖЕТУДІҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІН ТӘЖІРИБЕГЕ ЕНГІЗУГЕ ЫҚПАЛ ЕТУДЕ. ПРЕЗИДЕНТ 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 3,3 МЛН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫН ТАПСЫРСА, БҮГІНДЕ ОНЫҢ 73 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛҒАН.
Республикамызда көп балалы отбасыларды əлеуметтік тұрғыда қолдауға ерекше көңіл бөлінсе, солардың ең ауқымдысы жұмыспен қамту мəселесі. Көп балалы аналарды, олардың отбасындағы еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамту мақсатында мемлекетімізде түрлі бағдарламалар мен жеңілдіктер заңмен қарастырылған. Мəселен, ел демографиясының көтерілуінде айрықша орынға ие ата-аналар жұмыссыз қалған жағдайда мемлекеттік еңбек мобильділігі қызметіне жүгіну арқылы мамандығына сəйкес, бос жұмыс орындарына жолдаманы кезексіз алады. Яғни, олар бірінші кезекте жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Əлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар» секілді жалақыны субсидия лау бағдарламалары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұлардың қай-қайсысының да көп балалы отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуында маңызы зор. «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары да қарқынды жұмыс істеп, өткен жылы «Жастар практикасына» біріктірілді. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы оқу орнын енді бітірген жас мамандардың, студенттік кезден отбасын құрып, бала тəрбиесімен отырып қалған көп балалы аналардың, ал «Ұрпақтар келісімшарты» кəсіптік, техникалық, орта жəне жоғары оқу орындарын бітіргеніне үш жыл толмаған 35-ке дейінгі жастардың еңбекке араласуына жол ашты. «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы зейнеткерлік жасқа жақындаған немесе зейнетке шығатын маманның орнына жас кадрды даярлауымен ерекшеленді. Осы арқылы жұмыс беруші жас маманға тəжірибелі тəлімгер бекітіп, оның өз жұмысын игеріп кетуіне мүмкіндік жасады. Бүгінде мұндай ауқымды жұмыстар «Жастар практикасы» шеңберінде қолға алынуда. Соған орай, жыл соңына дейін 35 жасқа жетпеген 25 мың жасты жұмыспен қамтуды көздеп отырғанын ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі мəлімдеді. Республикамызда бала тəрбиесімен үйде отырған аналардың өз кəсібін ашуына мейлінше жағдай жасалған. Соның нəтижесінде мемлекет тарапынан қарастырылған қайтарымсыз гранттарға, жеңілдетілген несиелерге өз ісін бастағысы келетін көп балалы отбасылар еш кедергісіз ие болады. Яғни, бұл ретте оларға басымдық беріледі. Көп балалы отбасыларды əлеуметтік, заңдық тұрғыда қолдау шараларының қатарында ҚР Еңбек кодексімен бекітілген құқықтық жеңілдіктер мен арнайы кепілдіктер де бар. Атап айтсақ, декреттік демалыста отырған ана тиісті мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға құқылы. Мұндай кезде жұмыс беруші оған толық емес жұмыс уақытын ұсынуға міндетті. Оның шарттары мен тəртібі Еңбек кодексінің 70-бабымен реттелген. Осы кодекстің 82-бабында қарастырылған, баласы бір жарым жасқа толмаған анаға баласын тамақтандырып келу үшін қосымша үзіліс беріледі. Үзіліс уақытын бала санына қарай жұмыс берушімен келіседі. Мысалы, əйел үзіліс уақытын түскі ас кезіне қосуға немесе жұмыс күнінің басына не соңына жинақтап пайдалануға құқылы. Бұдан жұмыскердің табысы азаймайды. Жұмыс беруші заң талаптарын орындамаған, яғни, мұндай үзіліс беруден бас тартқан жағдайда жауапкершілік арқалайды. Заңмен қарастырылған тағы бір артықшылық – балалы əйелдерді өздерінің келісімінсіз түнгі жəне үстеме жұмыстарға тартуға, іссапарға жіберуге тыйым салынған. Əйел келіскен жағдайда ол келісім жазбаша түрде рəсімделуі керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекетіміз көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамтуды мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналдырған. Ресми мəліметтерге сүйенсек, биылғы маусымға дейін еліміздің мансап орталықтарына көп балалы отбасы санатындағы 17,2 мың азамат жүгінсе, олардың 6,1 мыңы жұмысқа орналастырылған. Бұлардың 3,7 мыңы жұмысқа тұрақты түрде орналасса, үш мыңы мемлекеттік субсидияланған уақытша жұмысқа жіберілген. Көп балалы отбасыларды кəсіпкерлікке тартып, бизнес-жобаларын мақұлдау, сондай-ақ, гранттар мен субсидиялар беру шаралары олардың еңбек нарығына еркін ену мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймайды, сонымен бірге əлеуметтік-экономикалық жағдайларын да жақсартады. Мұндай игі істер еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылуда. Бұған бір ғана Шығыс Қазақстан облысынан мысал келтіруге болады. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстандық 115 көп балалы отбасы ұсынған жобалар мақұлданған. Осы облыстың 1400 тұрғыны Кəсіпкерлікті дамыту палатасының «Бастау-Бизнес» жобасымен оқыса, соның 125-і көп балалы отбасының азаматтары. Сонымен қатар, «Жас кəсіпкер» жобасы аясында білім алып жатқан 724 адамның 268-і көп балалы отбасылардың мүшелері. Президенттің ел халқын жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасының 73 пайызға орындалуы сапалы жұмыс орындарының көбейгенін көрсетеді. Олай дейтініміз, жұмыс орындарының көптеп ашылуы өз кезегінде жұмыссыздар санын азайтады. Елімізде жұмыссыздықты жою жөніндегі шаралардың цифрлық экожүйемен қамтылуы ашықтықтың айқын дəлелі саналады.
Айгүл АХМЕТОВА, журналист


