Дені сау баланы дүниеге әкелу — әрбір отбасы үшін үлкен бақыт, бірақ бұл жолдың сәтті болуы ата-ананың осы қадамға қалай дайындалғанына тікелей байланысты. Көптеген адамдар дәрігерге жүктілік тесті екі сызықты көрсеткеннен кейін ғана жүгіну керек деп ойлайды, бірақ бұл қате түсінік. Заманауи медицинада прегравидарлық дайындық деп аталатын ең маңызды кезең бар — бұл жүктілікке дайындалудағы ата-ананың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жүктілікті алдын ала жоспарлау мақсатында жүктілік кезіндегі асқынулардың алдын алуға бағытталған шаралар кешені. Мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы осы маңызды дайындық кезеңін тегін өтуге мүмкіндік беріп, дәрігерлердің кеңестерін және бірқатар зерттеулерді өтуді толық қаржыландырады. Медицинадағы ең қауіпті мәселелердің бірі — жүктілік кезінде ғана анықталатын аурулар және олардың асқынулары. Солардың бірі — жүктілік кезінде ғана алғаш рет анықталатын онкологиялық аурулар. Бала көтеру кезеңінде әйел ағзасында гормоналды өзгерістер орын алады, бұл катализатор ретінде әсер етіп, бұған дейін жасырын келген ісіктердің немесе ісікалды жағдайлардың тез өсуіне түрткі болуы мүмкін. Бұл кезеңде қатерлі ісікті емдеу өте үлкен қауіппен байланысты, өйткені химиотерапия мен сәулелі ем құрсақтағы нәрестенің өміріне тікелей қауіп төндіріп, дәрігерлер мен отбасын қорқынышты таңдау алдында қалдырады. Жүктілікке дейін МӘМС-тің барлық диагностикалық мүмкіндіктерін пайдалану кез келген патологиялық өзгерістерді дер кезінде анықтауға, оларды ерте сатысында сәтті емдеуге және бала көтеру кезеңінде онкологиялық асқынулардың туындау қаупін жоюға мүмкіндік беріп, ана мен бала өмірін сақтайды.
Онкологиялық қауіптерден бөлек, жүктілікті жоспарлау сырттай қарағанда сау көрінетін ата-анадан тұқым қуалайтын жасырын генетикалық ауруларды уақтылы анықтауға көмектеседі. Кей жағдайларда ерлі-зайыптылар өздерінің зақымдалған хромосомалар мен гендерді тасымалдаушы екендігін білмеуі де мүмкін. МӘМС пакеті шеңберінде учаскелік терапевтке және акушер-гинекологқа, бейінді мамандарға жүгіну емделмейтін туа пайда болатын даму кемістігі бар бірқатар генетикалық ауруларды алдын алуға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру ата-аналарға болашаққа деген сенімділікті ұялатады. Болашақ ата-ананы жасырын тұқым қуалайтын аурулармен байланысты ауыр эмоционалдық және физикалық сынақтардан сенімді түрде қорғайды. Мемлекет Қазақстан Республикасының әрбір сақтандырылған азаматына қолжетімді профилактикалық медицинаға баса назар аудара отырып, ана мен баланы қолдау үшін барынша жағдай жасауда. Егер МӘМС бойынша өткен прегравидарлық дайындық барысында болашақ ата-аналардан қандай да бір ауытқулар табылса, пациентті тереңдетілген емдеу үшін эндокринологтарға, кардиологтарға, генетиктерге немесе онкологтарға яғни арнайы бейін мамандарға тегін жіберуге мүмкіндік береді. Жауапты прегравидарлық дайындық — бұл сәбиге мықты денсаулық сыйлаудың бірден-бір сенімді жолы, ал міндетті медициналық сақтандыру бұл процесті әрбір қазақстандық отбасы үшін қолжетімді, қауіпсіз және тегін етеді.
Хамзе Ақмарал Қадірқызы, акушер гинеколог Алматы қаласы ҚДСБ ШЖҚ “№27 Қалалық емханасы” МКК


