12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Өзгеріс – өмір талабы

Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде елімізде әлемдік стандарттарға сай заманауи сот жүйесі қалыптасып үлгерді. Осы аралықта цифрландыру жұмысы, тың әрі жүйе­лі реформалар соттың ашықтығы мен қолжетімділігін жаңа сатыға көтергенін мақтанышпен айта аламыз. Оның ішінде, «Сот кабинеті», «Төрелік» ақпараттық жүйесі, фронт-кеңселер, құқықтық қызмет көрсету орталықтары мен медиация кабинеттерінің ашылуы, «Түнгі сот» пен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» атты іргелі жобалардың орны бөлек.

Қоғамға қалтқысыз қызмет ету мақсатында қолданыстағы заңнамалардың уақыт талабына сай өзгерістерге ұшырауы заңдылық. Мәселен, өткен жылдың соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданған еді. Заңды екі негізгі блокқа бөлуге болады. Біріншіден, бұл құжат дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеуді дамытуға, екіншіден, азаматтық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Осы заңның негізінде бірнеше заңға өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Айталық, «Медиация туралы» заң жаңа 8-1-баппен толықтырылып, уәкілетті органның құзыреті айқындалды. Сондай-ақ, медиатордың құқығы мен міндеті нақтыланды. Тағы бір айта кетерлігі, енді онлайн-медиативтік келісім жүргізуге болады. Дәл қазіргідей пандемия кезінде заңға мұндай өзгерістің енгізілуі құптарлық. Одан бөлек, сот актісін орындау сатысында және әкімшілік сот ісін жүргізу барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері айқындалды.
Ал биыл қаңтардан бастап күшіне енген Азаматтық процестік кодекстегі басты өзгеріс – талап қою арызы талап қоюмен, өндіріп алушы тиісінше талап қоюшы, борышкер жауапкер деген сөздермен алмастырылды. Осы ретте кейбір мемлекеттік орган тарапынан берілетін талап қоюлардың сапасы сын көтермейтінін атап өткен жөн. Мұндай кемшілік өз кезегінде істің созбалаңға салынуына әкеледі. Сондықтан, сотқа талап қоюды бермес бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал. Құжаттағы 21-тарау, яғни сырттай іс жүргізу және сырттай шешім шығару алып тасталды.
Өткен жылдың желтоқсанында республика көлемінде «Сотқа дейінгі хаттама» жобасы пилоттық режимде сынақтан өткен болатын. Бұл жоба бойынша Азаматтық процестік кодекске өзгеріс­тер мен түзетулер енгізіліп, кодекс сотқа дейінгі хаттама атты жаңа ұғыммен толықты. Осы орайда, Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында бір ай ішінде 17 сотқа дейінгі хаттама жасалып, 2 іс бітімгершілікпен, 3 іс медиациямен аяқталған. «Көш жүре түзеледі», демекші, алдағы уақытта көрсеткіштің еселеп өсеріне сенім мол. Себебі, татуластыру рәсімдерімен қоғам бұрыннан таныс. Тараптардың енді сотқа дейінгі хаттаманы өздері немесе медиатор, адвокат арқылы жасауға мүмкіндігі бар.
Сотқа дейінгі хаттама еркін нысанда толтырылып, онда тараптардың деректері және даудың мәні қамтылады. Өз кезегінде талап қоюшы жауапкерге ашатын және ұсынатын дәлелдемелер туралы бағанды, ал жауапкер өзінің дәлелдері туралы бағанды толтырады. Осылайша, тараптар дауды шешудің өзіндік нұсқасын ұсынады. Яғни, Азаматтық процестік кодекстің 73-бабына сәйкес, дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады.
Талап қоюды қабылдау туралы айтатын болсақ, судья талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Сондай-ақ, татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қоюды қабылдау он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Ал, сотқа дейінгі хаттама осы кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес жасалған жағдайда, талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, сот тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдап, дауды процестің барлық сатысында реттеуге жәрдемдеседі. Одан бөлек, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласудың артықшылықтары, дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы хабардар етіледі. Бір айта кетерлігі, қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде шақыру тиісті ұйғарым шығарылғаннан кейін жіберіледі.
Қорыта айтсақ, татуластырудың саласын кеңейту, азаматтардың сот шығынын барынша азайту, дау-­жанжалдарды сотқа жеткізбей, одан тыс реттеуді көздейтін жаңашылдықтардың қоғам үшін тиімді тұсы жетерлік. Себебі, заңдағы әрбір өзгеріс әр азаматтың құқығын қорғауды мақсат етеді. Сондықтан, аталған заңдағы жаңашылдықтарды түсіндіру, жұртшылыққа дер кезінде жеткізу, зерделеу біздің басты міндетіміз болмақ.

Арыстанбек БЕКБОЛАТОВ,
Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...