12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Зауал

Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданға барып, шаруа­шылықтың жылқысын үйір­леп жұтқан жылпостарды әшкерелеп келгені осы болатын. Бір аптаға созылған іссапар қажытып-ақ тастаған екен, бас­тығы бір-екі күн демалуға рұқсат берді. Соны пайдаланып үйдегі қордаланып қалған шаруаларды бітіріп тастамақ ойы бар. Таңертең ұйқысы қанып тұрғаннан кейін шайға отырғаны сол еді, телефон шырылдап қоя берді.

– Сәбит Сәкенұлы, сізге дереу жұмысқа келсін деп жатыр, – деді байланыстың арғы жағындағы кезекші ресми дауыспен.

Бас тартуға, сылтау айтып жалтаруға мұрсат жоқ. Бұл демалып алсын деп бұзақылардың күтіп жатпайтыны тағы белгілі. «Сірә, маңызды бір шаруа болса керек. Әйтпесе бастығы өзі жұмыстан босатып, қайтадан мазаламайды ғой…» – деп ойлаған Сәбит жұмыс бөлмесіне барып, киімін ауыстыра бастаған.

Кеңсеге келгенде қабылдау бөлмесіндегі қыз бірден ішке кіргізді.

– Аа, келдің бе?! Демалысыңды аяқас­ты үзуге тура келді, – деді бастығы әңгімені ұзаққа созбай. – Жағдай осылай. Іргелес ауданда өзен аңғарынан баланың мәйіті табылыпты. Қастандықпен өлтірілгені белгілі болды. Денесінде пышақтың іздері бар. Жергілікті жедел уәкілдер бұл іспен айналысып жатыр. Біз сенің де барғаның дұрыс деп шештік. Көлік есік алдында күтіп тұр.

Оқиға орнында

Мән-жайды барғаннан кейін анықтап алармын деп ойлаған Сәбит не болғанын қазбалап сұрамай, бірден аттанып кетті. Баланың мәйітін мал жайып шық­қан ауыл тұрғыны тауды бөктерлеп ағатын кішкене өзеннің аңғарынан тауып алған екен. Түске қарай табынды суатқа құлат­қан ол жағалауына жапырыла талдар өскен жерден су алмақ болып кел­генде, ағаш тамырларына ілініп тұр­ған баланың денесін көріп, қатты шошы­нып қалған тәрізді. Хабарды да жет­кізген сол.

Оқиға орнына келген медициналық сарапшылар мәйіттің бұл жерде жатқанына көп уақыт болғанын анықтап үлгерді. Денесінен табылған пышақ іздерінен басқа, зорлық жасалынуы мүмкін деген болжам да осы жерде айтылған. Қалған жай толық экспертиза жүргізілгеннен кейін белгілі болмақ.

Сәбит әріптестерімен бірге алдымен мәйіт табылған жердің айналасын мұқият зерттеп шыққан. Аралары 40-45 шақырымға жуық екі ауылдың арасында бұл бала не істеп жүрді?  Сумен ағып келген болса, қылмыс қай жерде жасалынған? Бейкүнә сәбиді айуандықпен өлтіруге кімнің дәті барды деген сауалдар алдымен ойға оралады.

Аудандық ішкі істер бөліміне келгеннен кейін әркім өз пікірін айтып,  версияларын ұсынған. Баланы ақша үшін немесе бас пайдасы үшін өлтірмегені анық. Мұндай айуандыққа кім де болса қаны қарайған, бұрындары да ауыр қылмыстар жасаған адам ғана бара алуы мүмкін деген ой барлығының көкейінде болатын. Демек, ең алдымен жақында түрмеден босағандарды сараптан өткізу керек. Жедел топ дереу іс қағаздарын алдырып, мұқият тексеруге кірісті. Солардың ішінде бұрын да бірнеше рет сотталған рецидивистің ісі бұлардың назарына бірден іліккен. Түрмеден босап шығу мерзімі бала өлімі болған уақытпен тұспа-тұс келеді екен. Оның үстіне, содан кейін де бірнеше ұсақ қылмыс жасап, орталықтағы дүкенді тонағаны үшін ұсталған көрінеді. Бұл, алдыңғы жасаған ауыр қылмысын жасыру үшін ойлап тапқан айласы болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да бұл версияны жоққа шығаруға болмайды. Осылай деп шешкен топ мүшелері облыс орталығындағы уақытша қамау изоляторында жатқан қылмыскерді алдырып, тергеу қажет деп шешті.

Күдікті

Түрме ешкімді де түземейді деген пікір тегінде рас болуы керек. Бозбала кезінде бір рет шалыс басып, темір тордың арғы жағында біраз жыл отырып келген ауыл баласы содан кейін түзу жолға түспегені байқалады. Алғашқы рет болымсыз қылмыс жасағанымен, кейінгілері ауырлай түсіпті. Ең соңғы рет болмашы жайға бола мойнына адам қанын жүктегені үшін сотталған. Қарап отырса, саналы ғұмырының басым бөлігін абақтыда өткізген егделеу келген ер кісі осы тірлігіне зәредей өкінбейтін сияқ­ты. Түрінен кәнігі қылмыскердің кейпі менмұндалап-ақ тұр.

Сәбит бастаған жедел топ өкілдері орталықтан жеткізілген күдіктіні дереу тергеуге алған. Бұлардың қолдарында ешқандай айғақ жоқ екенін жақсы білетін ол: «Білмеймін! Көргем жоқ!» – деген жауабынан жаңылар емес. Тек, бала туралы айтқанда көздері ойнақшып, дегбірсізденіп кетеді екен. Осыдан кейін бұлардың баланы өлтірген осы деген сенімдері беки түскен.

Алғашқы тегеуріндері нәтиже бермегеннен кейін Сәбит күдіктіні жеке тергеп көруге бекінді. Прокуратураның аса ауыр қылмыстар жөніндегі тергеушісі болып еңбек еткен жылдар ішінде жинаған тәжірибесін тағы бір пайдаланып көрмекші. Оның бұл шешіміне өзгелері де қарсы болған жоқ. Тек, нәтижелі болса болғаны.

Кейінгі жасаған қылмыстары туралы сұрастырып көрсе, одан жалтаратын емес. Бәрін қолмен қойғандай етіп айтып отыр. Соңғы рет дүкенге қалай түскенін, ол жерден не нәрсе алғанын жаңылмай көрсетеді. Демек, ақыл-есі түзу, істеген ісіне жауап бере алады. Осылайша біраз жауап алып, күдіктінің күмәнін сейілткен тұста:

– Жарайды, оның бәрін қойшы. Ұсақ-түйек дүниелер. Ал, бейкүнә баланың не жазығы бар еді? Оны неге өлтірдің?! – деп сұрақты төтесінен қойған.

Отырған жерінен түрегеліп, өзіне төніп тұрған тергеушінің мысы басқан болуы керек. Күмілжіген күйі:

– Түрмеден шыққаным сол болатын. Автобусқа ақшам болмай туысымның үйіне жаяу келе жатыр едім… Айдалада мал іздеген бала жүр екен. Көп жыл әйел көрмегем… Көзім қарайып кетіпті… Іс тынғаннан кейін есімді бірақ жидым. Куәні тірі қалдыруға болмайды! Пышақтап өлтіріп, денесін суға ағызып жібердім…

Осылай деген күдікті ағат кеткенін соңынан сезіп, тілін тістей қойды.  Енді қалай сұраса да жауап беретін түрі жоқ. Тіпті, алдыңғы айтқан сөзінен де бас тарта бастаған. «Сен мені алдап соқтың. Ешқандай баланы білмеймін!…» – дейді шімірікпестен. Қылмысын дәлелдеу үшін бұл мойындаудың аздық ететінін Сәбит жақсы біледі. Қалай болғанда да бұлтартпайтын айғақ керек. Демек, пышақты тапқан жөн. Тағы бір орайы келгенде:

– Пышақты қайда жібердің, айт жаныңнын барында?! – деп айқай салды. Өз жауаптарынан өзі шатасып отырған күдікті:

– Суға тастай салғанмын… – деп қалды. Осыдан артық жауап ала алмасын сезген Сәбит тергеуді тоқтатқан.

Айғақ қайда?

Тергеу амалдарын келесі бөлмеден бақылап отырған жігіттер Сәбитті құттықтап жатыр.

– Жарадың, Сәке. Енді бұлтара алмайды. Қылмыс ашылды дей бер! – деп қояды олар.

– Жігіттер, асықпаңдар. Сот процесі кезінде айтқанынан жалтарып шықса не істейміз?! Дәлелсіз долбар күдіктінің пайдасына шешілетінін сендер жақсы білесіңдер. Сондықтан, бұлтартпас айғақты табу керек.

– Пышақты тап дейсің бе? Ол әлдеқашан шіріп те кеткен шығар. Өзен кішкене болғанымен, ағысы қатты тау суы емес пе? Қай жерден іздейміз?!

– Табу керек. Онсыз еңбегіміз еш кетеді. Мынау хайуан жауаптан жалтарып, зауалдан құтылуы мүмкін. Осында бар полиция қызметкерлерін түгел жұмылдырайық. Оқиға болған жерде кездесеміз.

Жедел топ дереу бала мәйіті табылған тау аңғарына жеткен. Маңайды тағы бір шолып шыққан Сәбит қылмыс жасалуы мүмкін деген жерді ойша топшылап, полицейлерге өзен жағалауын бөліп берді. Екі-екіден жұпталған олар шағын өзеннің екі жағында жүріп отырып, өздеріне тиесілі аймақты жіті қарап шығулары керек. Әрине, үш шақырымға созылып жатқан ағынды өзеннен кішкене пышақты іздеу – бір шөмеле шөптен инені іздегенмен бірдей екенін сезеді. Алайда, қылмысты күдіктінің мойнына қоюдың бірден-бір жолы осы ғана. Полиция қызметкерлері жұмысқа кірісіп кеткен.

Мұндайда әрбір мезет ұзақ болып көрінетіні бар. Қарап тұрсаң уақыт та өтпейді. Сәбит те өзгелермен бірге өзен аңғарына түсіп, жағалауды шола бастаған. Бір жақсысы, таудан аққан су тастан-тасқа секіріп, мөлдірлігін жоғалтпай жатыр. Кішкене қалтарысқа дейін анық көрінеді екен. Бұл да болса оның көңіліне демеу болғандай. Дегенмен, пышақты табу пайызы өте төмен екенін де жақсы түсінеді. Осылайша біраз уақыт өткен. Бір кезде полиция қызметкерінің: «Таптым! Таптым!» – деген қуанышты даусы келіп жетті. Бәрі жүгіріп сонда барған. Жағалау­да жатқан суық қаруды резеңке қолғаппен алып қарағанда қылмысқа қатысы барлығы ешкімге күмән туғызбаған еді. Судың әсерінен сәл қошқылданғаны болмаса, пышақ қатты зақымдана қоймаған.  Түрмеде қолдан жасалынған қару екенін аңғару қиын емес. 

Жедел топ өкілдері полиция бөлімшесіне келіп, айғақты көрсеткенде күдіктінің жалтаруға шамасы келмей, қылмыс­ты толық мойындауға мәжбүр болған. Істі бітіргеннен кейін Сәбит те қанағат сезімімен қайтуға жиналды.

Қолқа

Ауданнан келгелі екі-үш күн өткенде бастығы тағы шақырып, Бас прокуратурадан тапсырма келгенін жеткізді. Оңтүстік облыста талайдан бері ашылмай келе жатқан бір істі жергілікті жігіттер сағызша созып жүрген көрінеді. Зардап шегуші жақ та өздеріндегі құқық қорғау органы қызметкерлеріне сенімсіздік білдіріп, істі өзге өңірлердің біріне тапсыруды талап етіп отыр екен. Бастығы осы істі өз қолына алуға қолқа салған. Бұл ойланып көрейін деп, мұрсат алып шықты. Ондағы ойы, осыншама дүрбелеңге салып отырған қандай іс екенін біліп, біржақты шешімге содан кейін келу болатын.

Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Кей кезде жаман дегенің жақсылыққа бастап, жақсы санағаның керісінше болып жатады емес пе? Бұл жолы да Сәбиттің тәуекелге салған шешімі ол үшін табысты аяқталған. Мәселе, облыс орталығы саналатын қала әкімінің туған бауыры, бір кездері спортпен шұғылданып, «қой» дейтін қожа, «әй» дейтін ажа болмағаннан кейін баукеспе қылмыскерге айналған жігіттің қылмысына қатысты екен. Бұрындары жасаған өзге бұзақылықтарына көзжұмбайлықпен қарап келген құқық қорғау қызметкерлері жас қызды зорлап, буындырып өлтірді деген күдікпен тұтқындаған көрінеді. Алайда, зардап шегуші тарап оңтүстік облыстар мен Алматы қаласының тергеу­шілеріне сенімсіздік танытып, «Олар істі жауып тастауға мүдделі, басқа жақтың тергеу­шілері келсін!» деген өтініш білдірген. Сондықтан республиканың Бас прокуроры Талдықорғаннан тергеуші жіберуге шешім қабылдаған.

Сәбит қалаға келе салысымен іс құжаттарын алдырып, мұқият қарап шықты. Екі ай бойы 6-7 адамнан құрылған тергеу тобы жүргізген істің шала екені аңғарылып-ақ тұр. Тергеу тобының басшысын шақырып алып: «Бәке, мұнда күдіктінің қылмысы дәлелденбейді ғой. Мынандай дәлелдермен оны дереу босату керек! Заңсыз қамап отырсыңдар!» – деген. Ол болса, «Ойбай, Сәке, ең қиыны сол болып тұр! Қызды осылардың өлтіргені анық. Алайда дәлелдей алмай отырмыз, екі ай қамауда отыр…» – деп бәйек болады.

Бейкүнә

Сәбитті әсіресе айуанның қармағына іліккен бейкүнә бойжеткеннің тағдыры қатты толқытқан болатын. Әу баста тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қорғансыз жанның соқтықпалы-соқпақты өмір жолын тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұрынырақта осы жаққа оқуға келген жас қызды жергілікті жігіт ұнатып, екеуі бірге өмір сүре бастаған екен. Оқуын бітірген бойжеткен отбасы жағдайымен еліне қайтуға мәжбүр болып, жігітін бірге кетуге үгіттейді. Алайда ол: «Сендердің ауылдарыңа барып, күшік күйеу атанатын жағдайым жоқ!» – деп үзілді-кесілді жауабын береді. Амалсыз еліне кеткен қыз жүкті болып қалғанын барғаннан кейін бір-ақ білсе керек. Көп кешікпей дүниеге қыз бала келген. Сәбидің қандай жазығы бар, ата-­анасы оны шетке қақпай, өз қыз­дарындай тәрбиелеп өсіреді. Уақытқа қарсы тұрар кім бар дейсің? Жылдар өте үлкендер де дүниеден өтеді. Кәмелетке толып, мектеп бітірер шағында бой жетіп қалған қызына мамандық алып берудің қамымен бейбақ ана үлбіретіп өсірген жалғызын әкесінің жұртына жеткізуді ойлаған. Алайда, мұнда келгенде жігіт те көз жұмған болып шығады. Содан қызын әкесінің інісіне тапсырып тұрып: «Бала сендердікі. Мен мектеп бітіргенше асырап бақтым. Әрі қарай оқытуға шамам келмейтінін сеземін. Сондықтан өздеріңе тапсырып тұрмын, арғы тағдырына өздерің жауаптысыңдар…» – деген.

Бойжеткенмен жасты өзінің де қызы болғандықтан інісі  қарауға келісімін береді. Қызы оқып жүрген оқу орнына орналастырып, білімін жалғастыруға мүмкіндік жасайды. Сәмбіталдай бұрала өскен бойжеткен бет біткеннің көріктісі болған деседі. Қолаң шашы төгіліп, бота көздері мөлдіреп, жанынан өткен адам бұрылып қарайтындай әсем болған екен. Бойжеткеннің өз облысында өткен сұлулар байқауының жеңімпазы атанғаны және бар. Бәлкім, осы көркі қызға сор болып жабысты ма?! Бір жолы сабақтан қайтып келе жатқанда жандарына сүліктей қара шетел машинасы тоқтай қалып, ішіндегі жігіт екеуін қалаған жерлеріне жеткізіп салуды ұсынады. Тәжірибесіз жастар көлікке қызығып, келісім бергеннен кейін бір жерге келгенде жанындағы құрбысын түсіріп тастап, сұлу бойжеткенді белгісіз жаққа алып кете барған. Мұны екінші қыз растап, қандай көлікке мінгендерін, рөлде кімнің болғанын да айтып отыр. Алайда, қыз­ды осы адамның өлтіргендігі жайлы ешқандай нақты дәлел табылмайды. Тергеуші топтың тосылған жері де осы екен. Қаныпезер қарақшының жас қызды саяжайға апарып, барлық киімдерін шешіп алып, айуандықпен бірнеше күн зорлағаны кейіннен белгілі болған еді. Түн ортасы ауа жігіттің  мастығын пайдаланып, қылмыскердің қолынан сытылып шығып, жалаңаш күйі жұрттан жәрдем сұрап жүгіргені де соңынан анықталған. Алайда, қылмыскер сезіп қойып, шашынан сүйреп, үйге алып келіп, қылмысы әшкере болмауы үшін арудың мойнына арқан салып буындырып өлтіріпті…

Бұлтартпас дәлел

Жұмысты бастау керек. Алдымен  қолда бар айғақтарды бекіту үшін сараптама жасаған жөн. Осыған байланысты іс бойын­ша 27 түрлі сараптама тағайындалды. Олардың біразы Алматыда ғана жасалады. Жұмыс біртіндеп жүре бастады. Қылмысты жасаған негізгі күдікті – бес адвокат, ал аса ауыр қылмысты жасырған екіншісі – екі адвокат жалдап қойыпты. Олардың ішінде Тараз, Қызылорда, тіпті, Ташкенттен келген адвокаттар да бар. Қия басқаныңды аңдып, жұмысты қиындатып жіберуге дайын. Күдіктілердің бір сөз айтуына мүмкіндік берер емес. Бір жолы екінші күдіктінің адвокаты келіп: «Сәке, ананың туған ағасы келіп отыр, жолықсам дейді. Соған рұқсат берсең қайтеді?» – деп өтініш білдірген. Алдында оларға туыстарының жолығуына рұқсат бермеген көрінеді. Советхан ағасына: «Егер қылмысты мойындауына көндірсең, рұқсат беремін!» – деп әзіл-қалжыңға сүйеп талап қояды. Әрине, қай адам өз бауырын түрмеге отырғызғысы келеді. Дегенмен, бір амалын табу керек болатын.

Ағасы келіп, темекі, тамақ, киім-кешек берген кезде күдіктіні тергеуге шақырған. Ананы-мынаны сұрап көп айналдырды. Қорғаушы сөзден сүріндіруге, жаңылдыруға мүмкіндік берер емес.  Ақыры адвокат әлдебір шаруамен тергеу бөлмесінен дәлізге шығып кеткенде тергеу психологиясында жиі қолданылатын әдіске салып, ағасының көзінше:

– Сен деген хайуан емес, адамсың ғой… Сенде де сезім, түсінік-түйсік бар шығар. Саяжайға келгенде үсті-басы қан, мойнында арқан байланған қыздың жансыз бейнесін көргенде не болғанын білмесең де сезген шығарсың?!» – деген барынша дауысын жұмсартып.

– Иә, сездім, білдім..! – деді ол.

– Сенің адам өлтірмегеніңді біз де біліп отырмыз. Сен тек қылмыстың ізін жасырушы ретінде жауапқа тартылуың мүмкін. Оқиға қалай болып еді, жасырмай айтшы?

– Ол мені саяжайға шақырды. Барып едім, қыздың өлі денесін көрсетіп: «Ей,  мынаны апарып, ешкімге көрсетпей көміп таста!» – деді. Мен соны істедім…

Бұл бұлтартпас дәлел болатын. Сәбит жауапты қағазға түсіріп, қолын қойғызып, бекітіп алды. Содан кейін адвокатын шақырып, таспаға жазып алған жауабын тыңдатқан. Ол болған жайды білгеннен кейін: «Өй, не істеп қойғансың сен?!» – деп қорғауындағы адамға айқай салмасы бар ма? Ашулы адвокатты бөлмеден шығарып алып, жеке сөйлесуге тура келді:

– Сенің нең кетіп бара жатыр? Қылмыс жасағандары анық, өзі де оны мойындап отыр ғой?!

– Сәке, солайы солай ғой. Бірақ осыған дейін бірнеше ай бойы  6 – 7 тергеуші жүріп мойындата алмап еді. Аяқастынан бәрін өзі мойындағанына күйіп кеттім.

– Мен ұрып-соғып, мәжбүрлеп мойындатқан жоқпын. Оған ағасы да кепілдік бере алады.

Бұл сөздерге қорғаушы қарсы дау айта алмады. Осылайша екінші күдіктінің мәселесі шешілген. Алайда, негізгі қылмыскер оңай шағылатын жаңғақ емес көрінді. Лауазымды қызметте істейтін ағасының арқасында ойына келгенді жасап, шолжаңдап қалған ол ешкімнен айылын жияр емес. Тергеу барысында өзін барынша еркін, дөрекі ұстайды. Әр сөзінен: «Ал, маған не істей аласың?!» – деген аужай сезіліп тұрады.

Тәуекел

Іс материалдарын қайта қарап отырып Сәбит елеусіздеу бір деректі көзі шалып қалған. Онда қаладан 40 шақырым қашықтықта орналасқан саяжайда, қылмыс болған үйдің жанында күрд шалы тұратыны айтылыпты. Жергілікті тергеушілерден сұрастырып көрсе, ол шал алғашында «көрдім» деп алып, соңынан айтқанынан тайқып шығыпты. «Біреулер әбден үркітіп тастаған-ау деймін. Жанында балалары мен немерелері бірге тұрады екен. Солар үшін алаңдайтын болса керек. Мыналардың кек алуынан қорқып, «түк көргенім жоқ!» деген сөзінен жаңылар емес» – деді олар.

Тәуекел деп әлгі қарияға Сәбит өзі барып жолыққан. Қазақшаға ағып тұр екен. Мұның кім екенін, не үшін келгенін білгеннен кейін сөзден тайсақтап, әңгімелесуге құлықты емес екенін сездірген. Тағы да психологиялық тәсілге салуға тура келді.

– Сіз кімнен қорқасыз?! Ұлы Отан соғысына қатысқан екенсіз. Сол майданда мұздай темір құрсанған фашистерден де жасқанбай, қарсы ұмтылып едіңіз ғой! Немістерді жеңіп оралған батыр емессіз бе?! Сондай қарсы келген тажалдан қорықпағанда, қайдағы бір адам кейпін жамылған шибөріден жасқанғаныңыз қалай?! Өлген қыз сіздің немереңізбен жасты бала екен. Мына жауызды қазір ауыздықтамасақ, ертең осы озбырлығын сіздің немереңізге жасамайды деп кім айта алады?! Менің де қыздарым бар. Олардың тағдыры да мені қатты алаңдатады. Сондықтан өзіме келер қауіпке қарамай қылмысты ашуға басқа облыстан келіп отырмын! Азаматтық, аталық, ардагерлік ұстанымыңыз қайда?! – деп намысын қозғай сөйлеген.

– Ой, балам-ай, мына сөзің өтіп кетті. Сен жеңдің! Жарайды, көрген жағдайдың бәрін айтып берейін, – деп келісімін берді.

Куә

Курд шал болған жайды былайша баян­даған. Бір жолы түн ауа дәрет алайын деп сыртқа шықпай ма? Аула шетіндегі дәретханаға келе жатса, арғы жақтан шашы жалбыраған, үстінде лыпасы жоқ тырдай жалаңаш қыз жүгіріп келеді екен. «Ататай, ататай, көмектесіңізші. Анау мені өлтіретін болды…», – деп айқайлап көмек сұрап жалынады. Жын ба, шайтан ба деп қорыққан ол тілін кәлимаға келтіргенше кіші дәретін дамбалына жіберіп те алған. Осы мезгілде артынан қуып жеткен бір жігіт, қолаң шашына қол салған күйі қойша сүйретіп алып кетіпті. «Сол жағдайды көргеннен бері ұйқым бұзылып, жаныма медет таба алмай жүрмін», – дейді қария.

– Ол жігітті танисыз ғой?

– Танимын. Осында жолдастарымен, қыз­дармен жиі келіп, арақ ішіп, тойлап сауық құрып жүретін.

– Онда осыны ресми түрде растап, қылмыскерді бетпе-бет кездесуде танып, жауабыңызды бекітіп берсеңіз болды. Сіз артық ештеңе айтпай-ақ қойыңыз. Тек мен сұрақ қойғанда «Иә» немесе «Жоқ» деп отырсаңыз болғаны.

Жол бойы арнайы бөлінген автобус ішінде қария тебіренгенінен дірілдеп, терлей берді. Оның қандай жағдайда отырғанын сезген Сәбит қолынан ұстап, жігерлендіріп отырған. Уақытша қамау абақтысына келіп кіргенде алдынан бір сержант қарсы алды. Мұны күтіп жүрген болуы керек.

– Аға, Алла тілеуіңізді берсін, мені ана жауыздың камерасына бес минутқа кіргізіңізші! Оңбағанның жанын жаһаннамға жіберейін. Ол менің періштедей пәк қарындасымды айуандықпен өлтірді ғой! Жіберіңізші, жалынамын! – деп қояр емес.

– Бауырым, олай болмайды. Өйтетін болсаң сен де сотталасың, маған да жақсы болмайды. Сәл сабыр етші, істі сотқа жеткізуге серт беремін. Жазасын сот берсін. Жас ғұмырыңды сен де күресінге лақтырма. Сабыр, сабыр, – деп жүріп әзер тоқтатты.

Бетпе-бет

Күдіктіні әкелуге тапсырыс беріп, өздері тосып біраз отырды. Қорғаушылары да осында екен. Қария әлі де болса қобалжып, жан-жағына жалтақтай береді. Сәбит оң тізесіне қарияның алақанын қойып, шама-шарқынша қолдау көрсетіп отыр. Бір кезде күдіктіні де ішке кіргізген. Бокстан чемпион атағы бар еңгезердей бәленің сұрқының өзі адам шошырлық. Өзінің бұл жолы да жазадан құтылатынына сеніп алған ол бәріне жоғарыдан, менсінбей қарайтындай. Бөлмеге кіріп келгенде курд шалын көріп, бір сәт абыржып қалды. Сірә, үркітіп-қорқытып, әлде ақша беріп аузын жауып тастағанына сенімді болса керек.

Уәделескендей, Сәбит сұрақ қойып, қария жауап беріп отыр. Қарт адам қысылған сәттері массаж жасаған болып қолдарын уқалап, дем беріп қояды. Сөйтіп отырып қария көрген-білгенін толықтай айтып берді. Долданып отырған дүлей бір сәт орнынан атып тұрып, ақсақалға қарай ұмтылған. Осындай боларын сезіп, арнайы күзет қойғызғаны мұндай оңды болар ма. Оқыс жағдайға дайын тұрған жасақ резеңке таяғымен арқасынан осып жібергенде анау қайқаң етіп, қайта отыр­ған. Шыдамай кеткен Сәбит: «Тыныш отыр, оңбаған. Сендей қанішердің орны – түрме!» – деп, қалай айқайлап жібергенін сезбей қалды.

Дүлейге де жан керек екен. Мұндай жағдайды күтпеген ол бірден жуасып, қылмысын толық мойындауға мәжбүр болды. Осылайша бірнеше айдан бері ашылмай келе жатқан қатыгездікпен жасалған қылмысқа соңғы нүкте қойылған болатын. Істі сотқа жеткізіп, қылмыскерге 15 жыл жазасын өтеу кесілгеннен кейін Сәбит  бір айуанды құрықтап, жазасын тарттыруға себеп болғанын қанағат тұтқан. Ал, билік пен ақшаның күшіне сенген озбыр топтың оған «ақыл-есі дұрыс емес, ауру» деген анықтама әперіп, арнайы емдеу орнына жатқызып қойғанын кейінірек білді. Осыны естігенде қылмыскерді әлгі сержанттың қолына неге бір рет бермедім екен деп әлі де өкінетіні бар.

Қуат Қайранбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...