Елең-алаңда Алматыдан шыққан такси түске таяу аудан орталығына кірді. «Сіз қай жерден түсесіз?» деген жүргізушінің қатқыл даусы көліктің артында ұйқылы-ояу отырған Бақытты селт еткізді. Екі көзін қолының сыртымен уқалап-уқалап жіберіп, көліктің терезесінен сыртқа қараған ол: «Мені осында тастап кетші», – деп Райымбек көшесінің бойына орналасқан базар алдына түсіп қалды. Ойы ауылда тұратын бала-шағасына керек-жарақ алу еді. Өйткені, жұмыстан кеш шыққандықтан, базарға бару тұрмақ, жатақханасына таксилетіп зорға жеткен болатын. Базарға бет алған Бақыттың алдынан ауылдастары Саят пен Ерсін кездесе кетті. Көптен бері бір-бірін көрмеген жерлестер құшақ айқастыра амандасты.
– Ал, жігітім, қайдан келесің? Сені ауылдан көрмегелі көп болды ғой. Шырттай киініп алғаныңа қарағанда, мемлекеттік қызметкер болып кеткен жоқсың ба? – деді Саят Бақыттың иығын қағып тұрып.
Сыңарының сөзін құптай кеткен Ерсін милығына түсіп кеткен шәпкесін көтеріп қойды да, қысық көзін сығырайтып, екі иығын қомдай:
– Саят айтса айтқандай, Бақыт, бетіңе қан жүгіріп, әдеміленіп, қаланың адамына ұқсап кетіпсің. Мына түріңе қарағанда Алматыдан бір жайлы жұмыс тауып алған сияқтысың ғой. Бізге де жұмыс болса қарайласа жүр, жұмыссыздықтан әбден ығырымыз шықты, – деді күліп.
Кекете сөйлеген екі жерлесінің бұл қылығына не күлерін, не ашуланарын білмеген Бақыттың ашаң жүзі бір қызарып, бір бозарып кетті. Бұларға істің жөнін айтпаса, бәрібір қазір жібере қоймайтынын білген ол:
– Ой, сендер де қай-қайдағыны айтады екенсіңдер. Қаладан қайдан жайлы жұмыс табыла қойсын? Бір танысым арқылы құрылыс компаниясына жалданып жүрмін. Бұл жұмысты істеп жатқаныма енді ғана бір айдан асты. Кеше жұмыстан жай түсіп, үйдегілерге керек-жарақ алып үлгермей қалып едім. Соған бола базарға тоқтадым, – деді күртесінің сырмасын бекітіп жатып.
Бақыттың бұл сөзін естіген Саят пен Ерсін құйрығын бұлғақтатқан қырдың қызыл түлкісіндей қылмыңдап кетті. Бақытты қалай арбаудың қамына жылдам кіріскен Саят:
– Демек, жігітім, қаладан қалтаңды қампитып қайтқан болдың ғой. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, сен біздің алдымыздан шыққан ақжолтай жеңге болып тұрсың. Бақыт, сенің бұл тірлігіңді естіп, Ерсін екеуміз қуанып отырмыз. Бұл – екеуіміздің саған деген жүрекжарды сөзіміз. Сен бізге сен. Шыны керек, кеше біраз ұрттап қойып едік. Мына басы құрғырдың ауырып тұрғаны. Сен де бір ер-азаматсың ғой, бізге бір жарты алып бер. Бұл сенің бізге жасаған жақсылығың болсын. Егер уақытың болса, бірге отырып ішелік, бөтен емеспіз. Үшеуіміз де бір ауылдың түлегіміз. Өткен-кеткенді айтып, бір жырғап қалмаймыз ба? – деп жан-жағын бір шолды да, Ерсінге қарап, «сен де мынаған бірдеме десеңші» дегендей ишарат байқатты. Саятпен ымы-жымы бір Ерсін оның ымын екі етпей орындауға көшті де, Бақыттың сол қолынан қолтықтап:
– Ой, Бақа, Саят дұрыс айтады, сөйтсек сөйтпейміз бе? Ауыл деген іргеде тұрған жоқ па, таяқ тастам жерде, неге асығасың? Мүмкін бірге қайтармыз. Мына базар ішіндегі асханаға барып біраз отырып әңгімелеселік, – деп Бақыттың қолынан жетектеп азық-түлік дүкеніне қарай бет алды.
Бақытқа бұл екеуінің мақтау сөзі ұнады ма, әлде өзі де спирттік ішімдіктен ішіп шаршағанын басқысы келді ме, қарсылықсыз Ерсінмен бірге базардың алдындағы азық-түлік дүкеніне қалай кіріп кеткенін байқамай қалды. Дүкеннен үйдегілеріне алған бір пакет затқа қоса бір құмыра шарап алған Бақыт Ерсін мен Саят айтқан асханаға барып, оңашалау үстелге үшеуі жайғасты. «Сіздер қандай тамаққа тапсырыс бересіздер?», – деген даяшы қызға:
– Үш кәуап, үш лағман, бір шайнек сүтті шай, – деген Бақыт әлде нені ұмытқандай қызға жалт қарап: – Айтпақшы, қарындас, кәуап тауық етінен болсын. Бізге қазір үш стакан әкеліп бере салшы? – деді.
– Жақсы, лағмандарыңызды қазір алып келемін, ал кәуаптарыңыз жиырма минуттан кейін дайын болады, – деді де даяшы қыз аяғын жылдам басып, аспаздың бөлмесіне кіріп кетті. Көп ұзамай қайта келген ол үш лағманмен қоса, үш стақанды үстел үстіне қоя салған. Көктен тілегені жерден табылғандай қуанған Саят:
– Ал жігіттер, неге қарап отырсыңдар, шараптарыңды құймайсыңдар ма? – деп екі алақанын ысқылап-ысқылап алды.
– Дастарханға келген шарап қайда барады дейсің. Бақыт бір жақсы тілегін айтып құйғалы жатқан жоқ па? – деп Ерсін ыржақтай күліп еді, сығырайған екі көзі бір сызық бола қалды.
Саят пен Ерсін бірін-бірі қағытып әңгіме айтып отырғанда, Бақыт та үш стақанды шарапқа толтырды.
– Саят, Ерсін, – деген дауыстан күлкілерін тыя қойған екі дос Бақыттың аузына жалт қарады. Қолындағыны оң қолымен көтере ұстап алған Бақыт сөзін сабақтады: – Біле білсеңдер, мына нарық біздің нағашымыз да, қайын жұртымыз да, керек десең, жеті атамыз да емес, бұл ешкімнің көз жасына қарамайды. Обал-сауап дегенді білмейді. Сол себепті әркім қолынан келетін тірлігімен айналысып жатыр. Оны өздерің де жақсы білесіңдер. Қазір ауылда малдан басқа тірлік қалмады. Барлығымыз малдың соңына еріп кетсек тағы болмас. Құдайға шүкір, менің алдымда ағам, артымда інім бар. Әке-шешем де қартайып-қаусап тұрған жоқ. Шыны керек, ауылдың тірлігін осылар-ақ дөңгелетіп жатыр. Өздерің білесіңдер, менің мамандығым – құрылысшы. Алматыдағы білдей бір құрылыс институтын бітіргенмін. Сол мамандығымды кәдеге жаратайын, ауылда жұмыссыз жүрмейін деген оймен қалаға барғаным рас. Сендер ауылда тірлік қалмады дейсіңдер. Бұл пікірлеріңмен келісе алмаймын. Осы стакандағы шарапты сендердің алдағы болашақтарыңның нұрлы, жұмыстарыңның сәтті болуы үшін алдырмақпын. Жаңа жылдарың құтты болсын! Е, айтпақшы, екеуің де сүрбойдақ едіңдер ғой. Босағамыздан енді аттағалы тұрған жаңа жылда шаңырақ көтеріңдер! – деп стақанды оң жағында отырған Ерсінге соғыстырмақ болып қолын соза бергенде, қарсы алдында отырған Саят:
– О, бәле, оқыған адамның аты оқыған ғой. Сөзі қандай, мұндай тамаша тілекке алмайтын шарап бар ма, алайық-алайық, – деп Ерсіннен бұрын Бақытпен стақанын соғыстырып: «Бақыт, мынауың арақ емес, май ғой, май» – деп тіскебасарын алып аузына салып жіберді.
– Саят, осы сен алды-артыңа қарамай қағып салатын жаман әдетіңді қашан қоясың? Жау шауып бара ма, сонша қайда асығасың?! – деп Ерсін Саятты жақтырмаған сыңай танытып, бірдемелерін айтып жатты… Оның сөзін елеп-ескерген Саят болған жоқ.
Осылай бір-біріне жақсы тілектерін аямаған үш дос ұзақ уақыт дуылдап отырды. Осы отырыста айтылмаған ауыл әңгімелері қалмаған да шығар. Әкімді де, министрді де сөз етті, әр саясаттың басын бір шалды… Өйткені бір құмыра араққа, тағы екі құмыра шарап қосылып, үш құмыраға жетті…
– Есепті жабыңыздар, кеш болып кетті, асхананы жабамыз, – деген даяшының дауысынан бір-бірінің бетіне бажырая қарасты. – Е, есепті мен жабамын, – деп Бақыт шалбарының артқы қалтасынан қоңыр түсті әмиянын алып, ішіндегі көп ақшадан он мың теңгені даяшыға ұстатқанда Саят пен Ерсіннің көзі оттай жанып кетті. Осылай асхананың есебін жапқан үш дос бірін-бірі құшақтап, сүйретіле далаға шықты.
***
Қаңтардың қысқа күні әлдеқашан батып, мақпал түннің түндігі жабылған болатын. Сығырайған көше бойындағы электр шамының жарығы өз айналасынан ұзай алмай тұр. Көшедегі жүргіншілердің қарасы саябырлаған. Анда-санда түнгі жортуылға шығып, тамақ іздеген бұралқы иттердің қарасы көрініп қалады…
Үшеуі ауылдарына жүретін көлік тұрағына қарай бет алды. Саят пен Ерсін Бақыттың артында қалыңқырап өзара сыбырға көшкен. Олардың өзара не айтып келе жатқанына мән берген Бақыт болмады. Тәлтіректей басып аялдамаға жеткені сол екен, артынан бас салған Саят оның құлақ шекесінен тартып кеп жіберді. Ол жерге қалпақтай жалп ете түсті. Қайта орнынан зорға түрегеліп, «сен-дер-дің бұ-лар-ың не?» деп тілі күрмеле сөйлеп, теңселіп тұрған Бақытқа Ерсін мен Саят жабыла кетіп, жұдырықтап, тепкілей жөнелді. Жалаңдаған аш қасқырдай екеуі ыңырсып қар үстінде жатқан Бақыттың шалбарының бір жақ қалтасындағы әмиянын, ал екінші қалтасындағы «нокиа» маркалы ұялы телефонын суырып алды. Оған қоса зат салған пакетін алып, жылдам тайып тұрды.
Қанша сағат жатқаны белгісіз, денесі жаурап, есін жиған Бақыт жарты күн ауыз жаласқан достарының аяқ астынан жау болып, өзін сабап далаға тастап, қалтасын үптеп кеткенін түсіне алар емес. Орнынан әрең тұрған жігіт базарда сауда жасап жүрген сыныптасы Майраның үйіне барып, оған болған оқиғаны баяндады. Есі шыққан Майра Бақыттың әйелі Надияға телефон соғып: «Ауданға тез келіп, Бақытты алып кет!..», – деген.
***
Ертесі таңертең басы ауырып, орнынан зорға тұрған Бақыт әйелінен кешірім сұрады. Екі баласын ауылда оқытып, отбасының берекесін кетірмей, өзі мұғалім болып жұмыс жасап жүрген Надия Бақыттың бұл сәтсіздігіне түсіністікпен қарады. Таңғы асты дайындап, сары самаурынмен шай құйып отырған Надия:
– Сені кінәлалап қайтейін, бірақ бала емессің, бір үйдің иесісің. Саят пен Ерсінде нең бар еді? Қаладан үйге келе жатырсың ба, еш жаққа бұрылмай үйге келуің керек еді, – дей бергенде сөзге киліккен Бақыт: – Енді үйге құрқол келмейін деп базарға бұрылғаным сол екен, екеуі алдымнан сап етіп кездесе кетсе қайтемін, – деп өзін ақтамақ болды.
Ашуға мінген Надия:
– Доғар сөзіңді! Алдымен сен мені тыңда, сөзімді әлі айтып болғаным жоқ. Немене көрінгеннің артынан кете беретін мақұлықсың ба? Үйге керектіні осы ауылдан да алуға болар еді ғой. Әрі кетсе қаладағы бағадан 50-100 теңге қымбат шығар. Біз бұл қымбатшылыққа әлдеқашан үйренгенбіз. Соған бола бір ай қалада жүріп маңдай теріңмен тапқан ақшаңды, оған қоса қол телефонды және сол алған затыңнан қоса айырылған жоқсың ба?! Олар қайта сені өлтіріп кетпепті. Ерсін мен Саят жібі түзу адамдар емес. Былтырдан бері ауылдан мал ұрланып жатыр. Мына көрші ауылдың да жылқылары жоғалып жатыр дейді. Жұрт соған осы Саят пен Ерсіннің қатысы бар деп жүр. Полицияға арызданайын десе, пәлендей дәлелі жоқ, амалсыз тілін тістеп отыр. Сондықтан сен анау-мынауыңды қой да, осы таңғы шайдан кейін полицияға барып екеуінің үстінен арыз бер! – деді.
– Сонда қалай, кеше Ерсін мен Саят үшеуіміз бірге тойлап едік, кейін мені сабап, ақшамды тонап кетті деп арыз беремін бе? – деді Бақыт.
– Енді қалай деп жазбақшы едің? – деді Надия Бақыттың көзіне қадала қарап. Ішіп-жеп бара жатқан көзден жасқанған Бақыт жанарын тез тайдырып әкетті де, артынша:
– Ел-жұрттан ұят емес пе, кеше ол екеуі қызыңқырап қалып солай істеген шығар. Бүгін кешірім сұрап, ақшам мен телефонымды қайтарып беруі де мүмкін. Бір күн тосайық. Қайда қашып кетер дейсің? Осы ауылдың жігіттері ғой, – деді.
– Ей, сабазым! Сен сол екеуін кешірім сұрап келеді деп отырсың ба? Бұл сенің тәтті түсің, бос қиялың. Басқаны білмеймін, қазір ауданға барып, полицияға арызыңды жаз. Ол оңбағандарды ұзамай тұрғанда құрықтасын, – деді Надия.
– Жарайды, жарайды, жазайын. Бірақ маған ала көзіңмен қарамашы, – деп күлген Бақытқа:
– Өзің ғой, адамның қанын қайнатып отырған, – деп жымиған Надияның алма жүзіне әп-сәтте жылулық ұялай кетті.
Бұдан артық әңгіме айтып Надияның жынына тие бергісі келмеген Бақыт арызын жазып, киініп алды да, аудан орталығындағы полиция бөлімшесіне жол тартты.
***
– Сіз не жұмыспен келдіңіз? – деген полицияға:
– Өзіме тікелей байланысты бір қылмыстық іс туралы арыз берейін деп едім, – деді Бақыт.
– Қане арызыңыз? – деген полицияға үйінен жазып алған екі бет арызды ұстата салды.
Бастан-аяқ көзімен арызды шолып шығып:
– Жақсы, арызыңыз бойынша күдіктілерді іздейміз, егер ұстап жатсақ, ертеңге дейін бір хабарын беретін боламыз, – деген полицияға рақметін айтқан Бақыт ауылына қайтты.
Полицияға барғанынан келгені тез болған күйеуіне Надия:
– Сен өзі полицияға арызды бердің бе, жоқ көшені бір айналып қайтып келдің бе? – деді.
– Қалай сенбейсің, аудандық полиция бөлімшесіне барып, біздің ауылға жауапты полицияға кездесіп, арызымды беріп қайттым. «Ертеңге дейін бір хабарын береміз» деп арызымды алып қалып, өзімді шығарып салған жоқ па? – деді.
***
Бақыт отбасымен түскі шайға отырғанда, есік тық-тық қағылды.
– Балам, біреу келді ғой деймін, есікті ашшы, – деді Надия. Орнынан қарғып тұрған үлкен ұлы Ердана есікке жүгірген. Түске дейін кездесіп, арызын тастап кеткен сақшы үйге кіріп келгенде, Бақыт орнынан қарғып тұрып, таңданыспен:
– Өй, сіз екенсіз ғой. Шайға келіңіз, төрлетіңіз – деп сасқалақтап қалған еді.
– Біз шай ішіп отыратын қонақ емеспіз. Қызмет бабымен жүрміз. Сіз айтқан екі күдіктіні ұстадық. Тінту барысында сіз айтқан заттарды тәркіледік. Енді тергеу басталады. Тергеу барысында олардың басқа қандай қылмысқа қатысы бар екені анықталуы мүмкін. Бәрібір екеуінің әрекеті қасақана кісі тонау фактісі бойынша тіркеліп, ісі сотқа жіберілетін болады. Сондықтан сізді кез келген уақытта шақыруымыз мүмкін, – деді сақшы.
***
Тергеу де біразға созылды. Істің сотқа түсуі де біршама жүйкеге жүк болған. Шақырту келгенде, Бақыт қаладағы жұмысында болатын. Надия соттың болатын күнін Бақытқа телефон арқылы хабарлады. Сот залына асығыс жеткен ол темір тордың ар жағында отырған бес адамды көріп шошып кетті. Бесеуін де Бақыт таниды, Саят пен Ерсіннен басқа үшеуі көрші ауылдың жігіттері. «Бұлардың менің ісіме не қатысы бар?» деген іштей. Жанына жайғасқан ауылдасы бар жағдайдан қанық етті. «Істің қаралып жатқанына бір айдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде мына бестіктің мал ұрлығына қатысы толық дәлелденді. Бүгін сені тонап кеткен екеудің ісі қосымша таразыланбақ», – деді бірінің сөзін бірі іліп әкеткен ағайындылар.
Байқап отыр, бесеудің де басы салбырап, қылмысын толық мойындаған. Мұның ақшасын алып, ұрып-соғып далаға тастап кеткенін де жалтармай айтып шықты. Ендігі сөз сотта.
Сот сотталушылардың қылмысына қатысты 22 беттік үкімді оқи бастады. Бақыт үкімнің: «Сотталушылар Тастан, Оқап, Шағыр, Саят және Ерсін бесеуінің қылмыстық әрекеттері алдын ала тергеу органдарымен дұрыс сараланған. Өйткені, бесеуі де адамдар тобы болып алдын ала сөз байласып, бірнеше рет ірі мөлшерде ұрлық қылмыстарын жасаған. Сонымен қатар, сотталушылар Саят пен Ерсін екеуі тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық ұрлап, жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып қылмыс істеген» деген жеріне келгенде темір тордың ар жағында көзін жәудіретіп отырған бесеудің ішіндегі Саят пен Ерсінге кектене қарады.
«Қылмыстық топтың қылмысы толық дәлелденіп, ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабын басшылыққа ала отырып, сот үкім етті», – деген сот қолындағы қағазды ары қарай сыдыртып оқи жөнелді. Соңын ала Саят пен Ерсіннің үкіміне келгенде, Бақыт елең етіп, құлақ түре қалған.
«… азамат Саятты ҚР ҚК-нің 175-бабының 3-бөлігінің «Б» тармағымен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Саяттың бұлтартпау шарасы бұрынғы қалпында қамауда қалдырылсын.
Ерсінді ҚР ҚК-нің 175-бабы 3-бөлігінің «Б» тармағымен кінәлі деп танып, мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Оны ҚР ҚК-нің 178 бабының 2-бөлігінің «А, B» тармағымен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бұлтартпау шарасы бұрынғы қалпында қалдырылсын.
Сот үкімді оқып болғанда, зал іші дабырлап кетті. Біреулері «жаза әділ болды» десе, енді біреулері «бұдан да көп жыл беру керек еді» деп жатты. Ал сотталушылардың туған-туыс, жақындары көздерін сығып: «Сот өте ауыр үкім шығарды. Біз Жоғарғы Сотқа арызданамыз…» деп өздерін жұбатумен болды.
Артынша «Тынышталыңыздар, – деген соттың қатқыл даусынан кейін, зал сілтідей тына қалды. «Бұл үкімге наразы болсаңыздар, онда он бес тәулік ішінде осы сот арқылы облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым келтіре аласыздар», – деді де, сот залдан шығып кетті.
Бақыт не қуанарын, не ренжитінін білмей, ауырлап кеткен денесін зорға көтеріп, орнынан тұрды. Қуанғаны – құдай қосқан Надияның өтінішін орындады, ал ренжитіні – сотталып бара жатқандар басқа емес, өзінің ауылдастары. Саят пен Ерсін енді 6 жылдық өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Сот залында олардың туыс-туғандары өзіне тесіле қарап: «Бәрінің түбіне сен жеттің, оңбаған!» дегендей көрінген. Алайда қылмыскердің орны – темір тор. Олар өз жазаларын алды.
Әлімжан ӘШІМҰЛЫ