Биыл Қазақстан Республикасы судьяларының ІХ съезі өтті.
Төрт жылда бір рет өткізілетін бұл жиын сот жүйесіндегі негізгі мәселелерді талқылап, алға жоспарланған міндеттерді айқындайтын маңызды шара болып табылады.
Республика судьяларының басын біріктірген съездердің сот саласындағы жаңашылдықтардың бастауы болғаны рас.
Судьялар құрылтайына қатысқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев судьяларға сот биілігінің қашанда абыройлы, әрі мінсіз болуы тиіс екенін еске салды. Президент сот жүйесінде соңғы уақытта жүргізіліп жатқан реформаларға да тоқталып, оң бағасын берді.
Оның ішінде Конституциялық соттың құрылуы, жаңа жылдан бастап жұмысын бастағалы тұрған кассациялық соттар жайлы тілге тиек етті. Төменгі саты соттарынан әділдік таппаған тұлғалардың кассациялық саты сотына жүгініп, өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінің кеңейтілгеніне тоқталды. Кассациялық соттардің дербестігі ел азаматтарының сот төрелігіне қол жеткізуіне жағдай жасап, елімізге инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды деп күтілуде.
Ал бұл өз кезегінде сотқа деген сенімді күшейтіп, судьяның біліктітігін арттырады деген сенімдеміз.
Осы съезде судьялардың қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерде, қоғамдық және ақпараттық қатынастарда әдеп нормаларын сақтау туралы талаптарды қамтитын Судья әдебі Кодексі қабылданды. Әдептілік қағидаттары жинақталған бұл Кодекс судьялар қауымының басты бағдар ететін құжаты десек қателеспейміз.
Әдеп Кодексінде судьяның беделі ұғымына түсіндірме берілді. Бұл дегеніміз судьяның адалдығына, шыншылдығына, әділдігіне, бейтараптылығына, тәуелсіздігіне қоғамда қалыптасқан сенімділік.
Судьялардың қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайтуға ықпал етуге міндетті екеніне басты назар аударылды.
Сондай-ақ судьялар өзінің басты міндеті-сот төрелігін іске асыру барысында ең бастысы заңның үстемдігін, әділдік пен сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуі тиіс екені бекітілді.
Қазылардың білімі мен біліктілігінен бөлек, сырт келбетіне, мінез-құлқына, ел арасындағы мінсіз абыройына, көпшілік алдында өзін ұстауына, тіл байлығы мен айналасына сөзін тыңдата білуіне қатысты талап та ешқашан төмендемеген.
Себебі судьяның қоғамдағы мінез-құлқы соттың шыншылдығына, объективтілігіне және тәуелсіздігіне қоғамның сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Оған еліміздің бас құжатында нақты кепілдік берілген. Ал сот төрелігінің Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылуы, сот төрелігін іске асыру барысында тек ел Конституциясы мен заңдарға ғана бағынуы судьяның біліміне ғана емес, адамгершілік және моральдық кескін- келбетіне де жоғары талаппен қарауды міндеттейді.
Шындығында, судья болу – мәртебелі міндет. Елдің сүйенері, қорғаны заң болса, «Судья – сөйлейтін заң» деп мойындалған. «Сондықтан, судья болуға тәуекел еткен адам қазылыққа қойылатын жоғары талаптарды сақтап, белгіленген шектеулерге мойынұсыну қажеттігін ұғынуы шарт.
2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Президент Қ.Тоқаев кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары-әділдік пен қауіпсіздік екенін атап өткен болатын. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтеулі мемлекеттің, соның ішінде сот жүйесінің де тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.
Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуына үлес қосу әрбір судьяның қасиетті міндеті, борышы деп білеміз.
Мемлекет атынан сот билігін жүзеге асыруға сенім білдірілген тұлға ретінде әрбір судья мемлекетіміздің адал азаматы ретінде қоғам тарапынан білдірілген сенімді ақтап, тәуелсіз елімізде заң үстемдігінің берік орнығуы үшін барынша адал қызмет етуі тиіс.
Әлия Түбекбаева
Қызылорда қалалық сотының судьясы