«Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруда әрбір азамат айрықша рөл атқарады. Өйткені мемлекеттегі тыныштық пен қауіпсіздік, әділдік пен адалдық көптің қалауымен, жұртшылықтың үлес қосуымен қалыптасатыны белгілі. Сондықтан, еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, құқықбұзушылыққа жол бермеу, қоғамдық тәртіпке бағыну – маңызды міндет.
Біз тəуелсіздік алған сəттен бастап құқықтық, зайырлы мемлекет қалыптастыруды басты бағдарымызға айналдырдық. Ал құқықтық мемлекет тек заң қабылдап, құзырлы органдар жұмысын жүйелеуден тұрмайды. Əділетті қоғам, құқықтық елдің басты алғышарты – өз құқығын білетін, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Халық өз құқығын жетік біліп, өз мүддесін таптатпауға дағдыланған елде заң мен тəртіп бұзылмайды, теңдік пен тура төрелік салтанат құрады. Зайырлы мемлекетте əр азамат өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Құқық қорғау жүйесі үйлесімді əрі тиімді жұмыс істегенде ғана санада сенім орнығады. Мəселен біздің елімізде жылына көптеген маңызды заңдар дайындалып, қоғам қажеттілігіне сай көптеген заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Осы құқықтық құжаттардың негізгі мақсаты – мемлекеттегі əрбір азаматтың құқығы мен бостандығын сапалы қорғауға негізделген. Заң баршаға ортақ. Оның талаптарын тұрғындар мүлтіксіз сақтауы шарт. Ал заңды бұзып, құқық бұзушылықтың шеңберінен шыққандар лайықты жазасын алуы керек. Құқық бұзушының бірі жауаптылыққа тартылып, екіншісі жазадан тыс қалса, елдің заңға, сол арқылы мемлекеттің келешегіне деген сенімі азаяды. Осы ретте заң мен тəртіп қағидаты Қазақстанды əділетті, өркениет өлшеміне сай дамытуға бағытталған. Заң мен тəртіпке бағыну құқықтық сауаттылықты көтерумен тамырлас. Соған орай барлық құзырлы органдар өз қызметінің шегінде азаматтардың құқықтық сауатын көтеруге үлес қосуы керек. Айталық, еліміздің əділет органдары халықтың құқықтық сауатын арттырып, заңдық білімін көтеруге барынша атсалысып келеді. Құқықтық білімнің төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына əкеп соқтырады. Осыны ескере отырып жыл сайын бірнеше рет «Əділет кеңес береді» акциясы ұйымдастырылады. Бұл шараның азаматтарға берері мол. Акциядан сот орындаушылар да шет қалған емес. Сот актілерін кідіріссіз орындау міндеті сот орындаушыларға жүктелген. Ал судья шығарған шешімнің орындалмай орта жолда қалуы сотқа ғана емес, жалпы билікке деген өкпе-ренішті ұлғайтады.
Сондықтан сот орындаушылар өндірісіне түскен сот шешімдерін жылдам орындатуға күш салады. Өкініштісі, қарапайым халық сот орындаушылардың жұмысынан, атқаратын міндетінен мүлде бейхабар. Сот шешімін орындамау – мемлекет атынан үкім шығаратын сот пен судьяны құрметтемеу. Сот актілерін орындау – əрбір азаматтың етене міндеті. Ал сот орындаушылар – осы актіні орындату құзыреті берілген тұлғалар. Ендеше, сот орындаушылардың жұмысына кедергі келтіргендерге, сот тəртібіне бағынбағандарға арнайы заңдық жауаптылық барын көпшілікке түсіндіру аса маңызды. Біз осы бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алып келеміз.
Мейіржан ТАНКИБАЕВ, Алматы қаласы Əділет департаментінің аға сот орындаушысы