Президент жолдауында айқындалған басымдықтардың бірі – заң үстемдігі мен сот төрелігінің әділдігі. Мемлекет басшысы судьялар корпусы білікті, кәсіби, бәсекеге қабілетті мамандармен толығуы қажеттігін айтты. Жемқорлықсыз қоғам құру үшін сот саласын, құқық қорғау органдарын әділ, таза, әділетті қызметкерлермен жаңартып, қайта жасақтау керектігін де тілге тиек етті. Бұл ретте, кез келген саланың ешкімге тәуелсіз, дербес болғаны маңызды.
Әрбір Қазақстан азаматының дербес, тәуелсіздігінен бөлек, оның бақуатты, бақытты өмір сүруі үшін еңбек нарығын реттеу де шешуші фактор. Адам әлеуетін көтеру, халықты әлеуметтік қамсыздандыру, құқықтық қоғам орнықтыру, жаңа реформаларды жүзеге асыру – саяси тұрақтылықты нығайтып, сот төрелігін ізгілендіреді, әділетті мемлекет институтын бекітеді. Мақсаты ортақ мемлекеттегі мүдделер тоғысы да, бағыты да бір. Дербес сот пен заң үстемдігі – зайырлы, демократиялық мемлекет кепілі. Экономикалық даму, әлеуметтік салада алдыңғы қатарда болу – адам капиталының жаңа мүмкіндіктерін ашады. Жолдауға орай халық алдында жүрген азаматтардың пікірін білген едік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауында заң үстемдігін, сот төрелігі әділдігінің маңыздылығына айрықша тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Бұл орайда қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау қажеттігіне басымдық берілді.
Нүрия СЕЙСЕНОВА, ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі: СОТ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АРТТЫРУ – БАСТЫ МАҚСАТ
Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесін нығайту қажеттігі айтылды. Осы ретте судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеруде Жоғары сот кеңесіне айрықша міндет жүктелді. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл – бүгінгі күн талабынан туындап отырған қажеттілік. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Мемлекет басшысы салаға мықты заңгерлерді тарту үшін тиісті ынталандырулар мен жағдайлар жасау туралы айтты. Бұл әрине біріншіден, лайықты еңбекақы, соттардың жұмысын талапқа сай материалдық-техникалық жарақтандыру қажеттігі. Екіншіден, бұл судьяларға түсетін жүктемені біртіндеп азайту.Үшіншіден, судьялардың тәуелсіздігін арттыру. Осы міндеттерді орындау мақсатында Жоғары сот кеңесі жұмысын бастады.Мәселен, мамыр айында Нұр-Сұлтан қалалық және Алматы қалалық сотының судьяларының бос лауазымдарына орналасуға конкурс жарияланды. Бұл конкурс судьялар емес құқықтың жекелеген салалары, айталық, салық құқығы, жер құқығы, кеден құқығы саласының мамандары арасында өткізіледі. Осылайша апелляциялық сатыдағы судьялар лауазымдарына жоғары білікті заңгерлерді тағайындау көзделіп отыр. Менің ойымша бұл қадам сот корпусын білікті, жаңа көзқарастағы, аталмыш салаларды терең білетін мамандармен толықтырып, жаңғыртып, сапалық деңгейін арттырады. Қазір істерді қарау сапасын арттыру мақсатында судьялар жүктемесін азайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Яғни, аса күрделі емес көптеген дауларды шешу басқа органдардың құзырына берілді. Мысалы, сомаларды өндіріп алуды атқарушылық жазба ретінде тиісті құзырлы орындар жүзеге асырады. Сол секілді судьялардың тәуелсіздігін арттыру мақсатында да бірқатар шаралар қабылданды. Атап айтар болсақ, облыстық соттарда бұрын судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру сапасы туралы мәселелер қаралған облыстық соттардың төралқалары институты таратылды. Судьяларға қатысты барлық мәселелер жасырын дауыс беру арқылы шешіледі. Енді қалалық (аудандық) соттардың төрағаларын және алқа төрағаларын сайлау бойынша жұмыс жүргізу қажет. Яғни, бұрын төрағалар Елбасының жарлығымен тағайындалса, енді оларды осы соттың судьялары белгілі бір мерзімге өз құрамынан сайлау қажет. Осылайша, төрағалар осы соттардың ең беделді, құзыретті судьялары ету жөнінде ұсыныс бар. Жоғарғы соттың судьялары да баламалы негізде Сенатта өкілдік ететін болады. Негізінде судьялардың тәуелсіздігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесін күшейту қажет. Осы мақсатта судьялыққа кандидаттарды даярлау, біліктілігін арттыру, жас шектеуін ұзарту, судьялардың міндетін атқарушылардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату мәселелері Жоғары Сот кеңесінің құзыретіне беріледі.
Владимир ВОЛКОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы: ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫ ЖАСАЛМАҚ
Конституциялық реформа еліміздің барлық құқықтық саласын жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Қазақстанға азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін барынша қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық жүйе бұрынғыдан да қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында мемлекетіміздің одан әрі даму бағытын жоспарлап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының басым мақсаттарын айқындап берді. Жолдаудың негізгі бөлігі дәстүрлі түрде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Бірақ Президент жарияланған реформалар туралы да айтты. Айта кету керек, 30 жыл ішінде құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қалыптасу және даму жолынан өтті. Осы жолда жүргізілген реформалардың басты мақсаты – азаматтардың құқық қорғау органдары мен соттарға деген сенімін арттыру, олардың конституциялық құқықтарын қорғау болды. Жүргізіліп жатқан реформаларға ел Парламенті де белсенді атсалысуда. Мәселен, соңғы 4 жылда тек сот жүйесін жаңғырту бойынша 30-дан астам заң қабылданды. Судьяларды іріктеудің қатаң ережелері енгізілді. Олардың тәуелсіздігі айтарлықтай нығайды. Даусыз талаптардың нотариусқа берілуі, арбитраждың, медиаторлардың және заң консультанттарының өкілеттіктерінің кеңеюіне байланысты оларға түсетін жүктеме азайды. 2021 жылдың шілдесінен бастап азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін жоғары деңгейге көтерген әкімшілік сот төрелігі іске қосылды. Қылмыстық процесте судьялардың айыптау жағын жоюға баса назар аударылады. Оның жағымды жағы қылмыстық процестің үш деңгейлі моделін кезең-кезеңімен енгізуді көрсетеді. Енгізіліп жатқан түзетулердің арқасында биылғы жылдың басынан бері 50-ге жуық заңгер сот жүйесінен емес, басқа салалардан, соның ішінде корпоративтік сектордан практик судья болды. Ал 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламентінің жетінші сайланған сессиясының ашылуында Елбасы әділет саласындағы ауқымды өзгерістер туралы айтты.Осылайша, Мемлекет басшысы заңның үстемдігі мен әділ сот төрелігіне ерекше көңіл бөлді. Осы орайда ол судьяларды жедел іріктеу және судьялар құрамын жаңарту қажеттігін атап өтті. Барлық судьялардың мәртебесі теңестіріледі.Енді сот төрағасы лауазымдарының басым бөлігі судья лауазымына ауыстырылады. Президент сот төрағасы мен сот алқасының төрағасы лауазымдарына кандидаттарды судьялардың өздері сайлайтын тәртіпті ұсынды. Бәлкім, қазақстандық сот төрелігі жүйесіне алғаш рет Жоғарғы Сот судьяларын сайлау арқылы сайлау әдісі енгізілмек. Ол үшін Президент балама негізде Сенат депутаттығына кандидаттар ұсынады. Бұл тәсіл әділ және сапалы шешім қабылдайтын жоғары білікті және адал судьялардың судьялар құрамын сапалы жаңартуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, Мемлекет басшысының адамның конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту бағытын растауы ерекше маңызды. Мемлекет басшысы жазаны қатаңдату және ауыр қылмыстар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды алып тастау қажеттігін айта отырып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға да назар аударды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатайтылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматын әйелдер санының артуына байланысты бұл қажетті шара деп есептеймін. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы нашақорлықпен күрестің кешенді жоспарын әзірлеудің өзектілігін атап өтті. Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің нормаларына аудит жүргізіледі, интернет және телефон арқылы алаяқтықты анықтау бойынша жұмыс күшейтіледі, жаппай тәртіпсіздікке шақырғандар үшін жаза қатайтылады. Құқық қорғау және сот қызметін реформалау бойынша басқа да шаралар ұсынылды.
Дайындаған Айша ҚҰРМАНҒАЛИ


