Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар делінген.
Елімізде азаматтарға кәсіби заң көмегін көрсететін тұлғалар қатарына, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 20 бабына сәйкес, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары жатқызылған болатын.
Соның ішінде заң консультаттарының қызметіне толығырақ тоқтала кетсек. Заң консультанттары институты азаматтарға заң көмегін көрсетуге бағытталған жаңадан ашылған институттардың бірі.
Заңға сүйенсек, заң консультанты – жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылатын және заң көмегін көрсететін жеке тұлға болып табылады.
Заң консультанты заң көмегін дара кәсіпкерлік түрінде жеке практикамен айналыса отырып, не дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз, сондай-ақ заңды тұлғамен еңбек шарты негізінде өзі дербес көрсете алады.
Адвокаттар секілді заң консультанттары да көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға ол мұқтаж болып отырған кез келген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда көрсетуге құқылы.
Адвокаттық қызметке қарағанда заң консультантының қызметін жүзеге асыру арнайы лицензия алуды көздемейді, алайда егер кәсіби заң көмегін адвокат ретінде көрсетемін десе, адвокаттық қызметпен айналысу үшін лицензия алуға шектеу жоқ.
Жоғарғы оқу орындарын жаңа бітірген студенттерге немесе заңгерлік қызметпен айналысуға ниет білдірген тұлғаға кәсіби заңгерлік білімін іс жүзінде қолдануда бұл өте тиімді мүмкіндік.
Алайда, заң консультанттарымен көрсетілетін заңгерлік көмектің сапасына заңмен көзделген талаптар бар және оларды сақтамау тиісті жауапкершілікке әкеліп соғады.
Бекзат Ахмедиева,
Ақтөбе облысы Әділет Департаментінің Құқықтық түсіндіру және
заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы