Заңгер мәдениеті-әділет пен жауапкершіліктің өлшемі

Қазіргі қоғамда заңгер мамандығына қойылатын талап күн санап артып келеді. Заңгер тек заң нормаларын жетік меңгерген маман ғана емес, сонымен қатар жоғары мәдениеті, берік адамгершілік ұстанымы, кәсіби әдебі қалыптасқан тұлға болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, заңгер мәдениеті-құқықтық мемлекеттің іргетасын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Ол заңды құрғақ норма ретінде емес, адам құқығын қорғаудың, әділеттілікті қамтамасыз етудің басты құралы ретінде қабылдаумен өлшенеді.Заңгер мәдениетінің өзегінде құқыққа деген құрмет, әділдікке адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілік жатыр. Заңгер қабылдайтын әрбір шешім азаматтардың тағдырына, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіби біліммен қатар, моральдық-этикалық қағидаттарды сақтау заңгер қызметінің басты талабы саналады. Адалдық, бейтараптық, заң алдындағы теңдік, ар-ождан тазалығы – мәдениеті жоғары заңгерге тән қасиеттер.

     Бұл құндылықтарды болашақ мамандардың бойына сіңіру ең алдымен жоғары оқу орындарында жүзеге асады. Осы орайда Нархоз университеті құқық және мемлекеттік басқару мектебі заңгер мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарып келеді. Білім ордамыздың  қабырғасында білім беру тек академиялық деңгеймен шектелмей, студенттерді жан-жақты тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі. Болашақ заңгерлерге құқықтық біліммен қатар кәсіби этика, құқықтық сана, азаматтық жауапкершілік және қоғамға қызмет ету идеялары терең сіңіріледі. Студенттер дәріс барысында заң нормаларын меңгерумен қатар, нақты өмірлік жағдайларды талдайды, сот процестерін модельдеу, пікірталас пен кейстік тапсырмалар арқылы кәсіби ойлау қабілетін дамытады. Бұл тәсіл болашақ заңгерлерді тек білікті маман ретінде ғана емес, шешім қабылдай алатын, әділдік пен заң үстемдігін ту еткен тұлға ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік береді.Мектебімізде заңгер мәдениетінің маңызды бөлігі саналатын кәсіби қарым-қатынас дағдыларына да ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер өз ойын сауатты жеткізуге, құқықтық терминдерді қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруге, азаматтармен этикалық тұрғыда сөйлесе білуге үйренеді. Бұл-қоғаммен тікелей жұмыс істейтін заңгер үшін аса қажет қасиеттер.Сонымен қатар оқу ордамызда студенттердің азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, құқықтық ағарту акциялары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптардағы пікірталастар арқылы болашақ заңгерлер қоғамдағы өз рөлін терең түсіне бастайды.

    Қазіргі цифрландыру және ашық ақпарат кезеңінде заңгер мәдениетіне қойылатын талап одан әрі күшейе түсуде. Қоғам заңгердің тек кәсіби қызметіне ғана емес, оның қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлқына да баға береді. Қорытындылай келе, заңгер мәдениеті-кәсіби білім мен тәрбиенің, құқықтық сана мен адамгершіліктің үйлескен көрінісі. Бұл мәдениетті қалыптастыру үздіксіз еңбекті, сапалы білімді және мықты тәрбиелік негізді талап етеді. Осы бағытта білім ошағымыз болашақ заңгерлерді күшті кәсіби дайындықтан өткен, мәдениеті жоғары, әділеттілікті басты құндылық деп білетін тұлға ретінде тәрбиелеп келеді.

А.А.Сейтжан, Нархоз Университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің ассистент профессоры

Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту

        Мемлекеттік тіл — кез келген елдің рухани байлығы, ұлттық...

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ

Мемлекеттік тіл – елдің қоғамдық және мемлекеттік өміріндегі маңызды...

Ювеналды соттардың соттылық мәселелері

Қазақстан Республикасының сот жүйесінде соттылық ұғымы – әрбір азаматтың...

Вместе к здоровому образу жизни: осуждённые провели товарищеский матч

В Семее на городском футбольном поле состоялась товарищеская игра...

Мемлекеттік тіл және әділ сот қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің негізгі нышандарының бірі, қоғамның құқықтық...