2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен Мемлекет басшысы ілгерілетіп отырған «Заң және Тәртіп» идеологиясы еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа белесін айқындап берді. Бұл тұжырымдама тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, ол – Әділетті Қазақстанды құрудың стратегиялық негізі және қоғамдық тұрақтылықтың басты кепілі. Әсіресе, ел қауіпсіздігінің тірегі болып табылатын әскери ортада бұл қағидаттардың сақталуы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен ішкі тұтастығы үшін айрықша маңызға ие.
«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» идеологиясының басты мақсаты – қоғамда заңды қатаң сақтау және құқықтық нигилизмді жою мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылғы Конституцияның Кіріспесінде бұл қағидат мемлекеттің іргелі ұстанымы ретінде бекітіліп, «Қазақстанның біртұтас халқы» Әділетті Қазақстан идеясын ұстанатыны нақтыланды.
Конституцияның 3-бабында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл – заң алдындағы теңдік пен жауапкершіліктің жалпыға бірдейлігін білдіреді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл идеология мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» танытуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Әскери қызмет саласында «Заң және Тәртіп» қағидаты – бұл тек жарғылық талаптарды орындау ғана емес, бұл әрбір әскери қызметшінің ішкі жауапкершілігі мен патриоттық борышы. Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп – ең алдымен, жеке және ортақ тәртіптің көрінісі.
Әскери ортада бұл идеологияны ілгерілетудің бірнеше маңызды аспектісі бар:
Саяси бейтараптық: Жаңа Конституцияның 26-бабына сәйкес, әскери қызметшілердің саяси партияларда болуға, қандай да бір саяси күштерді қолдауға құқығы жоқ. Бұл норма әскери ортаның кәсібилігін сақтауға және олардың тек заң мен Отан мүддесіне қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында әскери басқару органдарында адалдық пен меритократия қағидаттарын орнықтыру көзделеді. Кез келген заң бұзушылыққа мемлекет тарапынан тиісті шаралардың қолданылуы әскери ортада әділеттілік сезімін ұялатады.
Құқықтық тәрбие: Жастарды, соның ішінде болашақ сарбаздарды тәрбиелеуде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы арқылы заңға құрметпен қарау сезімі қалыптастырылады. «Тәртіп – мықты күш» тақырыбындағы кездесулер мен құқықтық ағарту шаралары әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.
Заң мен тәртіптің орнығуы тек шектеулермен ғана емес, сонымен қатар азаматтардың, соның ішінде әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерімен де айқындалады. Қазақстанның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) мен әкімшілік сот ісін жүргізудің конституциялық мәртебе алуы (76-бап) бұл бағыттағы маңызды қадам болды.
Әскери соттар әскери басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне немесе шешімдеріне қатысты дауларды ӘРПК нормалары негізінде әділ шеше отырып, әскери ортада заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Соттың белсенді рөлі қағидаты азаматтарға өз құқықтарын қорғауда мемлекеттік органдармен тең дәрежеде тұруға мүмкіндік береді.
«Заң және Тәртіп» идеологиясы – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Ол қоғамдық сананы трансформациялап, заңды сақтауды ауыртпалық емес, әр азаматтың игілігі ретінде қабылдауға жетелейді. Әскери ортада бұл қағидаттарды ілгерілету мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен әрбір сарбаздың құқықтық қорғалуының кепілі болып табылады.
Ұлы әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан, құқықтық білімді терең әрі сапалы тәрбиемен ұштастыру – заң мен тәртіп салтанат құрған қуатты мемлекет құрудың жалғыз жолы.
Алматы гарнизонының
Әскери сот Әкімшісі басшысының орынбасары
Бекболатова Балжан Серикбаевна


