(Жалғасы. Басы газеттің №17 санында)
Осылай деп жұбайы Салтанатты сабырға шақырып, жұбатып бақса да, өзінің іші жидіп, жүрегі үсік шалғандай дірдек қаға береді. Хабар болмаған сайын күдік шіркін ұлғая бере ме қалай? Жұмысқа қолы бармады. Үстел үстіндегі 1998 жылғы күнтізбенің парағын қайта-қайта ауыстырып, күн санап, аптаны әрең болдырды. Сыбыс жоқ, тым-тырыс. Не тірісін, не өлісін білмейді. Үйдегі бар қуаныш, бар шаттық Батырханмен бірге қопарыла көшіп кеткендей. Әжесі көкірегін қарс айырып ахылап-үхілеуді жиілеткен. Мамасының болса да көз жасы дайын.
Облыстық, қалалық полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыскерді іздестіруде. «Әрі кеткенде бір аптада үйдің телефонына хабарласады» дейді ҰҚК-нің қызметкері, капитан Әділ Атабаев. Майор Бауыржан Ахантай, капитан Ағаділ Смайлов, капитан Балабек Сыздықов үшеуі, егер хабарласа қалған күнде қалай сөйлесу керегін айтып, пысықтап қойған. Кей сөзін естімеген бола қалып, әңгімені жорта соза түскен жөн дейді. Полицияға хабарламауға, сұраған ақшасын түгел беруге келісе берген дұрыс екен. Сөйтіп тұрып, реті келгенде өз шартыңды айту да артық емес көрінеді. Мысалы, баланың дауысын естірт деп талап қоюға болады. Әңгімені неғұрлым соза түссе, оның хабарласып тұрған жеріне тезірек жетуге, бақылауға алуға мүмкіндік молырақ болмақ екен.
Мейлі ғой, өзі де бала емес, жасы қырыққа кеп қалды. Үлкен ақшамен жұмыс істеп, ұжым басқарып ысылған жайы бар, сабырмен сөйлеспей не көрініпті. Тек сол зарықтырмай хабарласса екен деп тілейді. Телефонның әрбір қоңырауына елеңдеп, өзінің де шыдамы түгесіліп барады.
Бүгін де көшеге шыға алмай үздіге қоңырау күтіп үйде отыр еді, телефон шыр ете қалды.
– Асқар ма? – деді біреу арғы жақтан. Дауысы қатқыл.
– Иә мен, Асқар.
– Асқар болсаң тыңдап ал! Сенің ұлың біздің қолымызда.
– Аман ба? – деді Асқар қуанып.
– Егер аман-есен көргің келсе, отыз мың дайында. Доллармен.
– Доллармен?
– Әрине, доллармен! Әйтпесе бала жоқ саған!
Телефонды үзіп жіберді. «Аман екен!» деп, телефон жанындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетіп еді, осыны күткендей үйге майор Бауыржан Ахантай кіріп келді. Жанында капитан Әділ Атабаев бар. Екеуі де ҰҚК-нің қызметкері.
– Не деді?
– Отыз мың доллар дейді.
– Апитеті апитет-ақ екен. Қалада мынау деген үш бөлмелі пәтер үш мың доллар, – деді Бауыржан басын шайқап. – Енді ызбандағанда баланың дауысын естірт дерсіз.
Күштік құрылымның осы үйге қоңыраулатқан телефон нөмірлерін аңдығалы қашан. Соны сезе ме, қылмыскер сөйлесуді бір минуттан асырмайды. Асқар да ешқайда шықпай, үйде телефон күзетумен отыр. Шылдырласа жетіп барады.
Таң ата аппарат безілдеп қоя берді.
– Тыңдап тұрмын.
– Ақша дайын ба?
– Дайын! Қайда апарайын?
– Күт. Сосын айтам.
Байланыс үзіліп кетті.
Үшінші қоңырау түске қарай соғылды. Асқар тұтқаны көтеріп, құлағына апарып, үнсіз тұрып қалған.
– Асқар!
– Айта бер. Тыңдап тұрмын.
– Ақшаны алып бірінші аптекаға кел! Ескертіп қояйын, менттерге хабарлайтын болсаң балаңа конец. Түсіндің ба?
– Түсіндім.
– Қасыңда ешкім болмасын.
– О жағынан қам жеме.
– Егер мен жіберген курьер бірдеңеге ұшырап қалса, айтпады деме, балаңмен қоштасасың!
– Біз деген еркекпіз ғой. Маған ұлымды аман-сау қайтарсаң болды. Сенде шатағым жоқ.
– Давай, қимылда!
Ұшып отырып бірінші дәріханаға жетті. Бірі кіріп, бірі шыққан халық. Жайбарақат. Есіктің алдында жан-жағына қарап біраз тұрды. Ішке кірді, қайта шықты. Жаныма жақындап біреу келе ме деп алаң. Жоқ. Ешкім жоқ. Бір сағаттан астам теңселіп жүріп-жүріп, үйге бос қайтты. Үйге келсе, телефон безек қағып жатыр.
– Алло!
– Сен келісімді бұздың!
– Қалай бұздым? Бардым ғой кел деген жеріңе. Есіктің аузында тұрдым.
– Білем. Бірақ сол жерде менттер қаптап жүрді. Сен айтпасаң, қайдан біледі олар.
– Мен мент көрмедім.
– Сен көрмесең, біз көрдік. Келесіде осылай болса, балаңмен қоштаса бер. Соңғы рет ескертем.
– Баламның дауысын естуім керек. Қашан?
Сенбей тұрсың ба?
– Иә сенбей қалдым.
– Қазір «Универсамның» қарсысындағы үйдің бірінші подьезіне кіресің. Тоғызыншы пошта жәшігін қарайсың. Сосын сенесің, – деді. Одан арғысы қысқа зыңылға ұласып кетті.
Айтқан үйдің пошта жәшігінен тапқаны кітап пен дәптер. Батырханның кітап-дәптері. Дәптер сыртына ұлының өз қолтаңбасы. «Айналайын-ай!» Жүрегі елжіреп, дәптерді еріксіз ерніне апарды.
Облыстың күштік құрылымы аяғынан тік тұрғалы бүгін он алтыншы таң атты. Қылмыскерді өзі ұсталмаса да, оның елесі Қызылорда ішінде кезіп жүргеніне көз жеткен. Қиялшыл жазушының көрінбейтін кейіпкеріндей қаланың ана басынан бір, мына басынан бір телефон соғып, сан соқтырып кете береді.
Баланы ұрлаған неше адам деген сұраққа әзірге жауап жоқ. Асқармен сөйлесіп жүрген бір ғана дауыс. Егер мұғалима апайдың сипаттағанын ескермесе, таза орыс деп қалғандайсың. Орысшасы мүлтіксіз. Әлде мұғалима жаңылысып тұр ма? Ғалымжан Ахметұлының болжауынша үшеу болуы мүмкін. Талап етілген ақшаның отыз мың болуы соның белгісі сияқты. Бірақ бұл болжамға да малданып қалу қате. Дегенмен жалғыз да емес.
Онысы рас боп шықты. Он алтыншы күні соғылған қоңыраудан естілген дауыстың екінші адамдікі екеніне күман қалмады.
«Кіммен сөйлесіп тұрмын» деді телефон соққан адам түйеден түскендей дүрс еткізіп.
«Мен, Асқармын, сен кімсің?» деген Асқардың дауысы естілді.
«Асқар болсаң ақшаны алып, алтыншы аптекаға кел!»
«Қылмыскер Ақмешіт ауданынан байланысқа шықты. Алтыншы аптекаға шақырып жатыр».
Асқарға түсетін қоңырауларды бақылап, жазып алып отыратын Жетінші басқарманың тыңшы қызметкері қоңыраудың қай ауданнан соғылғанан айтып, қалалық ішкі істер бөлімінің ғимаратында отырған жедел тергеу тобына хабар тастады.
– Не дейсің, естілмеді? дейді Асқар.
– Алтыншы аптекаға кел! – Бұл қылмыскердің дауысы.
– Ақшаны апарайын ба?
– Ақшаны әкелмесең, баладан айырыласың!
– Әрине, әрине, апарам. Бір сұрағым бар еді?
– Маған сұрақ қойма!
– Балам аман ба? Қарны ашып қалған жоқ па?
– Көп сөйлеме, айтқан жерге кел! Алтыншы аптека. Курьерді аптеканың ішінде күт!
Асқар тағы әлдене демек еді, анау тұтқаны қоя салды.
Полиция мен ҰҚК-нің жедел уәкілдері Ақмешіт шағын ауданын торуылдап, бақылауға алып үлгерген. Күдікті адам ешкімнің көзіне түспеді. Такси ұстап тайып тұрды ма екен?
Мақсат – оларды тура мағынасында құрықтау емес, бақылауға алу. Қайда барады? Кіммен байланысады? Соны анықтау. Егер біреуі қолға түсіп қалса, қалғаны баланы мерт етуі әбден мүмкін. Сондықтан абайлап қимылдау керегін ішкі істер басқармасының бастығы Тастемір Рахимов те, ҰҚК-нің бастығы, полковник Нұрахмет Ералиев те жауапты адамдарға қатаң тапсырған.
Алайда көрінбейтін қылмыскер, сол көрінбеген күйі жұмбақ болып қала берді.
Белін буып, пакетке салып дайындап қойған ақшаны ала сала, алтыншы дәріханаға жетті. Дәріханада адам көп емес, кезекте тұрғаны төрт-бесеу ғана. Алақтап жан-жағына қарады. «Курьері қайда екен?». Көшеге шығып қайтып оралды. Дәрі сататын терезе алды босап қалыпты.
– Ағай, – деген қыздың сүйкімді дауысы естілді. Дәріханашы екен. – Сіз Асқар ағасыз ба?
– Иә, қарындасым, не болды?
– Емханадан соғып тұр, сізді іздеп. Жаңылысыппын дейді. Сіз басқа дәрі алуыңыз керек екен.
– А-а, дәрі… – деп абдырап қалған Асқар шақырып тұрған дәрігер емес анау екенін түсіне қойып, терезеге үңілді. – Иә, қарындасым, кәне…
– Асқар! – деді таныс дауыс. Соңғы телефон соққаны емес, оның алдындағысы.
– Ау!
– Молодец, бұл жолы өзің ғана келіпсің. Енді сен жд вокзалға жет. Старый переезд жақта пожарный пойыз тұр. Запас жолда.
– Не дейсің? Естілмеді. Қаттырақ айтшы.
– Мұқият тыңда. Темір жол вокзалына келесің. Старый переезд жақта пожарный пойыз тұр. Запас жолда тұр. Қып-қызыл боп көрініп тұр. Сол қызыл пойыздың оң жақ бетіне ілесің!
– Иә. иә. Вокзалға барған бетте оң жақта ма, сол жақта ма?
– Сен, не!? Ақымақ қып тұрсың ба? Оң жақ бетте.
– Қашан барайын?
– Қазір жет!
Байланыс үзілді. Асқар сыртқа ұмтылды. «Иә, сәт! Әй, Аллам, Батырханымды қайыра гөр! – Қолындағы пакетті салмақтап қарады. – Ұлымның жолына садақа!». Ентіге дем алып, күбірлеп сөйлеп келеді.
Асқарды қызыл пойызға шақырғанын жетінші басқармадан түскен хабардан құлақтанған жедел уәкілдер мен ҰҚК-нің қызметкерлері белгіленген жерге елеусіз жетті.
Өрт сөндіргіш қызыл пойыз күштік құрылымның төрт қабат көрінбейтін қоршауына алынды. Осы кездесуді бәрі де күткелі қашан. Дауысы естілгенімен, түрі көрінбей қойған ұрыларды осы жолы анықтаймыз деген үміт басым. Біреуі теміржолшының киімін киіп, жол жағалап бара жатты. Екінші біреуі көрінбей алыстан аңдуда. Көңілге күдік тудырар әнтек қимыл байқалмайды.
Бір мезет Асқардың автомашинасы темір жол бекетіне келіп тоқтады. Қолында қызыл пакет. Қаскөйлердің талабы солай, долларды қызыл дорбаға салып әкелу. Сірә, тауып алуға оңай болсын дегені шығар.
Асқар перронға шыққан соң, кідірмей оңға бұрылып ескі өткелге қарай жеделдетіп тартты. Анадайдан қызыл вагон менмұндалап тұр. Көптен қозғалмаған тәрізді. Дөңгелектері тот басып, қарайып кеткен. Асқар оң жақ орта тұсына келіп, қызыл пакетті ілді де, басын көтеріп маңайын шолды. Ешкім көрінбейді. Бір жерде тығылып, бақылап отырса көрсін дегені шығар, басын изеп, қолын көтерді де, келген ізімен кері қайтты. Артына бұрылып қарамады. Өзінің қара ниетті адамдардың алдында жер болып бара жатқан жүзін көрсеткісі келмегені ме екен?
Сол сәт оңтүстікке бағыт алған пойыз қышқырып-пысқырып, тарсылдап-гүрсілдеп келіп қалғаны. Онымен келіскендей-ақ, солтүстік бетті көздеген екінші пойыз қарсы ұшырасты. Қарама-қарсы келген екі пойыз темір жол маңайын мыңдаған тонна темірдің салдыр-гүлдіріне толтырып жіберді де, құйрықтарын бір-бір бұлғап, ілезде алыстап кетті. Сонадайда аңдып жатқан арнайы қызметкер екі состав аралығында қалған қызыл пойызға ілінген пакеттің осы сәт ғайып болғанын аңдады. Жаңа ғана, пойыз өтпес бұрын ап-анық көрініп тұрған. Пойызбен қабаттаса келіп іліп әкетпесе. Тірі жан жорғаламаған сияқты еді ғой. Дәл осы мезгілде қарама-қарсы пойыз өтетінін қалай есептеген десейші. Пойыз өтіп кеткен соң да ол маңға аттап аяқ басқан тірі пенде байқалмады.
Біраздан соң операцияны басқарушы командир қызыл пойыз маңына маскүнем кейпіндегі арнаулы қызметкерін жіберді. Ол сүрініп-қабынып жетті де, қызыл пойыздың көлеңкесіне тізе бүкті. Пойыздың есігі сырт етіп ашылды. Іштен екі жігіт шықты. Үстерінде темір жолдың жұмысшы формасы. Маскүнемді көріп қалып, қолындағы қызыл пакетті қойнына тыға қойған біреуі бүгежектеп теріс қарап кетті.
– Мужики, – деді маскүнем оларды көрген соң орнынан үш ұмтылып әрең тұрып. – Бас сынып баратыр. Жиырма теңге бере алмайсыңдар ма? А-а?
– Баршы әрі, – деді екеудің бірі жекіп.
– Қойдым, қойдым. Тым болмаса, темекі берші, – деп маскүнем соңынан қалар емес.
– Мә, ұста.
Ұзын бойлысы бір тал сигаретті шертіп лақтырды.
– Рақмет, братан.
Көлеңкеге қайтадан жалп етіп отыра кеткен маскүнем салтақ-салтақ жағасының астындағы рацияны қосты да: «Қызыл пакет осыларда» деді.
Екі жігіт болса, асығар емес. Темекісін бұрқыратып, жайлап басып келеді. Ара-тұра әр тұсқа бір тоқтап, әлдебір мәселені шеше алмай келе жатқандай қолдарын сермеп қояды. Бала ұрлап, бопсалап ақша алатын адамдарға ұқсамайды. Ауық-ауық жан-жағына жалтақтап қарап қоятыны болмаса, қарызға берген ақшасы қайтып, көңілі бірленген жандардай жайбарақат. Бекет маңынан кететін ойлары жоқ сияқты ма қалай? Теңселіп айналып жүр. Мүмкін ақшаны бұлардан тағы біреуі келіп алатын болар? Әрлі-берлі жүрген екеу енді билет кассасы орналасқан ғимаратқа бет алды. Соңында аңдушы. Олар ешқайда бұрылмай, бекеттегі желілік полиция пункітіне бас сұқты. Біраздан соң қайта шықты. Олардың соңдарынан аңдушының екеуі кетті де, үшіншісі мән-жайды білу үшін полиция пункітіне бұрылды.
– Жаңағы екеуі кім? – деді өзін таныстырған соң сұрақты төтесінен қойып.
Пункттегі қос полиция қызметкері ол екеуінің бір пакет доллар тауып алғанын, оны алып кетуге қорқып, осында әкеп өткізгенін, олардың кім екені анықталып, акт жасалғанын баяндады.
– Түсіндім. Долларға ие болыңдар, – деді арнаулы қызметтің адамы. Сөйтті де лып беріп сыртқа шығып кетті.
Асқар қызыл пойызға пакетті ілген соң, кідірмей үйге тартқан-ды. Ақшаны алған соң Батырханды қайтаруы тиіс деген үміті зор. Неше күннен бергі ырың-жырың келісім осымен бітетініне сенімді. «Полиция мен комитет не қып жатыр екен? – деп ойлады бір мезет. – Ізіне түсті ме екен? Ізіне түсем деп баладан айырылып қалмасақ етті».
Өзін осындайға мәжбүрлеп қойған қылмыскерге зығырданы қайнаудай қайнайды-ау! «Кейін, бір заманда кездессем ғой, – деп еріксіз ойлап кетеді. – Бәлкім ұшырасармын. Шіркін-ай, сондай мүмкіндік туса… шайнап тастар едім-ау! Сонда бір кегім қайтар еді-ау! – Ол ойынан тез айниды бірақ. – Оларды Алла жазалайды. Алла жазасыз қалдырмайды! Аллаға сенем!»
Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ
(Жалғасы бар)