12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қызыл далаптың әлегі  немесе LaViVi. 999-шы түсі

Елең-алаң  

  • Естідің бе, Мұса? Сұмдық жайтты….Жанна туралы. Өткенде мұны теледидардан да хабарлапты. Оның кісі қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат жан-жаққа тарап кеткен. Міне тіпті, мына бір газеттен де оқып отырмын.
  • Естідім, — деді оның қарсы алдындағы креслоның үстінде шалқалай жатып алып, темекісін құшырлана сорып отырған Мұса.
  • Оданша талай қызықты күндерді бірге өткіздік демейсің бе…Оны соңғы рет қашан көрдің? Кездесіп пе едіңдер? – деп қулана жымиды Сержан.

Бұл уақытта терезеге қарап алысқа телміріп, терең ойға шомған Мұса шошып оянғандай селк ете қалды. Бұған бар денесімен шұғыл бұрылып қарап,  ала көзімен атты. Орнына жайғасып отырып жатып та, сұсты жанарымен бір түйреп өтті. Мұнысымен бұл тақырыпта сөйлескісі келмейтінін білдіргісі келді. Әйтсе де досының сауалын жауапсыз қалдырмады.

  • Иә. Он шақты күн бұрын. Осында шақырдым. Бұл жолы өткендегідей басын ала қашқан жоқ. Келді. Үш күн бойы бірге болдық.
  • Еее, солай де! Бала емеспіз ғой, – деді Сержан оның қатулы қабағы жібімегеніне тұнжырап, әрі қысқа қайырған жауабына көңілі көншімей. Кепкасын шешті. Сөйтті де қарасынан гөрі ағы көбейген шаштарын түзеген болып басын сипалап, қолын қайта-қайта төбесіне апара берді.
  • Сонымен…. – деп, қатты күрсініп алды. Айтарын айтпастан бұрын не істерін білмегендей қипақтай беріп, көзімен жер шұқыды. Сәл үнсіздіктен кейін:  — Бұ дүниеде енді жоқ адамның артынан жаман айтып нем бар? Қара жер хабар бермесін! Сен өзің не ойлайсың, соны айтшы! Кім екен мұны істеген? Не үшін? – өктем шыққан қатқыл даусынан өзі шошығандай оқыс орнынан тұрып кетіп, бөлме ішінде ары-бері жүріп алды.
  • Айтпасам да бәріне түсінікті емес пе? Осыған алып-қосарым да жоқ!
  • Жо-жоооқ! Олай деме! Сен бұлай деп шатаспа! – деген Сержан  Мұсаның жанына ентелей жетіп келіп, сұқ саусағын шошайта:

— Өз-өзіңді алдама! Мұны істеген Әсет емес екенін екеуіміз де жақсы білеміз. Бұл мүмкін  емес!

  • Оны қайдан білесің? Бұған 100% сенімдісің бе? Айтшы, онда кім? Мүмкін мен шығармын! Тергеп-тексеруіңе қарағанда….Сол «шөпжелкенің өлімін» ести сала,  алды-артыңа қарамай осында тарттың ғой! Қазір сенің көз алдыңда полицейлер аяқ-қолымды байлап-матап алып кетсе, көңілің жай табатын шығар. Оны жақтырмаушы едің ғой. Енді келіп неменеге жаның ашығансып отырсың?
  • Өй, сен өзі не деп кеттің? Мен саған жамандық тілеппін бе? Туысқанымның ар-намысын таптап, аяқасты еткені үшін оны жақсы көруім керек пе сонда? Әлде, екеуіңнің не бүлдіргендеріңді есіңе түсірейін бе? Сол кезде ашуымды ақылға жеңдірдім. Мына отырған сені, досымды қимадым. Олай болмаған күнде бетіңе ыржия күліп, сырт айнала келеке ететіндердің қатарында жүрер ме едім. Басың бәлеге қалғанына қуансам, мұнда келіп нем бар?
  • Қайдан білейін, келе сала тергей бастадың. Қоя ма десем, одан сайын түртпектеп, тіпті үдете түстің. Ақжанның ұлын неліктен қамауға  алды? Сүттен ақ, судан таза болса…Бостаңдықта жүрмес пе еді? Мені кінәлап, бауырыңа шаң жуытпай, жақтап тұрғаныңа жол болсын!
  • Сен мынаны түсін! Ешкімді жақтап, ақтап алайын деп келген жоқпын! Мұнда бір гәп бар. Біле білсең, оған  нақақтан нақақ жала жабылайын деп тұр. Анық-қанығын білмей жатып, алып-қашпа әңгімеге сенетін мен емес! Қылмыстық іс ашылды. Тергеу жүріп жатыр. Сен де онымен жақын байланыста болғандардың тізіміндесің. Бүгін-ертең  полицейлер үйіңе жетіп келеді. Осыны айтайын, ескертейін деп келдім. Бәрі тынышталғанша, Әсия мен балаларды төркініне жібере тұрсаң қайтеді?
  • Өзім де білем мұны. Сол жағын ойластырдым. Ертең жолға шығады.  Тек ол бірдеңеден сезіктеніп қалмаса игі. Өзің ойлашы, Есентайдың қызы бәрін біліп қойса, мен құрыдым дей бер. Түбіме жетіп тынады ғой!
  • Енді қазіргі мына түрің не? Алдын ала қамданбай, жайбарақаттанып отырсың!  Мен сені жақсы білемін. Мына жағдай саған ауыр тиді. Өз-өзіңмен әбігер болып, көңілің елең-алаң,  ойың басқа жақта. Әй, сен осы ауырып қалғаннан саумысың? Әлде менен  жасырған бірдеңең бар ма?
  • Осының бәрі түс сияқты.
  • Неге?
  • Шынымды айтсам, мен оның шынында да өліп қалғанына күмәнданамын.
  • Қалайша?
  • Бір аптадан асты, күннің құтты күні, үйге белгісіз біреу қоңырау шалады. Бастапқыда үндемей трубканы тастай салатын. Оған бәлендей мән бермедік. Содан кейін мені сұрайтынды шығарды. Дауысы тура Жаннаныкі сияқты. Естігенде тұла бойым түршікті. Бір-екі рет телефонды тастай салып жүрдім. Сонда да қоятын емес. Соңғы уақытта Әсия сезіктеніп қалмасын деп,  әріптестерімнің бірі деп құтылдым. Ол маған тек екеуіміз ғана білетін нәрселерді  айтады. Меніңше, ол тірі. Өлген жоқ қой деймін.
  • Не?
  • Жалғыз бұл ғана емес. Кездесуіміздің алдында қып-қызыл жаңа көйлек сатып әпердім. Өзі құрбысымен дүкен аралап жүргенде көріп, қатты қызығып қайтқан. Көңілін қалдырмайыншы дедім. Сыйлықты көргенде жүзі бал-бұл жанып, қуанғанын көрсең… Балаша мәз болды. Кетерінде сонысын киіп шықты. Алдындағы түймелерін жұлмалап жүріп,  біреуін жерге домалатып алды. Екеуіміз қанша іздесек те,  әлгі құрғырды таба алмадық. Содан бір жылтырауық моншақ па, тас па, сөмкесінен бірдеңесін алып шықты да, әдемілеп қадап қойды. Күлдім. Таңғы асты  бірге іштік. Оны жұмысына жеткізіп тастадым да, мен де өз жөніме кете бардым. Бар ғой, ең қызығы, дәл сол қызыл көйлек…Кеше қарасам, осындағы жатын бөлмедегі шкафта ілулі тұр. Кім, қашан  әкеліп тастағанын түсіне алмай отырмын.  Бұл пәтердің бір кілті менде, біреуі сенде және Жаннада ғана бар. Демек, ол мен жоқта осында келіп-кетті ғой.
  • О, тоба! Мынау не дейді?

********** ***************   ******** ********** ************

 

Жылы лебіз

  • Жаным, мұнда бір сайқымазақ қолымнан ұстап, бетіме қарап күле береді.
  • Ау, жаным! Кім ол саған дәті шыдап жақындап жүрген? Қарай гөр өзін! – ар жақтағы телефон даусы қаттырақ шықты.
  • Клоун! Айтып тұрмын ғой саған, сай-қы-ма-зақ! — деп сылқ-сылқ күлді ұзын бойлы,  аққұба өңді  жас келіншек.
  • Қап, бәлем, тоқтай тұр! Қазір андағы жерге жетіп келіп мұрнын бет қылып, быт-шытын шығарамын!

Осы кезде:

  • Анар, бері келші! Міне, таптым! –  деп құрбысын қасына шақырып бар даусымен  айғай салды.  — Сенің сүйікті далабың. LaViVi компаниясы, 999-шы түсі!
  • Рас айтасың ба? Туп-тура өзі ме, анық сол ма? – деген тағы бір әйелдің даусы шықты. Туфлиі тақ-тұқ етіп мұның жанына жетіп келді.
  • Не шу? Не болып кетті қыздар? 99 дейсіңдер ме? Лавиви дейсіңдер ме? Лавинчи ме? La Villa демекші, Сәтбаев көшесінде жақсы бір мейрамхана ашылыпты. Тамағы  сондай дәмді, аспаздары тамаша дайындайды дейді. Қазір Сержан екеуіміз жұмыстан шығамыз. Кешкі асқа сонда барайық деп жиналып отырмыз. Бізбен бірге жүріңдер, құрбыңды да ала кел.
  • Жан, біз мұнда онсыз да  бәрін аралап үлгермей жатырмыз. Үлкен сауда орталығы ғой. Мені Анар сүйрелеп жүр. Ол  болмаса, қайда кіріп, қайдан шыққанымды түсіне алар  емеспін. Бұдан кейін маникюрге жазылдық.  Екі сағаттай сонда айналамыз делік. Ары қарай кеш батады. Ал  ертең жұмыс. Тезірек үйге барғым келіп тұр. Басқа бір күні, міндетті түрде  барамыз. Мына ғимараттың ашылу салтанатынан керемет әсер алдым. Сондай жақсы ұйымдастырды. Сенің дүкеніңде де осындағы сияқты маркетингтік жарнамаларды қолға алсақ қой!
  • Иә, жаным! Уақыт өте оны да жасап үлгереміз. Бәрі реттеледі. Уайымдама! Сонымен әлгі сайқымазақ гүл сыйлады дейсің бе? Қандай? Сонда андағы жерде кәдімгідей маски-шоу жасап, келушілерді шошытып жүр ме? Байқа!
  • Жоқ. Олар да біз сияқты мәз.
  • Қане жіберші фотосын көрейік.
  • Қазір сәлден соң жіберейін. Біз онымен құшақтасып, көп рет фотоға түсіп алдық.
  • Әй, сен өзің андағы клоунның басын шыр айналдырғасың ғой. Бәсе, неғып сендерді айналшықтап, жаныңнан шықпай жүр деп ойласам.
  • Иә? Олай болуы да мүмкін. Жарайды жаным! Кеттім. Әйтпесе қазір Анарды таба алмай қаламын. Сүйдім!
  • Жақсы онда. Ертең хабарласамын. Жақсылап көңіл көтеріңдер. Сүйдім жаным!

******* *******  ***** ******* ****** ***** **** ***** *** *****

 

Қорғаушы

Есік қоңырауы шырылдады. Сержан барып ашты. Форма киген жас жігіт амандасқан соң,  өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетті.

  • Сіз Әуезов көшесі, 41-ші үй иесі Сәрсенбаев Мұсасыз ба?
  • Шырағым, дөп түстің. Төрлет! Бұл өзің іздеп келген Мұса ағаңның үйі. Алдымен жоғары шық. Мен оның досымын. Атым — Сержан.
  • Ол кісі қайда? Біз Еңсебаева Жанна Рақымқызының өлтірілуіне байланысты, ол кісіге қоятын сауалдарымыз бар. Сәрсенбаев Мұса Дәулетұлы бізбен бірге учаскеге барады.
  • Бауырым, заңды біз де оқығамыз, өз құқығымызды жақсы білеміз. Мен де онымен бірге ілесіп барамын.
  • Сіз не үшін барасыз?
  • Мен — Қайыржанов Сержанмын. Оның досы, әрі адвокатымын.
  • Ә, солай деңіз! Олай болса, жарайды. Сіз де жүріңіз. Бастықтың алдында жауап беруіне қатысасыз.
  • Әрине. Күте тұрыңыздар!

****** ****** ***** ***** ****** ****** ****** ******* ******

 

Сұрақ-жауап

  • Жанна Рақымқызы Енсебаева сізге кім болып келеді? Оны қашаннан бері танисыз?
  • Танысым, бұрын бір компанияда бірге қызмет еттік. Содан бері дос едік.
  • Ол кісі тұрмыста болған кезде де араласушы ма едіңіздер?
  • Иә. Араластық. Онда тұрған не бар?
  • Біз сізбен және марқұммен талай жылдар бойы бірге жұмыс істеген әріптестеріңізден жауап алдық. Көбісі екеулеріңіздің қызметтік байланыстан бөлек, жақын қарым-қатынаста болғандарыңызды айтты. Сол арақатынастың болуы себебінен ол жолдасымен ажырасып тынған көрінеді. Осы қаншалықты рас?
  • Менің отбасым бар. Балаларым мен әйелімді жақсы көремін.
  • Мен әзірше сізден отбасыңыз жайлы ештеңе сұраған жоқпын. Қойылған сұрақтан жалтармай, жөндеп жауап беріңіз!
  • Бір-бірімізді ұнатып қалдық. Жасырын кездесіп те жүрдік. Күйеуі өзіне көңіл бөлмейтінін, бағаламайтынын жиі айтатын.
  • Соңғы рет қашан, қай жерде кездестіңіздер? Еске түсіріңізші, оның үстінде қызыл көйлегі бар ма еді?

Мұсаның маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды.

  • Шамамен он күн бұрын. Біраз мейрамханада отырып, өзіміз үнемі барып жүретін қонақ үйге тоқтадық. Не киіп келгені нақты есімде жоқ. Көк пе, әлде жасыл ма, қысқалау келген көйлек болатын. Оған қатысты қайғылы жағдай туралы жақында ғана естідім.
  • Ақпанның 15-нен 16-на қараған түні қайда болдыңыз?
  • Үйде. Отбасыммен бірге. Балаларымның жанында.
  • Оны алдағы уақытта анықтаймыз. Қазіргі уақытта әйеліңіз бен балаларыңыз қайда?
  • Қарағайлыға кеткен. Демалыста.
  • Жанна Рақымқызының пәтерінен ұялы телефоны мен тағы да басқа заттары, әшекейлері мен киімдері жоғалған. Бұл заттарды қылмыскер ізін жасыруы үшін тығып отыруы да мүмкін. Телефоны табылса, бірқатар айғақтар шығатыны анық. Соңғы рет жолыққанда ол сізден абортқа деп ақша сұрады ма?
  • Абортқа дейсіз бе? Жоқ. Сонда ол….. Екіқабат болып па?
  • Сіз оның аяғы ауыр болғанын, жүктілігі төрт айға жуық мерзімге жеткенін білмедіңіз бе?
  • Білген жоқпын…..

Осы кезде әңгімеге оның қорғаушысы араласты.

— Марқұмның жүктілігінің бұл іске қандай қатысы бар? Сіз сонда бала Мұса Дәулетұлыныкі екенін  біліп, соған меңзеп отырсыз ба? – деп қалды Сержан.

  • Мұны іс жүргізу барысында бүге-шүгесіне дейін анықтаймыз. Берілген жауаптарды саралайтын болсақ, олай  болуы да ықтимал екеніне көзіміз жетті. Әлі де уақыт бар. Мұса Дәулетұлы, осы айтқандарыңыздың барлығын алдағы сот отырысында ескереміз. Учаскеде әрі қарай ұстап, кідірте тұруға да болар еді. Оған қолымыздағы айғақтар жеткіліксіз. Тағы бір жайттардың басы ашылып, не болмаса қосымша сұрақтарымыз туындап жатса, шақыртамыз.  Сіз боссыз!

**** ***** ***** **** ****** ****** ****** ******

 

Өлі дене

 

Көпқабатты үйлердің біріндегі екі бөлмелі пәтерден 33 жастағы жас келіншектің өлі денесі табылды. «Жедел жәрдем» мен полицейлерді көршісі шақырыпты. Пәтер есігі ашық жатқанын көріп, ішіне енемін деп, сұмдық жағдайдың куәсі болған. Куәгердің айтуынша, әншейінде бүкіл подъезге айғайлап, елге маза бермейтін зор денелі еркектің есік алдындағы  бұрышта теңкиіп, қорылдап ұйықтап жатқанын көрген.  Оны аттап өтіп, атын атап шақырғанына үй иесі жауап қатпаған  соң,  ойында ештеңе жоқ, ішке кіріпті. Осылайша зейнеткер қонақ бөлмедегі диван үстінде ешқандай тіршілік белгісін танытпай теңкиіп, денесі баяғыда суынып кеткен өлі әйелді көріп, қатты шошынып қалған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, ол ақпанның 15-нен 16-на қараған түні, шамамен сағат 00:45-те жан тапсырыпты. Әйелдің аяқ-қолы көгерген. Бет-аузы ісіңкі, мойнында оны тұншықтырды делінген жіп іздері бар. Қан құрамынан ағзасында едәуір мөлшердегі алкогольдің болғаны анықталды. Ұялы телефоны мен әшекейлері, тағы да басқа жеке заттары орнында болмай шықты. Бірнеше күннен соң, үйді тінтуге рұқсат алған полицейлер, жоғалған киімдері мен бағалы заттарының бір бөлігін   бұрыңғы күйеуінің үйінен тапты. Оның күдікті ретінде ұсталып, сотқа дейінгі қамауға  алынуына тағы бір себеп – қылмыс жасалған территориядан табылуы. Оны полицейлер подъезде ештеңе сезбестен пысылдап ұйықтап жатқан жерінен оятып алып, дедектетіп учаскеге әкелді. Күдікті бұрыңғы әйелінің үйіне қалай тап болғанын бастан-аяқ  баяндады. Қастық ойлап, жауыздық істеймін деп келмепті. Өзінің бұрыннан бергі қалыптасқан үйреншікті әдеті осы екен. Бұрыңғы ерлі-зайыптылар өткен-кеткенді еске алып, біраз уақыттарын бірге өткізген.  Ішімдік те ішілген.  Біраздан соң бір-бірін кінәлап, ұрсыса жөнеледі. Әйел оның әрбір сөзінен ілік іздей бастапты. Осылайша сөзден сөз шығып, отырыстың арты жанжалға ұласқан. Сол кезде бұл ашуға мініп, қолына түскен жіппен оны тұншықтыра жөнеліпті. Сол кезде шынында да өлтіргісі келгенін мойындайды. Алайда істі соңына дейін жеткізуге дәті жетпеген. Қаһарға мінгені сонша, дүлей күшке тұла бойын билетіп алған. Осылайша бір сәт кектеніп, ашу-ызаға ерік бердім дейді. Дегенмен өз-өзіне келіп, тез есін жиып үлгерген. Үйден еңбектеген күйі қашып шыққан. Ары қарай не болғанын білмейді. Оны өлтірмегені анық. Бір рет көзін ашқанда, бұрыңғы әйелінің  қызыл көйлек киіп алып, баспалдақтан түсіп бара жатқан сұлбасын көріп қалғаны ғана еміс-еміс есінде бар….

**** ****** ***** **** ***** ****** ****** ****** ****** ******

Жауапсыз сұрақ

 

  • Мұса Дәулетұлы, сіз бізге өтірік айттыңыз! Сізді тергеуге алған күні, марқұммен бірге жақында ғана қонақ үйге бардық дедіңіз. Барып тексердік. Сол түнгі меймандардың тіркеуінде жоқсыздар. Өтірік айттыңыз. Бұл үшін жауап бересіз! Адвокатыңыз жолдаған мекенжай бойынша барып, бір пәтеріңізге тінту жұмыстарын ұйымдастырдық. Оның ішінен марқұмға тиесілі делінген қызыл көйлекті тауып алдық. Сіз сатып әперіпсіз. Мұны бізден неге жасырдыңыз? Жанна Рақымқызының ұялы телефоны да сол пәтерге жақын маңнан шықты. Көршілердің біреуі оның қайғылы жағдай болған түні, таң ата көк түсті бір машинаға отырып, үйден шығып бара жатқанын көріп қалыпты.

**** ****** ******* **** ***** **** ****** ****** ***** *****

Күдік пен күмән

  • Енді не болады? Оларға қызыл көйлек туралы неге айттың? Қала сыртына шығып, ну орман ішіне апарып көміп тастап немесе жағып жіберуге болмады ма? Әттең, сорлы басым, үлгермей қалғанымды қарашы! Өзім-ақ соны қолға алып, тындыратын едім. Бұлардың көксегендері осы емес пе? Енді мені жақын арада бұл жерден шығара қоймас.
  • Бәрібір тауып алушы еді. Жаннаны өлтірген қаскөйдің көздегені де осы. Сені айыпты деп танытып, қамату. Арқасын кеңге салып, діттеген мақсатыма жеттім деп ойласын.
  • Мұнымен не дегің келеді?
  • Ақымақ болма! Сабыр сақтап, шыда! Айтпақшы, алибиің не болды?
  • Балалар мен Әсия сол түні үйде болғанымды растады. Шынында да солай. Тек осы іске оларды да қатыстырып алғаным өкінішті.
  • Әсия не дейді?
  • Не деуші еді? Қабағы қатулы, менімен сөйлеспей жүрген.
  • Оны түсінуге болады. Оған енді біраз уақыт керек. Айтпақшы, сен Жаннамен екі жылдан астам уақыт бойы жасырын кездесіп жүрдің. Басында бұл туралы мен және оның құрбысы білді. Кейін күйеуі бәрін біліп қойып, жалпақ елге жариялады. Сені өлтірмекші болып, жағаңнан да алды. Бопсалады. Демек, бұл ешкімге бәлендей құпия емес. Ал әйелің осының бәрін білсе де, білмегендей кейіп танытып жүруі де әбден мүмкін. Жаннаның саған ләм-мим деместен, бала туып алуы туралы шешім қабылдауы қызық екен. Тергеуші  оның сенен ештеңе сұрамағанына таң қалып, онша сеніңкіремей отыр. Өзің ойлашы, Жаннаның ізім-қайым жоғалып, болмаса  о дүниеге аттануы түптеп келгенде саған ғана пайдалы. Әйтпесе отбасыңнан,  бизнесіңнен бір-ақ күнде айырылып қалар едің.
  • Сонда маған әйелді өз балаңмен қосып өлтіріп тастаған айуансың демекшісің бе?
  • Екеуің ғана білетін қандай сырларың бар еді?
  • Оған арнап жазған өлеңім. Қыстыгүні, ақ ұлпа қар жауып тұрған күні таныстық қой. Соған байланысты шығардым.
  • Хабарласып, сол өлеңді айта ма?
  • Иә.
  • Мұны тергеушіге айтуымыз керек. Бұлай болмайды. Телефонды тыңдатып, оның қайдан қоңырау шалып жүргенін дереу анықтасын! Бұл оп-оңай. Осы істі шама-шарқымша зерттеп, тексеріп те көрдім. Сауда үйінің ашылуында сайқымазақ болып киініп, жұрттың көңілін аулаған әлгі жігітті тауып алдым. Қарапайым бала. Үшеуі түскен біраз суреттер сақталыпты. Осындағы сен айтқан қызыл көйлекті зертханада істейтін бір досыма сараптамаға жібердім. Ондағы әтір иісі Жаннаның үйінен табылған бір құтыға сәйкес келді. Бірақ киімнің ішкі тұсына жағылған далап ол үйде жоқ. Табылмады. Бір қызығы, дәл осындай қызыл көйлекті  дүкендер желісінің  ашылуында Анар  киіп жүріпті. Ал Жаннаға тура сол көйлекті сен бірнеше күннен кейін ғана сатып әпердің.
  • Иә. Демек, мұны оның құрбысы да растап бере алады ғой.
  • Құрбысы қайғылы жағдайдан екі күн бұрын билет алып, басқа елге демалысқа ұшып кетіпті.
  • Енді қайтеміз? Кінәлі емес екенімді енді қалай дәлелдейміз?
  • Күтейік! Басқа амалымыз жоқ.

Бірнеше күннен кейін Анар елге оралды. Құрбысының өлімін ести сала, ештеңеге қарамай тезірек жетуге асығыпты. Ол Жаннаның жеке өміріне қатысты сұрақтарын жаудыртқан полицейлерге жауап берді. Соңғы уақытта бұрынғы күйеуімен жиі жанжалдасқанын, ақыры екеуі екі жаққа кетіп тынышталғандарын  мәлімдепті. Ал құрбысының көңілі басқаға ауып, кездесіп жүрген  адамы барын да тәптіштеп айтып беріпті.

***** ***** *****  **** ****  ********* ***** ****** ***** *******

Мойындау

Демалыс күндерінің бірінде Сержан Анарды таңертең ерте кофе ішіп, серуендеп қайтуға шақырды. Ол келгісі келмеген сыңай танытып, қанша қасарысса да, амалын тауып дегеніне көндірді.

  • Мен бәрін білемін! – деді Жаннаға жайбарақат қана, басқа айтар әңгімесі таусылып қалған Сержан.
  • Нені айтасыз?
  • Сенің кімнен, неге қашып жүргеніңді.
  • Бәсе, кімнен қашып жүр екенмін?
  • Өз-өзіңнен!
  • Сен барлығын тамаша ойластырыпсың. Сөз жоқ! Бірақ бірнәрседен мүлт кеттің. Әсет айтқаныңа көнбеді. Бұрыңғы әйелін ұмыта алмады. Жаннаның басқадан жүкті екенін біліп, қатты қапаланды. Ал сен осының бәрін өз пайдаңа шешпек болдың!
  • Мен жай ғана, сол түні онда Әсетті алып кетуге бардым….Көп ішіп, мас болып қалыпты…
  • Құрбыңның санасын улап, адамды дел-сал күйге түсіретін дәріні ішімдікке қосып бердің. Сол күні Әсет оның үйіне жетіп келеді деп әсте ойламадың. Оны да улап тастадың. Абырой болғанда, ол өлген жоқ. Сен оларға алкогольмен араластырып берген химиялық қоспаның, төрт сағаттан кейін ағзада ешбір белгісі қалмайды.  Бар тілегің — Жаннаның Мұсаға дейін жетіп өлуі еді. Олай болмады. Ол үйінде кідіріп қалған соң, жағдайды өз көзіңмен көріп, бақылап  қайтуға мәжбүр болдың. Бірақ әлденеден шошып, бастаған ісіңді ақырына дейін жеткізе алмай кеттің. Өлік сол күйі өз үйінен шықпады. Бар ойлап тапқаның – құрбыңның пәтерінен қызыл көйлек киіп шықтың. Мұны көрген ел Жанна үйден шығып кетті деп ойласын деп істедің. Сонда да тек кеткен жоқсың, көлденең жұрттың көңіліне күдік ұялатып кеттің.
  • Неден қателесіппін сонда?
  • Көйлектерді ауыстырып алыпсың. Сен алибиім болсын деп, қылмысыңнан екі күн бұрын алдын ала шетелге билет сатып алдың. Аэропортта және базар аралап, демалысқа жиналып жүргеніңді таныстарың көрді. Бірақ ол күні ешқайда ұшпадың. Ал Жанна сен билет сатып алған күннің ертеңінде өлтірілді. Билет сатып алып тұрған уақытта, оған Мұса тура сенікіндей көйлек сыйлады. Бұдан бейхабарсың. Сенің қызыл көйлегің Мұсаның пәтерінде. Құрбыңның телефонындағы суреттерді көріп, досымен  кездесуге сенің көйлегіңді  киіп барды  деп ойладың. Уақыт тығыз еді. Сол себепті, суретке аса мән бермедің де. Іс насырға шаппасын деп, не де болса қызыл көйлегіңді Мұсаныкіне апарып тастауға бекіндің. Қылмысыңның ізін жасырып, бар кінәні оған арту үшін барыңды салып тырыстың.  Сонымен қанқызыл көйлекті киіп, үйден шығып кеттің. Жаннаның қалтасынан алынған кілтпен есікті ашып,  көйлекті шкафқа апарып іліп қойдың. Тек, құрбыңның үйінде, көйлекті киіп жатқанда, ерніңдегі  LaViVi компаниясының 999-шы түсі, яғни,  сүйікті қып-қызыл далабың көйлекке жағылып қалды. Мұса мен Жанна соңғы рет кездескенде түскен ақырғы фотоларына зер салып  мұқият қарасаң, құрбыңның көйлегінің алдыңғы түймесінің орнында ақ моншақ қадалып тұрғанын көретін едің. Ал сенікінің түймелерінің бәрі орнында.  Осыдан ешқайда бармағаныңды, алдын ала жоспар құрып, жақыныңа осындай қаныпезерлік  істегеніңді  біліп қойдым.
  • Сіз ештеңе дәлелдей алмайсыз! Ол өзі кінәлі! Сіз оны білмейсіз! Оның көзін жойып, керісінше бәрін бақытты еттім! Бәрін азаптан босаттым! Ол көрсеқызар, ашкөз! Мен оның көзін жойдым. Еш өкінбеймін де. Ендігі кезек сіздікі, —  деп, қалтасынан пышақ па, өткір бірдеңесін алып шығып, бұған қарай кезеп, ұмтыла бергенде Сержан оның қолынан шап беріп, ұстап үлгерді.
  • Ал Мұсаға неге тыныштық бермедің?
  • Әсет үшін кек алдым. Оның қандай азап шегіп, қиналғанын мен ғана білемін. Олар адам емес! Ардан безгендер!

Сержан мұнда жалғыз өзі келмеген екен. Бағанадан бері оларды торуылдап, әңгіменің бәрін естіген із кесушілер жан-жақтан атып шығып, Анардың қолына кісен тақты.

Сот отырысы өтті. Сот үкімімен аса ауыр қылмыс жасағаны үшін  Анар Сейдуалиеваны 12  жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыскер жазасын қатаң режимдегі түзету мекемесінде өтейді.

Аяулы Арман

Шығыс Қазақстан облысы

журналист

[ratings]

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...