12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚЫЗҒАНЫШ ҚҰРБАНЫ

– Армысыз, Жасұлан Дәуренұлы? – Жақсы. Сіз, түрмеге не үшін келдіңіз, Айман ханым? – Маған келуге тыйым салынған ба?! – Маған кездесуге тыйым салынған. Осыдан бес жыл бұрын менің адвокатым бола тұра, ақтай алмай, жазықсыз сотталып кеттім. – Жә, жә, ашуланбаңыз. Сізге өте маңызды ақпаратпен келіп отырмын. Әлі сіздің адвокатыңызбын. – Қандай ақпарат тағы? Мен сізге де, сотқа да, заңға да сенбеймін. Ақиқат болғанда мен мұнда отырмас едім. – Сол сәтте сізді ақтауға толық, бұлтартпас дәлел болмады. Сенесіз бе?! Сіз мұнда жатқанда мен қарап жатқан жоқпын. Сіздің ісіңіз бойынша іздеп, тың деректер тапқандаймын. – Сосын. – Сіздің ісіңізді қайта қарау жөнінде Жоғарғы Сотқа, Бас прокуратураға өтініш жаздым. Енді өзіңізбен нақтылайтын деректер бар. Осы күнге дейін жинаған айғақтарыммен бөлісуге келдім. – Ондай болса құлағым сізде, Айман ханым. – Жасұлан Дәуренұлы, ескі жараны қайта тырнау ауыр тиетінін білем, дегенмен сұрауға, білуге мәжбүрмін. Аиданың құрбысы, сіздің ортақ досыңыз Толқынмен соңғы рет қашан сөйлестіңіз? Менен ештеңе жасырмауыңызды сұраймын. – Соңғы екі жылда Толқынмен мүлде хабарласпадым. Түрмеге түскен алғашқы жылдары ол үнемі хат жазып, керек-жарағымды жіберіп жүрді. Ақталып шығасың, сенің кінәсіз екеніңді білем дейтін. Нақты қылмыскерді тауып, сені ақтап аламын, дейтін. Кейінгі жылдары хабарсыз кетті. Соңғы бір сөйлескенде ауырып қалдым, ұзақ емделем, шетелге барамын, деген еді. – Мүлдем хабарсызбын деңіз. – Сенбей, отырсыз ба? – Жоқ, сендім. – Оны неге сұрадыңыз? – Толқынның бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін бе? – Білмеймін. Толқынның бұл қылмысқа қандай қатысы бар? – Үш ай бұрын Толқын қайтыс болды. – Мүмкін емес… Өтірік… – Жасұлан мырза, отырыңыз. Иманды болсын! Жасұлан Дәуренұлы, сәл сабыр сақтаңыз. Сізді жақында еркіндікке шығарып аламыз. Оған толық дәлел бар. Сізге келген басты себебім, Толқынның хатын соңында оқисыз, маған Аидамен қалай таныстыңыз, Толқын қай жерден қосылды, ештеңе қалдырмай, ештеңе бүкпей толық айтып беруіңіз керек!? Жуырда болатын сотта сізді ақтап алуыма бұның үлкен көмегі тимек. Ештеңе бүкпеңіз! – Өткен күндерді еске алу маған сондай ауыр. Тар қапаста жазықсыз түрмеде отыруым тіптен ауыр. Егер менің бостандыққа шығуыма септігін тигізер болса, айтайын. – Құлағым сізде, Жасұлан Дәуренұлы…

* * *

Астана қаласының оң жағалауындағы ат шаптырым тойхана. Ырғалған қонақтарды кезекті тілекке шақырдым да, микрофонды ұстатып, шылым шегуге сыртқа беттедім. Кіре берісте тұрған аруға көзім түсті. Бойшаң, сүмбіл шаш, қиғаш қас, қыпша белдің өзі. Мойнына ұзын жылан оратылып, жерге дейін салақтап жатыр. Қыз сұлу, жылан сұсты. Билеуге келгенін сездім. Көзіміз түйісіп қалды. Ару да жыландай арбап тұрған секілді. Асығыс едім, жылдам басып қасынан өте шықтым. Ішке кіргенімде қонақтар әлі сөйлеп жатыр екен. Музыканттың қасына келіп, сусын ішіп тұрғанымда қыз қасыма келді. – Сәлеметсіз бе! – Сәлем! – Асаба, сіз ғой. Иә, менмін. – Асығыстау едім, мені ертерек шығарасыз ба!? – деді ару. – Күтіп тұрған әншілер мен бишілер көп. Күтесіз, солардан кейін, – дей беріп едім. – Өтініш, – деп қиыла қалды. – Көреміз, – дедім. Қонақтар да сөйлеп болды. Ары қарай тойды басқаруға жүгіріп кеттім. Аидамен осылай таныстым. Ашық жарқын қыз екен. Сол күні басқа да тойларға шақырып тұрамын деп нөмірін алып қалғанмын. Қарсы болмаған. Кейін бірнеше тойға бірге шықтық. «Ватсап» желісі арқылы жиі хабарласып тұрамыз. Ол өзінің жыланы туралы суреттер, видеолар жібереді. Қылықтарын айтады. Аиданың көңілі үшін «жақсы екен, қызық екен!» дегенім болмаса осы жыланды суқаным сүймей-ақ қойды. Бір сөзбен айтқанда ішкі түйсігім қабылдамады. Тойдан таңда келіп ұйықтап жатқам, телефоным безілдесін. Басып тастадым, қояр емес. Ұйқылы-ояу құлағыма төсей салдым. – Жасик, мен ғой, Аида, – деді. Қыз дауысынан әлденеге алаңдаулы екенін сездім.

– Ау, не болды? – дедім ұйқымды қимай. – Сен, әлі тұрмағансың ба? – деп күлгендей болып еді. – Иә, таңда келгем. – Менің машинам сынып тұр. Сенің көмегің керек. – Қандай? Қайда барамыз? – дедім тағы да салғырт. – Вованың тамағы бітіп қапты. Қоян сатып әкелейікші, – деді. Жүрегім зу еткендей болды. Жуындым да, Аидаға келдім. Аида қаладағы ең қымбат шағын аудан «Highvill Astanaда» тұратын. Көп күттірмей шықты. Екеуміз қаланың шетіндегі тірі жәндіктер сататын зоодүкенге тарттық. Аяқ-астынан жылан туралы тереңірек білгім келді ме, әлде Аиданы сөйлеткім келді ме, оның жыланы жайлы сұрақтарды жаудырдым. Аиданың айтуынша: Вованы Қытайдағы таныстары тауып берген. Құнына кішігірім бір үйдің бағасын алған. Қымбат! Жыланды өзімен билеуге үйретуіне 4-5 айдан артық уақыт жұмсаған. Бала күнінен жәндіктерге жақын болыпты. Атқа мініп серуендегенді, табиғатқа шығып сейіл құруды ұнатады. Қазіргі Қазақстандағы бишілердің қолындағы жыландар питон және анаконда жыландарының тұқымына жатады. Аиданың Вовасы анаконда тұқымдас. Оның ұзындығы 3 метрден артық. Салмағы 30 килограмм. Ол әлі өсу үстінде 6-7 метрге дейін өсе береді. Жыландар өте сезімтал, кірпияз болады. Қорыққан адамдарды бірден біледі, батыл адамдарға тиісе бермейді екен. Аида жыланнан мүлдем қорықпайды, керісінше оның жан-дүниесін зерттеп жүр. Ауырса емдейді, көңіл-күйі болмаса серуендетеді. Қарны ашса тамақтандырады. Еркелетеді. Оны балаша қарап, күтім жасауда. Аиданың әңгімесін тыңдап отырып қаланың шетіндегі зоодүкенге де жеттік. Қалада қанша тұрсам да тірі жәндіктер сататын мұндай дүкен бар екенін білмеппін. Зоодүкеннің сатушылары Аидамен жақсы таныс екен. Бірден 10 қоян сатып алдық. Аидадан азырақ алмадың ба деп сұрадым. – Жасик, – деп күлді. Вова, бір жегенде 10 қоян жейді. Таң қалдым! Сосын 15-20 күн бойы тамақ ішпейді. Ол тамақтанғаннан кейін 4-5 күн мүлдем қозғамаймын. Асын сіңіріп, үнсіз жатады. Ашуландыруға болмайды. Әбден асы сіңген соң ғана тойға шығамыз, – деді. – Сенің арқаңда «жылантану» ғылымынан мол мағұлмат алдым, – дедім. Екеуміз де қарқылдап күлдік. Ол маған басын сүйеп еркеледі. Шашынан иіскедім.

* * *

Аида екі бөлмелі кең пәтерде жалғыз тұрады. Екі бөлмелі үйдің ішінде Вованың шағын орны, қапшығы орналасқан. Вова көбінде қапшығында кейде еркін де жүреді. Аида өзін жалғыз емес, жыланмен тұрамын деп қалжыңдайтын. Шындығы сондай. Менен бұрын үйге кірген Аида Вованы қапшығына салып, кейін мені шақырды. Кең қапшықта жиырылып жатқан Вованың үстінен бір қоянды тастады. Қоян секіріп, қашып жүр. Вованың жаны кіріп кетті. Көздері жайнап, тілі үздіксіз шығып, жалақтап, жемін аңдып бас салды да, орап ала қойды. Басынан бастап жұта бастады. Солай 10 қоян да құрбан болды. Аида мән берер емес, мен жыланның қылығынан тітіркеніп кеттім де: – Бір жерге барып отырайықшы, – дедім. Ол қуана келісті. Үйден шығып кеттік. «Мәңгілік ел» көшесіндегі «Кофе бумда» адам қарасы көп екен. Екінші қабаттағы оңаша шеткі үстелге келіп отырдық. Аида «Раф» кофесін, мен «Латте» алдым. Соңғы жылдары күніне 1-2 рет кофе ішу әдетке айналған. Кофе сергітіп қана қоймай, тәбетті ашты. Балық сорпасына тапсырыс бердік. Ыстық балық сорпасының адам ағзасына пайдасы туралы Аидаға білгенімді айтудамын. Ол тәкаппарлана қарап, үнсіз жымиып қояды. Бәлкім, басқа бірдеңе ойлап отырған болар. Баяу ғана «IoveIy» әні ойнап тұр. Музыка тыңдап, жақсы көретін адамыңмен осылай демалғанды ұнатамын. Біздің тыныштығымызды бейтаныс қыздың үні бұзды. Заманауи стильмен киінген орта бойлы, ару қыз Аиданы құшақтап, сүйіп жатыр. Аиданың да құшағы ашылған, жүзінен қуаныш байқалады. Көптен көрмеген құрбылар секілді. Қасынан орын ұсынған Аида мені таныстырды. – Жасик, – деп қолымды ұсындым. – Толқын, – деді. – Ерекше есім екен, – дедім жылылық білдіріп. – Рақмет! – деп жымиды. Толқын Аиданың университетте бірге оқыған құрбысы екен. Қазір жеке кәсіпкер. Астанада жобалармен айналысып жүргенін айтты. Көптен көрмеген екі құрбының қызу әңгімесі басталды. Мен шылым шегуге сыртқа шығып кеттім. Біраз серуендеп ішке кіргенімде олар жиналып жатыр екен. Құрбыларды Аиданың үйіне әкеліп, жөніме қайттым.

* * *

Толқын менің де жақын досым, сырласыма айналып кетті. Тойдың қызып тұрған шағы, дамыл жоқ. Елдегі ең танымал, жұлдыз асабалардың бірімін. Атағым да, атым да дүркіреп тұрған кез. Тіпті, бос күндерім емес, бос сағатым бола бермейтін. Бүгін Алматы, келесі күні Шымкент, арғы күні Ақтау, Атырауда шауып жүремін. Аида алыс қалаларға шыға бермейтін. Жаздың қарбалас күндері ұзақ жолықпай кеттік. Кейде одан келген хаттарға да жауап жаза алмай, ренжітіп алған сәттер болды. Сондай кездерде Аида екеуміздің салқындап қалған арамызды Толқын досымыз жалғайтын. Біз оны «дипломат-адвокат» деп қалжыңдайтынбыз. Жайдары Толқын күліп, адамдарды қосу, татуластыру сауап дейтін. Аида бірде тағы өкпелеп қалып, Толқын татуластырып ресторанда отырғанбыз. – Алдағы демалыста Бурабайға барып қайтайық, – деген ұсыныс айтты Толқын. Аида, құптап, екеуі маған қарасын. – Той алып, қойып едім, – деп қипақтаймын. – Жасик… – Рас, тойға келісіп қойғам. – Жасик, Аида шаршап жүр, сенде шаршадың, ойлан, – деді Толқын. Аида, үнсіз маған қарады. Мен оның осынау қарасынан «мені сүйсең, барайық!» деген ымды түсіндім. Той иесіне сылтау айтып, екі қыздың өтінішін қабыл алдым. Демалатын күнді белгілеп, жоспар жасап, қуанып тарастық. Сүйріктей «Мерседес бэнс» қара жолды қуырып келеді. Күрең қызыл былғары салонда үшеуміз. Баяу ойнаған классикалық музыка мұңаюға мүмкіндік жоқ дегендей. Көңіл көтеріңкі. Алдыңғы орындықта шалқайып Аида жатыр. Сол қолымен менің оң қолымды ұстап алған. Басында қара кепка, сондай жарасымды. Аида өте талғампаз. Не кисе де тек жарастырып, талғаммен киінеді. Өзін бағалайтын, бағалата білетін қыз. Оның арманы көп, ойы ұшқыр, еңбекқор. Мені де қолпаштап, күш-жігер беріп тұрады. Кері тартқан кезін көрмеппін. Қыздың жұмсақ қолын қысып, қара арғымақпен ұшып келемін. Бізді бақытты күндер күтіп тұрғанына еш күмәнім жоқ еді…

* * *

Қара жолдың қапталындағы шоқ ағаштардың қатары көбейіп қоюлана түсті. Тал мен теректер азайып оқтай көкке атылған қарағайлар жауға шабатын әскердей сап түзейді. Қарағайлармен жарыса биші ақ қайыңдар жарасып тұр. Ой жетегінде келе жатып, мырс етіп күліп жібердім. Аиданың қолын қатты қысып жіберген екенмін. Ол селк ете түсті. – Жасик, не болды? – деді шошына. – Ештеңе. Қиялдап кетіппін, – деймін жайбарақат. – Қандай қиялисың… Кімді қиялдап келесің? – деп сыр тартпақ болып, еркелей сұрақ қойды. – Сені ақ қайыңға теңеп, өзімді қарағайдай ермін деп келемін. – Рақмет! Қарағайдай ерім менің, – деп еркелей түсті. Екеуміз де күлдік. Артқы орындықта ұйықтап жатқан Толқын да оянса керек. – Жеттік пе? – деді. – Жоқ, Бұланды ауданынан өттік. Жақын қалдық. – Келіп қаппыз ғой, – деп көзін ашып, ыңғайланып отырып алды. – Иә, келдік. – Неге, Бурабай деп аталғанын білесіңдер ме? – деді, Толқын екеумізге қарай серпіле. – Бурабай туралы аңыз көп қой. Қайсысы рас, қайсысы өтірігі белгісіз, – деді Аида. – Білсеңдер айтыңдар, естиік дедім. Жол қысқарсын, біз секілді асабаларға керек, жақсы дүние тыңдап қалайық. – Біреуін айтып берейін, – деп Толқын бастап кетті. – Көкшетау, Бурабай өңірі үш жүздің басын қосқан Абылайханның мекені. Әйгілі ханның шудасы желпілдеген, бойы осы қарағайдай ақ бурасы болыпты-мыс. Бура басқа түйелерге қосылмай, қалың орманды жалғыз кезіп, саяқ жүреді екен. Бұрын үлкендерден шөлге ең шыдамды жануар түйе деп еститінмін. Түйе 40 күн шөлге шыдаса керек. Ақ бура да шөлдегенде Айнакөлге келіп су ішіп, шомылып қайтатын болған. Атақты Абылай жауға аттанарда бурасын ұстап әкеліп, байлап тастайды деген аңыз бар. Таңертең бура қай жаққа қарап шөгіп жатса, сол жаққа жауға аттанып жеңіспен оралып отырған. Жеңіспен оралған ханды ақ бура қарсы алады дегені де бар. Өте қасиетті бура болса керек. Болжамаған жерден елге жау шабар болса бура күні бұрын сезіп, боздап, шапқылап ханға белгі беріп отырған. Хан да соған сай қамданып, жауына төтеп беріпті. Ақ бураның осындай қасиетін білген жауы жасырынып келіп, бураны садақпен атыпты. Оқ тиген бура жынын шашып, жауына атылыпты. Жаудың бір-екеуін мерт қылып, Айнакөлдің жағасында әлсіреп өлсе керек. Шөккен күйі өлген киелі бураның денесі тасқа айналып кеткен. Содан кейін осы өлке «Бурабай» деп аталыпты. Міне, қысқаша осындай бір аңыз бар. – О, қандай тамаша аңыз! Аңыз түбі ақиқат деген,Толқын, – деп қостадым. – Толқын, сен аңыз айтуға шебер екенсің, – деп Аида күлді. Үшеуміз қосыла күлдік. – Естігенім мен оқығанымды айттым. Аздап бояп та жібердім-ау. Қазақ даласы аңыз бен әпсанаға толы, – деп тоқтады Толқын. – Толқынды естіп толқып отырмыз, ех, туған жер! – деп қостадым. Екі қыз қосыла күледі. – Ал, достар, жол қысқарды, Бурабайға да жеттік. Күннің көзін жасырған биік ағаштардың ішіндегі жіңішке жол бізді ормандардың ортасындағы ең тамаша «Бурабай» демалыс орнына алып келді. Алдын ала тапсырыс берілген. «Ресепшен» жылы қабылдап, қысқаша демалыс орнымен таныстырып, бөлмеміздің кілтін берді. Түскі астан кейін арқамызға шағын сөмкемізді асып Бурабайдың тарихи жерлерін аралауға аттандық. Демалысымызды екі түрлі мақсатта пайдалануды алдын ала ақылдасқанбыз. Саф ауа мен тауда дем ала жүріп, тарихи жерлерді аралау. Осы өлкенің қыр-сырын, тарихын, жолын жақсы білетін «гидпен» те келісіп қойғанбыз. Бетін күн қақтаған, бойы ортадан сәл жоғары, арық, жігіт ағасы Сәбит біздің жолбасшымыз. Ерттеген сұлу аттай құлпырып тұрған екі қызға қарап сүйсінесің. – Ал, кеттік пе, қыздар? – Кеттік. – Ендеше, жол бастаңыз, Сәбит аға. – Дайын болсаңыздар, кеттік, – дейді ол кісі қолымен күнді көлегейлеп.

* * *

Орманның ішіндегі жаяу адамдық жалғыз жолға түстік. Бағытымыз «Кенесары үңгірі». Жолбасшыға қыздарды таныстырып, өзімнің асаба екенімді айттым. Аиданың жылан асырап, жыланмен билейтінін естіген Сәбит елеңдеп, ерекше қызығушылық танытты. Енді Аидамен әңгімелесіп, жылан асыраудың қырына қанықты. Қазақтың соңғы ханы «Кенесары үңгірінің» тарихы, Хан Кене туралы мол мағұлматтар алдық. Сәбит аға асықпай баяу сөйлейтін, қоңыр дауысымен жаныңды баурап, айтқан әңгімесін санаңа сіңіретін адам екен. Алуан түрлі тақырыптарды қозғай отырып, тау басына шығып шағын дастарқан жайдық. Сарайымыз ашылып, тынысымыз кеңейіп сала берді. Тау самалы баяу есіп тұр. Аспанда шарбы бұлттар болғанымен күн шайдай ашық. Кеудемізді кере дем алып, шағын асқа бой ұрдық. Сәбит ағаны әлі Аиданың жыланы қызықтырып отырса керек. – Бала күнімнен аң-құс, жан-жануар, жәндіктер туралы көп оқыдым. Манадан жыланмен билеген қарындасыма таң қалып, осынау түсі суық жорғалаушы туралы небір хикаяларды есіме алдым. Қарсы болмасаңдар солардың біреуін айтып берейін, – деді Сәбит аға. Біз жарыса тыңдауға әзір екенімізді жеткіздік. – Жыланның арғы тегі кесіртке болса керек. «Жыланды үшке бөлсең де, кесірткелік қауқары бар» деген мәтел де бар. Неге екенін білмеймін, жылан кесірткемен қатты өш. Жылан туралы аңыз көп. Тіпті, Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуына да осы жыланның қатысы бар екен. Жаратушы Алла әмірімен тауыс пен жыланды жұмақ бағының кіре беріс қақпасының алдына күзетшілікке қойыпты. Жұмаққа кіруді аңсап жүретін Ібіліс жылан мен тауысты өтірік мақтай беріпті. Ібілістің мақтауына мас болған екеуі Ібілісті Эдем бағына кіргізіп жіберіпті. Баққа кірген Ібіліс алдымен Адам атаны азғырады, ол көнбейді. Сосын Хауа ананы азғырып, Алланың тыйым салған жемісін жегізеді. Хауа ана өзі жеген жемісті Адам атаға ұсынған. Ол жартылай жұтып, ойланып қалған. Ібілістің азғыруына көнген Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып, жер бетіне жіберіледі. Күзетші жылан қызметінен қуылып, жерге кетеді. Алла жыланды аяғынан айырып, өз тамағын қиналып, бауырымен жорғалап табуға жазалаған. Осы оқиғадан кейін жылан жорғалаушылар қатарына еніпті. Сәбит ағаның әсерлі әңгімесін ұйып тыңдап қалыппыз. Аяқталмаса деп отырмыз. – Жасик, осындай керемет адаммен таныстырғаныңа рахмет, өте әсерлі әңгіме екен, – деп қыздар мәз болды. Мен де қосылдым. Сәбит аға, жымиып жерге қарап отыр. Тыныштықты Толқын бұзды. – Сәбит аға, әсерлі әңгімеңіз жадымызда жүреді. Рақмет! Бірақ, Аиданың жыланы жайлы неге толғандырады дедіңіз. Аида да елең ете түсті. – Не үшін олай айттыңыз, аға? – деді Аида жылан жайлы басқа да аңыздар білгісі келгендей. – Бір күдігіңіз бар ма? Болса айтыңыз? – деп, үшеуіміз де Сәбит ағаға қарадық. – Құлағымыз сізде. Аға аспанға қарап жеңіл күрсінгендей болды. Сосын, Оқжетпес шыңына қарап, былай деді: – Толғандырады дегенім: кез келген аңызда ақиқат болады. Жаңағы өздерің тыңдаған әңгімеде жылан мен тауыс Ібілістің мақтауына, азғыруына көніп, Адам ата мен Хауа ананы жұмақтан қуғызып, Алладан қарғыс алды. Жаратушыдан қарғыс алған, түсі суық, тілі у осынау жәндіктен адамзат сақтанған. Жылан өте кекшіл жәндік. Жыланның кек алуы туралы талай аңыз, әңгіме бар. Тіпті, үйірлі жыландар біреуге кектенсе сол адамның әуелі отбасын шағып, уын дарытып, қырып салады екен. Одан соң өзіне не үйіріне зиянын тигізген адамды азаптап өлтіретін кезі де болған. Қарындасымның жыланы бір күні өзіне қауіп төндіре ме деген ой, менікі. Олай болмай-ақ қойсын. Ренжіме, қарындасым, – деп тоқтады. – Аға, қорқытпаңызшы, – деді Толқын.

– Менің Вовам үйренген. Алаң болмаңыз, аға, – деді Аида көңіл-күйі бұзылып. Мен Аиданы құшақтап: – Жыланнан мен де қорқамын, бірақ Аиданы акулаға да бермеймін, – дедім. Бәрі күлді. Күн де ұясына еңкейіп қапты. Бурабайдың басқа тарихи жерлерін аралауға аттанып кеттік.

* * *

Бурабайдан қайтар жолда Аида көңілсіз көрінді. Көзінде мұң, уайым бар секілді. Толқын ерекше көңілді болатын. Сәбит ағаның әңгімесінен көп дүние алғанын айтқан Толқын маған да жылы сөз айтуды ұмытпады. Аиданы әңгімеге тартпақ болып: – Не болды жаным, бір жерің ауырып келе ме? – деді алаңдап. – Жоқ, бәрі дұрыс. – Ендеше, сөйлеп отырсаңшы. – Жасик, ана ағаның жылан туралы әңгімесі есімнен шықпай тұр, – деді Аида толғана. – Неге ол кісі солай айтты? – Не айтып еді? – дедім оның ойын басқа жаққа бұрғым да келді. – Толғандырады деді ғой. – Жай айтқан болар. Есіңе алмасаң бәрі жақсы болады. – Мүмкін… Өткенде оянсам Вова менің қасымда жатыр. Ұйқымды аша алмай, үнсіз жаттым. Ол менімен бойын теңестіріп, өлшеп жүргендей көрінді. – Еркелеп жүрген болар, – деп оны тағы да үрейленбеуге шақырдым. – Бұрын олай еркелемейтін. Кешеден бері неше түрлі ой ойлап, өзімді басқаша сезінудемін. – Аида, ағаның әңгімесі әсер еткен болар, қорықпа , – деді Толқын. – Жыланнан қорықпаймын ғой, дегенмен әңгіме әсер етті, – деп Аида күдігінен арыла алмады. – Көңілімізді түсірмейікші, – деп музыка дауысын жоғарылаттым. Салонды әсем ән кернеп кетті. Сазды әуен қыздарды да желіктіріп әкеткендей. Ырғалып билей бастады. Бурабай ормандары артта қалып барады… Түндегі тойдан Аида шаршап қайтты. Білдей бір министрдің ұлын үйлендірген тойы екен. Аста-төк дүние. Шетелдік әншілер, актерлер толып жүр. Бәрі де өнер көрсетті. Қомақты қаржыға келістім деп мен шақырдым. Тойшыл қауымға шетелдік әншілерден гөрі Аиданың Вовамен билегені қаттырақ ұнаған тәрізді. Кең залдың ортасында Аида жыланмен билегенде халық тұрып тамашалады. Көкелер ортаға доллар шашып, биші қызға құрметін көрсетіп бақты. Биден кейін Аида мен Вованы суретке түсірушілер бір сәтке толастаған жоқ. Шетелдіктер тек Аидамен селфилетті. Мен қызғанып қалғандай болдым. Тойдың соңын күтпей Аиданы таксиге сап жібердім. Аидаға той, ондағы құрмет ұнағандай еді.      Шаршаған себебі соңғы кездері Вованың тұрқы ұзарып, салмағы артып кетіпті. Ауыр жыланды көтеріп ортада билеу қызды шаршатты. Ойлана келе Вованы диетаға отырғызбақ. Өзі жаттығып, жыланмен көбірек жұмыс істемек. Уақыт та тапшы. Ақтауда тұратын ата-анасына бармағалы да көп болыпты. Ол кісілер де сағындық, келіп қайт деп жиі айтады. Ақтаудағы үйіне, өзінің сүйікті Каспиіне барып демалып қайтуды жөн көріп, Толқынды түскі асқа шақырған. Кейін естідім Аида Вованы Толқынға тапсырып кетіпті. Өзі туған қаласына он шақты күнге демалуға кетті. Тоймен шапқылап жүргенде қоштасып та, көрісіп те үлгермедім. Телефонмен бар айтқаны Вованы қарас, Толқынға көмектес деді. Аиданы мұншалық сағынатынымды білгенде онымен көрісіп, ұшаққа шығарып салар едім. Аиданың өтінішін алғашқы күндері орындай алмадым. Жыланды жек көргендіктен, тіпті қарасуға да зауқым соқпады. Үйдің бір кілтін маған, бір кілтін Толқынға беріп кеткен. Ол үйге барғанда бәрібір Аида жоқ қой. Көңілім құлазып, біраз жүрдім. Аида кеткеннен кейін Толқын жылан туралы деректерді көбірек қарап, молынан мағлұматтар жинапты. «Ютуб» арнасынан Үнді елінде аш жыланның адамды жұтқаны туралы видеоны таңырқай қарады. Ағылшын тіліне жетік Толқын шетелдік порталдарды оқып қана қоймай, «Жылантанушы» мамандардың кеңесін алуды да жөн көрген. Аида қоймаған соң жыланды көруге Толқын екеуміз бірнеше рет бірге бардық. Мен не болып жатқанынан бейхабармын. Толқын менің жиі келгенімді қалайтын секілді. Аида барда бұндай емес еді, Толқын өзін еркін ұстай бастады. Сықылықтап күледі, кейде білегімнен ұстап алып сүйеніп жүреді. Күнде келіп тұрайықшы деп әртүрлі сылтаулар айтып жүрді. Мен мұның бәрін жай ғана достық қарым-қатынас деп ойлап жүрдім. Түсте, кешке қоңыраулатып іздейтін болыпты. Түскі, кешкі асты бірге ішсек деген сылтауы көп. – Жасик, сенімен бірге жүрген ұнайды, – деген. Әттең, құрбымның жігітісің, болмағанда… – деп қыз тілін жұтып қойды. Үнсіз қалдым. Ойымды басқа жаққа бұрдым. –   Әзілің бітпейді-ау, – дедім. Еркелей келіп жағаны соғатын тентек толқындарға сүйсініп, әсем Ақтауға қарап сағынышын басып, ата-анасымен бірге туған-туыстарын аралаған Аида көңілді күндер өткіздім деп қуанды. Көзді ашып-жұмғанша да он күн сағымдай зулап өте шықты. Аида құрбысына қанша сенім артқанмен, Воваға алаңдаған. Вова да мұны сағынғанболар, еркелер. Жылан болса да қаржы тауып, атын елге танытып отыр.

* * *

Аида отырған ұшақ кілкіп келіп Астана әуежайына қонды. Күтіп алдым. Сағынысып көріскен екеуміз үйге бірден бармай, ресторанға тарттық. Қасымызға Толқын қосылып көңілді отырыс болды. Сол күні түнде Толқын Алматыға ұшып бара жатқанын айтып, Аидаға үйінің кілтін табыстап қоштасып кетті. Рестораннан шыққан соң Аиданы үйіне жеткізіп, заттарын кіргізіп беріп, мен де арғы күні Қызылордаға ұшатынымды айтып қоштастым. Үйге кірер бетте белінен қысып сүйіп-сүйіп алдым. Бірақ, Аида қолымнан еркелей сусып кетті де: – Вованың жағдайына қарайын, қайта сен де сапардан асығып келесің, – деп әзілдеді. Мен де күлімдеп шығып кеттім. Үйге кірген Аида Вова ирелеңдеп, жалақтап еркелеп қарсы алар деп ойлаған. Ол үйге кіре: – Вова, мен келдім, – деп дауыстаған шығар, білмеймін… Вова, сен маған ренжіп қалғансың ба? Мен келдім. Енді ешқайда кетпеймін, деп шешіне жүріп сөйлеумен болған шығар… Әйтеуір менімен тағы да сөйлесті де, телефонды қойды. Вованың түріне не болғанын білмеймін деген еді, мән бермеппін.

* * *

– Басыңыздан кешкен барлық оқиғаны бүкпей түгел баяндап бергеніңізге рақмет, Жасұлан мырза! Бұл айтқаныңыздың сотта сізді ақтап алуыма септігі көбірек тиетініне сенімдімін. Енді өзіңізге келіп, Толқынның хатын оқыңыз… – Жасұлан қолына алып хатты оқи бастады. Айман ханым оны үнсіз бақылап отырды… «Қадірлі, Айман ханым! Көп ойланып, ақыры сізге бар ақиқатты ақтаруға бел байладым. Сізге бұл хатты сонау алыстағы Корей елінен жазып отырмын. Сіз шындықты толық білген кезде мен бұл өмірде болмаймын. Есіңізде болар, осыдан 5 жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен биші қыз. Ол менің құрбым Аида болатын. Сіз сол қызды өлтірді деп айыпталып, 15 жылға сотталған Жасұлан Дәуренұлының адвокаты болғансыз. Жасұланның ісі бойынша менімен де бірнеше рет жолыққансыз. Менің айтпағым: Жасұлан кінәсіз, Аиданың өліміне мен кінәлімін. Бұған сенбейтін боларсыз. Ендеше, болған оқиғаны сізге толық баяндап берейін. Аида – менің университетте бірге оқыған құрбым. Кейін Астанада қайта жолықтық. Ол өзінің жігіті Жасикпен таныстырды. Сол күннен бастап, жүрегіме өзгеше сезім пайда болды. Ол сезім ұлғая берді. Мен оны жеңе алмадым. Енді құрбымды іштей Жасиктен қызғандым. Сырымды қанша жасырсам да, бұл қызғаныш, сезім ішімде жанартаудай көтеріле берді. Қаншама ұйқысыз таң атырдым. Олар бақытты еді. Олардың сол бақытты күндерінде мені мұң басты. Сөйтіп жүргенде Аида Ақтауға баратын болып, Вовасын маған тапсырды. Аиданың жыланын қарауға қуана келістім. Аида жоқта Жасикті өзіме қаратып алуға әрекет жасадым. Тіпті, оған сезімімді айттым. Ол мені мүлдем керек қылмады. Қатты қорландым. Ессіз ғашық едім. Осы сәтті пайдаланып құрбымнан біржола құтылғым келді. Әлеуметтік желіден жыланның адам жейтінін оқыдым. Жылан қандай сәтте адамды жеуі мүмкін екенін зерттеп, шетелдік мамандардан кеңес алдым. Аида бірде Вова менімен бойын өлшеп жүр, мүмкін мені жегелі жүрген болар деп айтқан еді. Осы сөзін шындыққа айналдырғым келді. Құрбым жоқта жыланның тәбетін ашатын дәріні үш күн еккіздім. Тәбеті әбден ашылған жылан нені болса да жеп қоюға дайын болған еді. Дәл сол күні құрбым Ақтаудан Астанаға ұшып келетін. Тура сол күні Вованың 12 сағат есін ауыстыратын наркотик қосылған дәрі еккізіп тастадым. Сол күні Жасик Аиданы күтіп алды. Біз ресторанда жолықтық. Мен ізімді жасыру мақсатында кездесуден кейін Алматыға ұшып кеттім. Аиданы үйіне апарып тастап, Жасик ертеңінде Қызылордаға тойға кеткен. Менің бұл әрекетімнен екеуі де мүлдем хабарсыз еді. Сол күні түнімен ұйықтамадым. Қатты қорықтым. Аидаға бар шындықты айтып сақтандырғым да келді. Жасикті тағы қимадым. Бірақ, бәрі кеш екенін түсіндім. Арада 5-6 күн өткенде туыстары да, Жасик те, мен де Аиданы іздей бастадық. Өкінішке орай, ол еш жерден табылмады. Оның Вованың ішінде екенін менен басқа ешкім білген жоқ. Аида табылмағаннан кейін қылмыскер ретіне Жасик сотталып кетті. Оны шығарып алуға қанша әрекеттендім, қолымнан ештеңе келмеді. Ізімді жасыру үшін құрбымның жыланын енді өзім асырайын деп ата-анасынан сұрап алдым да, оны кейін жыланмен билеп жүрген алматылық бір қызға сатып жібердім. Сөйтіп жүргенде онкологиялық дертке шалдығып, емделу үшін шет елге кетуіме тура келді. Қаншама емделдім. Жазыла алмадым, қазір жағдайым ауыр. Маған енді өмірдің еш мәні жоқ. Жасаған қылмысымның жазасын тартып жатырмын. Өмірімнің соңында сізге бар шындықты айтып хат жазып, Жасикті түрмеден босатуыңызды жалынып сұраймын! Мен оны сүйдім! Әлі де сүйемін! Мені кешіріңіздер! Аидамен кешікпей жолығуға кетіп барамын, одан да кешірім сұрайтын боламын». Толқын деп қол қойыпты. – Сенесіз бе, Жасұлан мырза? – Не айтарымды білмеймін… Хатты рас Толқын жазған ба? – Хат соныкы. Біз оны сараптама жасау арқылы да анықтадық. Толқын сол күні көп мөлшерде улы дәрі ішіп қайтыс болыпты. Оны да Корея еліндегі елшілік арқылы анықтадық. – Шытырман оқиғалы кино қарап отырғандай күйдемін. Маған не демексіз, Айман ханым? – Сізге, бірнеше тың ақпаратпен келіп отырмын. Хатты оқыдыңыз, алып қосарыңыз бар ма? Толқын, сізге сезімімді ашық айттым депті. Сіз байқамадыңыз ба, неге жауап бермедіңіз? – Соны есіме сақтамаппын. Мен Аиданы сүйдім. Толқынды тек дос ретінде қабылдадым. Біз қалжыңдаса беретінбіз. Оның сөздерін де қалжың деп қабылдаған болармын. – Вова туралы не айтасыз? – Мен Вованы жек көрдім. Ол туралы сотта да, ол жыланды ұнатпайтынымды Аидаға да ашық айтқанмын. Оның Аиданы жеп қоятынын білгенде баяғыда өлтіріп тастар едім. – Біз, Вованы да таптық. Оны Толқын рас сатып жіберіпті. – Қайдан таптыңыз? – Толқынның хатын алып, оқиғаға қаныққан соң Вованы іздедім. Сөйтіп оны Алматы қаласында тұратын бір кісілер алыпты. Бір жылдай асыраған, қызы тойға алып шығып өнер көрсеткен. Кейін жылан сол қыздың өзіне шабуыл жасапты. Су ішерлігі бар екен, дер кезінде көмекке адамдар жетіп, құтқарып алыпты. Бірнеше жерден сүйектері сынған қыз, ұзақ емделіп жазылыпты. Осы оқиғадан кейін қыздың әкесі жыланды атып тастаған. Бұл отбасы да куәлікке тартылып, басынан кешкен оқиғаны түгел айтты. Вованың адам жегені дәлелденді десек те болады. – Қандай сұмдық деші! Жылан жеп қойды деген нұсқаға ешкім сенбеді. Ақыры мен жазықсыз мұнда отырмын. – Ақиқат түбінде жеңеді, Жасұлан Дәуренұлы. Қамықпаңыз! Сізді бостандықта жаңа өмір күтіп тұрғанына сенімдімін…

Ербол БЕЙІЛХАН

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...