Қысқы Олимпиада ойындарын қай арналар тікелей эфирде көрсетеді?

«Қазақстан» теле-радиокорпорациясы АҚ мен «Хабар» агенттігі АҚ ел аумағында 2022 жылғы Қытайда өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ресми хабар тарату құқығын иеленді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстандықтар 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Олимпиада ойындарының іріктеу жарыстары 2-ақпаннан басталады.

XXIV Қысқы Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасында 87 жолдама иеленген 34 спортшы бар. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында трансляцияларға Есей Жеңісұлы, Руслан Бақытжан, Тимур Сүлейменов, Сергей Райлян, Ерсін Ерікұлы, Уәлихан Қосанбай, Самат Қанағатов, Александр Олейник, Дидар Қадыров, Данила Малышев, Жігер Әзберген, Әсем Нұрланова, Лилиана Әлжанова, Индира Бектенова комментаторлық етеді.

«Qazaqstan» телеарнасындағы Олимпиада ойындарының ашылу, жабылу салтанаты мен жарыстар толықтай қазақ тілінде жүргізіледі. Комментаторлармен бірге тікелей эфирге қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорт сарапшылары шақырылады.

Әрбір жарыстың алдында және жарыс күнінен кейін «Бейжің-2022» атауымен тікелей эфирдегі студиялық бағдарламалар ұйымдастырылады.

Телеэфирден бөлек, олимпиадалық жарыстарды арналардың www.qazaqstan.tv және www.qazsporttv.kz ресми сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасынан көру мүмкіндігі бар.

XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17:55-те басталады.

Қазақстан ұлттық құрамасы ел тарихында Қысқы Олимпиада ойындарында 8-рет бақ сынайды.

Мемлекет басшысы GREEN ЕСО жылыжай кешенімен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін...

Тоқаев Алматы облысының экономикалық өсімін атап өтіп, Марат Сұлтанғазиевтің жұмысына оң баға берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуде...

Тоқаев Alatau City жобасына қатысты ескерту жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте...