Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын Ақмола облысында ұлтаралық қарым-қатынас, бірлік жақсы сақталған. Оған осындай өткізген шаралардың маңызы зор екені анық. «Еңбек пен бірлік жарасқан» жобасы алғаш рет Степногорск қаласының 60 жылдығын мерекелеу барысында «Еңбек пен бірлік жарасқан өңір» атты бірегей жобасы аясында «Степногор подшипник зауыты» АҚ аумағында іс-шара өткізілді. Жоба ұлттар арасындағы бірлік пен татулықты ғана емес, еңбекті де насихаттауға арналған.
– Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет ғұрпын отбасымызбен қадірлейміз, жақсы көреміз. Өңірімізде өткізілген фестивальде ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, оған қоса қазақтың ең маңызды дәстүрлерін дәріптейміз. Біз көпұлтты, зайырлы, қарқынды дамып келе жатқан мемлекетте тұрамыз, сондықтан, осындай іс-шаралар көңілімізді көтеріп, ауызбіршілігіміз пен татулықты нығайта түседі,– дейді зауыт қызметкері Василий Степанов. Фестиваль аясында арқан тарту, асық ату, қой көтеру сияқты ұлттық ойындар мен ұлттық шығармашылық, қолданбалы өнер көрмесімен танысу, қазақ салт-дәстүрлерінің театрландырылған қойылымы, ұлттық тағамдар дайындау мастер-класы өтті. «Менің Қазақстаным» атты концерттік бағдарламада әр этнос өкілдері қазақ әндерін тамылжыта орындады. Шара барысында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдағы келісімге сүбелі үлесін қосып жүрген қала азаматтары марапатталды. – Облысымыз көпұлтты болғанымен ұлттар достығына сызат түскен емес. Қайта еңбекқор ел ретінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміздің дамуы үшін бірігіп қимылдап әрекет етіп келеміз. Өзге ұлттар да осы өңірде тұрып жатқанына талай жыл болған соң қазақтың салт дәстүр, ұлттық ойындары мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытады. Сондықтан осындай шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Біз еңбек арқылы бәрін жеңуге тырысамыз. Көп ұлттың басын қосқан, бірлігі жарасқан тәуелсіз елдің тұғыры әрқашан биік болады,– дейді Ақмола облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақмола облысы қалалары мен аудандарының еңбек ұжымдарында «ЕҢБЕК ПЕН БІРЛІК ЖАРАСҚАН ӨҢІР» жобасы ағымдағы жылдың қазан айына дейін бірқатар аймақтарда да өткізілелі. – Аталмыш жобаға Ақмола облысының қалалары мен аудандарында тұратын әртүрлі этностардың еңбек өкілдері мен этномәдени бірлестіктері қатысады. Барлық аудандарда жоба фестиваль түрінде өткізіледі. Қатысушылар әр этностың мәдениетімен танысып, сонымен қатар, қазақ халқының көне ырымдары мен дәстүрлерімен тереңірек танысады. Фестиваль өте көңілді түрде өтеді, себебі, ұйымдастырушылар тарапынан асық, көкпар, тоғыз құмалақ, бәйге жарысы, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ойнатылады. Шығармашылық қабілеттері жоғары қатысушылар ән айтып, ұлттық би билейді. Оған қоса, қобыз, домбыра, сазсырнай басқа да қазақтың ұлттық аспаптарымен жанды әуендер шырқалады. Бауырсақ, ет, құрт сияқты ұлттық тағамдар әзірленіп, дастарқан жайылады. Осындай көңілді, рухани азық болатын, тәрбиелік мәні өте терең, отансүйгіштікті насихаттайтын іс-шарада қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау жүзеге асырылады деген ойдамыз,– деп хабарлады Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі.


