Биылғы күз ызғарлы. Сондықтан, шаруа біткен қыстың қамына ерте кіріскен. Көпбол да сол шаруаның жайымен қолы тимей жүр. Дегенмен, біраз уақыттан бері трактор алсам деген ой жиі мазалайды. Бір үйдің шаруасын дөңгелетіп ұстаған оған техника ауадай қажет еді. Оның үстіне шаруа қызып, трактордың дәурені жүріп тұрған кез. Сол көлік құрғырды аламын деген мақсатпен біраз уақыттан бері қомақты ақшаны да жинап қойған.
Бір күні Көпбол ауылдасының тойына келген. Тойда жүрсе де, тіршілікті есінен шығармау еңбекқор жұрттың әдеті ғой, ол Ермек пен Бақытжанға жөні түзу трактор қарастыра жүріңдер деп өтініп, ақшасы әзір екенін ескерткен. Ермек те, Бақытжан да Көпболға бөтен емес. Барлығы бір ауылдың азаматтары. Алайда, аңғал жігіт бұл өтінішінің соңы өз өміріне қауіп төндіретінін әрине, білген жоқ.
Осы әңгімеден кейін-ақ, Ермек пен Бақытжанның ойы бұзылды. Тепсе темір үзетін жігіттер пасық пиғылдың жетегіне ерді. Бақытжан жұмыс бабымен Көпболмен жиі кездесіп қалатын. Бұл жолғы әңгіме трактор төңірегінде өрбіді. Бақытжан «Қалада 5 000 000 теңгеге жақсы трактор сатылымда тұр. Меніңше, сенің іздегенің – сол. Оны тезірек сатып алмасаң, кешігуің мүмкін» деді. Қуанған Көпбол тракторды алуға ауылдасымен бірге баруға келіскен.
Бұл кезде Бақытжан мен Ермек өз жоспарларын бүге-шігесіне дейін тәптіштеп жатқан еді. Екеуі бұл сапардың үлкен мүмкіндік екенін жан-тәндерімен сезінді. Тек қателесуге болмайды. Алғашқы мақсат – ақшаны қолға түсіру болса, екіншісі – арттарында із қалдырмау.
Бәрі болды, осы нұсқаға тоқтадық деген кезде екеуі жолға шыққан. Астыларында – Бақытжанның «Volkswagen Touareg» автокөлігі. Тараздан шығып, біраз жол жүрді. Шамамен Байқадам ауылына 30-40 шақырым қалғанда көлік үлкен жолдан шығысқа қарай бұрылды. Ашықтау алаңқайға келіп тоқтады да, екеуі үйден ала шыққан күректерімен дереу жер қазуға кірісті. Мұны не үшін істегендерін екеуі ғана біледі. Бірақ, тереңдігі 60 см шамасына жуықтағанда, «осы да жетер» деген оймен олар қазуды тоқтатты. Бұдан соң олар «Связной» дүкенінен «Микромакс» маркалы ұялы телефонын абоненттік нөмерімен бірге сатып алды. Іздерін жасырып, көзге түспес үшін «Volkswagen Touareg» автокөлігін ортақ таныстарының «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігіне ауыстырды. Міне, осыдан кейін ғана рәсімделмеген ұялы байланыс нөмерінен Көпболға қоңырау шалып, кездесу орнын белгіледі.
Көздері қанталап, жемтігін аулауға дайындалған екі ауылдас суыт жолға шықты. Алдын ала жоспарлағандай, Бақытжан рөлге, Ермек көліктің артына отырды. Көпболдың өзімен бірге полиэтилен пакетке салып, 5 000 000 теңге алып шыққанын көргенде, бұлардың іші қуаныштан бүлк еткен. Көпболды көліктің алдына отырғызды. Тараз қаласынан 18 шақырым қашықтықтағы Жуалы ауданы арқылы өтетін ескі Күйік тас жолына келгенде сыбайлас екеу қамдана бастады. Қаратау қаласына қарай шамамен 200 метрдей өткенде Ермек айна арқылы рөлдегі серігіне белгі берді.
Бұл – «тоқта!» дегені еді. Бақытжан дәрет сындырмақ сыңай танытып, көлікті жол бойына тоқтатқан. Осы сәтте Ермек Көпболдың мойнына көліктің қауіпсіздік белдігін дереу орап жіберді де, бар күшімен шірене тартты. Мұның не ойын, не шын екенін аңдап үлгермеген Көпбол алғашында ештеңе түсінбеген. Алқымын қаусырған күш жанын көзіне көрсеткенде ғана жандәрмен қарсылық танытты. Жан беру оңай болсын ба, Көпбол тірі қалу үшін тырмысты. Қол-аяғын тырбаңдатып, қаніпезерлер қолынан құтылғысы келді. Дәл осылайша өлем деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Көз алдынан бүкіл өмірі тізбектеліп өтіп жатыр. Аздан кейін ол қозғалыссыз қалды.
Ермек пен Бақытжан автокөліктің артқы жүксалғышына Көпболдың жансыз денесін мал басқандай былш еткізіп тастай салды. Көлікті заулата жүргізіп өздері қазған жерге келді. Сосын мәйітті түсіріп, тереңдігі 60 см ғана көрдің бетін топырақпен жасырды.
Оңай жолмен дүние жинап, баюды ойлағандар барға қанағат қылмайды. Қылмысқа барады, қан төгеді. Бірақ, олардың жығылмағаны кемде-кем. Ермек пен Бақытжанды да тәжірибелі ізкесерлер көп ұзамай құрықтады. Дегенмен, қаніпезерлер істеген ісін мойнымен көтеруге келгенде әлсіздік танытты. Екеуі де сот отырысында безірейген күйі кінәларын мойындаудан бас тартты. Алайда, тиянақты жүргізілген тергеу амалдары, сот тергеуі, жинақталған дәлелдемелер олардың өтірігін ашып берді. Осылайша жандарын қинамай, бір-ақ сәтте байығысы келгендер қапасқа қамалды.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Ермек он жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасына, ал Бақытжан он алты жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Қылмыстың өтеуі – жаза. Кісі ғұмырын қиғандар тар қапастың ішінде отырып, бұл істеріне әлі талай өкінетін шығар. Сан мәрте бармақ шайнар. Бостандық дегеннің не екенін түсінеді. Әр атқан таңның, шыққан күннің бағасын ұғынар. Түрме дегенің осы.
Райхан РАТОВА