12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қылмыстық істерді қарайтын
соттарды біріктіру сапаны арттырады

Бір тәжірибе жеті дана ілімнен де маңызды. Бабалар айтқан осы тәмсілдің дұрыстығына жұмыс барысында жиі көз жеткіземіз. Әсіресе, сот саласында тәжірибенің орны бөлек. Әділдіктің алдаспаны, төреліктің тамыршысы болған сот алаңында қателікке орын жоқ. Ал оның басты кілті – алған білім, кәсіби шеберлік, жылдар бойы жинаған тәжірибе.
Мұны өз тұсында Лұқман Хакім де дұрыс пайымдап: «Істейтін ісіңді бұрын мұны сынап көрген, тәжірибелі кісімен ақылдас. Өйткені ол, өзіне қымбатқа түскен нәрселерді саған тегін береді» деп артындағыларға ақыл айтқан екен. Осы тұрғыдан алғанда сот саласындағы мәселелерді талқыға салып, ортақ тәжірибемен бөлісіп, түйткілдерді бірігіп шешудің дәстүрлі үрдіске айналғаны құптарлық. Жақында Алматы қалалық соты осындай маңызды басқосудың ұйымдастырылуына мұрындық болды.
Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің күшін жою және оларды өзгерту мәселелеріне қатысты тәжірибе алмасу мақсатында өткен шараға Алматы қалалық сотының, аудандық соттардың судьялары қатысып, осы салада орын алатын өзекті мәселелерді талқыға салды.
Жиынға қатысушылар Алматы қалалық сотының, аудандық соттардың жұмыс нәтижесін негізге ала отырып, биылғы алғашқы тоқсандағы жаза тағайындау тәжірибесіне талдау жасады. Сондай-ақ, статистиканы алдын ала зерделеп, осы кезеңде күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің себептері сарапқа салынды. Судьялар арасында мұндай мәселенің талқылануы қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын дұрыс және біркелкі қолдануға, сондай-ақ, қала соттарында бірыңғай практиканы қалыптастыруға көмегін тигізеді. Ал бұл өз кезегінде сот жұмысының сапасын арттырып, судьялардың шеберлігін шыңдап, қателіктердің алдын алуға ықпал етеді.
Жиында көңілге тоқуға тұрарлық көп мәлімет айтылды. Соның ішінде Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ақан Жұмағұлов­тың, қалалық сот судьясы Светлана Яковлева мен қылмыстық істер бойынша күші жойылған және өзгертілген сот актілері бойынша талдауды үйлестірушісі Ержан Дәулиевтің сараптамалары судьяларға бағдар беріп, біліктілігін арттырары күмәнсіз. Әр іске жеке-жеке тоқталып, сот жұмысын жандандыруға қатысты ойларымен бөліскен әріптестеріміздің ой-пікірі Леонардо да Винчидің «Ақыл – парасат тәжірибеден туады» деген сөзінің ақиқат екеніне тағы бір көзімізді жеткізгендей болды.

Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің күшін жою және оларды өзгерту мәселелеріне қатысты өз пікірімді білдіруге осы жолы маған да мүмкіндік туды. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан» талқыланған тақырыпқа кез келген судьяның бейжай қарамайтыны түсінікті.
Ал әріптестердің ашық диалог алаңына айналған мұндай жиындарда ортақ мәселелерді айтып, көрсетіп қоймай, оларды шешудің де тиімді жолы болып табылатынын байқап жүрміз. Қылмыстық істерде бірыңғай тәжірибе қалыптастыру – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың сотқа, әділдікке деген сенімін нығайтатынын ұмытпауымыз керек. Осы ретте Алматы қаласындағы қылмыстық істерді қарайтын соттарды біріктіріп, бір ауданаралық соттың айналасына топтастырудың тиімділігі жоғары болмақ. Бұл ұсыныс­ты бұрыннан айтып жүрмін.
Біз ұсынысты атымызды шығару үшін, болмаса бедел жинау үшін айтпаймыз. Осы салада еңбек етіп жүрген соң жұмысты жақсартуға септігін тигізетін бастамаларды айту, көпшілік талқысына салу қай-қайсысымыздың міндетіміз. Өзіміз қызмет етіп отырған саланы сырттан келіп ешкім жаңартып, жандандырып бермейді. Сол секілді соттың да ең басты жанашыры – судьялар. Мәселен, Алматы қаласындағы сегіз аудандық сотта қаралатын қылмыстық істерді бір сотта қарау соттарға да, халыққа да тиімді болар еді. Оның пайдасы неде?
Біріншіден, бір жерге шоғырланып, бір «қазанда» жұмыс істегендіктен бірыңғай сот тәжірибесі жылдам қалыптасады.
Екіншіден, қаралатын қылмыстық істер бойынша айыпталушыларды бір мекемеге алып келу мен әкету мәселесі түбегейлі шешіледі. Қауіпсіздік, уақыт, жол мәселесін реттеуге мүмкіндік туады.
Үшіншіден, судьялар жүктемесі біркелкі реттеліп, істердің бөліну тепе-теңдігі сақталады. Әйтпесе аудандық соттардағы қылмыстық істерді қарайтын судьялардың жүктемесі әртүрлі.
Қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттар біріктіріліп, жалпы сотқа айналса және қаладағы Кәмелетке тол­мағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, сондай-ақ, Тергеу соты барлығы бір ғимаратқа орналастырылса, мемлекет қаржысын үнемдеуге үлкен мүмкіндік туады. Себебі, басы артық сот ғимараттары, оларды ұстау шығыны болмайды.
Ал енді жүктеме мәселесіне келейік. Мысалы, ірі қалалардағы сот судьялары аудандық сот судьяларынан бірнеше есе көп іс қарайды. Бірақ, барлығының алатын айлығы бір мөлшерде. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласын алсақ, Алатау аудандық сотында өткен жылы – 325, Алмалы ауданында – 733, Әуезов аудандық сотында – 569, Наурызбай аудандық сотында – 223, Медеу аудандық сотында – 350, Бостандық аудандық №2 сотында – 557, Жетісу ауданында – 323, Түрксіб аудандық сотында – 434 қылмыс­тық іс қаралып, аяқталған. Осыншама істі қарап, таразы­лаған сегіз аудандық соттағы судьялар саны да әртүрлі. Айталық, Алатауда – 2, Алмалыда – 10, Әуезовте – 5, Түрксібте – 5, Наурызбайда – 2, Медеуде – 5, Бостандықта – 8, Жетісуда – 4, барлығы 41 судья бар. Осындағы істердің саны судьялар санымен үйлесіп тұрса бір жөн. Мұнда да түйткіл жеткілікті. Айталық Алмалы аудандық сотында іс (733) көп болғанымен, мұндағы судья саны – 10. Соған орай жүктемесі ең жоғары судьяның өзі 109 іс қараған. Ал, Наурызбай аудандық сотында қаралған 223 істің 180-ін бір судья бітірген. Алатау аудандық сотындағы 325 қылмыстық істің 156-сы (168 тұлғаға қатысты) менің қарауыма түсіп, оның 123-інде 131 тұлғаға сот үкімін шығардық. Қалған 25 іс бойынша тараптар татуласып, сот өндірісінен қысқартылды. Ал енді біздің сотта қылмыстық істі қарайтын екінші адам – отставкадағы судья. Осы екі судьяның бірі еңбек демалысына кетсе, болмаса жұмысқа келе алмайтын жағдай орын алса екінші судьяның жүктемесі қандай болатынын елестету қиын. Ал көп іс қараған судьяның қателесуі әбден мүмкін. Себебі, қылмыс­тық істі таразылау оңай емес. Әрі оған берілетін уақыт тығыз болғандықтан, тез шешім қабылдап, оны тараптарға дер кезінде беру керек.
Міне осы келтіріп отырған статистикалық көрсеткіштер кей судьялардың шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейтінін, енді бірінің жылды небәрі 20-25 іспен аяқтайтынын дәлелдеп отыр. Сондықтан, судьялар жалақысы олардың жауапкершілігі мен жұмыс сапасына қарай көтермеленіп отыруы тиіс.
Ал осы қылмыстық істер бір сотқа біріктірілсе, сот төрелігінің сапасы да айтарлықтай өсер еді. Әрі судьялар арасында тепе-теңдіктің сақталуына да мұның әсері зор. Мысалы, өткен жылы сегіз аудандық сотта қаралған 3512 қылмыстық істі 42 судьяға бөлсе, әрқайсысына орта есеппен 83-84 істен келеді. Бұл өз кезегінде судьялардың істі сапалы әрі уақытылы қарауына мүмкіндік береді. Ендеше, қылмыстық істерді қарайтын соттарды біріктіру мәселесін кейінге қалдырмай, жедел шешкеннен ұтарымыз көп. Бұл соттарды Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында пилоттық жоба ретінде жұмыс істетіп көруге болады. Нәтижесі оң боларына сенімдімін. Ал өңірлерде бұл бастама тиімсіз. Біздің бұл ұсынысымызды өзге әріптестеріміз де қолдап, оң пікір білдіреді деп сенеміз.

Нұржан Қарабаев,
Алатау аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Сот жүйесіндегі жаңа технологиялар

Сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі жүзеге асып, соттар заманауитехнологиялармен жұмыс жасауды кеңінен қолға алды. Соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды...

Неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар артуда

Расында, өкінішке орай қазіргі таңда неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар...

Құқықтық ликбез — соттан тыс банкроттық

2023 жылғы 3 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем...

Ата Заң – тәуелсіздік тірегі

Тәуелсіздігіміздің тірегіне, азаттығымыздың алтын тамырына айналған Ата заңның қолданысқа...

Соблюдение этических норм – основа независимости судьи

Принятие Кодекса этики судей имеет большое значение для судебной...