⠀
Әлем тарихында бүгінге дейін бөтен елдің мәдениетімен алға шыққан ұлт жоқ. Белгілі бір ұлттың халық ретінде сақталуының өзі өзге елден тілі, дәстүрі, мәдениеті арқылы дара дербес тұруында.
Қадір Мырза Әли: Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл деп, дөп айтқан.
Тіл қай елде, қай ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіреТіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бесіктен басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы. Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – еліміздің іргетасы.
⠀
Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл – асыл ойдың бұлағы. Тіл- тәуелсіздік.
Тілдің бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз өмірден опық жегізіп, өзегіңді өртесе, бір ауыз жылы сөз жадыңда жатталып қалатыны тағы бар.
Жалпы тіл мәселесіне келгенде әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз керек.
«Тіл тұғыры — ұлт тұғыры» екенін естен шығармауымыз керек.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының “Ана тілі” газетіне жарияланған сұхбатын тілге тиек ете отырып, әңгіме барысынд айтылған ақпараттың маңыздылығына тоқталғым келеді.
Қоғамда қазақ тілінің рөлі арта түсуі үшін не керек деп ойлайсыз?!-деген сұраққа тұщымды ойлар айтылды.
Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды. Жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді», – деді Президент.
Иә, тіл — ұлттың жан дүниесі. Расында Қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.
Бүгінгі таңда егемен еліміз әлемдік өркениетті елдердің қатарына қосылып, өзге елдермен саяси, экономикалық, мәдени және достық қарым-қатынастарын нығайтып, әлемдік қауымдастықта ықпалы артып отыр. Осы орайда, қазіргі өмір талабына сай бәсекеге қабілетті, көптілді тұлға қалыптастырып, көп тілді жетік меңгерген маман даярлау және шетел тілін оқытуды жаңа сатыға көтеру мәселесі еліміздің білім жүйесіндегі іргелі міндеттің біріне айналды.
Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. «Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек. Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгерген жастарымыз күн санап артуда. Бұл – қуанарлық жайт.
Бірақ бірнеше шетел тілін меңгеріп, өкінішке қарай, ана тілімізде сөйлей алмайтын немесе сөйлемейтін жастар қатары көбейіп барады.
Шет тілін білу қазіргі заманның ешкім шек қоя алмайтын талабына айналып отыр. Осы орайда шет тілдерін оқытуда әртүрлі озық технологияларын қолданудың маңызы аса зор.
Француз тілі маманы ретінде, шет тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқудың маңызы зор екендігін жақсы түсінемін. Сол секілді, қазақ тілінің де деңгейі көкке көтерілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек», – деді.
Тіл – ұлттың жаны. Ал, ұлттың болашағы – оның ана тілі.
Өскелең ұрпаққа бірнеше жылдық тәжірибесі бар шет тілі маманы ретінде “Жеті жұрттың тілін меңгерсеңде, өз тіліңді туған анаңдай қастерле” дегім келеді. Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы тиіс.
Қазақстан — әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек.
⠀
Айтжанова Гүлнара Досхожақызы
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты